Скачать/Жүктеу
Баяғыда аңшылықпен күн көрген бір адам болған екен. Күндердің күнінде аңға шығып, бір буаз киікті ұстап алады. Сол кезде киік адамша:
- Әйт! Маған тиме. Жайымды Орманбет биден сұра! – деп сөйлейді де, секіріп-секіріп жоқ болады.
Аңшы енді сол Орманбет биді іздеп табуға бел байлайды. Ол ұзақ жүріп Орманбет бидің ауылын табады. Бірақ Орманбет би үйінде болмайды. Ауылында тек қаңыраған үйі ғана тұр. Аңшы сұрастырып білсе, бидің басқа жерде тағы бір әйелі бар екен. Ол соған кетіпті. Ал, бәйбішесі артынан кеткен көрінеді.
Аңшы жігіт те бидің соңынан іздеп бармақшы болады. Ақыры Орманбет бидің жаңа отауын табады. Отауға кіріп барса, бір әйел отыр екен. Ол:
- Сен Орманбет биді іздеп келдің бе? – деп сұрайды.
Аңшы:
- Иә, Орманбет биді іздеп келдім, — деп жауап береді.
Сол кезде әйел бір жүгенді қағып қалып:
- Ондай болса қара төбет бол! – деген екен.
Осы мезетте әлгі аңшы ит болып жүгіре жөнеліпті. Бірақ санасы өзгермепті.
Сонда қаңғырып жүріп бір бай ауылға кезігеді. Сол ауылдың халқы күніге мал сойып ет асып жейді екен. Енді аңшы-ит мал сойылып жатқан жерге барып, сол маңнан ауыл иттерінің бәрін қуатын болыпты. Иттің ақылдылығын байқаған бір жігіт оны үйіне алып келеді. Оның әйелі жылда бала тапса да, үш күннен соң туған балалары өле береді екен. Итті үйіне әкелген күні жігіттің әйелі босанып, ұл табады. Ел жатып ұйқыға кеткен уақытта үйдің шаңырағына бір құс келіп қонады.
Үйде ешкім болмаған уақытты аңдып тұрып жаңа туған сәбиге қарай атылады. Ол сәбидің үстіне төне бергенде, ит шап беріп ұстап алады. Әлгі құс:
- Өлтірме, — деп жалына бастайды, — мен енді қайтіп бұл үйдің баласына залал жасамаймын, өзің үшін де бір жақсылық істермін, — деп құс ант ішеді. Ит оны жібереді.
Сонымен ит тұрған үйдің баласы ауырмай-сырқамай өсе береді. Үй иесі «бұл иттің зор қасиеті бар екен» деп ойлайды. Иттің мойнына жібек қарғы, шолпы тағады. Оны баласындай күтіп-баптайды.
Бір күні әлгі ит Орманбет бидің отауына барып қайтайын деген оймен жүгіріп отырып отауға кіреді. Оны көрген әлгі әйел:
- Әй, мынау әлі жүр екен ғой, сен енді бозторғай бол, — деп жүгенді қағып қалады.
Ит бозторғайға айналып ұшады да кетеді. Күн қатты ыстық болатын. Ол ұзақ ұшып жүріп, әбден шөлдеп, шаршайды. Сонда бір топ шіліктің түбіне қонады. Оның енді ұшуға әлі болмай жатқанда, ойнап жүрген бір топ бала жүгіреді. Торғайды ұстаған бала шешесіне келіп:
- Апа, біз торғай ұстадық, — деп мақтанады.
Шешесі:
- Қане, көрсетші торғайыңды! – деп құсты қолына алады.
Балаларының көзін тайдыра бере:
- Ой.., ұшырып алдым! – деп, қойнына сала қояды.
Балалар жыласа да құсты бермейді. Олардың құсты ұмытып, далаға ойнап кеткенін күтеді. Ақыры әлгі әйел балалары кете сала бір жүгенді қағып жіберіп, торғайды бұрынғы адам түріне енгізеді. Сосын былай дейді:
- Мен Орманбет бидің бәйбішесі боламын. Әнеукүні алдыңнан киік болып көрінген мен едім. Күйеуімді іздеп барғаным үшін ашына әйелі мені киік етіп жіберді. Кейін өзінің туа алмайтынын біліп, менің балаларымды ұрлап әкетті. «Егер балаларыңды өзіңе қайтарғың келсе, маған қызмет ет. Жаңадан туған нәрестелерді ұрлап әкеліп тұр» деп мені қара құс та етіп жіберді. Осылай мен біраз уақыт балаларым үшін сол әйелге қызмет еттім. Қызмет ете жүріп, сиқырын да үйрендім. Сен ит болып жүргенде, бай ауылға нәрестені алып кету үшін барған құс та мен болатынмын. Сонда саған жақсылық етермін деп едім. Міне, соның есесі. Енді анау Орманбет би мен оның сиқыршы әйеліне не істесем де қолымнан келеді. Мен қазір одан да күшті сиқыршылық өнер таптым.
Аңшы Орманбет бидің бәйбішесінің әңгімесін тыңдап болып:
- Ол екеуін есек жасап, артына мың пұттан кұм сүйретіп қой, — депті.
Содан Орманбет би мен оның ашына әйелі есек болып, осы кезге дейін жүгін тарта алмай бір жерде жүр-міс дегенді ел аңыз етеді.