ОТЫРАР


Скачать/Жүктеу

Сайрамда бар сансыз бап,

Отырарда отыз бап,

Баптардың бабы Арыстан бап.

Аты алты әлемге мәшһүр болған ғұлама, ғалым Әбу Нәсір әл Фараби бабамыздың кіндік қаны тамған өлке Фарабтың астанасы болған Отырар шаһарының аты мен атағы алысқа жеткен. Бабаларымыздың басынан өткен қилы-қилы заманның куәсі болған Отырар жазба деректерде Фараб, Тарбанд, Тұрарбан, Тұрар Отырар деген аттармен кездеседі. Б.з.д. ІІІ ғасырда жазылған Заратуштра ілімінің қасиетті жазбалар жинағы «Авестада» Кангхе (кейінгі қаңлы) аталған ежелгі елдің немесе қаланың, көне түрік жазуларындағы Канғу Тарбант атауларының Отырардың арғы тарихымен ұштасып жатқандығын ғалымдар дәлелдеген.

Отырар – моңғолдың жер қайысқан қолына бағынбай, алты ай бойы алысқан қала тұрғындары мен батыр бабаларымыздың жазықсыз төгілген қаны сіңген қала. Моңғолдар талқандаған қала көп ұзамай қайта бой көтеріп, бұрынғысынша маңызды саяси орталыққа айналды. 1405 жылы Қытайға қарсы жорыққа аттанып бара жатқан  Әмір Teмip жолшыбай ат басын Отырарға тірегенде, кенеттен суыққа шалдығып, сол жерде қаза болған. Қазіргі кезде 20 м биік төбе болып қалған қаланың орнынан ХІV ғасырдың соңы мен ХV ғасырдың басында Отырарды билеген Бердібек ханның салтанатты сарай-мешітінің қалдығы ашылды. Оның топографиясы мен күрделі құрылыс жүйесі кезінде бұл жерде хандарға ғана тән зәулім сарайдың болғанын аңғартады. Күйдірілген кірпіштермен қалыңдығы бір метр етіп айналдыра қаланған төрт бұрышты сарайдың құбыла жағында үлкен мешіт, қақ ортадағы аулада терең құдық, оған қарсы шетте әртүрлі сарайлар салынған. Шамамен 12-13 м болатын құдық ішкі жағынан дөңгелентіп күйдірілген кірпіштермен өрілген. Ғалымдар Әмір Teмip дәл осы сарайда дүние салған деген болжам  айтып жүр.

Отырардағы тіршілік ХVІІІ ғасырдың жартысына дейін жалғасқан. Оның саяси-әкімшілік орталық ретіндегі рөлі ХVІ ғасырдан бастап бәсеңдеп, керісінше орталық Түркістан қаласына қарай ауысқан. Отырарда теңге соғу кәсібі ХVІ ғасырға дейін жалғасса, Түркістанда ХVІ ғасырдан басталады. Отырарда алтын, күміс теңгелер де соғылғаны туралы деректер бар. Отырарда жасалған сырлы ыдыстар бүкіл Орта Азия қалаларына тараған. Қалада шыны ыдыстар жасайтын тамаша шеберханалар болған. Қазбадан табылған көгілдір және түрлі-түсті ыдыстар өздерінің керемет кейпімен танымалы. Олардың сапасы да өз дәуіріне сай жоғары деңгейде. Қазба кезінде табылған теңгелер көмбесі қаланың алыс шетелдермен де, көршілес халықтармен де тығыз сауда байланысы дамығанын байқатады.

Отырардың орны қазіргі Шәуілдір ауылынан солтүстікке қарай 7-8 шақырым жерде жатыр. Орталық аумағы 20 гектардан астам, биіктігі 18-20 м болатын қала қирандысы бүл күнде Отырартөбе аталады. Төбенің батыс бұрышынан қиып салынған қазба Отырардың іргесі б.з. І ғасырында қаланғандығын көрсетті.

Отырарда 2001-2004 жылдары ЮНЕСКО — Қазақстан — Жапония мемлекеттері шеңберінде «Ежелгi қала Отырарды қорғау және сақтау» деген халықаралық жоба icкe асырылды. Сол жоба бойынша бұрын қазылған мешіт, монша, кұмыра жасайтын шеберханалар, қала қабырғалары әрі қарай бұзылудан корғалып, ерекше күтімге алынуда. Айтылған Бердібектің сарайы да қатырылып, көпшілік көретін тамаша тарихи нысанаға айналды. 2004 жылдан бepi «Ежелгі Отырар­ды қалпына келтіру» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Археологтар мен қаланы жаңғыртушы мамандардың болжамдары бойынша, Отырар ортағасырлық мұражайға айналып, Қазақстанның Помпейі болуы тиic. 2008 жылы жүргізілген қазба кезінде екі шетінде күйдірілген кірпіштерден өрілген дөңгелек мұнаралары бар қаланың бас қақпасының орны қазылды. Моңғол әскерлерінің шабуылына алты ай бойы ерік бермей тұрған қақпа осы болды. Отырардың қасында Арыстан баб кесенесі бар. Ол – қазақтың діни ғұламаларының бірі Ахмет Иассауйдің ұстазы. Түркістандағы Әзірет сұлтан кесенесіне тәу етіп келген мыңдаған мұсылман қауым алдымен сол Арыстан баб кесенесіне, сосын Отырартөбеге соғып, зиарат етіп шығады. Содан кейін барып Түркістанға, сондағы  Ахмед Иассауи кесенесіне бет алады.

Д.Талеев


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы