Скачать/Жүктеу
Кіріспе 3
1. Ұлы Жібек жолының бағыттары мен тармақтары. 3
2. Сауда мен тауарлары. 7
3. Мәдениеттердің өзара ықпалы және бірін-бірі байытуы 8
4. Дін соқпақтары 9
Қорытынды 14
Пайдаланған әдебиеттер тізімі 15
Кіріспе
Жүздесу мен тілдесу және алыс-беріс байланыстары б. з. дейінгі III—ІІ-мыңжылдықтарда басталған. Бадахшан тауынан лазурит және Хотан маңындағы Яркендария өзенінің жоғарғы жағынан нефрит кен орындары табылып, оларды өндіре бастауға сәйкес бұл байланыстар реттеліп, жөнге келтіріледі.
Б. з. дейінгі І-мыңжылдықтың орта кезінде Қара теңіз өңірінен Дон бойына, содан Оңтүстік Орал өңіріндегі савроматтарға, Ертіске, одан әрі созылып Алтайға, жоғарғы Ертіс пен Зайсан көлі алқабын мекендеген агрипейлер еліне келетін Дала жолы жұмыс істей бастаған еді. Осынау жолмен жиек, ұлпандар мен терілер, иран кілемдері, асыл металдардан жасалған бұйымдар сауда арқылы таратылып жататын.
Қымбат бағалы жібек түрлерін таратуға сақтар мен скифтердің көшпелі тайпалары да қатысқан, осылардың дәнекерлік демеуі арқасында сол кез үшін тансық болған бұл тауар Орта Азия мен Орта теңіз аймағына дейін жеткен.
Жібек жолы елшіліктің және сауда-саттықтың тұрақты желісі ретінде қызмет атқара бастаған. Міне сонау ықылым замандарда адамзаттың араласуына, етене танысуына көп септігі тиген ұлы сүрлеу әлі де ұмытыла қойған жоқ. Тіпті осы жолдың бойындағы кез келген елде Жібек жолы деген атауларды кездестіретініңіз айқын.
Ұлы Жібек жолының тарихын біліп, тағылым алу біздер үшін маңызы зор іс.
1. Ұлы Жібек жолының бағыттары мен тармақтары.
Егер Жібек жолымен батыстан шығысқа қарай жүрсек, оның Қазақстандағы учаскесі Шаштан (Ташкент) шығып, Тұрбат асуы арқылы Исфиджабқа, Сайрам (Сарьямға) келеді. Ежелгі қаланың осы күнге дейін сақталған. Шымкент түбіндегі бір қыстақ тап осылай аталады, оның дәл кіндік тұсында Жібек жолындағы бір кездегі ең ірі орталықтардың бірі болған орта ғасырлық қала жұртының қалдығы сақталған. Исфиджабтан құлдарды, бөз маталарды, қару-жарақты, семсерлерді, мыс пен темірді әкетіп жатқан. Испиджабтан шыққан керуендер шығысқа қарай бет алып, Шараб және Будухкент қалалары арқылы Таразға барады екен.
Қазақстанның аса ірі қалаларының бірі Тараз VI ғ. бұрын белгілі болған. 568 ж. түрік қағаны Дизабұл Византия императоры Юстинианның стратег Земарх бастап келген елшілігін тап осы қалада қабылдаған. Бастаухаттар оны көпестер қаласы деп атаған. Мұның үстіне ол түргештердің, содан кейін қарлықтар мен қарахандардың тарихи орталығы болған.
Таразбен қатар Жамухат деген шаһар тұрған, ол да VI ғ. хатқа енген. Жамухаттың жәдігерліктері Талас алқабында, Жамбылға таяу жерде, Талас өзенінің бойындағы Михайловка селосына қарама-қарсы бетте жатыр, оның үйінділерін кәзір Қостөбе деп атайды. Алқаптың жазық жағында Атлах қаласы бар, 751 ж. оның бінде осы араны ықпалында ұстау үшін арабтар қытай әскерімен шайқасқан болатын. Тараздан таяқ тастам жерде, Талас бойымен теріскейге қарай кететін сауда жолы үстінде Адақкет пен Нуджикес қаласы тұратын. Талас алқабының таулы бөлегінде сол сияқты Шелжі, Сұс, Күл және Текабкет деген қалалар болған. Бұлар күміс кендеріне жуық жерден қоныс тепкенді. Керуендер Талас алқабына Ферғана аймағынан Шатқал қыратындағы Шанаш асуы және Талас Алатауындағы Қарабура арқылы да өтіп келетін. Жолдың осы бөлегі Жібек жолының рғаналық және Жетісулық бағыттарын біріктіретін. Тараздан шыққан жол шығысқа, Құлан қаласына қарай асатын Тараз бен Құлан аралығындағы территория қарлұқтерге жататын. Құланға бара жатқанда жол Касрибас, Күлшөп, Жолшөп сияқты қалалардан өтетін. Құланнан әрірек шығыста бір-бірінен фарсақтай жерде Меркі мен Аспара қалалары барды. Сосын сауда керуендері Нұзкент, Харраджуан, Жол қалаларына соғып өтіп жолдан кейін ол Сарығ, «түрік қағанының қыстағына» Қырмырауға баратын.
Қырмыраудан жол салдырып отырып, Жетісудың ең ірі қаланың бірі — Науакентке (Қытайша Синчен) апаратын. Бұл екі атау да Жаңа қала деп аударылады. Науакент түрік қағандарының сарайы және соғдылардың қаласы болған.
Жол Науакенттен шыққасын Пенджикент (Бунджикет) арқылы Жетісудың аса үлкен қаласы, Батыс Түріктерінің астанасы (кей түргештер, қарлықтар астанасы) Суябқа келеді. Бұ қала туралы қытай, араб саяхатшылары X ғ, дейін жазып келген. Соңынан астана рөлі Баласағұнға көшеді, тегі оның ертеректегі аты Беклиг немесе Семекна болса керек. Баласағұн қарахандардың, сосын қарақытайлардың астанасы ретінде белгілі, оны кейін XIII ғ. бас кезінде қарақытайлар қиратады. Қала содан қайта салынады, бірақ XIV ғ. тағы да ойрандалып, үйінділері ғана қалады. Бұ қалалардың тұрған жері кәзіргі Тоқмақ қаласына жақын жерде және орта ғасырдың кепке белгілі екі ескерткішіне — Ақбешім мен Боран қала жұртына сәйкес келеді.
Суяб қаласынан керуен жолдың не солтүстік, не оңтүстік тармақтарымен жүріп, Ыссық көлдің жағалауына шығады. Оңтүстік жақпен жүрген керуендер Жоғарғы Барысхан деген үлкен қаланы басып өтеді, ал жолдың солтүстік тармағында шағын керуен сарайлар орны кездеседі, олардың аттары бізге дейін жетпеген. Сосын осынау екі айрық жол Бедел асуында бір-бірімен қосылады да, не осы асу арқылы, не Ташрабат арқылы Жібек жолы Қашғар мен Ақсудан барып шығады.
Ал керуен жолы Ыссық көл қазан шұңқырынан Санташ асуы арқылы Қарқара жайлауына барып, төмендеп Іле алқабына түседі де, өзеннің оң жағалауын бойлап отырып, Үсек, пен Хоргос алқаптарынан өтіп, Алмалық қаласына барады, ал сосын Такла-Макан шөлінің солтүстік жиегін айналып, Хами мен Тұрфан көгал аймақтарын басып, Дунхуан мен Қытайға жететін болған.
X—XII ғғ. Жібек жолының бір тармағы күллі Іле алқабын оңтүстік-батыс жағынан көктей өтіп, солтүстік шығысқа қарай кетеді екен. Бұл тармақ Науакенттен басталып, Бунджикен және Қастек асуы арқылы жүріп, Іле Алатауының теріскей жоталарына әкелген. Әлгі асуға тағы бір жол Баласағұннан келетін болған. Бұл арадағы танымал белгі қасиетті Ұрын-Арж тауы екен. Жол Іле Алатауының баурайындағы, кәзіргі Қастек, Қаскелең мен Алматы орындарындағы шағын қалашықтар арқылы Талғар қаласының теріскей шетіне орналасқан Тәлхиз (Тәлхира) қаласына жеткен. Осы арада Талғар өзенінің оң жағалауындағы тау баурайында орта ғасырдың аса ірі қала жұртының ойран болған орны жатыр. Тәлхиз транзитті сауданың үлкен орталығы болған.
Іле алқабына басқа жолмен де келе береді екен: Құлан мен Аспа-радан немесе Нұзкенттен шығып, Шудың орта және төменгі ағысындағы қалаларға барған. Сосын Тасөткел қайраңынан өтіп, жол Щу — Іле тауларының теріскей жоталарын жағалап келіп, Іле Алатауының теріскей бетіндегі қалаларды қуалай жүрген.
Тәлхизден Жібек жолы екіге айрылады: оңтүстік желісі Есік пен Түрген, Шелек үстімен жүріп, Іленің Борохудзир маңындағы өткелінен өтіп, оның оң жағалауын қуалап, Хорғос арқылы Алмалыққа жетеді де, осындағы Ыссық көл жақтан келген жол тармағымен қосылады. Жолдың осы бөлегінен археологтар Есік Түрген, Лауар сияқты кішкене қалалардың, үлкен қала Шелектік төбешіктеніп қалған орындарын тапты, Іленің оң жағымен жол кәзіргі заман қыстағы Көктал мен Жаркент арқылы өтеді. Көктал маңында Ілебалық қаласының орны бар.
Тәлхизден басталатын теріскей жолы Талғар өзенін қуалай жүріп, Іленің Қапшағай шатқалы маңындағы өткеліне дейін жеткен. Одан әрі жол Шеңгелді үстімен Алтын Емел белесінен асып, Көксу алқабына түседі де, Екіоғыз қаласына жетеді. Ол кәзіргі Дунғановка селосының орнында болған. Вильгельм Рубрук бұ қаланы Эквиус деп атаған. Іле алқабының ең үлкен қала жұртының бірі тап осы жерден табылған. Онда 1253 ж. болған В. Рубрук осынау қалада «сарациндер» (иран көпестері) тұрушы еді— деп жазады.
Жол Екіоғыздан шығып, қарлықтар жабғысының астанасы Қаялыққа (Қойлақ) барады екен. Бұл шаһардың хан базарларымен аты шыққан. Онда мұсылмандармен бірге, өздерінің шіркеуі бар христиандар да тұрған. Ол жөнінде моңғол ханы Мөңкеге бара жатып, осы қалаға соғып кеткен, Людовик IX— елшісі, монах-сопы В. Рубрук хабарлайды. Каялық — қарлықтар орталығы болған, IX г. —XIII ғ. бас кезінде Іле алқабының солтүстік-шығыс бөлегі қарлықтар қоластына қараған. Каялық Қаратал өзені алқабында көзіргі Антонов селосының шет жағында тұрған. Рубруктың жазбаларына қарағанда, Каялыққа жақын-жуық жерде христиандар селосы болған, Жібек жолы сол арқылы өткен. Содан әрі қарай жол Тентек алқабымен жүріл, Алакөлді айналып өтіп, Жоңғар қақпасын басып Шихо алқабына жетеді, сосын Бесбалықты басып, Дунхуанға барады да, Ішкі Қытай жаққа шығандап кетеді екен.
Алакөлдің оңтүстік-батыс шетінде бір қала болған, оны XIII ғ. саяхатшылары «Облыстың астанасы» деп атаған.
Испиджаб қаласынан шығатын керуен жолы Арыс бойындағы Арсубаникетке, содан Отрар-Фарабқа иек артып, Сырдария бойымен жүріп, Арал өңіріне барған.
Сырдария бойын қуалай жүретін керуен жолы үстіндегі қалалардың ірісі Отырар-Фараб пен Шавғар екен. Бірінші қаланың аты Арыстың Сырдарияға барып құятын жеріне жақын орналасқан, аса үлкен қала жұртының атында сақталып, осы күнге дейін жеткен.
Отырар тоғыз жолдың торабында тұрған. Одан шыққан жолдың бір тармағы Шавгарға, екінші тармағы Сырдария өткелінен өтіп, Васиджа қаласына баратын болған. Одан Сырдариямен жоғары өрлеп, оғыздар қаласы Сүткентті басып, Шашқа, ал төмен қарай — Жентке кеткен. Ал Женттен Қызылқұм арқылы Хорезм мен Ургенішке қаражол тартылып, одан әрі Еділ бойы мен Кавказға асып кететін болған. Жібек жолының осы бөлегі XIII ғ. өзгеше жанданып кетеді және Жент, Сарайшық, Сарай-Бату, Каффу сияқты шулы-дулы шаһарлар үстімен жүретін болады. Шавғар VIII ғ. деректерінен белгілі, оған, әсілі, Түркістан төңірегінде орналасқан Шүйтөбе қала жұрты сәйкес келетін секілді. Кәзіргі Түркістан тұрған жерде, Шавгармен қатар X—XIII ғғ. Яссы шаһары ірге тебеді, атақты ақын, сопы Ахмет Яссауи со шаһарда тұрып, уағыз-насихатын жүргізеді.
Шавгардан шыға жол оғыздар астанасы — Янгикентке қарай тартатын. Осы арадан Қызылқұмды басып, тағы бір жол Хорезмге баратын.
Әуелі, Шавгардан, кейіңірек Яссыдан басталған жол Тұрлан асуы арқылы Қаратаудың солтүстік жоталарына шығып, Сырдарияны қуалап кететін жолмен жарыса (паралелль) жүретін. Ол жолда Созақ, Ұрысоған, Құмкент, Сүгүлкент қалалары бар еді. Бұл жол не Таластың төменгі жағынан шығып, содан жоғары өрлеп, Таразға баратын, не Билікөлдің батыс жағасымен жүріп, Берукет-Паркет, Хутукчин қалалары арқылы бұл да Таразға жететін.
Жібек жолының Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өтетін негізгі арқауынан жол тарамдалып, терістік пен шығысқа қарай, Орталық және Шығыс Қазақстан аудандарына, кейін Сарыарқа атымен мәлім болған Дешті-Қыпшаққа, Ертіс жағалауы мен Алтайға, Моңғолияға асып кетеді екен. Осы арамен атты көшпелілер тайпалары жүретін дала жолы өткен. Сөйтіп малға, жүн мен теріге, металға бай Орталық Қазақстан аймағы сауда-саттық байланыс жүйесіне, оның ішінде халықаралық жүйеге тартылып, көптеген керуен сүрлеулері арқылы Жібек жолы торабымен тоғысады.
Жолдың Отырардан таралған бір желісі Арсубаникеттен өтіп, Арыстанды, Шаян алқаптарына, сосын Қаратаудық жатаған белесінен асып; ал Шавгар мен Яссыдан шыққан желісі Тұрлан асуынан асып, Сауран мен Сығанақ тармағы, Янгикент тармағы — бәр-бәрі тұс-тұстан Орталық Қазақстан жазығына шығып, Сарысу мен Кеңгір, Торғай мен Есіл бойларына баратын болған. Сол аймақтан орта ғасырдың: Болған-ата, Жаманқорған, Нөгербек-Дарасы, Домбауыл, Ормамбет сияқты қала жұрттарының қалдықтары табылған. Әсілі, орта ғасыр бастаухаттарында айтылатын. Жұбын, Конгликет, Ортау мен Кентау сияқты жайлауларды, Гарбиан мен Бақырлытау сияқты кен орындарын осы маңайдан іздеген жөн.
Тараздан шыққан тағы бір сауда жолы Адахкес пен Дех-Нуджикес қалалары арқылы Ертіс жағасына, Қимектер қағанының сарайына барып, одан әрі асып, Енисейдегі қырғыздар еліне тартатын болған.
Іле алқабы Орталық Қазақстанмен Шу — Іле тауының теріскей жоталарымен жүріп Шуға шығады да, сосын оның бойын қуалап барып, Сарысу өзені жағалауына шыққан.
Жолдың өзге бір желісі Теріскей-Іледегі Шеңгелді маңынан шығып, Көктал мен Бояулы керуен сарайлар арқылы Балқаш өңіріне, сосын Іледен тарайтын Ортасуды жиектеп. сол арадағы Ақтам қала жұртының орнын басып, көлдің түскейінен 8 шақырым бұғаз арқылы теріскейіне шығады. Керуендер бұғазды кешіп өтіп, Тоқырауын өзенінің құярлығына жуық жерден шығады екен дағы, оның бойын қуалап, әрі Ұлытау жоталарына қарай кетеді.
Теріскей-Іле жолының бір желісі Алакөлді батыс жағынан айналып өтіп Тарбағатай арқылы Ертіске, қимеқтер мемлекетінің жеріне жеткен. Тарбағатайда, Ертіс жағалауында Кимеқтың Банджар, Ханауыш, Астұр, Сисан секілді қалалары және айналасы бекіністі қамалмен қоршалған, қақпалары темірмен құрсалған орасан зор қала — «қағандар астанасы» орналасқан еді. Кимеқтың қалалары сауда жолдары арқылы Енисейдегі қырғыз, Моңғолиядағы ұйғыр қалаларымен, Шығыс Түркістанның көгалды аймақтарымен байланысып отырған.
2. Сауда мен тауарлары.
Жібек жолы әуелгі кезде қытай жібегін шетелдерге шығаруға қызмет еткен. Сосын реті келген кезде Рим мен Византиядан, Үндістан мен Ираннан, Араб халифатынан, кейінірек Еуропа мен Русьтен осынау күре жолмен мирра мен ладан, жасмин суы мен амбра, кардамон мен мускат жаңғағы, жень-шень мен питонның өті, кілемдер мен маталар, бояулар мен минералдық шикізат, гауһар мен яшма, янтарь мен кораллдар, піл сүйегі мен «балық сояулары», құйма күміс пен алтын, ұлпандар мен теңгелер, садақ пен жебелер, семсер мен сүңгілер т.б. көптеген заттар әрлі-берлі тасылып жатқан. Жібек жолымен саудаға салу үшін Ферғананың атақты «тері қан боп шығатын» сәйгүліктері мен араб арғымақтарын, түйелер мен пілдерін, мүйізтұмсықтар мен арыстандарды, ілбіс пен жайранды, қаршығалар мен тауықтарды, тоты құстар мен түйеқұстарды алып жүрген.
Жібек жолы арқылы жүзім, шабдалы мен қауындар, бұрыш, қалампырлар, қант, көкөніс пен жемістер, әртүрлі көктер әлемге таратылған.
Дегенмен сауданың ең басты жиһазы жібек екен. Алтынмен бірге ол халықаралық валюта болған, оны хандар мен елшілерге тарту еткен, жалдамалы әскерге жалақы етіп берген, мемлекеттік қарызды сонымен төлеген.
Керуен жолымен тасылатын жібек пен басқа да тауарлардың бір бөлегі қазақ даласының қалаларында қалып отырған. Археологиялық олжалар — соның айқын айғағы.
Сондай сирек кездесетін және халықаралық сауданы зерттеуге аса қажет олжаның қатарына Отырардың күміс көмбесі жатады. Ол өзінің құрамы жағынан ақшалы-заттық олжа екен. Осынау теңгелер қоймасы шартараптан жиналыпты. Оның ішінде: Шығыс Түркістандағы Алмалық, Пулад, Емил (Омыл) Орда әл-Азам теңге сарайлары, еуропалықтан — Қырымның, кіші азиялықтан — Сиваси, Кония, Тебриздік, Қазақстаннан — Жент теңге сарайларының өнімдері бар. Теңгелерді шекіген кез —XIII ғ. 60-жж. екінші жартысының шамасы. Көмбеде Жібек жолы үстінде тұрған қалалардың «өзіндік карточкалары» бар.
Жібек жолымен тек бұйымдар ғана емес, әртүрлі көркемдік стиль модалары да таратылатын болған, әрине егер олардың әлеуметтік заказы болса, олар белгілі бір этникалық мәдени ортадағы күнілгері әзірленген жерге тап бола қалса, кеңінен тарап кетеді екен.
3. Мәдениеттердің өзара ықпалы және бірін-бірі байытуы
Орта ғасырлардың бастапқы кезінде Азияда аса кең аймақтары мен елдердің бейнесі ретінде әлемнің төрт патшалығының концепциясы етек алып жайылған еді. Осынау «әлем патшалығының» әрқайсысы замандастарының көз алдында өзіне ғана тән артықшылығымен дараланған. Сүй әулеті (589—618 жж.) мен Тан әулеті (618—907 жж.) өкіметтерінің қол астында біріккен Қытай, Үнді билеушілерінің патшалықтары, Тынық Мұхиттан бастап, Қара теңізге дейінгі Түрік бірлестігі, Персия мен Византия сияқты мемлекеттер дүниенің төрт тұсында орналасқан әлемдік терт монархияның негізі деп саналады: оңтүстікте — пілдер патшасының империясы (Үндістан), батыста — бағалы тастар патшасы (Иран мен Византия), солтүстікте — сәйгүліктер патшасы (Түрік қағанаты), Шығыста — адамдар патшасы (Қытай). Осы идея сосын мұсылман авторларына да ауысып келеді.
Самарканд маңындағы Кушания қыстағы үйлерінің қабырғаларындағы суреттер осы концепцияның айқын көрінісі болып табылады, онда бір қабырғада — қытай императорлары, екінші қабырғада — түрік хандары, мен үнді брахмандары, үшіншісінде — парсы патшалары мен рим императорлары бейнеленген еді.
Сол бір алыс оқиғалар замандастары тек өз мемлекеттерінің табыстары туралы ғана емес, басқа мәдениеттері құндылықтарын да игеру туралы жазған, бүкіл әлемдік мәдениеттің шынайы бір түрінің негізгі мәні, міне, осында болатын.
Тауарларды, қолданбалы өнердің, сәулет өнері мен қабырға живописінің мәдени үлгілері мен эталондарын таратумен бірге, Шығыс пен Батыс елдеріне саз бен би өнері де, сахналық ойындар да кеңінен таратылып отырған.
Шетел оркестрлері сарай қызметіндегі кісілер құрамына енгізілген.
Мәселен, сазман патша Сюань Изунь 30 мың сазгер ұстаған. Түрік қағанының Суяб төңірегіндегі ордасында елшілерді қалай қабылдағаны жөніндегі сипаттама сақталып қалған. «Қаған, — деп жазады сол сияпатты көзімен көрген будда сопысы Сюань Цзянь, — шарап әкеліп, саз ойнауға әмір етті… сосын бір үзілмей, металл сыңғырымен сүйемелденген жат жерлік саз әуезі тамылжып төгілді де тұрды. Және ол жабайылардың сазы болғанымен, тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырып, жаны мен ойын жадыратып отырды». Тан әулеті Қытайында ең көп жайылған саз Шығыс Түркістан мен Орта Азияның ән-күйлері болған. Құш пен Қашғардың, Бұқар мен Самарқанд — Үндістанның сазгерлік дәстүрі, Сарайдың ресми қамқорлығы арқасында қытайдың саздық дәстүрімен ұласып, табысып кетеді.
Иран, соғды мен түрік актерлері Қытайдың хореографиялық мәдениетіне көптеген жаңалықтар енгізеді. Мәселен, Константинопольде Шығыс артистері жиі-жиі өнер көрсетіп тұрады. Византия императоры әйелінің орыстың кінәз әйелі Ольганың құрметіне берген түскі қабылдауы кезінде шығыс масқарапаздары мен эквилибристері жиналғандардың көнлін көтеріп, рахатқа бөлейді, ал Мануил І-нің салжық сұлтан Арыстан ІІ-нің құрметіне жасаған мереке-тойында түрік акробаты алмағайып сальтоны орындаған. Сол сияқты өнерпаздар маска киіп ойын көрсеткен деседі.
Мұндай дәстүрлер кейінгі уақыттарға дейін мұсылман елдерінде сақталады. Наурыз мейрамы кезінде Бағдатта актерлер маска киіп, халиф алдында өнерлерін паш еткен.
Жібек жолы бойынан әртүрлі жердегі ескерткіштерді қазған кездері мәдениеттердің дамуын және өзара бірін бірі байытуын дәлелдейтін көптеген материалдық дәйектер табылған: бишілер мен биші әйелдерді, маскалы актерлерді, түйе үстіне жайғасып отырған музыкалық ансамбльдерді бейнелейтін Тан дәуірінің терракот коллекциясы — осының айғағы. Мұндағы көптеген артистердің бет бейнесінен Орта Азия халықтары өкілдері екені көрініп тұрады. Пенджикенттің, Варахша мен Топырақ қаланың және Шығыс Түркістанның қалаларындағы салтанат залдарында сақталып қалған қабырғалардағы суреттерде сазшылар мен актерлер бейнеленген. Биші әйелдің ағаштан қашалған таңғажайып мүсіні Пенджикенттен табылды. Сырдария бойындағы Кедер қаласында қазба жүргізген кезде X—XI ғг. артистің қыш маскасы кездесті.
4. Дін соқпақтары
Жібек жолымен діни идеялар да кең таратылып отырған, ал миссионерлер өз дінін тіпті теңіздің арғы бетіндегі елдерге барып таратқан. Үндістаннан Орта Азия мен Шығыс Түркістан арқылы Қытайға буддизм келген, Сирия мен Ираннан, Аравиядан — христиан діні, сосын барып ислам жеткен.
Зерттеушілердің пікіріне қарағанда, Қытайға буддизм Үндиядан Орта Азия мен Қазақстан арқылы барған. Бұл әрекет б. з. бұрынғы I ғ. басталған. Шығыс Түркістан мен Қытайға будда дінін таратуда ортаазиялық діндарлар мен миссионерлер, әсіресе соғдылар, парфяндар мен қаңлылар көп еңбек сіңірген. Б. з. II—III ғғ. буддизм белсенді түрде таратылған, тегі, бұл Кушан империясының Шығыстағы саяси мақсаттарына байланысты болғанға ұқсайды.
Ерте ортағасырларда буддизмнің негізгі миссионерлері қызметін соғдылар өз міндетіне алған. Будда дінін Орталық Азияда тарату ісінде тек солар ғана маңызды рөл атқарады. Шығыс Түркістандағы түріктердің будда текстеріндегі терминдерді талдап тексергенде, олардың соғдының көмегімен алынғаны анықталды. Ұлы жібек жолы үстіндегі бірқатар қалалардан будда ескерткіштері табылды.
Түріктер VI ғ. бастап буддизмнің қатты ықпалын өз басынан өткерген. Сюань-Цзян Батыс түрік қағанының будда дініне ықылас білдіргенін жазады. Зерттеушілер пікіріне келсек, VII ғ. бірінші жартысында батыс түріктерінің кейбір билеушілері буддашы болған немесе буддизмге қамқорлық жасаған. Бұл жәйт олардың отырықшылыққа және қала өміріне өтуімен тығыз байланысты болған.
Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісуда буддизм едәуір дәрежеде кең тараған. Ең әуелі бұл осы өлкеден буддалық құрылыстардың табылуынан көрінеді. Будда ескерткіштері Шу алқабының Ақбешім, Қызылөзен, Новопокровск, Новопавловск секілді қала жұрттарынан кездесті: ғимараттар, әдарияттар (монастырлар), шіркеулер, будда кейіпкерлері мен көріністері бейнеленген мүсіншелер мен стеллалар.
Кездейсоқ табылған археологиялық олжалар ішінде Үндістан импорты да көп кездеседі: буддалар мен буддашылардың қола мен күмістен құйылып, алтынмен апталып, асыл тастармен әшекейленген мүсіншелері, қола қаптырмалар мен пластиндер, уақ-түйек зат тәрізденіп жасалған тас бедерлер, бір кездері будда ғимараттары мен одарияттарына қойылған әулие-әнбиелердің тас бейнелері, сирек мүліктері болған будда иконографиясы сюжеттері бар стеллалар көңіл аударады.
Археологтардың соңғы ашқан жаңалықтары қатарына орта ғасырдың белгілі қаласы Исфиджаб-Сайрам үйінділеріне таяу жерден табылған жер асты әдарияты жатады.
Жібек жолы бойымен, Батыстан Шығысқа қарай жылжып оты бүддизмнен қалмай христиан діні де тараған. V ғ. Бірінші жартысында Шығыс Рим империясында священник Несторийдің «дінсіздік» мазһабы пайда болады.
Мария бике құдайды емес, адамды туды, Христос тек құдайдың шапағаты түскен», оның рухының иесі ғана деп үйретеді. Оның пікірі бойынша, Мария бикені тәңірия демей, Христосты туушы деген дұрыс. Атап айтқанда оның осы жаналығы қалың көпті әбігер етіп, береке-құтын қашырды. Бұл 325 ж. Никей соборында қабылданған дін бейнесіне қарама-қайшы келеді, ол қағида бойынша, Христос бөлуге болмайтын — адамдық және құдайлық киелі қасиеттің иесі болып есептелетін, сол себепті де оның құдай-әкемен біртамырлас екенін жоққа шығаруды ресми шіркеу барып тұрған дінсіздік деп таниды. Несторийдің ілімі 431 ж. Эфес соборында айыпталып, несториандар рақымсыз қаталдықпен қудалана бастайды. Осындай қуғын-сүргіннің салдарынан олар шарасыздықтан Иранға қашады. Несторийдің жақтастары Персиядағы Нисибин қаласында мектеп ұйымдастырады да, Византияға қарсы саяси оппозицияның бәрінің басын біріктіреді.
Сирияның бай көпестері мен қолөнершілері Константинопольдегі базардан айрылғаннан кейін, Шығысқа қарай жылжиды. Олардың отарлары мен сауда факторийлері Жерорта теңізінен «Аспан империясына» дейін созылып жатады. Осынау жолдың ұзына бойынан сирия жазуы мен сирия христиандығының белгілері кездесіп жатады, ал онда христиан дінінің таралуы өте ерте кезде басталған. Сириялықтардың сан ғасырға созылған экономикалық байланысы нәтижесінде, Аравия түбегі мен Үндістанға, Орта Азия елдеріне олардың мәдени ықпалы арта түседі. Соңғысында иран мен түрік тілдері сирия тілінің ықпалына түседі.
VII—VIII ғғ. несториандық ағым Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларында кеңінен тарайды. Көптеген қалаларда христиан шіркеулері болады. Патриарх Тимофей кезінде (780—819 жж.) христиан дінін түрік патшасы — әсілі қарлықтар жабғысы болса керек — қабылдайды. IX—X ғғ. шамасында айрықша қарлық метрополиясы құрылады, Тараз бен Меркеде христиан шіркеулері жұмыс істейді; христиан Сырдария қалаларында да тарап жатады.
Қаялықта өздерінің шіркеуі, сол сияқты оқшау селосы болған іле бойының христиандары жөнінде Вильгельм Рубрук мәлімет қалдырған. XIV ғ. Ыссық көлдің жағалауында бір христиан әдарияты болған, онда әулие Матфейдің сүйегі сақталған.
Жамұқат пен Науакет қалаларының мазарларын қазған кезде олардан күміс және қола крестері бар христиандар қойылғаны анықталды. Қызылөзек қала жұртынан нефрит крестінің кездейсоқ табылғаны да елге мәлім. Шымкент музейінде Төрткөл төбе қала жұртынан табылған, бүйірінде христиандықтын белгісі — крест пен көгершін салынған келі қойылған. Таразды қазған кезде VI—VIII ғғ. қабатынан сирия жазуымен «Петр мен Гавриил» деген жазуы бар қыш саптыаяқ кездесті.
Осынау өлкелерде христиандардың келген кезеңінен XIV ғ. аяғына дейін жасалған, ұлттары түрік, Орта Азия христиандарының діни өнері мен діни символикасының аса көрнекті туындылары қатарына, бетінде несториандық жазу мен символикасы бар қайрақ тастар жатады.
Жетісуда христиан қауымының болғаны туралы деректі құлпытастардағы сирия жазуларынан ғана емес, қыш ыдыстардағы, үлкен хұмдардың мойындарындағы соғды жазуларынан да байқаймыз. Олардың бірінде: «Бұл хүм Иарық-Тегін ұстазға (арналған). Ісмер Пастун. Лайымда. ол (хұм) толып тұрғай, әумин, әумин!» — деп жазылған. Мұндағы «ұстаз» сөзі түрік-соғды эпитафиясындағы «мұғалім-ұстаз» терминімен мағыналас. Ал, ондағы «әумин» сөзі Иарық-Тегіннің христиан қауымының жетекшісі болғанына күмән келтірмейді.
Сөйтіп, археологиялық және эпиграфикалық олжалар, ортағасырлық деректерімен қосыла келе, христиан дінінің тараған жолдарын анық көрсетеді.
Жібек жолымен III г. Иранда пайда болған манихейлік діні де тараған, ол аз уақыт ішінде жеделдетіп Италиядан Қытайға дейін жайылады. Тұтас алғанда ол зороастризм мен христиан дінінің қорытылуынан туған. Христиан дінінен ол мессиандық идеясын, ал зороастризмнен — жақсылық пен жамандықтың, жарық пен қараңғының күресі идеясын алады. Соғдылар манихейлікті таратуда да жетекші рөл атқарады. VIII ғ. бас кезінде манихейлердің жоғарғы басшысының Самарқандта сарайы болған. Манихейлік дін Орта Азияда ұзақ уақыт бойы өмір сүрген, сонда оның пантеонына, терминологиясына, тіпті концепциясына дейін буддизм қатты әсер еткен.
Манихей дінінің үмбеттері Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда, ең алдымен отырықшы жұрт арасында болған. Тұрфан көгалды аймағынан табылған «Екі негіздің қасиетті кітабы» атты манихей шығармасының көне ұйғыр қолжазбасында бұл кітап «Аргу-Талас-та Алтын-Арғу Таласы-ұлышта, Талас-ұлыс» қаласында жазылды «Он оқ елінде (дінге) ықылас тудыру үшін» — делінген. Бұл арада сөз белгілі Тараз қаласы жайында болып отыр. Сол сияқты манихей ғимараттары Жетісудың басқа да қалаларында, оның ішінде Баласағұн мен Шігілбалықта болған.
Тегі, Тараздағы қазба жұмысы кезінде табылған, манихейліктің Көк Тәңрісі болып есептелетін, әйел бейнесі мен ай (жарты ай) салынған қола қангайды да манихей дінінің сирек мүлкі қатарына қосқан жөн шығар.
Ортағасырлардағы Қазақстан қалалары тұрғындары арасында б. з. дейінгі VII—VI ғғ. ежелгі Иран территориясында туған зороастрлық діннің де өкілдері болған. Оның әдет-ғұрпы бойынша әлемнің төрт нәрсесі — су, от, жер мен ауа киелі деп қатты құрметтеледі. Зороастр діні ескерткіштерін Орта Азиядан, Соғдиядан, Сырдария қалалары мен Жетісудан кездестіруге болады. Олар мұнара секілді құрылыс қалдықтары, әдетте от мұнараларына ұқсайды. Олар Қостөбе мен Қызылөзек қала жұртының топографиясында сақталған. Алайда Орта Азия мен Қазақстанда зороастрлықтың қағидаға айналған үйреншікті түрі емес, айрықша түрі таралған. Ол жергілікті мәжусилік байырғы дін мен отқа, ата-бабалар аруағына, жануарларға — қойға, ат пен түйеге табынушылықпен сіңісіп, бірге өршіп кеткен. Осы дінге байланысты табылған нәрселер: мәйітті оссуарийлерге — қыш жәшіктерге, хұмдарға салып жерлеу. Өлікті жер бетіндегі бейіттерге — наусаларға қою, сүйекті үйіп жерлеу сияқты болып келеді. Зороастр дініне байланысты көптеген табынудың ырым-жырымдары Қазақстан қалаларында ислам пайда болғаннан кейін де сақталып қалып жүрді.
Мәселен, XII ғ. Отырар қаласының үйлері еденінен жерошақ-михрабтар табылған. Бедерлі оюлармен өрнектелген сол ошақтар киелі отты жағуға арналған. Бұл қала тұрғындарының, тіпті исламды мойындап, араб жазуын қабылдаған кісілер үйлерінің өзінде жылтырап жанып тұратын ұлы маздеизмнің қасиетті отының алыстан жеткен сәулесі болатын.
Дегенмен Қазақстанда бел алған ислам бірте-бірте христиан дінін де, будда дінін де, зороастр дінін де, жергілікті Тәңріге табынушылықты да ығыстырып, ысырып тастады. Жаңа дін Жібек жолының көптеген қалаларында біржолата қоныс тебеді.
VIII—IX ғғ. оқиғаларын баяндайтын деректер Оңтүстік Қазақстан халқының жаппай ислам дініне кіргенін жазады. 840 ж. Нуһ ибн Асад Испиджабты бағындырады. 859 ж. оның інісі Ахмед ибн Асад Шавгарға жорық жасайды. 766 ж. бастап Жетісуға және Қазақстанның Оңтүстігіне саяси өктемдігін жүргізген қарлықтар мұсылман мәдениетінің ықпалына өзгелерден гөрі бұрынырақ түседі. Олар исламды тіпті Махди халифтың (775—785 жж.) кезінде қабылдады деген де пікір бар. Алайда бұл пікір олардың белгілі бір бөлегі жөнінде ғана болса керек, өйткені 853 ж. Исмаил ибн-Ахмад Таразды алғанда «оның басты шіркеуін мешітке айналдырады».
X ғ. бас кезінде Қарахандар әулетінің негізін салушы Сатық исламды қабылдайды, ал оның ұлы Боғрахан Харун б. Мұса 960 ж. исламды мемлекеттік дін деп жариялайды. Жаңа дін шымшымдап көшпелілер арасына да тарайды. Баяғы Ибн Хаукал Фараб, Кеңжиде мен Шаш арасында көшіп-қонып жүретін мұсылман түріктер туралы хабарлайды. XI—XIII ғғ. ислам дінінің қыпшақтар арасына жайылғаны жөнінде де мәліметтер бар.
IX ғ. мен XIII ғ. бас кезіндегі ескерткіштерге археологиялық қазбалар жүргізген кездері сол аймақта мұсылмандардың қалалық мәдениетінің құрылып, қалыптаса бастағанын байқадық. Тараз бен Меркеде христиан шіркеулері мешіттерге айналдырылады. Исламды ұстанатын халық саны көбейген сайын қалаларда үлкен мешіттер салына бастайды.
Исламды тарату заманы кезінде Орта Азия мен Қазақстан қалаларында пайда болған құрылыстар қатарына қоғамдық моншалар да жатады.
IX—X ғғ. екінші жартысында өлікті жер қазып қабырға қою, қамкесектен мола жасап қою ғұрпы өзгертіліп, мәйіттің басы құбылаға қаратылып қойылатын болады. Қабырға әртүрлі заттар қойылмайтын болады. Мұсылмандардың ең ертедегі қорымы Отырар көгалды аймағында IX—X ғғ. пайда болған. XI—XII ғғ. қорымдарда зират басына үлкен мазарлар, сағаналар (мәселен, Жамбыл қаласы жанындағы Айша бибі) салына бастайды.
Араб әрпінің көркемдік мүмкіндігін пайдалануға арналған керамика табылды. Сондай жазулардың бірсыпырасының көркемдік сипаты ғана болса, кейбіреулерінде әралуан ізгі тілеулер, өсиеттер айтылады. Металдан жасалған сәндік бұйымдарға мода таралады, сол сияқты ізгі тілеулі, діни мағынадағы жазулары бар заттарға мода басталады.
Қазақстанның Жібек жолы бойындағы қалаларында Батыс пен Шығыс, Еуропа мен Азияның біріне бірі ұқсамайтын әртүрлі мәдениеттері бір-бірімен араласып, бірін-бірі байытуына қолайлы жағдай жасалады.
Қорытынды
Қазіргі кезде тәуелсіздік алған Қазақстан өзінің жерінің байтақтығын икемді пайдалана біліп транспорттық көпір болу саясатын жүзеге асыра бастады, яғни Ұлы Жібек жолын қайта түлетудің бір көрінісі десек те болады.
Әрине ол кезең мен қазіргі уақытты салыстыру мүмкін де емес шығар. Бірақ көршіміз Қытай Халық Республикасынан ағылған жүк тасқыны қазір күннен-күнге еселеп артып, көбейіп келеді. Биыл ұшақтардың еркін еліміз террриториясынан ұшып өтуіне терминал салынып отыр. Демек Ұлы Жібек жолымен кезінде әуелеп ұшқан құстар жүрген ауамен де қатынасу күшейе түсуде. Бұл Жібек жолына жан біткендігін білдірсе керек.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. А. Тұңғыш «Түркілер тарихынан»
2. Заман – Қазақстан – 1995ж. №13 — 8-бет
4. Аманжолов К.Р. Қазақстан тарихының дәрістер курсы. 1-кітап. Ежелгі заманнан 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін. А., 2004, 118 б
5. М.Қани. Қазақтың көне тарихы. А., 1993, 187 б.
6. Мусин. Ч. Қазақстан тарихы. А., 2003, 39-56 беттер