Скачать/Жүктеу
Лекция мақсаты:
- Осы кездегі қазақ елінің жағдайы, оның көркем әдебиетке тигізген ықпал-әсеріне ден қою;
- аталмыш кезеңдегі тарихи жағдай, оның қазақ әдебиетінде бейнеленуіне назар аудару.
Сұрақтар:
1. 1920-30 жылдардағы қазақ әдебиеті, даму сипаты.
2. Қазақ елінің жағдайы, оның көркем әдебиетке тигізген ықпал-әсері.
3. Аталмыш кезеңдегі тарихи жағдай, оның қазақ әдебиетінде бейнеленуі
1920-30 жылдардағы қазақ әдебиеті. Осы кездегі қазақ елінің жағдайы. Оның көркем әдебиетке тигізген ықпал-әсері. Осыған орай қазақ әдебиетінде азатшылдық, ағартушылық және туған топырақтан нәр алған ұлттық қасиет, бағыттардың өріс алуы. Осындай бағыттардың сапында М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовтардың болуы.
Кезінде көркем әдебиетті тек таптық тұрғыдан бағалаудың ықпал-әсерінен қазақ әдебиеті тарихынан орынсыз шеттетілген талантты ақын М.Жұмабаев шығармашылығы. Мағжанның «Шын сорлы», «Сорлы қазақ», «Бір күн», «Туған жерім – Сасықкөл» т.б. өлеңдерінде әлеуметтік керағарлықтың көрініс табуы. М.Жұмабаевтың шығармашылық өнердегі ізденісі: В.Брюсов, К.Бальмонт, А.Блок тәрізді символист ақындарға еліктеп, өлім менді жырлауы, күнделікті күйбең тірлік тауқыметінің шаршап-шалдығу сарындарының пайда болуы. Мысалы, ақынның «Бүгінгі күн өмір, өлім менікі», «Өмір», «Алдамшы өмір», «Мені де, өлім, әлдиле» және т.б. өлеңдері. М.Жұмабаевтың өткен тарихтың деректеріне сүйене отырып, «Қорқыт», «Қойлыбайдың қобызы», «Өтірік ертек», «Батыр Баян», «Жүсіпхан» поэмаларын жазуы. Әсіресе, «Батыр Баянда» қазақ тарихының елеулі орны бар Абылай, Батыр Баян сияқты қайраткерлер образының жасалуы. «Жүсіпхан» поэмасында адам қанын суша ағызған зұлымдықты, қатігездікті, қаталдықты әшкерелеуі. Жүсіпхан образының символикалық мәні, сол арқылы сталинизм дәуірінде етек алған әміршіл-әкімшіл жүйені сынау. Лирик ақын М.Жұмабаевтың өз шығармашылығында халық өмірінің шындығына бет бұрып, «Тоқсанның тобы» дастанын, махаббат, табиғат көріністері, балаларға арналған өлеңдер жазуы.
Қазақстан Жазушылар Одағының қаламгерлер басын бір жерге біріктіріп, әдебиет мамандарын даярлаудағы ролі. Сонымен бірге оның партияның қолшоқпарына айналып, әдебиетті саясатқа икемдеудегі қызметі. 1937 жылғы қазақ зиялыларына жасалған репрессия. С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Жұмабаев т.б-лардың «халық жауы» ретінде ұсталып, атылуы.
Голощекиннің асыра сілтеу, бұрмалауын әшкерелеген поэмалардың тууы. Поэзияда ән-күй, өнер тақырыбына кең құлашты эпикалық дастандардың жазыла бастауы (І.Жансүгіров «Күй», «Күйші»). Проза жанрында өмірбаяндық шығармалар жазыла бастауы. С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу», С.Мұқанов «Өмір мектебі».
Б.Майлиннің проза жанрында өнімді еңбек етуі. Оның замана шындығын, халықтың тұрмыс-тіршілігін зерттеуден туған, суреткерлік күш-қуатын танытқан «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры», «Он бес үй», «Қырманда» тәрізді әңгіме, повестерінде сол кезеңдегі ауыл өмірін суреттеуі. «Азамат Азаматыч» романында кеңес қызметіндегі қазақ зиялыларының тұрмыс-тіршілігін сипаттауы.
Отызыншы жылдары драматургиялық шығармалардың жазыла бастауы және олардың халықтың 1916 жылғы ұлт-азаттық күресі тарихына, ауыз әдебиеті үлгілерінің сюжетіне құрылуы. Осы жылдары әдебиет тарихын зерттеу мен сын жанрының өрістеуі.
Өзін-өзі бақылау тапсырмалары:
1. 1920-30 жылдардағы қазақ әдебиеті, даму сипаты.
2. Қазақ елінің жағдайы, оның көркем әдебиетке тигізген ықпал-әсері.
3. Аталмыш кезеңдегі тарихи жағдай, оның қазақ әдебиетінде бейнеленуі
Әдебиет:
1.Қазақ әдебиетінің тарихы. Т.ІІІ, 1- кітап.-Алматы,1967
2. Базарбаев М. Әдебиет және дәуір.-Алматы, 1966
3. Базарбаев М. Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы.-Алматы, 1973
4. Ахтанов Т. Көкейкесті. Әдебиет туралы ойлар.-Алматы, 1980
5. Бердібаев Р. Әдебиет және өмір.-Алматы, 1973
6. Ғабдуллин Н. Уақыт сыры.-Алматы, 1981