Скачать/Жүктеу
Бүгінгі таңда халықаралық деңгейде жаһандану процесінің қарқынды дамуы байқалады. Жаhандану процесі халықаралық кеңістікте белгілі бір саяси және құқықтық жағдайды қалыптастырып, жекелеген елдердің ұлттық саясаты мен тұжырымдамасына белсенді түрде ықпал етуде. Ал мемлекеттер сыртқы саясатты басшылыққа ала отырып, әлемдік даму үрдісінен қалып кетпеу мақсатында өзінің ішкі саясатында жаңа бағыттар ұстануда. Мемлекеттің сыртқы және ішкі саясаты өз кезегінде мемлекет ішіндегі басқаруға және оның жекелеген салаларында тікелей әсер етіп отыр. Жалпы алғанда, жаhандану процесі сыртқы және ішкі саясат арқылы мемлекеттің басқару саласына әсер етіп, оның әлемдік кеңістіктің даму ритмін ұстануды талап етіп отырғандай.
Халықаралық аренаға шығып, әлемдік кеңістікке ену мен халықаралық деңгейде даму саясаты, ең алдымен білім және ғылым саласына, соның ішінде жоғары білімге елеулі түрде ықпал етуде. Ұлттық білім жүйесінің халықаралық білім кеңістігіне шығуы, әлемдік стандарттарға сай қызмет етіп, әлемдік деңгейде лайықты орын иеленуді мақсат етеді. Отандық жоғары оқу орындарын әлемдік деңгейге шығару президенттің жолдауларында, үкіметтің бағдарламаларында, уәкілетті органдардың жұмыс жоспарларында көрініс тауып, еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының мақсаты мен міндетіне айналды. Бүгінгі таңда әлемдік университеттердің арасында лайықты орынға ие болу мақсатында еліміздің жоғары оқу орындары бірқатар жетістіктерге жетті. Үстіміздегі жылы еліміздің жекелеген университеттері Халықаралық рейтингтік компаниясының QS World University rankings 2010 мәліметтері бойынша әлемнің 17000 университетінің ішінде алғашқы 451-500 орындар аралығынан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті көрінді (шамамен алғанда 467 орында). Сондай-ақ, 501-550 орындар аралығынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, 601-ден жоғары орындарда Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті көрінді. Бұл компанияның көрсеткіштері бойынша Ұлыбританияның Кэмбридж университеті 1-орынды, М.В. Ломоносов атындағы ММУ 93-орынды иеленеді [1].
2009 жылғы мәліметтер бойынша (Times Higher Education-QS 2009) бірінші орында АҚШ-тың Гарвард университеті, 2-орынды Ұлыбританияның Кэмбридж университеті иеленген болатын[2].
2009 жылы ортақ баға берген Times Higher Education және Quacquarelli Symonds (QS) компаниялары үстіміздегі жылы бөлініп кетті. Соның нәтижесінде бұл компаниялардың 2010 жылғы мәліметтері әр түрлі болып отыр.
Ал Times Higher Education компаниясының 2010 жылғы мәліметтері бойынша алғашқы бес орынды да АҚШ-тың Гарвард университеті бастаған 5 университеті иеленді [3].
Quacquarelli Symonds (QS) компаниясының бағалау критерийлері бұрынғысынша қалды, яғни: жоғары оқу орнының академиялық беделі (40%), түлектеріне деген жұмыс берушілер тарапынан бағалау (10%), ғалымдарының еңбектеріне сілтеме жасау (цитируемость) (20%), студенттер мен оқытушылардың сандық арақатынасы (20%), шетелдік студенттердің үлестік мөлшері (10 %) құрайды.
Times Higher Education компаниясының партнері болып тағайындалған Thomson Reuters әлемнің үздік жоғары оқу орындарын анықтаудағы әдіс-тәсілдерге пікірі өзгеріп, жаңа критерийлерді басшылыққа алуды жөн көрді. Ол келесідей критерийлерді басшылыққа алғанды дұрыс деп санайды: білім беру мен білім алушы орта (30%), ғылыми зерттеулер (30%), ғалымдарының еңбектеріне сілтеме жасау (цитируемость) (32,5%), инновациялар (2,5%), шетелдік оқытушылар мен студенттердің үлестік мөлшері (5%) [4]. Times Higher Education компаниясының өкілдері өздерінің бағалау критерийлерін ең әділ және объективті деп санайды. Көріп отырғанымыздай бұл жерде бағалау критерийлерінің 65%-ы ғылыммен байланысты болып отыр.
Бұл екі компанияның жоғары оқу орындарын бағалау критерийлері өзгеріп, дербес көрсеткіштер беруінің саяси, экономикалық, объективтік және субъективтік негіздері жеткілікті.
Жалпы алғанда бұл критерийлерге қатысты ғалымдардың арасында пікірталас көп. Себебі, аталған критерийлер Ұлыбритания, АҚШ сияқты елдердің алдыңғы қатардағы жоғары оқу орындарының жетістіктеріне негізделіп жасалынған. Бұл критерийлер білім нарығындағы АҚШ пен Еуропаның бәсекелес университеттерінің жасап отырған рекламалық әрекеті деп санайтын ғалымдар мен сарапшылар да аз емес.
Қалай дегенімен бұл критерийлер объективтік шындықты көрсететін, әлемдік деңгейдегі дәрежені анықтайтын бағалау өлшемдеріне айналғаны және басым көпшілік елдермен танылғаны ақиқат.
Қазақстан сияқты жас мемлекетке өзінің университеттерінің әлемдік деңгейде орын алып, сол арқылы Қазақстанның атын шығарып, беделін көтеруі қуантарлық жағдай. Үстіміздегі жылы осы университеттің қабырғасына ресми іс-сапармен келген Ұлыбританияның халықаралық компаниясының өкілі Зоя Зайцева әлемдік деңгейдегі халықаралық компанияның бағалауы бойынша мұндай көрсеткішке жету Қазақстандық жоғары оқу орындары үшін үлкен жетістік деп атап өткен болатын. Алайда, мұндай критерийлерге жауап беру үшін ұлттық білім жүйесінде бірқатар реформалар жүргізу талап етіледі. Ол реформалар сол әлемдік деңгейге шығаратын жоғары оқу орындарының потенциалын дұрыс пайдалану, ғылыми ұжымға мейлінше жағдай жасау, білім мен ғылымды бірге алып жүруге мүмкіндік беретін бағытта жүргізілуі қажет.
Әлемдік рейтингтік компанияларының бағалау критерийлеріне талдау жасайтын болсақ, ол жерде жоғары оқу орнын алға шығаратын бірден-бір белгі ол ғылыми жаңалықтарға қол жеткізген ғалымдары, ғылыми жұмысты ұжым болып студенттер мен профессорлардың бірігіп жүргізуі, ғылыми мектептердің әрекет етуі, ғылыми жобалармен айналысу және оның қаржыландыру көлемі, студенттер, магистранттар, жас ғалымдардың ғылыми жұмыстар мен ел ішінде және сыртта танымал болуы және т.б. көрсеткіштер көзделген. Яғни әлемдік деңгейге шығудың бірден бір жолы ғылым және ғылыми кызметке аса көңіл бөлу, оған барлық жағдай жасау. Ал біздің жоғары оқу орындары (жалпы алғанда қоғам да) оқу процесіне және ғылымға қатысты көзқарасын өзгертер емес, яғни әлі де дәстүрлі көзқарасты ұстануда.
Бүгінгі таңда жүргізіліп отырған реформалар, университеттерге құқықтан көрі міндеттер көп жүктейді және университеттің жағдайымен санаспайды деуге болады. Ол өз кезегінде білім және ғылым саласындағы уәкілетті органдар тарапынан халықаралық білім кеңістігін дұрыс түсінбей, қате саясат жүргізуінен болып отыр деуге де болады. Зерттеп қарайтын болсақ, Еуропалық білім кеңістігінің өрісін кеңейтуге бағытталған Болон процесінің актілері жекелеген елдердің ұлттық білім жүйесінің ерекшеліктеріне, ұлттық құндылықтары мен болмысына, қол жеткізген жетістіктеріне, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына, тіліне, діліне, дініне түсінісушілік білдіріп, құрметпен қарауды бекіткен.
Мұндай жалпыға ортақ заңдылықтар Болон процесінің басты құжаттарында тікелей көзделіп кеткен. 1988 жылғы 18 қыркүйекте Италияның Болонья қаласында қабылданған Еуропа Университеттерінің Ұлы Хартиясының «фундаменталдық қағидалар» деген бабында «университеттер ғаламдық білімге қол жеткізу мақсатында географиялық және саяси кедергілерді болдырмай, өзара танымдықты және мәдениеттердің өзара араласуының қажеттігін бекітеді» делінген. Ал 1999 жылғы 19 маусымда қабылданған Болон декларациясында «Біз Еуропалық білім кеңістігін жасау жолындағы мақсаттарымызға қол жеткізуде жекелеген елдердің ұлттық мәдениеті мен тіліне, ұлттық білім жүйесі мен университеттік автономиясына аса құрметпен қараймыз» деген ережелерді бекіткен.
Яғни, Болон процесінің Конституциясы болып табылатын аталмыш құжаттарда мұндай ережелердің көрініс табуы, реформаларды «жоғарыдан төмен қарай» әкімшілік жолмен жүргізудің дұрыс емес екендігін, реформаны «университеттердің автономиялығы» қағидасына сәйкес «төменнен», яғни университеттердің мүдделерін басшылыққа ала отырып жүргізу қажеттігін бекітеді. Өкінішке орай осы қағидалар 2007 жылғы ҚР «Білім туралы» заңының 3 бабында «негізгі қағидалар» қатарында көзделмеген. Бұл білім саласындағы реформалардың әлі де әкімшілік тәртіппен жүргізіле беретіндігін білдіреді.
Әлемдік университеттерге қойылатын критерийлерге қатысты жұмыстар университет ішінде де өз шешімін таппай отырған жағдай бар. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындары күрделі реформаларды басынан кешіруде және соны жүргізуде іскер менеджерлердің жеткіліксіздігі байқалады. Нәтижесінде, университетті басқаруға білімді және білікті ғалымдар мейлінше тартылуда. Яғни, отанымыздың белді ғалымдары жоғары оқу орнында оның ғылыми потенциалын көтеріп, жастарды ғылымға баулаудың орнына, жаппай әкімшілік, ұйымдастырушылық жұмыстармен айналысып, әуре болуда. Бірқатар ғалымдардың мемлекеттік қызметке, ұлттық немесе жеке компанияларға ауысып кеткен жағдайлары да кездеседі. Жоғары оқу орнында түрлі бөлімдер мен қызметтер, басқармалар әрекет етеді және сол қызметтерде нағыз ғылыми қызметпен айналысу жасындағы қолынан іс келетін ғалымдар отыр. Әңгіменің шындығына келетін болсақ, ол жұмыстармен ғылыми атағы бар адамның айналысуының ешқандай қажеті жоқ. Ол әкімшілік жұмыс және ол жерге жақсы менеджер, яғни іскер басқарушы отырса жеткілікті. Осы жағдай бүгінгі таңдағы жоғары оқу орындарындағы ең басты қателік, яғни біздің жүйе ғалымды ғылыми жұмыспен айналысудың орнына күнделікті қарапайым ұйымдастырушылық және әкімшілік жұмыспен айналыстырып, саны жоқ жиналыстармен басын қатырып, университет әкімшісіне айналдырып, шығармашылық қабілетінен айыруда. Бұл жағдайды университеттің түрлі қызметтерінде жұмыс істеп жүрген көптеген ғалымдарымыз іштей болса да мойындайды. Себебі, қазіргі кездегідей белсенді даму кезінде университеттің басшылық қызметіндегі азаматтарына тыным жоқ.
Егер әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің ұйымдастырушылық жүйесін талдап қарайтын болсақ, оларда университеттің доценттері мен профессорлары, тіпті Нобель сыйлығының лауреаттары тікелей дәріс оқып, ғылыми жетекшілік жасап, зерттеу жұмыстармен айналысады. Сонымен қоса, әрбір профессор өз ғылыми мектебін құрып, бір бағытта кешенді зерттеулер жүргізіп, студенттер мен магистранттарды, жас ғалымдарды ғылыми жұмысқа тартып, іс жүзінде «профессордың» қызметін атқаруда. Бұл біздің профессорларды нашар немесе дәрменсіз дегенді білдірмейді, бұл білім және ғылым саласындағы ұйымдастырушылық-құқықтық мәселелердің өз шешімін таппай отырғандығының дәлелі. Университет деңгейінде мұндай мәселенің және күн тәртібінде тұрған сұрақ екендігін уәкілетті органдар біле бермейді. Осы жағдайдан шығудың бірден бір жолы – Болон декларациясымен көзделген «университеттердің автономиялығы» қағидасын басшылыққа алып, университеттің өзіне тән ерекшеліктерін ескере отыр, даму саясатын ұстанып, университеттің деңгейінде жұмысты тиімді ететін локальды актілер қабылдау, нәтижесінде салыстырмалы түрде тәуелсіздікке ие болу. Университет деңгейінде Ғылыми Кеңес, оқу-әдістемелік кеңес, білімнің сапасын бақылау қызметтері және т.б. құрылымдық бөлімшелер бар. Осы органдардың рөлін жетілдіру және оларды кафедралар мен факультеттердің мүддесіне жұмыс істейтіндей механизмін ойластыру қажет. Сонда ғана білім сапасын тексеретін оқу бөлімдері мен басқармалары кафедра мен факультеттің шын мәнісіндегі жағдайын түсініп, бақылаушы және қадағалаушы функцияларын екінші орынға қалдырып, білімнің сапасын бағалауда шынайы және іс жүзіндегі жағдайды көретін болады.
Халықаралық рейтингтік компаниялар тарапынан университеттің деңгейін анықтауда білім мен ғылымның біртұтастығы басты критерий ретінде алынатыны жоғарыда айтылып кетті. Бұл Болон процесінің негізгі актілерінде де «білім мен ғылымның біртұтастығы» қағидасы ретінде бекітілген. Ал бұл қағида 2007 жылғы ҚР «Білім туралы» заңының 3 бабында «негізгі қағидалар» қатарында көзделмеген, яғни бұл жерден шығатын қорытынды: білім орындарында ғылыми қызметті дамыту саясатының заңмен бекітілмеуі.
Ғылым саласындағы заңның жобасы елімізде кеңінен талқылауға түсіп, үлкен пікір-таластар тудыруда. Қазіргі кездегі диссертациялық кеңестерді жабу қаупі ғылыми ортаның белсендігін төмендетіп, ғылыми жұмыспен айналысуға сенімін жоғалтты. ҚР ҰҒА академигі Ж. Әбділдин отандық ғылымды дамытуда «қоғамның ғылымға деген көзқарасын түбегейлі өзгерту, ғылыми кадрларды дайындаудың механизмін жетілдіру және ғылымының мәртебесін анықтау қажет» деген пікір айтқан болатын. Еліміздің белді ғалымының мұндай философиялық көзқарасының астында үлкен ой жатыр деуге болады. Себебі, материалдық жағдайы нашар болған соң нағыз ғалымдар ғылымнан көңілі қалған, ғылыми атақтар сатылып, ғылымның қадірі кеткен, ғылыми жаңалықтар жасалмай, диссертациялық жұмыстар сапасынан айырылған. Қоғамдағы осындай құбылыстар академик Ж. Әбділдиннің пікірін растайтындай. Бұл жағдай қоғам тарапынан ғылымға деген көзқарасты түбегейлі өзгертуді талап етеді.
Сонымен қатар ғалым мамандығы беделінің тұрақты түрде төмендеуі байқалады. Қазақстанда, BISAM Central Asia 2005 жылы өткізген сауалнаманың мәліметтері бойынша, ғалым кәсібін ел тұрғындарының 4,3%-ы ғана беделді деп санайтыны анықталған. Ал дәл осындай АҚШ-та кәсіптерді беделділік дәрежесі бойынша ел тұрғындарының арасында анықтауға бағытталған зерттеудің (2004 жыл) қорытындылары бойынша кәсіптердің ең тартымдысы ғалым кәсібі болды – сауал алынғандардың 51%-ы бұл кәсіпті жоғары дәрежеде беделді деп, 25%-ы – мейлінше тартымды және 20%-ы – беделді деп атады [5].
Халықаралық рейтингте лайықты орын алу үшін, еліміздің жоғары оқу орындарында ғылыми қызметті тиімді және нәтижелі ету мақсатында келесідей ұсыныстар жасалады:
- ғылыми кадрларды дайындау мен оқытушы-профессорлық құрамның ғылыми қызметпен айналысу белсенділігін арттыру. Яғни шығармашылық қабілеті бар ғалымдарды әкімшілік қызметтерге қоймай, бір тақырыптың аясында кешенді ғылыми жұмыстар жүргізуге жағдай жасау;
- ғылыми жобаларды мемлекет тарапынан немесе ұлттық және жеке компаниялардың қаржыландыруы бойынша жүргізу арқылы, екі жақты келісімдер жасап, шынайы қызығушылық тудыратындай етіп, ғалымдардың шығармашылық еңбегін әділ бағалап, төлеу;
- кафедра, факультет және университетті басқаруда алқалы басқару нысанын енгізу, яғни ғылыми қызметтің тиімді жүруі үшін ғалымдардың пікірлерімен санасып, мүдделерін ескеру, мәртебесін көтеру, оларға әкімшілік тарапынан ұйымдастырушылық мәселелерді шешіп беріп, кедергі жасамау, студенттер мен магистранттардың профессорлармен тікелей жұмыс жасауына барлық жағдай жасау;
- ғылыми потенциалы жоғары студенттерді осы сәттен ғылыми жұмыстарға тарту және қызығушылығын тудыру.
Жалпы алғанда, әлемдік деңгейдегі рейтингтік компаниялардың тізімінен лайықты орын алу қазақстандық жоғары оқу орындарына мақсат және міндет болып отыр. Сондықтанда, уәкілетті органдар мен жоғары оқу орындары арасында тығыз байланыс орнату және «білім мен ғылымның біртұтастығы», «университеттердің автономиялығы» қағидасын ҚР «Білім туралы» заңына енгізіп, ғылыммен шынайы айналысуға жағдай жасау қажет. Университет деңгейіндегі ұйымдастырушылық-құқықтық мәселелерді шешу арқылы біз ғылыми қызметті жандандыруға мүмкіндік аламыз. Ал ол, өз кезегінде университеттің әлемдік рейтингте лайықты орын иеленуінің бірден бір кепілі.
Әдебиеттер тізімі:
- QS World University rankings 2010 // http://www.topuniversities.com/university-rankings/world-university-rankings/home
- Топ 200 мировых университетов рейтинга Times Higher Education-QS 2009 // http://www.dec-edu.com/news-230.html
- Рейтинг университетов мира 2010. Версия The Times Higher Education // http://www.ubo.ru/analysis/ cat=146&pub=2010
- Единый рейтинг университетов мира THE-QS разделился на два. МГУ занял 93-е место по версии QS и не вошел в 200 лучших по версии THE // http://www.polit.ru/science/2010/09/20/the_qs.html
- Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 20 маусымдағы № 348 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы»