Жақсылық пен жамандық


Скачать/Жүктеу

Балалар, біз кейде айналамыздан жаман әдетті, жаман мінезді көріп қаламыз. Оны болдырмаудың бір ғана амалы бар, ол – қандай да бір жақсылық жасау. Жақсылық жасау дегеніміз тек қана көшеден ұшыратқан жүгі ауыр кісіге көмектесу немесе қария адамның үйін жинастыру, құстарға жем шашып, гүлге су құю емес. Науқас кісінің көңіл сұрап, жақсы сөз айту да жақсылықтың үлкені. Жақсы сөздер жазылған кітаптың бір бетін оқысақ та жақсылыққа үлес қосқанымыз болмақ.

Балалар, менің бұны айтқан себебім – осы кештегі жасыл жайнамаз айтқан ертегі «Жақсылық пен Жамандық» деп аталып еді. Әдеттегісінше, біз ұйықтар мезгілде ертегі айту үшін жанымызға келген жасыл жайнамаздың әңгімесіне ден қойдық. Ол өзінің таңғажайып әңгімесін былай бастады: — Айналайындарым, менің бүгінгі айтпақ болған ертегімді бұдан көп-көп жылдар бұрын бір қариядан естіп едім. Ол кезде тап мына сендер секілді жас болатынмын, ертегіге, жақсы әңгімеге құмар болатынмын.

Бір күні қожайыным атын ерттеп, азық-түлігін дайындап, бір алыс сапарға шықты. Бұл сапарға мені де ала кетті. Бұл оның көп жылдар бойы армандаған қажылық сапары еді. Өзінің тамағынан жырып жинаған тиынын беліне түйіп, құлшылық жолына шыққан қожайынмен бірге қасиетті Қағбаны бетке алып, ұза-а-ақ жол жүрдік. Қалың ормандардан өттік, биік таулы асулардан өттік, үлкен өзендерден өттік. Апта жүрдік, ай жүрдік. Күндердің күнінде айдалада тұрған бір лашық-үйге келдік. Үйде атасы мен әжесі және кішкене немересі бар екен. Олар адал еңбегімен күн көрген момын жандар болып шықты. Бізді күтті, қонақ етті. Ұйықтар алдында атасы кішкене немересіне арнап ертегі бастады. Мен бүгін сол ертегіні сендерге әңгімелеп бермекпін…

- Ерте, ерте ертеде, баяғы өткен замандардың бірінде, жердің бір қиыр шетінде, ортасын үлкен өзен кесіп жатқан биік екі асқар тау болыпты. Оны мекен ететін жұрт бір тауды «Жақсылықтың елі» деп, екіншісін «Жамандықтың елі» деп атапты. Жамандықтың елінде халық өте аз екен. Тіпті, жоқ десе де болғандай. Бұл тауда адам тұрмақ, құстар мен аңдардың өзі көп емес еді. Иен тауда жалғыз үңгір тұрыпты. Онда қорқау иттерімен бірге Жамандық деп аталатын бір тажал өмір сүреді екен. Ал, өзеннің екінші беті… Жақсылықтың елі деп аталатын атына сай, бейбітшілік үні әрдайым естіліп тұратын ғажап бір өлке болған деседі. Мұндағы адамдардың жүрегінде жақсы ойы, көздерінде иман нұры бар еді.

Бірақ… олар Жамандық тұрғанда ешқашан шат-шадыман күле алмады, тыныш ұйықтай алмады. Өйткені, бұл ауыл ай сайын Жамандықтың жемтігі ретінде бір адам мен жүз сиырды алдына апарып беретін. Бұл талабын орындамаса тажалдың Жақсылық еліндегі бірде-бір адамды қалдырмай қырып кетерінен қорқып, сұрағанын беріп отырды. Олар Жамандықты жеңе алмады. Өйткені, жамандықтың жаны өзінде емес еді. Жалпы, оның жаны қайда сақталатынын сол уақытта өзінен басқа ешкім де білмейтін. Осы ауылдың ержүрек ұлдары тажалдың көзін жоюға, кек алуға екінші тауға кеткенімен де, ешқашан үйлеріне қайта оралмайтын… Сондықтан да дәрменсіз халық ай сайын бір адамынан, бір қора малынан айрылып, жапа шегіп, күңіреніп тек қана Құдайға жалбарынды, Құдайдан медет күтті.

Осы уақытта, қайғы мен күйініш басқан, көз жасы құрғамас бұл ауылда бір кішкене балақай өсіп келе жатты. Ол бір кеудесінде иігі істер туралы жақсы армандары бар жетім бала еді. Әкесі тумай жатып көз жұмды, ал, шешесі бес-алты жасында қайтыс болып, тек қана атасымен бірге тұратын. Баланың шын есімі жайлы кейінірек айтып берейін, сол кезде әрдайым жақсы істер жасап жүреріне қарап, ауыл жұрты оны Жақсылық деп атап кетіп еді.

Сол Жақсылық бір күні өзеннен балық аулап отырса, ауына алтын балық ілінгенін көрді.

- Алтын балық!-деп қуанды бала: — Мен сені қазір ауылға апарамын. Біздің ауыл адамдарының қуанбағанына неше заман, неше жыл болды екен..!

Алтын балық расында керемет көрінетін. Алтын қабыршақтары жалт-жұлт етіп себетте бұлқынып жатты да, Құдайдың құдыретімен бір демде сөйлеп кетті.

- Жақсылық, сен мені босат. Мен сенің барлық тілегіңді орындаймын. Сенің бай болғың келе ме, мыңғырған мал иесі болғың келе ме, зәулім үй армандайсың ба, мүмкін патша болғың келетін шығар..? Мен су асты патшалығының жалғыз ханзадасымын,-деді қинала дыбыстап.

Жақсылық ұзақ ойланбады.

- Сен айтқан дүниенің ешбірін қаламаймын, маған Жамандық тауын мекен ететін тажалдың жаны қайда екенін айтып бересің бе?-деді.

- Бұл өте қиын сұрақ,-деді алтын балық: — Жамандық өз жанын жан баласы білмейтін жерде ұстайды. Үңгірінің алдында үлкен қара тас бар. Қара тастың ішінде кішкене күміс кебеже бар. Күміс кебеженің ішінде бір шыбын бар. Біздің су асты патшалығындағылар Жамандықтың жаны осы шыбында деп айтады. Бірақ, алып қара тасты жару тұрмақ, қозғалтудың өзі мүмкін емес, оны мың өгіз бен мың пілдің күшіндей күші бар адам ғана қозғалта алмақ,-деді.

Жақсылық алтын балықты өз жөніне жіберіп үйіне келді. Сөйтті де, ешкімге айтпастан, Жамандық тауына баруға дайындалды. Ертесі күні таң намазын оқып, Жаратқан иемізге сыйынып, қауіпті де, қатерлі сапарға аттанды. Жақсылық әкесінің мейірімін көрмеді, анасының әлдиін де көп естімеді. Жүдеу жанының жебеушісі тек Алла тағала болатын. Сондықтан Жаратқан иемізге сүйеніп, сеніп, барса келмес жолға қаймықпастан беттеді.

Жақсылық екінші тауға жеткенде Жамандық ұйқыда еді. Оның қорылдаған үнімен тау іші жаңғырып тұрды. Бала қара тасты көрді. Аллаға сыйынып, бар күшімен қозғап кеп жібергенде алып тас қақ бөлініп, ішінен күміс кебеже шыға келді.

Жақсылық кішкене кебежені іліп алып қаша жөнелді. Сол заматта орман, тауды жаңғырта қатты бір дүрсіл естілді. Бұл ұйқысынан оянған Жамандықтың аяқ басқаны еді. Жамандық қуып келе жатты, балайқай сандықшаны бауырына қысып қашып келе жатты. Сол кереметті көрген аң құстар осы күнге дейін тамсана, жыр қылып айтады, күллі жанды құбылыс атаулы Жақсылыққа көмектесті, бірлік дегеннің не екенін біз сонда көрдік дейді олар. Өсіп тұрған бүкіл ағаш атаулы жүзінде қорқынышы болса да, жүрегінде халқына деген үлкен мейірімі бар, жан-дәрмені қалмай жүгіріп келе жатқан кішкене баланың жолын ашып, амандығын тілесе, Жамандықтың жолына үлкен бұталар кесе көлденең сұлап жатып кедергі келтіріпті. Ал, аспандағы құс атаулы екіге бөлініп, бірі Жақсылыққа жол көрсетумен болса, екіншілері жерден тас тістеп ұшып, аспаннан Жамандыққа тас жаудырумен болыпты дейді.

Бірақ… Жақсылық қашып құтыла алмады. Таяп қалған тажалдан бой тасалап, кішкене бір үңгірге келіп кірді. Оны Жамандық байқап қалды. Бұны үңгірге таяу жерде талға қонақтап отырған көк көгершін көріп, жедел ұшып келді де, үңгірдің дәл аузына ұя салып, отыра қалды. Сол маңайда жорғалап жүрген өрмекші үңгірдің кіре беріс аузына тор тоқыды. Мұның баршасы Жаратқанның құдыретімен бір сәтте жүзеге асты. Жамандық үңгірге келіп жеткенде көк көгершін балапан басып отырды. Үңгірге қарай ешкім аттап баспаған секілді боп өрмекшінің торы да құрулы тұрды. Бұған сенген Жамандық кері бұрылып, тау ішінің басқа тарапын кезіп кете барды.

Ол солай кете берсін, енді Жақсылық туралы айтайық. Жақсылық көк көгершін мен өрмекшіге, құстар мен ағаштарға рахмет айтып, кебежені қолтығына қысып, екі таудың ортасына жарып ағып жатқан өзенге келді.

- Алтын балық!-деп айқай салғаны сол, су беті ақ көбіктеніп, қабыршағы жалт-жұлт еткен балық бой көрсетті.

- Әміршім, мен сені тыңдап тұрмын,-деді су асты ханзадасы.

- Алтын балық, мен өзің айтқан Жамандықтың жанын әкеп тұрмын. Ары қарай не істерімді білмеймін,-деді бала.

- Ендеше, кебежені аш!-деді балық.

Жақсылық күміс кебеженің қақпағын ашқаны сол, үлкендігі ноқаттай ғана бір қара шыбын ұша берді, балық судан шоршып шықты да, шыбынды қылғытып салды.

Ал… сол кезде… екі тауды жаңғыртқан бір айқай естілді. Бұл жаны шығып бара жатқан Жамандықтың ең соңғы үні еді,-дейді сол маңайды мекен ететін жұрт. Жер беті ғаламшарының басқа тарапында тұратын тұрғындар бір өгіз құдыққа құлап кетті ме деп ойлап қалды. Әлдебір алып аттан құлап қалған шығар деп түсінгендер де болды. Ал, мұхиттың арғы бетіндегі халықтар бір баланың аяғын әлдекім басып кетті ме, мынау не дауыс, баланың дауысы неткен жуан еді,-депті.

Міне, осылайша, Жамандық келмеске кетті. Халықтың қуанып күле алатын, жадырай алатын күні туды. Ол күнді ала келген жақсылықтың ерлігі болатын. Ал, Жақсылық болса досы алтын балыққа үлкен рахмет айтып, ауылына келді. Сол күннен бастап Жақсылық елінде еш қайғы-қасірет болмапты, мамыражай өмір орнапты,-деп жасыл жайнамаз сол кештегі ертегісін бітірген еді…

Балалар, менің ертегілер салынған сыйқырлы қоржынымда әлгі жетім бала Жақсылық турасында айтылатын ғажайып ертегілер аса мол. Мұның баршасын мейірімді де, қайырымды ертегіші – жасыл жайнамаз бір кездері әңгімелеп берген еді. Жаратқан иеміз жазса, ол жайлы әңгімені ертең баян етейін.


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы