Құранды түсіну


Скачать/Жүктеу

Құран Кәрім Жаратушы тарапынан күллі адамзатқа және өзінен кейінгі замана атаулыға жіберілген ұқсасы жоқ қасиетті кітап. Құран – ислам дінінің бастауы, бірегей бұлағы. Исламды түсіну үшін Құранды түсіну шарт. Құранды түсінбеген адам исламды да толықтай түсіне алмайды. Құран – Жаратушының мәлімдемесі, хабарламасы, жолдауы. Ол таңдаулы Елші Мұхаммедке (с.а.у.) толықтай түсіріліп болған. Аллаһтың сөздерін өзгерте алатын ешбір құдірет жоқ. Құранды Аллаһ Тағала өз қорғауына алған. Құран дін деп аталатын ұғымға қатысты мәселелер мен мысалдардың, ережелер мен ақпараттың барлығын қамтиды. Онда еш нәрсе де ұмытылмаған. Құраннан өзге кітаптардың барлығы да фәни адамдар тарапынан жазылған яки құрастырылған кітаптар. Олар Құранның орнын баса алмайды яки Құранның бұйрықтарын жоя алмайды. Құран әр нәрсені білуші, шексіз құдірет иесі, шексіз ғылым иесі, теңі-теңдесі жоқ, еш нәрсеге мұқтаж емес, кем сипаттардан ада, тумаған һәм туылмаған, ең әуелгі, ең ақырғы, көрінеу һәм көмес, ұмытпайтын, қалғымайтын, шаршамайтын, ұйықтамайтын, жаратушы Аллаһ Тағаланың кітабы. Онда мін яки кемшілік болуы мүмкін емес, өйткені ол мін яки кемшілік кітаптың иесіне тиесілі болар еді. Ал, ислами ұғым бойынша Жаратушымыздың ондай міні яки кемшіліктері болуы мүмкін емес. Мін мен кемшіліктер фәни адамдарға тән қасиеттер. Сондықтан, фәни адамдардың істерінде, жазған дүниелерінде, ойларында мін яки кемшілік болуы заңды құбылыс.
Құранды дұрыс және нақтылы түсіне білу үшін жоғарыда келтірілген тұжырымдама негізінде мына аяттарды келтіруге болады:
Құранды Аллаһ өз хұзырынан өзінің ғылымымен түсірген (Һұд сүресі 11/14),
Ол тек қана үгіт (ескерту) және ап-анық бір Құран (оқулық)-дүр! (Йасин сүресі, 36/69)
Біз бұл кітапты саған әр нәрсені егжей-тегжейлі анықтаушы, тура жолға бастаушы, рахмет және бой ұсынушыларға (мұсылмандарға) сүйінші етіп түсірдік. (Нахл сүресі, 16/89)
Кітапта еш нәрсені де кем етпедік! (Әнғам сүресі, 6/38)
Бұл аяттарын адамдар әбден ұғынсын және таза ақыл иелері үгіт алсын деп өзіңе түсірілген мүбәрәк бір кітап-дүр! (Сад сүресі, 38/29)
Жаратқан Иеңнің сөзі туралық һәм әділет жағынан тәмам болды. Оның сөздерін өзгертетін ешбір құдірет жоқ! Ол бәрін естуші һәм білуші. Жербетіндегі адамдардың көпшілігіне бой ұсынатын болсаң, олар сені Аллаһтың жолынан тайдырады. Олар болса тек күдікке бой алдырған һәм сол күдікпен жалған сөйлейді! (Әнғам сүресі, 6/115,116)
Жаратқан Иең әсте ұмытшақ емес! (Мәриям сүресі, 19/64)
Бұл Құран маған сендерді және өзіне мәлім болатын адамдарды ескертуім үшін уахи етілді (Әнғам сүресі, 6/19)
Өздеріне оқылып жатқан Құранды саған түсіруіміз оларға жеткілікті емес пе? (Ғанкебұт сүресі, 29/51)
Бұл сондай кітап Жаратқан Иеңнің рұқсатымен адамдарды қараңғылықтардан нұрға, ол күллі мадақтың иесі биік құдірет иесі Аллаһтың жолына шығаруың үшін саған түсірдік (Ибраһим сүресі, 14/1)
Ант болсын! Сендерге анықтан-анық аяттар (белгілер, дәлелдер), сендерден бұрынғылардың мысалдары және қорғанып, сақсынушылар үшін (тақуалар) бір үгіт түсірдік (Нұр сүресі, 24/34)
Бір нәрсе туралы ғылым (білім) өзіңде жоқ болса, ондай нәрсенің артына түспе! Шынында, құлақ, көз және жүрек, одан жауапқа тартылмақ. (Исра сүресі, 17/36)
Олар сөзді тыңдайды және оның ең әдемісіне мойынсұнады. Міне олар Аллаһ тарапынан тура жолға салынған таза ақыл иелері-дүр! (Зұмар сүресі, 39/18)
Күдіксіз, жер бетіндегі әрекет ететін жан иелерінің ішіндегі ең жаманы ақылын істетпейтін саңыраулар мен мылқаулар-дүр! (Әнфал сүресі, 8/22)
Аллаһ кір-қоқысты ақылын істетпейтіндердің үстіне жаудырады (Йұнұс сүресі, 10/100)
Ант болсын! Сендерге ескертуші бір кітап түсірдік. Сонда да ақылдарыңды жұмсамайсыңдар ма? (Әнбие сүресі, 21/10)
Өздеріне ап-анық дәлелдер келгеннен кейін талас-тартысқа салынып, жіктерге бөлініп, ыдырағандар сияқты болмаңдар! Оларға өте үлкен азап бар! (Әли Имран сүресі, 3/105)
Діндерінің быт-шытын шығарып, жіктерге бөлінгендер бар емес пе, сенің оларға еш қатысың жоқ! Олардың ісі Аллаһқа тән! Аллаһ оларға жасап қойғандарын хабарламақ! (Әнғам сүресі, 6/159)
Күдіксіз үкім тек Аллаһтікі. Ол Өзінен басқаға құлшылық етпеулеріңді әмір етті. Нағыз тура дін міне осы. Алайда адамдардың көпшілігі білмейді! (Йұсұф сүресі, 12/ 40)
Өзінің үкіміне ешкімді де ортақ етпейді! Жаратқан Иеңнің кітабынан саған уахи етілгенді оқы! Оның сөздерін өзгертетін ешбір құдірет жоқ! (Кәһф сүресі, 18/26,27)
Аллаһқа шақыратын, ізгілік жасайтын және «Мен бой ұсынғандарданмын!» дейтін адамнан да әдемі сөз сөйлейтін кім бар екен? (Фұссилет сүресі, 41/33)
Аллаһ сендерге Кітапты егжей-тегжейлі етіп түсіргеніне қарамастан, Аллаһтан басқа бір төреші ме іздейін? (Әнғам сүресі, 6/114)
Олар Құранды оқып, түсінбей ме? Егер ол Аллаһтан өзгенің хұзырынан болғанда, олар оның ішінен әлбетте көптеген келіспеушіліктер табар еді ғой! (Ниса сүресі, 4/82)
…Сендерге аяттарымызды әбден анықтадық, бәлкім ақылдарыңды пайдаланарсыңдар! (Әли Имран сүресі, 3/118)
Сендерге не болды? Қалай үкім берудесіңдер? Еш естеріңе алмайсыңдар ма? (Үгіт алмайсыңдар ма?) Немесе сендердің ап-анық бір дәлелдерің бар ма? Егер рас сөйлеушілерден болсаңдар, кітаптарыңды әкеліңдерші! (Саффат сүресі, 37/154-157)
Сендерге не болды? Қалай үкім берудесіңдер? Немесе сендердің оқып, дәріс алып жатқан, ішінде тек ұнатқан жақтарыңды ғана алатын бір кітаптарың бар ма? (Қалам сүресі, 68/36,37)
Олардың арасында үкім бергеніңде Аллаһтың түсіргені бойынша бер! (Мәида сүресі, 5/49)
Айт: «Мен сендерді тек уахимен (Құран) ескертушімін!» (Әнбия сүресі, 21/45)
…сондай-ақ, өлген анық дәлел (бәййине) бойынша өлсін, өмір сүрген де анық дәлел бойынша өмір сүрсін! (Әнфал сүресі, 8/42)
Бұларды Құранда алуан түрлі жолмен анықтадық-кім, олар үгіт алып, ұғынсын. Бірақ, бұл олардың қашуын арттыруда! (Исра сүресі, 17/41)
Ант болсын! Мына Құранда барлық адамдар үшін барлық мысалдардан алуан түрлі түсіндірдік. Адамдардың көпшілігі болса оны мойындамауда сіресе тұруда! (Исра сүресі, 17/89)
Қарашы, олар әбден түсінсін деп аяттарды (белгілерді, дәлелдерді) алуан түрлі әдіспен түсіндірудеміз! (Әнғам сүресі, 6/65)
Ғылыммен жан-жақты түсіндірдік, иман еткен бір қауым үшін тура жолға бастаушы және рахмет (рахым) етіп кітапты түсірдік (Ағраф сүресі, 7/52)
Бұл сондай кітап – оны даналық уә үкім Иесі, әр нәрседен Хабардар Аллаһ аяттарын үкім білдіруші (мұхкем) етіп, артынша егжей-тегжейлі етіп түсіндірген (Һұд сүресі, 11/1)
Жер бетіндегі ағаштардың барлығы қалам болса және теңіз де артына жеті теңізді қосып жұмсалса, сонда да Аллаһтың сөздері таусылмас! Аллаһ үстем уә дана-дүр. (Лұқман сүресі, 31/27)
Күдіксіз, оны жинақтау және оқыту бізге тиесілі. Ондай болса, біз оны оқығанымызда, сен де оның оқылуына бағын! Соңыра, оны анықтау да бізге тиесілі. (Қиямет сүресі, 75/17,18,19)
Елші былай деді: «Ей, Жаратқан Ием! Менің қауымым (қоғамым) мына Құранды ұмыт болған, тасталған бір затқа айналдырды!» (Фұрқан сүресі, 25/30)
Ислам діні бір ғана Жаратушыға иман етуді және оған бой ұсынуды уағыздайтын дін. Жаратушыға ортақ қосу кешірілмес күнә. Өйткені, ол бірегей һәм нағыз шындықты бұрмалаушылық, айқын ақиқатты бүркемелеушілік және Жаратушыға жасалған опасыздық, шүкірсіздік. Жаратушыға ортақ қосудың формасы онша маңызды емес, ортақ қосылса болғаны. Ортақ қосу әшкере яки жасырын формада, тікелей яки жанама тәсілмен жасалуы мүмкін. Мұның барлығы да ортақ қосушылық, яғни Жаратушыға қарсы күрес жүргізу, оның діндегі үкіміне өзге құдіретті әкеп телу болып табылады. Жоғарыда келтірілген аяттарда Құранның қандай кітап екені және қандай мақсатпен түсірілгені түсіндірілген. Сонымен қатар, аяттарды мұқияттап оқығанда Құранды түсіну үшін ақылды пайдаланудың қажет екені, яғни ең бастысы ақылды басшылыққа алудың талап етілгендігі анық көрінеді. Ақыл – Аллаһтың адамзатқа берген нығметі. Құран – Аллаһтың адамзатқа берген нығметі. Бұл екеуінің де иесі, жаратушысы – бір Аллаһ. Сондықтан, олардың арасында кереғарлық, келіспесушілік болмайды, болуы мүмкін емес те. Аллаһқа ортақ қосудың бір формасы – Оның Кітабына басқа бұлақтарды әкеп қосу немесе Оның Кітабындағы аяттардың үкімін жойылған деп жариялаған фәни пікірлерді қабылдау. Аллаһтың Кітабында кемшілік жоқ, ол өте анық, өте түсінікті (жоғарыдағы аяттарға қараңыз). Діндегі үкім тек Аллаһтікі. Діннің алаңында тек Оның билігі жүреді. Құранда аталмаған нәрселер адамдардың шешіміне қалдырылған. Бұл адамның алаңы. Ал, адам баласы Құранда, яғни дінде аталмаған мәселелер бойынша Құранның рухына, логикасына, ақыл және ойлау жүйесіне сәйкес шешім қабылдайды. Алдымен мәселені егжей-тегжейлі зерттейді, ғылымға, ақылға, тәжірибеге жүгінеді. Құрандағы тәухид, әділет, турашылдық, пайдалы һәм ізгілікті іс істеу, шектен шықпау, әдден аспау, шура (кеңесу), еркін ойлау т.т. қағидаларын басшылыққа алады. Ақырында шешім қабылдайды. Осы шешімі жоғарыдағы өлшемдерге сәйкес келіп жатса – сыйлыққа бөленеді. Керісінше болса – тиесілі жазаға ұшыратылады. Аллаһқа ортақ қосудан басқа қателесулердің, күнәлардың кешірілуі мүмкін.
Міне, жоғарыда қысқаша ғана келтірілген түсініктеме негізінде Құранды оқу және түсіну үшін қажетті талпыныстың барлығын жасау керек. Әр кітап белгілі бір мақсат үшін жазылғанда, Құран да белгілі бір мақсат үшін түсірілген. Құран құр бетіне қарап түсінбестен оқылатын, түсінбестен жатқа айтылатын, тек кейбір діни рәсімдер кезінде ғана керек болатын, аяттары сатылатын, діндегі үкімдері оңды-солды ескерусіз қалатын, әулиелер мен пірлер, шейхтар мен тақсырлар оның аяттарының күшін тоқтата алатын ойыншық кітап емес. Құранмен ойнаған өзінің ахиретімен ойнаған болады. Құранға қиянаттық жасаған – Исламға қиянаттық жасаған болады. Исламға қиянаттық жасаған, оның иесі – Аллаһқа қиянаттық жасаған болады. Мұсылман жастарымыз осы маңызды ескертпелер негізінде Құранды оқуы және түсінуі ләзім деп санаймын. Ал, Құранда жиіркенішті қылықтар, қатыгездік пен аяусыздыққа шақырулар, өмірді қиындататын ережелер жоқ. Құрандағы дін өте түсінікті және қарапайым. Ол адамға еркін ойлау қабілетін бере алады. Ол таза ақылға, ізгі ақылға, имандылыққа, ихсанға шақырады. Адам құқықтарын құрметтеуге, бүлік жасамауға, бұзақылықтан аулақ болуға, Аллаһқа, оның елшісі мен мұсылман әміршіге бағынуға шақырады. Құран өзге діндер мен сенімдердің болуына рұқсат етеді. Адамдардың нәсілдік, ұлттық белгілерін жоққа шығармайды және мансұқтамайды. Бейбітшілік ішінде, әділетті қоғам орнатылуын талап етеді. Адамдарды ақылды және ақылдың ізгі өнімдерін пайдалануға шақырады. Еңбек етуге, ізденуге, қажыр-қайрат жұмсауға шақырады. Құранның аяттарында бүгінгі ғылым мен өркениетке қарсы талаптар жоқ. Ондай кері талаптар тек адамдар жазған әдебиеттерде ғана болуы мүмкін. Міне, Батыс халықтарының «исламда қатыгездік бар!», «исламда адам құқықтары, әйел құқықтары тапталған!» т.т. деп отырғаны Құранға байланысты емес, фәни адамдардың тұрмыстағы дінге енгізіп жазған дүниелеріне байланысты айтылуда. Міне, бұны ажырата білуіміз керек. Христиан діні және оның теологиясы ғасырлар бойы шіркеу басшылары мен теологтардың жазған дүниелері негізінде қалыптасқан. Христиандық дінін қалыптастырған, оның сенім қағидалары мен діни рәсімдерін белгілеген, аталмыш діннің жүздеген тармаққа бөлініп кетуіне себеп болғандар – фәни адамдар, шіркеу көсемдері. Олар құдайы бұлақтың орнын адами бұлақтың толтыруы қағидасын мұсылмандарға да әкеп істеткісі келеді. Алайда, исламда діннің алаңында адами бұлақ жүрмейді, тек Аллаһтың түсіргені мен көрсеткені ғана жүреді. Осыны барша адамзатқа түсіндіруіміз шарт. Фәни адамдардың пікірлері олардың өзіндік пікірлері ретінде бағалануы тиіс. Бір фәни адамның пікірін, қорытындысын әкеліп, оны Аллаһтың үкіміне тең (!), тіпті, одан да жоғары (!!!) қою ислам дінінің өзегіне сәйкес келмейді. Ал, сол фәни адамның Құранға және жоғарыда келтірілген өлшемдерге сәйкес жасаған пікірлері мен қорытындыларын автордың еңбегі мен ғылыми іжтиһадын құрметтеумен қабылдаймыз. Орта ғасырлардағы кейбір ғұламалар мен сөз құрастырушы авторлардың еңбектерінде келтірілген ойлар мен ұсыныстарды сол адамдардың алған біліміне, өскен ортасына, материалдық мүмкіндігіне, сол дәуірдегі ғылым мен білімнің деңгейіне, саяси уә тарихи уақиғаларға байланысты бүгінгі деңгейден қайтадан сарапқа салып, Құранның таразысына салып, өлшеп алуымыз шарт. Сонда, бүгінгі мұсылман әлемінде жинақталған және «дін» патенті соғылған сенім-нанымдардың, ережелер мен қағидалардың қайсыларының Құранға (Исламға) сай келетіні анық болады.
Мұсылман жастар беттерін болашаққа бұруы керек деп ойлаймын. Бүгінгі мұсылман әлемінің ең басты проблемасы – надандық, қараңғылық. Қараңғылық ұғымы Құранда «зұлым» деп аталған. Ал «залым» қараңғылықтың ішіндегі адамды білдіреді. Өйткені, әлемдегі зұлымдықтар білмегендіктен яки білімнің жетіспеуінен болады, ізгі ақылдың қосылмауынан болады, Жаратушының фитратына (жарату негізіне) қайшы келгендіктен болады. Қараңғылықты тек нұр, яғни жарық жеңеді. Құран адамзатты қараңғылықтардан нұрға жетелейді. Аллаһ көктер мен жердің нұры. Құран болса Аллаһқа шақырады. Құран еңбекті қадірлейді. Адамды жынысына қарап бағаламайды. Құранда тепе-теңдік пен үйлесімділік бар. Құран еркек пен әйелді бірін-бірі толықтыратын адамдар ретінде қарастырады. Құран ізгі іс жасауға және ақылды пайдалана отырып, ғылыми ізденіске салынуды, әрдәйім еңбек етуді (жиһад) талап етеді. Жоғарыда айтқанымыздай, Құран тек анық дәлелі бар нәрсеге жүгінуді сұрайды, күмәнді мәліметке, күдікті нәрселерге бой алдырмауды, олардан аулақ жүруді ескертеді. Құран мұсылмандарды әлеуметтің мәселелерін өзара кеңесу арқылы, талқыласу арқылы шешуге шақырады…
Әрине, Құранның сөздері Аллаһ Тағаланың аяттары. Тағы да Құранның айтуынша, Аллаһтың аяттары (белгілері, дәлелдері, айғақтары, ишараттары) тек Құран аяттарымен шектелмейді. Табиғаттағы құбылыстар, ғарыштағы қозғалыстар, математика мен физиканың заңдылықтары, күндіз бен түн, өсімдіктер мен хайуанаттар әлемі, теңіздер т.т. барлығы да Жаратушының аяттары (белгілері). Әр иманды пенде Жаратушының Құрандағы аяттарымен қатар өзге де аяттарын зерттеуі, түсінуі керек. Сол үшін әр иманды пенде позитивті ілімдерді – математика, физика, химия, билогия, медицина, астрономия, геология т.т. терең зерттеуі абзал. Бұларға қоса гуманитарлық саладағы ғылымдардан философия, тарих, филология, логика, социология, психология, саясаттану, экономика, эстетика т.т. сияқты ғылымдардан жан-жақты хабардар болуы тиіс. Аталмыш ғылым салаларынан хабардар, жан-жақты біліммен жабдықталған адамда оң ойлау қабілеті, математикалық ақыл, талдаушы ойлау, сараптау қабілеті, салыстыру қабілеті, себеп пен салдар арасындағы байланысты анықтау және нәтижелерді болжау потенциалы, эстетикалық сана қалыптасады. Міне, бізге осындай білімді мұсылман жастар қажет. Олар өздерін өткен тарихпен шектемейтін болады. Бұл жерде өткен тарихты қаралау яки мансұқтауды мақсат тұтып жатқан жоқпын. Өткенді өзінің уақытымен, өзінің шартымен білуіміз керек, бірақ өткенге қадалып, өткен тарихқа өзімізді таңып тастамауымыз қажет. Мақсатымыз дамуда, өсуде, жаңалық ашуда, адамзатқа пайдалы іс пен өнім өндіруде болуы керек. Еліміздің ең дамыған һәм ең өркениетті елдер қатарында болуына атсалысуымыз керек. Бұл тек прогрессивті ойлаумен, схоластикадан (фундаментализмнен), көр-соқыр сенімнен алшақ болумен ғана мүмкін болмақ.
Құран аяттары Жаратушының сөздері болғандықтан олар «өзгеріссіз» алаңды құрайды. Құранға ешкім еш нәрсе қоса алмайды және одан еш нәрсені де алып тастай алмайды. Құраннан тыс алаң болса «өзгеруі мүмкін» кеңістікті құрайды. Адамға қалдырылған осы алаңда адам баласы жоғарыдағы өлшемдер негізінде өз ой-ақыл деңгейіне, ғылым мен білімнің жетістіктеріне қарап тұжырымдамалар жасайды. Бұл тұжырымдар уақыт өткен сайын өзгеріске ұшырауы, толықтырылуы мұмкін. Фәни адамдар жасаған тұжырымдарды, пікірлерді, іс-әрекеттерді жоғарыда аталған «өзгеріссіз» алаңға апарып салу – діннің алаңына қол сұғушылық, фәни нәрселерді бақиға айналдырушылық болып табылады. Ал, фәниді фәни деп, бақиды бақи деп ажырата білген жөн. Қорыта айтқанда, бүгінгі ислам әлеміндегі тоқыраушылықты тек Құранға, яғни Жаратушының нұрлы жолына оралумен ғана жеңе аламыз деп айтар едім. Құран осындай потенциалды біздерге бере алады. VIII-XIII ғасырларда өмір сүрген мұсылман ғалымдар қатып қалған догматтардан құралған схоластиканы емес, Құранның жетегіндегі ақыл мен ғылымға негізделген прогрессивті ойлауды басшылыққа алған еді. Олар адамзат тарихында алтын әріптермен жазылған тамаша өркениетті қалыптастыруға орасан зор үлес қосқан тұлғалар. Олардан кейін келген эзотерикалық ағымдар мен схоластикалық мектептер мұсылмандардың еркін ойлауына шек қойды да оларды ой өндірмейтін, белгілі фәни тұлғалар қалыптастырған ұғымдарға көр-соқыр инанатын бұқараға айналдырды. Ғылыми ізденіс пен өндірістен қол үзіп қалған мұсылмандар әр салада артта қалды. Мұсылмандар тек тұтынушыға айналды. Ғылым деп жоғарыда аталған фәни адамдардың түсініктері ғана танылды. Ғылыммен шұғылдану Аллаһ Тағаланың аяттарын зерттеу және олардың мағыналарын ашу емес, бұрынғылардың жазғандарын қайталау және жаттау болды. Шіркеудің схоластикасынан азат болған Еуропа болса ғылым мен өнерде даму жолына түсті. Олар әлі сол жолды берік ұстанып келе жатыр. Мұсылман үмметі дүр сілкініп, өзін кертартпа сенімдер мен схоластиканың құрсауынан құтқаруы үшін ең алдымен еркін ойлаудың алдындағы кедергілерден, негізсіз бос сенімдерден, қараңғылық уағызшыларынан және олардың өнімдерінен құтылуы, Құранның нұрымен ғылыми ізденіске түсуі, өнерде алға жылжуы шарт дер едім. Сөз соңында тағы да Құран аяттарын келтіремін:
Олар Құранды әбден оқып, тереңдеп түсінбей ме? Егер ол Аллаһтан өзгенің хұзырынан болғанда, олар оның ішінен әлбетте көптеген келіспеушіліктер табар еді ғой! (Ниса сүресі, 4/82)
Еш күдік жоқ, ескертушіні біз түсірдік, біз! Оның шын мәніндегі қорғаушылары да бізбіз! (Һижр сүресі, 15/9)
Мен сендерден еркек болсын, әйел болсын, ешбір еңбек етушінің еңбегін зая етпеймін (босқа шығармаймын)! Бәрің де бір-біріңненсің! (Әли Имран сүресі, 3/195)
Шынында Аллаһ өзіне ортақ қосылуын кешірмейді. Мұның сыртында қалғанды қалағанына кешіреді (Ниса сүресі, 4/48)
Айт: «Аллаһ құлдары үшін шығарған көрікті заттарды (әшекейлерді) уә таза ризықтарды кім харам еткен (тиым салған)?». Айт: «Бұлар дүниедегі өмірде иман еткендер үшін, ал қиямет күні болса тек қана олардікі. Білетін бір қауым үшін аяттарымызды (белгілерімізді) осылайша егжей-тегжейлі баяндаймыз (Ағраф сүресі, 7/32)
Олардың көпшілігі тек күдікті мәліметті басшылыққа алады. Алайда, күдікті мәлімет шындық атынан еш нәрсені де білдірмейді. Күдіксіз Аллаһ олардың істегендерін білуші» (Йұнұс сүресі, 10/36)
Ей, иман еткендер! Күдікті мәліметтен көбірек сақ болыңдар! Өйткені, оның бір бөлігі күнә болып табылады! (Хұжұрат сүресі, 49/12)
Біз бұл кітапты саған әр нәрсені егжей-тегжейлі анықтаушы, тура жолға бастаушы, рахмет және бой ұсынушыларға (мұсылмандарға) сүйінші етіп түсірдік. (Нахл сүресі, 16/89)
Біле тұра шындық пен жалғанды (хақ пен нахақты) араластырмаңдар! Біле тұра хақты жасырмаңдар! (Бақара сүресі, 2/42)
Олардың көпшілігі тек күдікті мәліметті басшылыққа алады. Алайда, күдікті мәлімет шындық атынан еш нәрсені де білдірмейді. Күдіксіз Аллаһ олардың істегендерін білуші» (Йұнұс сүресі, 10/36)
Бәрің түгелдей Аллаһтың желісінен ұстаңдар және ешқашанда жіктерге бөлініп айырылмаңдар! (Әли Имран сүресі, 3/103)

ӘЛЕМДЕРДІҢ РАХМЕТ ЕЛШІСІ[1]

Нұрға толы өмірімен, нұрға толы істерімен адамзат тарихындағы ең ұлы тұлға саналған Пайғамбарымызды шексіз сағынышпен, үлкен қуанышпен, зор махаббатпен еске алып отырмыз.
Жасаған Иеміз рахмет Елшісін жарылқасын! Оның жанұясын жарылқасын! Барлық ислам үмметін Оның жолына бастасын!
Әсілі, адамзат тарихын «Пайғамбарымызға дейінгі» және «Пайғамбарымыздан кейінгі» тарих деп, екіге бөліп қарасақ болғандай. Мұхаммед Мұстафаға (с.а.у.) дейінгі адамзат тымырсық түнектерде, зұлматты қараңғылықтарда, азап пен рухани дағдарыста болса, рахмет елшісінің келуімен, Құран Кәрімнің нұрымен, жүректерге шифа, рухани һәм дүнияуи ауруларға дауа табылып, бұрын-соңды болмаған рахауатта өмір сүріп келе жатырмыз.
Әз Елші тарихта ойлау жүйесін өзгерту арқылы үлкен өзгеріс жасады, ойды азат етті, ақылға еркіндік берді, пікірге бостандық берді. Ең алдымен адам баласын құрметтеу, оның рухани тұлғасын сыйлау түсініктерін қалыптастарды. Абыройлы адам баласын тек Жаратушыға ғана құлшылық етуге шақырды. Аллаһ Тағаладан басқа жаратушының, билеушінің, құдірет иесінің, құлшылық нысанасының, тілек айтылушының жоқ екендігін білдірді. Аллаһ Тағала тарапынан өзіне жүктелген ауыр да машаққатты аманатты мүлтіксіз орындады.
Пайғамбарымыз күллі адамзатты Құранның жолына, ақыл мен ғылымның жолына шақырды. Ізгі істермен шұғылдануды, мұхтаждарға көмектесуді, адамзатқа пайдалы құндылықтарды өндіруді бұйырды. Өзі де өмір бойы өз насихаттарын орындап, артына өлместей мұра қалдырды.
Сахабалар Айша Әбу Бәкірқызы анамыздан Пайғамбардың ахлағы қандай еді деп сұрағанда, ол «Оның ахлағы – Құран еді» деп, айтқан екен. Сондықтан, Пайғамбарымыздың кім екенін білу, оның біздерге қалдырған мұрасын толық түсіну үшін Құранға жүгінуіміз және Құранды түсіне отырып оқуымыз шарт. Құранның мағынасын зерттей оқу ғана бізге Пайғамбарымыздың және оған дейінгі елшілердің ғибратты өмірін түсіну мүмкіндігін береді.
Рәсұлұллаһ адамзат тарихындағы ең үлкен өзгерістерді жасағанымен өте қарапайым және кішіпейіл адам бола білді. Ол Аллаһ Тағаланың ризалығын ешқандай атақпен айырбастамады. Алдына келіп алуан түрлі ұсыныстар жасаған мүшриктерді (пұтқақұлдарды) бос қайтарды. Оның «бір қолыма айды, бір қолыма күнді берсеңдер де Аллаһ жолынан тайман!» деген сөзі қандай ғаламат. Меккеден Мәдинеге көшу кезіндегі үңгірде көрсеткен сабырлылығы, Бәдір соғысындағы қаһармандығы, Ұхұдтағы мейірімділігі, сауатсыз қоғамда бола тұрып, сол дәуірдің алып мемлекеттеріне елшілер жіберуі, оларды исламға шақырудағы көрегенділігі және даналығы жеке жеке зерттеуге тұратын уақиғалар…
Біз мұсылман үмметі осындай Пайғамбардың иманын қабылдағанымызды қаншалықты мақтаныш етсек және Аллаһ Тағалаға мадақ айтсақ, әрине жеткілікті болмайды. Пайғамбарымыздың ең басты мұраты адамзатты «шірк» яғни Жаратушыға басқа тәңірлерді ортақ қосу қатерінен құтқару болатын. Сол үшін Әз Елші мұсылман үмметін «шіркке» апаруы ықтимал әр нәрседен бас тартты. Құранды мығым ұстауды және өзара бөлінбеуді қайта қайта насихаттап жүрді. Бүгінгі адамзатқа Оның осы сенім қағидалары ауадай қажет болып тұр.
Меніңше Пайғамбарымызды түсіну және оған лайықты үммет болу – Құранды түсіну және Құранның өмір салтын қабылдаумен ғана мүмкін болмақ. Өйткені, Құран хақ пен нахақты ажырататын, харам мен халалды парықтайтын, күллі адамзатты тура жолға бастайтын үгіттерді қамтиды. Құран бұ дүниедегі һәм ахиреттегі бақыттың кілтін ұсынады. Құран – «тәухид», яғни «бірлік» нанымын ұсынады. Бүгінгі адамзат қауымдастығы Құранның қағидаларына өте зәру жағдайда. Сүйікті отанымыз – Қазақстан да осы Құранның «бірлік» жолымен жүретін және дамитын болса, нұр үстіне нұр болар еді. Біздер, яғни Қазақстан халқының басым көпшілігін құрайтын мұсылмандар Құран Кәрімнің «Бәрің түгелдей Аллаһтың жібін (дінін) ұстаныңдар уә ешқашанда бөлінбеңдер!» (Құран 3/103) бұйрығын әсте естен шығармауымыз керек. Құран төңірегінде топтасып, оның жолымен жүретін болсақ, Пайғамбарымыздың ең үлкен өсиеті орындалған болады.
Баршаңызға Аллаһ Тағаладан ізгіліктер тілеймін, елімізге береке, халқымызға бірлік тілеймін.

[1] Мұртаза БҰЛҰТАЙ, Ол адамзат тарихында ең үлкен өзгерістерді жасағанымен, өзі ең қарапайым және кішіпейіл адам бола білді. «Жас Алаш» газеті, 26.04.2005 ж.


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы