Қали мен Қази


Скачать/Жүктеу

Бұрынғы заманда Қали мен Қази деген ағайынды екі жігіт болыпты. Екеуі бірнеше жыл жер астында жүріп, өнер үйреніп еліне оралады. Келсе, ел-жұрты бұл екеуін танымайды. Екеуінің де тырнақ, шаштары алынбаған, денелерін түк басып кеткен. Бет-әлпеттері адам шошырлық екен.

Екеуі елге сыя алмаған соң, бір дарияға барып, Қали балық болып жүзіп, Қази құс болып ұшып кетеді.

Қали сумен жүзіп отырып, бір шаһарға кіреді. Шаһарды аралап жүріп, нан сатып отырған бір кемпірді көреді. Қали кемпірдің қасына келіп жасаған саудасына қарап тұрады. Нанның дәмі де, түсі де нашар болғандықтан оны алмайды. Өзі кедей, бала-шағасы жоқ жалғыз кемпір екен. Қали әңгімелесіп тұрып кемпірге:

- Шеше, наныңды маған бер, мен сатып берейін, өзің жанымда тұр, — деп ұсыныс жасайды.

Сонымен кемпір нанын Қалиға беріп, өзі жанында қарап тұрады. Қали жер астында оқыған өнер-ғылымын қолданып, нанды аппақ, тәп-тәтті қып жібереді.

Сол базарда осы наннан артық нан болмай, базардағы бүкіл жұрт осы нанды алады. Осы күннен бастап Қали кемпірге бала болып, күнде нан сататын болады. Наны қымбат бағамен өтеді. Осылай кемпір ауқатты бола бастайды. Тапқан табысына қаланың шетінен бір үй сатып алып, екеуі сонда тұрады.

Бір күні сол шаһардағы хан қызының нөкерлері Қалидан нан сатып әкетеді. Нанның тәтті екенін біліп, енді тек Қалидан сатып алатын болады. Нөкер қыздардың айтуымен бірде ханның қызы да келіп нан алады.

Қали хан қызына ғашық болады. Күндіз де, түнде де осы қызды ойлаумен болады. Бір күні сиқырын қолданып ханның қызын өз үйіне алғызады. Мұны ол ешкімге айтпайды. Қыз да қалай келгенін, кім әкелгенін білмейді. Жігітті ұнатып қалған ол үйіне оралғанда бұл оқиғаны ешкімге тіс жарып айтпайды. Ал, Қали күнде қызды осылай әкеледі де, қайта апарып тастап жүреді.

Бірде хан қызының біреуге басы айналып жүргенін естиді. Қатты ашуланып, оның түнде қайда барып жүргенін білгісі келеді. Қызын шақырып алып:

- Қызым, келесі жолы барған үйіңе кебісіңді көрсетпей тастап кет, оны өзің ғана біл! — дейді.

Қыз екінші барғанда кебісін сол үйдің бір жеріне тығып кетеді. Оны Қали біліп қояды. Ертесіне тұра сала сиқырлық жасап, үй сайын сондай кебіс қояды.

Ал, хан қызының қасына уәзірін қосып кебіс қалған үйді іздеуге жібереді. Бірақ олар үй сайын сондай кебіс табады да, кімнің қызды алып кетіп жүргенін білмейді. Келесі жолы хан қызына:

- Барған үйіңнің қақпасын бояп кет, — дейді.

Қыз бұл жолы үйдің қақпасын бояп кетеді. Қали ертеңіне бүкіл шаһар үйлерінің қақпаларын өз қақпасындай етіп бояп жібереді. Хан бұл жолы да қай үй екенін таба алмайды. Айласы таусылған хан енді халқына:

- Сексен кез жерге жамбы қадалады, соны кім атып түсірсе соған қызымды беремін. Атам деп тигізе алмаса, басын аламын! – деп жар салады.

Ханның жарлығын естіп бүкіл жұрт жиналады. Бірақ сексен кез жердегі жамбыны атып түсіруге ешкімнің батылы бармайды. Тек Қали ғана ортаға шығып, садағымен жамбыны атып түсіреді. Хан уәдесі бойынша қызын Қалиға қосады. Бұл осымен тұра тұрсын, енді Қазиға келейік.

Қази сол кеткеннен мол кетіп, бір елдегі ханның қолына барады. Өзінің үйренген ілімімен ханға жағып, ханның жауларын жеңіп отырады. Күндердің бір күні сол ханмен Қалидың қайын атасы жауласады. Үлкен соғыс болады. Бір кезде бірнеше мың әскермен Қази келеді. Оның алдынан бінеше мың әскермен Қали шығады. Екеуі бірін-бірі танымай әбден соғысады. Ұзақ уақыт шайқасып, бірін-бірі жеңе алмады. Қазидың әскері тауық болып жей бастайды. Сонда Қалидың әскері қырғи болып, тауықты қуа бастайды. Осылай алты күн, алты түн бірін-бірі қуып, ешқайсысы да жеңе алмай әбден шаршайды. «Бұл неткен адам, осы ғылымды қайдан үйренді екен?» — деген ой екеуіне де келеді. Ақырында Қази ақ жалау көтереді. Қали екеуі бетпе-бет кездесіп, бірін-бірі таниды. Ағайынды екеуі табысып, құшақтасып көріседі.

Осылай Қали мен Қази екі елді татуластырып, бақытты өмір кешеді.Қартайған шақтарында бір баланы тоғыз ай оқытып, өз өнерлерін үйретеді.


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы