Дін – қоғамдағы өткір де нәзік мәселе


Скачать/Жүктеу

Оны заңмен реттеу – ең әділ жол

Бұған дейін қолданыста болған заң 1992 жылы қабыл­дан­ған еді. Ал Ата Заңымыз 1995 жылы қабылданды. 1992 жылдан бері 20 жылға жуық уақыт өткендіктен, заман да, заң да өзгерді.

Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев үстіміздегі жыл­ғы 1 қыркүйек күні Пар­ла­мент­тің бесінші сессиясын ашып, қоғамдағы ең маңызды мә­селелер жөнінде өз ойлары­мен бөлісті. Депутаттардың ал­дына жаңа міндеттер жүктеді. Елбасы соңғы жылдары әлемде этносаралық және дінаралық жанжалдар тәуекелі өсе түс­ке­нін тілге тиек етті. Біздің елімізде дінге қатысты мәселе­лер­ді заңмен реттейтін кез келгенін айтты.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Осы сессия бары­сын­да Парламентке «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасын да қарауға тура келеді. Дінаралық келісім – біздің халқымыздың бірлігінің негіз­де­рінің бірі», дей келіп, осы заңдардың бәрі Қазақстан Тә­уел­сіздігіне жаңадан берік құ­қық­тық кепілдіктер беретінін мәлім етті.

Жаңа сессияның басында Үкімет Мәжіліске бүгінде Парламент мақұлдап, Президент қол қойып, күшіне енген «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» және «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбiр заңна­ма­лық актiлерiне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселе­ле­рі бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заңдардың жобаларын ұсынған еді. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жоба­сының мақсаты – Қазақстан Республикасының діни  бірлестіктер туралы заңнамасын діни бірлестіктер қызметінің негізгі бағыттарын құқықтық реттеу, сондай-ақ әр түрлі заңнамалық актілердің құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды, кем­шіліктер мен тартысты жәйт­терді жою жолымен жетілдіру.

Қазақстанда соңғы он жыл­дықта қалыптасқан жаңа қоғам­дық-саяси ахуалдың көрініс­те­ріне назар салсақ, қоғамдағы дін мен діни бірлестіктердің рөлі өзгерді. Яғни, дін мен діни бірлестіктердің қоғамдық беделі және қоғамдық өмірдің әр түрлі тұстарына ықпалы айтар­лықтай өсіп, мәртебесі кеңейді. Қысқа мерзім ішінде дінге се­ну­шілердің және діни бірлес­тік­тердің саны бірнеше есеге артып, қоғамда олардың қыз­ме­тінің белсенділігі жоғарылады, қазақстандық қоғамның әлеу­меттік құрылымының маңызды бөлігіне айналды, мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың сипаты өзгерді.

Осы тұста айта кеткенім жөн болар, өткен жылы бір топ депутат заң жобасына баста­ма­шылық жасап, дінге қатысты қоғамдағы туындаған көптеген мәселелерді заң жолымен реттеу қажет екендігін алға тарт­тық. Заң жобасы Мәжілісте, одан кейін Сенатта жан-жақты талқылаудан өтті. Заң жоба­сы­мен бір жылдай жұмыс істедік. Парламент депутаттары қолда­ды. Алайда, кейін Конститу­циялық Кеңестің шешімімен Президент қарсылығын білдіріп, заң өмірге енген жоқ. Сол заң жобасында діни ұйымдарды қайтадан тіркеуден өткізіп, ретке келтіру және олардың қа­ражатпен жұмыс істеу тәсілі, ақша айналымы қалай болады, сонымен қатар, шет елдерден келетін уағыздаушы кітаптарды тарату мен таратпау жолдары­ның ара жігін анықтау, сараптама жасау мәселелері қамтыл­ған-тын. Діни кітаптарды қай жерде таратуға болатынына дейін анық жазылды. Өйткені, әр түрлі діни сектаның өкілдері көше-көшені кезіп, үй-үйді аралап, әр адамның пәтеріне келіп, кітабын беріп, өзінің діни ұй­ы­мына шақырып жүргеніне бар­ша азамат куә болғаны анық. Сондай әрекеттерге тос­қауыл қою керек болды. Осы аталған мәселелердің барлығы жуырда қолданысқа енгізілген жаңа заңда да қарастырылған.

Және бүгінгі таңдағы орын алған жағдайларға байланысты бір реттелуге тиісті мәселе бар. Ол – салафиттер, вахабиттер және басқа да көбейіп кеткен исламның әр түрлі ағымдары. Әркім өзінің ұстанымын дұрыс деп, адамдардың санасына тық­палап жатыр. Әсіресе, кейбіреулер: «Күнделікті өмір қажет емес, бұл жалған өмір. Жұмыс істеу, әскерге бару керек емес, оқу оқып, білім алу да керек емес», дейді. Дүние салған адамды жас болса да, «Ол – бақытты адам. О дүниеге бара жатыр. Бұл дүние­нің құндылығын есептемей, ана дүниенің рахатына бөленеді» дегендей уағыздарды көп айтып жүр. Қайтыс болған адамды сол мезетте жерлеп тастайды. Сон­дай-ақ «Ас бермеу керек. Бейіт басына бармау керек. Зират салмау, тасын көтермеу керек» деген сияқты ұстанымдарын халықтық салт-дәстүрге қарсы қойып жүр. Басқаша жерлеу рәсімін үйреткісі келеді. Халқымыздың қалыптас­қан өнері бар. Кейбір діни ағым­дар өнерімізге де шектеу салуды көздейді. Тіпті теледидарға қа­рамаңдар дейтіндері де кездеседі. Дастарқан жайып, көп адамдар жинамаңдар дейтін уағызшылар да бар.

Біз тәуелсіздік алдық. Баба­ларымыз аңсаған бостандыққа қол жеткіздік. Тіліміз бен дініміз қайта оралды деп қуанып жүрміз. Дегенмен, еркіндік алдық деп барлығын қараусыз жіберуге бол­майтынына көзіміз жетіп отыр. Соңғы жылдары жастарымыз дін­ге бет бұрғанына бүкіл халық болып қуандық. Бұрынғыдай ішім­дікке салынған, бұзақы­лық­қа бейім жастардың азайғаны өте құптарлық жәйт. Бірақ Кеңес одағы кезіндегі қоршаудан шық­қан аңқау халықты әр түрлі дінге тартушылардың көбейіп кеткені рас. Кейбір отбасы мүшелері әр түрлі дінге кіргендіктен, әкесі бір жақта, шешесі бір жақта, бала­лары бөлек-бөлек кетіп, шаңы­рақтары ортасына түскендері де аз емес. Қабылданған жаңа заң осындай келеңсіз жәйттерді шектейді ғой деп сенеміз.

Жат пиғылды секталарға кіріп кеткен қаракөз қазақтарымыз да аз емес. Олар өздерінің адас­қан­дарын бірден ұғына алмайды. Әсіресе, тағдырлары бұзылып, қиын жағдайға түскен немесе жұ­мыстан шығып қалып, отбасынан да қайырым көрмей, азап шегіп жүрген жандарға қайырымдылық жасаған болып, өз іштеріне тар­та­тын секталар да елімізде кең жайылғаны жасырын емес. Ба­сын әбден улаған соң, секталар оның да, ағайын-туыстарының да дү­ние-мүлкін өзіне аударып ал­ған. Тіпті сондай жағдайға түсіп жатса да, басы шырмалған адам өзінің жем болып жатқанын тү­сін­бейді. Ағайындарының айтқан ақылы да оның уланған санасына кірмейді.

8 қыркүйек күні Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті екі заң жоба­сы­ның таныстырылымын өткіз­ген­де, аталған құжаттың маңызы мен мақсаты туралы Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шәріп баяндама жасады. Ол Қазақстандағы шетелдік миссионерлік қызметке қатысты мы­на­дай мәліметтер келтірген еді. «Бүгінгі күні бізде 27 мемлекеттен шамамен 300 шетел миссионерлері тіркеуден өткен екен. Олардың көбі Польша, Корея, АҚШ, Германия, Ресей, Украина, Италия, Швейцария және Испаниядан келгендер», деп еді агенттік төрағасы.

Жаңа заң бойынша Қазақстан азаматтары, шетелдіктер мен аза­маттығы жоқ адамдар мис­сио­нерлiк қызметтi Дін істері агент­тігінің тiркеуінен өткеннен кейiн ғана жүзеге асыратын болды. Тір­кеуден өтпеген жағдайда, Қа­зақстан Республикасында миссио­нерлік қызмет жасауға тыйым салынады. Қазақстан Республи­ка­сының аумағындағы шетелдік миссионерлер Дін істері агент­ті­гінің барлық облыстарда, Астана мен Алматы қалаларында құрыл­ған департаменттерінде жыл сайын қайта тiркеуден өтуге мiн­деттi. Өз кезегінде, тіркеуден өту үшін құжаттар ұсынған миссионерге дінтану сараптамасының теріс қорытындысы негізінде, сон­дай-ақ егер оның миссионерлік қызметі Конституциямызға, заңдарымызға, қоғамдық тәртіп­ке, адамның құқықтары мен бостандығына, халықтың ден­саулығы мен имандылығына қатер төндіретін болса, тіркеуден өткізуден бас тартылады.

Мемлекетіміз демократия­ны, бостандықты, еркіндікті ал­дыңғы орындардың біріне қоя­ды. Алайда, бұл бәріне еркіндік беріп, «не істесең де болады» деген сөз емес. Мемлекет бо­ла­шақта үлкен дауылды қатер­лер­ге, ішкі қақтығыстарға, тіпті бір ұлттың өзі бөлініп-жарылып бір-бірімен соғысуға алып келетін қасіреттерді болдырмау үшін алдын ала тәртіп орнатуы қажет. Сондықтан діни ұйым­дар­ды мемлекет қатаң бақы­лау­да ұстауы керек. Жаңа заң осы мақсатқа қызмет ететін болады.

Біз «Нұр Отан» партияс­ы­ның тапсырмасы бойынша әр­бір тоқсан сайын сайлаушы­лар­мен кездесулерге барып жүрміз. Қай жерде болса да басқосу­ларда тұрғындар тарапынан қойылатын сұрақтың бірі – осы дінге қатысты мәселе. Еліміздің тұрғындары өз ішінен бүлік шығып, тып-тыныш отырған ауылдардың берекесі кетпесін деп қатты алаңдайды.

Ақтөбе мен Атырау облыс­тарында орын алған қайғылы оқиғалар біздің де жүрегімізді ауыртады. Тып-тыныш ел едік. Бірлігімізге сызат түссе, мем­лекеттің болашағына да қауіп төнетіні сөзсіз. Кейбір діншілдер «Бұл дүние жалған, ана дүниеде рахат көресің», деп айтып жатса, халықтың Отанға деген патриоттық сезімі өшпей ме?! Жұмысқа бейімділігі жо­ғалмай ма? Жаңа ғана нарық экономикасының қыр-сырын тү­сініп, ерінбей еңбек етсе, нә­тижесін көретініне көзі жетіп келе жатқанда, теріс ұғымға уағыздау – алға бастырмайтын іс. Әр адам өмірде атқан таңға, шыққан Күннің нұрына шаттанбай ма? Отбасының әрбір мүшесінің аман-есендігіне шү­кір­шілік етіп, балаларының күл­кісін естігеніне қуанбай ма? Өзіңнің ісің алға басқанына, халықтың да тамағы тоқ, жұ­мысы жүріп жат­қанына, мем­лекеттің әлем елдері қатарында жоғары көтерілгеніне қуануы қажет.

Дүние жүзін шайқалтып кет­кен әлемдік қаржы дағ­да­ры­сы кезінде экономикалық тұ­рақ­тылықты сақтай біліп, әлеу­меттік салаға қолдау жасап, зей­нетақы, жәрдемақы, шәкірт­ақы және еңбекақыны үш жыл қатарынан 25-30 пайызға өсіре білген Қазақстан мемлекетінің толағай табыстарымен қуана білуіміз керек. Әр адам жеке кәсіпкерлігін дамытуға да қол жеткізді. Қазір әрбір екі үйдің бірінде шаруашылығын жүр­гізуге қажетті автокөлігі бар. Халық өз күнін өзі көріп, өмір сүруге жан-жақты бейімделіп алды. Менің ойымша, өрке­ниет­ті қоғамда дінді ұстанған адам таза жүріп, мемлекетке адал қызмет етіп, білім мен ғылымның жетістіктерін пайда­ла­нып, адамзаттың алға басуы­на өзі де ықпал ете білуі қажет. Ислам діні шектеу салатын харам дүниелерден аулақ болып, мәдениетті, саламатты өмір сал­тын ұстанып, елге үлгі көрсете білген адамды шынайы мұсылман деп есептеймін.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын талқылауға алғашқы күннен бастап үлкен белсенділікпен қатысты. Көптеген ұсы­ныстарымызды бердік. Екі ап­таның ішінде әріптестерім 100-ден астам түзетулерін ұсынды. Жұмыс тобының отырысы кү­ніне екі рет өтті. Жұмыс тобы­на әріптесім, Мәжілістің Заң­на­ма және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Рамазан Сәрпеков жетекшілік етті. 21 қыркүйек күні Мәжіліс аталған заң жобасын мақұлдап, Сенат­тың қарауына жіберді. Оны көп кешіктірмей Сенат депутаттары да қабылдады. Парламентшілер мақұлдаған заңға Елбасы қол қойып бекітті. Бұл халық күткен заң болатын.

Тито СЫЗДЫҚОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты,  экономика ғылымдарының кандидаты.

http://www.parlam.kz/3/mazhilis/news-details/id110/7/1


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы