Скачать/Жүктеу
Ресей мемлекетіндегі Орынбор облысының орталығы Орынбор қаласы Орал өзенінің оң жағасында орналасқан. Тарих парақтарына үңілсек, Ресей императрицасы Анна Ивановна өзінің қол астына кірген кіші жүз қазақтарының жерлерін игеру және бағындыру мақсатында 1734 жылы 18 мамырда Кирилов экспедициясын ұйымдастыруға нұсқау берген. Экспедиция құрамында жерді, өзен-суды қағазға жақсы түсіре алатын әскери маман болу керектігі көзделген және бұл жұмыстарды халықтың ашу-ызасын келтіріп алмай, өте сақ жүргізу керектігі айтылған. Сонымен қатар қазақ жері арқылы Орта Азия халықтарымен сауда қатынасын жасау үшін Ор өзенінің Жайыққа құяр сағасында қала тұрғызып, теңіз арқылы сауда жолын жалғастыру мәселесі алға қойылған болатын. Қаланың іргетасы 1735 жылы 19 (30) сәуірде қаланған. Қаланың Орынбор деп аталуы да осы өзеннің атына байланысты болған. Бұл қамал арқылы Ресей мемлекеті Башқұртстан, Қазақстан, Орта Азияның халықтарымен сауда-саттығын өркендетті. Бұдан соң қазақ даласындағы Патшалық Ресейдің отарлық саясаты күшіне енді. 1822 жылы Орынбор генерал-губернаторы Эссен жасаған «Орынбор қазақтарының жарғысы» кіші жүздегі хандық билікті жолға қоюға негіз болды. 1824 жылы 20 наурызда бекітілген бұл жарлық бойынша кіші жүз қазақтарын екі жүйемен басқару – бірі шекараға жақын орналасқан қазақтарды басқару және екіншісі далалық аймақта сүріп жатқан қазақтарды басқару көзделді. Екі басқару жүйесі де Орынбор шекаралық комиссиясына бағынды. Далалық басқарма кіші жүз даласын төртке бөлді: олар – Шығыс, Орта, Батыс және Ішкі бөлік деп аталған. Әр бөлікте үш сатылы басқару – ауыл, ру және бөлік болды. Ауылды старшындар, руды билеушілер, бөліктерді аға сұлтандар мен кеңес басқарды. Патша осылайша бірте-бірте кіші жүздегі хандық билікті жойып, ондағы басқаруды метрополиядағы басқару жүйесіне жақындатуды мақсат етті. Сөйтіп 1844 жылы 14 маусымда күрделі қылмыстық істерді әскери сот арқылы жазалауды жолға қойған «Орынбор қазақтарын басқару туралы ереже» бекітілді. Ереже бойынша қазақтардың арасындағы дау-жанжалды шешіп отыру үшін қазақ даласын қорқытып бағындыруды жолға қойған сот реформасы жасалынды. Бұл реформа 1868 жылға дейін өзгеріссіз қолданылды.
1850-1851 жылдары Орынбор қаласы генерал-губернаторлықтың да орталығы болып есептелді. Бұл жерде көптеген лауазымды, әскери атағы жоғары азаматтар қызмет атқарды. Азамат соғысы жылдары қала өміріндегі ауыр кезең болды. Қызылдар мен ақтардың арасында қала үшін қиян-кескі соғыстар жүрді. Кеңес үкіметі орнаған соң, көп ұзамай, 1920 жылы 4 қазанда Орынборда Қырғыз (Қазақ) АКСР-ы құрылды. Орынбор қаласы 1920-1925 жылдары Қырғыз (Қазақ) АКСР-ының астанасы болды. Тек 1925 жылы ғана Қазақ АКСР-ының астанасы Қызылордаға көшіріліп, Орынбор қаласы мен губерниясы Ресей федерациясының құрамына берілді.
А.Мұсабекова