НАШАҚОРЛЫҚПЕН ҚЫЛМЫСТЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ КҮРЕС


Скачать/Жүктеу

Нашақорлық бүгінгі таңда адамзатты алаңдататын, әлемдік деңгейге көшкен проблемалардың бірі. Құқық қорғау органдарының нашақорлық дертін алдын алуға бағытталған шараларының жүргізілуіне қарамастан, бұл дертке ұшыраған адамдардың, сондай-ақ есірткіге байланысты қылмыстардың саны жылдан жылға өсіп келеді. Есірткіге байланысты   қылмыстарды бір сөзбен наркобизнез немесе наркомафия деп айтуға болады, өйткені нашақорлық дерті ең алдымен есірткіні өндіруден және оны заңсыз тасымалдаудан, сатудан бастау алады.  Есірткі бизнесімен әлемнің іргелі елдерінің барлығы  күресуде және ешбір ел  халықаралық бірліксіз есірткі бизнесіне қарсы күресте айтарлықтай табысқа жете алмайды. Сондықтан есірткі бизнесімен күресті күшейту мақсатында арнайы халықаралық ұйымдар жоспарларын, тапсырмаларын қабылдауда және жүзеге асыруда. Өз кезегінде ол, әр елде құрылған есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеттерін, ұйымдарын, мекемелерін бірігіп жұмыстануына әкелуде.

Қазіргі таңда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы біздің республикамызға есірткі бизнесімен күресу үшін қаражат бөлуде, өйткені көпшілігімізге белгілі Қазақстан есірткі транзитінің үстінде жатыр. Атап айтқанда, Оңтүстік  Батыс Азия, Ауғанстан елдерінен Ресейге, одан әрі Батыс Еуропаға асырылатын есірткілер еліміздің кең даласын өтіп шығуда. Оның өзі біздің аймағымызға есірткінің контрабандалық транзиттік жолмен өтетіндігіне  байланысты «Жібек Жолы» деген атауды іліп отыр.   Бірақ бұл арнайы қызметкерлердің іс қимылдары ойдағыдай еместігін білдірмейді, өйткені бір ғана Ұлттық Қауіпсіздік органдарының есірткі бизнесімен күрес саласындағы жетістіктерін айтсақ таңғаларлықтай.

Қазақстанның Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің  қол жеткізген нәтижелері, көбінесе халықаралық есірткі бизнесімен күрес саласындағы шет мемлекеттердің арнайы қызметтерімен және құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесуінің арқасында. Мәселен, Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің және Өзбекстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік қызметімен бірлесіп Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Өзбекстан Республикасынан Ресей Федерациясына есірткі құралдарының контрабандалық тасымалымен айналысатын трансұлттық есірткі қоғамдастығының қылмыстық қызметін анықтау және жолын кесу мақсатында «Стрела» деген шартты атаумен көп бағыттағы операция өткізілді. Операция кезеңдерінің бірін жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан тарапынан Өзбекстан-Қазақстан-Ресей бағыты бойынша халықаралық бақылаудағы героиннің 70 кг-нан астам ірі партиясын жеткізу  қамтамасыз етілді. Осындай, есірткі бизнесіне қарсы Ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізген күрес шараларының қатарына, Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметімен бірлесе отырып жүзеге асырған Сафари операциясын жатқызуға болады, бұл операцияның нәтижесінде Нигериялық азаматтардан тұратын  есірткілік топ ұсталып, тиісті жазасын алған болатын. Есірткі тасымалдаушылардың негізгі каналы ТМД елдерінің шекарасынан өтетіндігіне байланысты Қазақстан, Тәжікстан және Ресей ішкі істер министрліктері жыл сайын есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және прекурсорларды контрабандалық жеткізудің жолын кесуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шараларын ұйымдастырып отырады. Құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіруге және дайындауға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметтерін анықтау және жолын кесу мақсатында жыл сайын «МАК» жедел-профилактикалық операциялар жүргізіледі. Үстіміздегі жылдың 25 мамырынан бастап 15 қыркүйегіне дейін «МАК-2009» Жедел-іздестіру шарасын өткізу барысында 363 есірткі қылмысы мен құқық бұзушылық анықталды.  Есірткі заттарын өткізетін 19 нүкте жойылып, есірткі заттарының заңсыз айналысы саласындағы жасаған қылмыс бойынша  79 адам ұсталды.

Сонымен қатар, жыл сайын өткізілетін «Барьер», «Көбік», «Трасса», «Допинг», «Арна», «Тосқауыл» және «Игла» профилактикалық сипаттағы республикалық операцияларымен қатар, Ішкі Істер Министрлігі және Кеден Бақылау Комитеті бірлесе отырып Қазақстан аумағында «Канал» атты халықаралық операциясын өткізуді ұйымдастыратын еді.  Бұл операция Ресей, Қазақстан, Армения, Беларусия, Қырғызстан және Тәжікстан құқық қорғау органдары мен арнайы қызметкерлерінің қатысуымен өткізілетін, ал осы жылдан бастап есірткіге қарсы «Канал» профилактикалық операциясы тұрақты жұмыс істейтін жобаға айналды.

Нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес тақырыбында айта келе, Қазақстан Республикасы қылмыстық құқығының тиісті нормаларының тиімділігін нығайту мәселесін де қозғап кету керек. Қазіргі уақытта республикамызда әрекет ететін заңнама әр дайым заңсыз есірткі айналымының экономикалық аспектілерін есепке ала бермейді. Есірткі қылмыстарының экономикалық базасын кесу, қылмыскерлердің заңсыз әрекетін жасау мақсатында пайдаланатын қаражат құралдарын және өзге де материалдық құндылықтарын алу арқылы жүзеге асыру қажет. Мұндай алулар заңда белгіленген тәртіппен есірткімен заңсыз әрекет жасаған, кінәлі деп танылған тұлғаның  мүлкін тәркілеу ұғымымен ұштады. ТМД елдерінің есірткіге қарсы заңнамалары, осы бағыттағы заңсыз әрекеттеріне жаза түрінде мүлікті тәркілеу, кең қолданатындығымен ерекшеленеді. Ал біздің республикамыздың Қылмыстық кодексінің халық денсаулығына және адамгершілікке қылмыстар тарауында көзделген кейбір баптарының санкцияларында, атап айтсам, Қылмыстық кодекстің 261 б., 262 б.2т., 263 б., 264 б, жазаның тек бас бостандығынан айыру түрі ғана қолданылады. Тәркілеуді аталған баптарға қосымша жаза ретінде қолдану, есірткі бизнесінің экономикалық бастауының алдын-алуда ғана емес, жалпы тәркілеудің қосымша жаза ретінде қолданылуын кеңейтеді деген ойдамын.

Мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі, еліміздің ертеңі –жастар, дәлірек айтсақ XXI ғасыр жастары. XXI ғасыр жаңа технологиялардың ғасыры, жалпылама айтқанда күн сайын шығатын технологиялық жетістіктер жасөспірімдердің қызығушылығын толтыруда және ол өз кезегінде барған сайын жас жеткіншектердің тәрбиесіне, біліміне, ең бастысы денсаулығына көңіл аз бөлуде. Баршамызға мәлім, қазіргі кезде кез-келген ақпаратты, соның ішінде есірткіге байланысты мағлұматтарды интернет желілерінен, теледидардан және сол секілді телекоммуникация құралдарынан алуға болады. Тіпті, қазіргі уақытта есірткі заттарын айналадан іздеп қаңғудың немесе оны қалай пайдаланамын деп бас қатырудың қажеті жоқ секілді, өйткені интернетті ашып қалсаң болғаны, содан есірткі, көкнәр сататындар және сол есірткіні өзің үйіңде қалай жасауға болатыны туралы ақпараттар тізбектеп шыға келеді. Есірткіні үйде жасау мүмкіндігі фактілері қазір расталып отыр. Санаға әсер ететін синтетикалық есірткілік құрал жасап шығарумен және олардың рецептерін жасаумен айналысатындар, айталық «химиктер», аталмыш есірткілерді өндірумен қатар жаңа рецептерді арнайы веб сайттарға орналастырып та үлгеруде. Олардың ізіне түсу өте қиын, әлемдік телекоммуникациялы желі химиктер үшін жасырынуға қолайлы болып отыр.

Алайда «жаман айтпай-жақсы жоқ» дегендей, бүгінгі таңда мемлекет басшысының қолдауымен жастар арасында таралған есірткі дертінің алдын-алуда бірнеше акциялар жүргізіледі. Үлгі ретінде келесі  акцияларды айтуға болады: «Біз – салауатты өмір салты үшін!», «Мен өмірді қалаймын», «Дені сау университеттер», «Есірткіге жол жоқ!» және т.б. Осы іс-шараларға  мыңнан астам оқушылар, студенттер және жұмыс істейтін жастар үлесін қосуда.

Балалар мен жасөспірімдерді тұрғылықты жері бойынша дене шынықтыру және спортпен айналысуға тартып, бос уақыттарын ұйымдастыру бойынша балалар мен жасөспірімдер клубтарының жұмыстары жалғасып келеді.

Қорытындылай келсем, жоғарыда айтқанымдай есірткіге қарсы талай-талай күрес шаралары жүргізілгенімен, нәтижесі сонда-да көңілден шығатындай емес, өйткені біз есірткіге қарсы күресеміз дейміз де, оған тамаша жарнама жасаймыз. Дегенімен, қол түсірудің керегі емес, Қазақстан Республикасы  Басшылығының жүргізетін есірткі пайдаланушылар мен есірткі бизнесіне қарсы күрес бағдарламаларына сәйкес, республикамыздың әр облысында қоғамның салауаттылығы үшін қолдан келген амалдарды қарастырып, бар күшімен еңбектенетін Ұлттық Қауіпсіздік Комитеттері және құқық қорғау органдары жұмыстануда. Мен, олардың өз қызметтерін дұрыс атқаратындығына және аянбай  қызмет ететіндігіне күмәнім жоқ.

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. ҚР Қылмыстық құқығы (ерекше бөлім) А.Н.Ағыбаев Алматы, 2003.
  2. Комментарий к Уголовному кодексу Республики Казахстан Алматы, 1999.
  3. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі.
  4. «Пути совершенствования законодательства Республики Казахстан для усиления борьбы с наркоманией и наркобизнесом» А.Отеген-улы Заң және заман № 12 желтоқсан, 2005.
  5. Наркомания-угроза Национальной безопасности Н.Кузбаков Заң және заман №4 шілде-тамыз, 2007.
  6. Наркомания – общенациональная проблема Е.Токенов Фемида № 6 2008.

 

 

Гасанов А.А., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қылмыстық-құқықтық

пәндер кафедрасының доценті, з.ғ.к.


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы