Скачать/Жүктеу
Қазақ жерінің киелі топырағында батырлық пен даналықтың өр тұлғаларын айтпағанда, ән мен жырдың, сұлулық мен серіліктің, шешендік пен көсемдіктің кеніші болған бабаларымыз аз емес. Сондай аты аңызға айналған айрықша талант иелерінің бірі – Біржан сал Қожағұлұлы.
Биыл ұлы сазгер, әнші, көрнекті ақын Біржан салдың дүниеге келгеніне 175 жыл толып отыр. Біржан сал Қожағұлұлы 1834 жылы Көкшетау маңында, кедей шаруаның отбасында дү-ниеге келеді. Жастайынан ақындық пен әншілікке ден қойған Біржан жиырма жасынан бастап өзі ән шығара бастаған. 1865 жылы ақынның ұлы Абаймен кездесуі оның сазгерлік, әншілік, ақындық өнерінің дами түсуіне жан-жақты әсерін тигізеді.
Осылайша Біржан сал «Ғашығым», «Сарыарқа», «Ақсақ киік», «Көбік шашқан», «Ақбай», «Айтбай» сияқты өзі өмір сүрген заманның әлеуметтік оқиғаларын, адамгершілік, ізгілік мәселелерін қорғап, шындықты шырқаған тамаша туындыларды жарыққа шығарады. Ал осы бабаларымыздан бері сақталып келе жатқан мұраны бүгінгі ұрпаққа қаз-қалпында жеткізіп, оның мәні мен мағынасын ашып көрсету тарих алдындағы парызымыз десек болады.
Бәріміз білетіндей, биыл қазақ киносының қоржыны аты аңызға айналған халық әншісі мен композиторы Біржан Қожағұлұлының өмірі туралы баяндалатын қоюшы режиссерлер Д. Жолжақсынов пен Р. Әлпиев түсірген «Біржан сал» фильмімен толыққан. Қазақ киносына шөлдеп жүрген көрермен қауымның көңіліне жақында ғана жол тартқан бұл туынды Біржан салға арналған тағзым болды.
Ұлы кемеңгердің мерейтойы республика көлемінде жан-жақты аталып өтілуде. Соның бір дәлелі өткен аптада елорданың үлкен өнер шаңырағының бірі К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және театрында Біржан Қожағұлұлының 175 жылдығына арналып өткізілген ән кеші болды. Салтанатты жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза өзі қатысып, кештің ашылуында сөз сөйледі. «Біржанның мұрасы кейінгі қазақ музыкалық мәдениетіне әсер еткені соншалық – ең алғашқы опера «Қыз Жібекке», одан кейінгі «Ер Тарғынға» Біржан музыкасы кеңінен пайдаланылды. Біржан сарқылмайтын бұлақ ретінде 21-ші ғасырға келіп жетті. Оның әрбір әнін ұлттың ұлы мұрасы етіп ұлықтауымыз керек. Біржан 21-ші ғасырда да қазақтардың жаңа буынының жан жүрегін жадырататын рухани азығы, серігі, ұлттық музыка мәдениетінің ең биік шыңы ретінде қала береді», деп атап көрсетті Министр.
Ақынның құрметіне арналған кеште оның шығармаларын халықаралық конкурстардың лауреаты Ардақ Исатаева, республикалық конкурстардың лауреаты Гүлмира Сарина, жас әншілер Перизат Тұрарова, Ахат Кенжебаев, Теміржан Мұратов сынды әншілер орындады. Кеш барысында Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов Біржанның «Айболысын» әуе-летіп шырқаса, Секен Сыздықов ақын өмір сүрген сол заманның азулы өкілдерін түйреуге бағытталған ыза-кекке толы «Жанботасын» орындады.
Біржан – ақындық дарындылығымен көзге түскен тарихи тұлға. Оның Сарамен айтысы – Біржанның суырып-салма ақындық талантын елге барынша танытты. Кеш барысында да көрермен назарын бірден аударған бөлімі Сара мен Біржанның айтысынан театр әртістерінің келтірген сахналық қойылымы болды.
Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ, Астана