Скачать/Жүктеу
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 88-бабына сәйкес акционерлік қоғамдардың жарғылық капиталының мөлшері және оны қалыптастыру тәртібі, сондай-ақ оны ұлғайту мен азайту тәртібі Қазақстан Республикасының актілерімен айқындалады. Жарғылық акционерлік капитал – нақты компанияның акцияның әрбір түрінен шығаруға мүмкіндігі бар ең көп саны. Акционерлік қоғамдар туралы заңының 11-бабына сәйкес, акционерлік қоғамдардың жарғылық капиталы акцияларды олардың орналастырылу бағасы бойынша сату арқылы қалыптастырылады. Құрылтайшылар төлейтін жарғылық капиталдың мөлшері қоғамның жарғылық капиталының ең аз мөлшерінен кем болмауға және құрылтайшылар оны қоғам заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген кезге қарай толық төлеуге тиіс. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, акционерлік қоғамдардың жарғылық капиталының ең аз мөлшері екі жүз мың айлық есептік көрсеткіш болады.
Бағалы қағаздар — ең алдымен мүлікті иемденуге құқық беретін ақшалы құжат немесе қарыз берушіге қарыз алушының берген қарыз міндеттемесі.Бағалы қағаздар иемденуге берілсе, бағалы қағаздардың екінші түрі бойынша ерекше куәлік толтырылып беріледі. Оны иемдену құқын беретін құжатты сертификат деп атайды. Бағалы қағаздарды шығарып, оны айналымға эмитенттер түсіреді. Эмитент ролінде акционерлік қоғамдар, жеке кәсіпорындар, мемлекет, республикалық және жергілікті басқару органдары бола алады. Бағалы қағаздарға акция, облигация, вексельдер, опциондар, акционерлік қоғамдардың чектері, фьючерстер, депозиттік сертификаттар жатады.
Акция — үлесті немесе меншікті куәләндыратын бағалы қағаз, яғни акция қоғам шығаратын және олардың түрлері мен санаттарына ( категорияларына) қарай акционердің дивиденттер алуға, қоғамды басқаруға қатысуға және қоғам таратылғаннан кейін оның қалған мүліктерінің бір бөлігіне құқықтарын куәләндырады. Ол иемденушісіне компанияның капиталының, мүлкінің, кірісінің бір бөлігіне заң жүзінде меншік құқын береді. Акционерлік қоғам қанша уақыт істеп тұрса, акция да сонша уақыт қолданылады. Бірақ осы уақыт ішінде акцияның иесі сан рет өзгеруі мүмкін. Акционердің акцияны шығарған компанияға қайтаруға құқы жоқ. Акционерлік капитал бөлінбейді. Акционер оны тек екінші нарықта сатуына болады. Акцияны шығару мына жағдайда болады:
- меншікті акцияландырғанда, яғни акционерлік қоғам құрып, оның жарғылық капиталын қалыптастырғанда;
— бар компанияны акционерлік қоғам ретінде қайта құрғанда;
- жарғылық капиталды қосымша молайтқанда;
Атап айтқанда, жарғылық капитал деген, шығарылған акциялардың бастапқы жиынтық құны. Ол, өз кезегінде айналымдағы капитал (жай және артықшылықты акциялар) және компанияның портфелінде қалған бағалы қағаздар болып бөлінеді. Оларды компания кез-келген уақытта өз ойынша пайдалана алады.
Акция белгілі бір жағдайда акционерлік қоғамның өз капиталын ұлғайтуға және оны инфляциядан қорғау үшін жұмсауға болатын бағалы қағаздардың бірден-бір түрі. Акция компанияның акционерлер алдындағы қарыз міндеттемесі. Компанияның өз акциясын қайта сатып алатын құқы бар. Бірақ бірсыпыра елдердің заңында, егер корпорацияның төлем қабілеті жоқ болса, онда ол акциясын қайта сатып алатын құқықтан айырылады деген де ереже бар. Дәл осы жағдай, егер қайта сатып алу корпорацияның төлем қабілетін нашарлататын болса да қаралған. Заң жүзінде акцияны бөлуге де болады. Айналымдағы әрбір акцияны бірнеше бөлікке бөлуге болады. Акция бірнеше түрге жіктеледі. Бір жағынан, бір акционерден басқа біреуге беру тәсілі бойынша: атаулы және иесі ұсынушы болып екіге бөлінсе, екінші жағынан, корпорацияны басқаруға қатынасу құқығы бойынша – жай және артықшылықты акция деп те екіге бөлінеді. Акционерлік қоғам тек өзінің жарғысында бекітілген акцияларды ғана шығара алады.
1) Атаулы акция – иесі міндетті түрде корпорацияның реестрінде тіркелуге тиіс акция. Акционерлер кітабында қанша және қай уақытта алғандығы туралы жазылған акция иесі ғана акционер деп есептелінеді.
2) Ұсынушыға арналған акция – иесінің аты-жөні корпорация кітабында тіркелмеген акция. Кітапта ұсынушыға арнап шығарылған акцияның жалпы саны ғана көрсетіледі.
Ал басқару жағынан корпорацияларға қолында атаулы акциясы бар акционерлер қолайлы. Себебі ол акционерлік капиталдың қозғалысын және бағалы қағаздардың қозғалысын және бағалы қағаздардың кейбір акционерлердің қолында шоғырлануын, олардың бұл мемлекеттен кеткенін реттеп және бақылап отыруға мүмкіндік береді. Акционерлердің көзқарасы тұрғысынан қарағанда, әсіресе, қысқа мерзімді мүддені көздеген акционерлер ұсынушыға арналған акцияны қолдайды. Себебі еш жерде тіркелмеген мұндай акцияларды екінші нарықта еркін сатуға болады. Ал атаулы акцияны еркін қолма-қол ақшаға айырбастауға болмайды, сондықтан олардың өтімділігі акционерге кейбір жағдайда қолбайлау туғызады. Акцияның осы екі түрін жүзеге асыру жолы да әртүрлі:
1) Cату механизмі бойынша. Атаулы акцияның иесі оларды компаниядан сатып алғанын куәландыратын барлық акция санына бір толтырылған сертификат алады. Бұл акцияларды сатқанда сертификаттың сырт жағында екі жақтың қолы қойылған «индоссамент» деген белгі қойылады.Содан соң акционерлердің тізіміне өзгеріс енгізу үшін сертификат корпорацияға жіберіледі.Бұдан кейін ғана акциялардың жаңа иесі акцияларға жаңа сертификат алады. Ұсынушыға арналған акцияны сатқанда оларды бір иемденуші тікелей, яғни қолма-қол екіншіге береді. 2) Акцияның осы екі түрінің жаңа данасын ( тиражын ) иемденушілер құқын белгілеу тәртібі де әртүрлі. Бұл туралы атаулы акция иесі корпорациядан хабарландыру хат алса, ал акцияны ұсынушыға мұндай механизм жүруі мүмкін емес. Ұсынушы акциясында кесіп алатын купоны ( талоны ) болады. Соны толтырғаннан кейін ғана корпорацияға жіберіп, өзінің меншік құқын іске асырады. 3) Ұсынушы акцияның номиналы өте жоғары болмайды, бірақ ол көп тиражбен шығарылады, ал атаулы акцияның номиналы әртүрлі мөлшерде бола береді.
Корпорацияны басқаруға қатынасу құқығы бойынша жай және артықшылықты акциялар болып бөлінеді. Жай акцияларды иеленушілердің корпорацияның тапқан пайдасының мөлшеріне байланысты дивиденттер алу құқы, жиналыстарда дауыс беру арқылы корпорацияны басқаруға қатысу құқы және корпорация жабылып қалған жағдайда несие берушілермен есеп айырысқаннан кейін мүліктің бір бөлігін алу құқы бар. Құқықтар мөлшеріне сәйкес көлемде жүзеге асырылады. Әрбір акция өз иесіне бір дауыс үлесін береді. Мұнымен бірге жай акция дивидент алуға кепілдік бермейді. Себебі дивидент корпорацияның шаруашылық нәтижесіне байланысты. Дивидент корпорацияның таза пайдасының бір бөлігі, басқаша айтқанда, дивидент төлеу пайданың салық төлегеннен қалған қалдығын бөлуге негізделген. Дивиденттің мөлшеріне күшті өзрерістердің әсер етуі кездейсоқ жәйт емес.
Облигациялар деп эмитенттің белгілі бір шартты орындауға, яғни ақша сомасын қайтаруды және белгіленген сыйақыны (мүддені) төлеуді міндеттенген жазбаша қарыз құжатын айтады. Түсінікті болу үшін, эмитент дегеніміз компанияның бағалы қағаздарды шығаруын және оларды алғашқы инвесторларға сатуын ұйымдастыратын, яғни эмиссияны шығаратын компания. Ол корпорацияның активіне қарсы қойылады. Алайда, бір айта кететіні, облигация арқылы тартылған капитал акционерлік капитал деп есептелмейді. Облигация шығару – қосымша капитал тартудың бір нысаны.
Эмитенттің жалпы шығыны облигацияны шығаруға және оларды орналастыруға жұмсаған жылдық шығынға тең болады. Облигация да акция сияқты корпорацияны инвестициялаудың ең маңызды көзі. Дегенмен бұл екі бағалы қағаздардың бір-бірінен түбегейлі өзгешеліктері бар. Ол өзгешеліктердің маңыздылары мыналар:
1) Облигация иемденушісі корпорацияға несие беруші болып табылады. Ал облигация корпорацияны несиелендіргеннің куәлігі. Өз кезегінде, акционер корпорацияны меншіктенушінің бірі. Акция сол меншіктенудің куәлігі тәрізді.
2) Облигация иемденушісіне сыйақы (мүдде) төленеді. Оның мөлшері бекітілген және нақты анықталған. Бұл бағалы қағаз өзінде көрсетілген белгілі бір анықталған уақыт аралығында ғана кіріс түсіреді. Облигация бойынша сыйақы (мүдде) басқа өтелетін дивиденттен бұрын төленеді. Корпорацияның сыйақыны (мүддені) уақытында төлей алмауы оның банкрот деп танылуына тең.
3) Басқа несие беруші сияқты, облигация иесінің дауыс беру құқығы жоқ. Ол акционерлер жиналысына, сонымен қатар, корпорация басқаруға да қатыспайды. Бірақ керісінше, акция иесінің корпорацияның мүліктік мүддесін қорғауда шешуші дауыс құқығы бар. Облигацияда бірсыпыра элементтер көрсетіледі: номиналы, купондық мөлшер, өтеу туралы нұсқау, эмиссия шарты, қамтамасыз етілуі, рейтингі.
4) Вексельдің айналмалылығы, яғни иемденуші оны басқа адамдарға беруіне болады.
Бағалы қағаздардың өте көп басқа түрлері болады. Оларды әр түрлі эмитентер шығарады. Корпорацияның жарғысына қарсы келмесе, онда оның «екінші қатардағы» немесе айналымдағы бағалы қағаздарға қосымша тағы да бағалы қағаздар шығаруға капитал табуға мүмкіндігі бар. Оларды құқықты бағалы қағаздар деп те атайды. Оларға жазылу құқын, опцион, варрант деген сөздер айқындайды. Сонымен қатар, депозиттік сертификат, қазыналық вексельдер жатады.
Қазіргі уақытта ҚР-ның акционерлік қоғамдар туралы заңында «бағалы қағаздар нарығында акциялар бағаланатын, активтерінің мөлшері кемінде айлық есепті көрсеткіштің 200000 еселенген мөлшерін құрайтын және акционерлерінің саны 500-ден кем болмайтын акционерлік қоғам халықтық акционерлік қоғам болып табылады» делінген. Халықтық қоғам мәртебесін алу тәртібі бағалы қағаздар нарығы туралы заңдармен белгіленген.