Скачать/Жүктеу
«Алаш» партиясы (1917—1920) — 1917 ж. Ақпан төңкерісінен соң Ресей конституциялы демократиялық партиясының қазақ мүше тобынан құрылған. Төрағасы — Әлихан Бөкейханов.
Алаш Орда үкіметі: Алаш партиясы мүшелері Алаш Орда үкіметінің құрамында барынша көпшілігі болған. Тарихты халық жасағанымен, қоғамның тарихи даму заңдылықтарын реттеп отыратын заңдар мен құқықтық құжаттарды, саяси-құқықтық доктриналарды нақты тұлғалар жүзеге асыратыны белгілі, осы салада мемлекеттік тілдің де атқарар қызметі зор. Қазақ жері екі ғасырдан астам Ресей самодержавиесінің қол астында болған жылдарда қазақ халқының өз тағдырын өзі билеу құқығынан айырғаны, көк түрік дәуірінен бастау алған бірегей саяси тарихы бар халық түгелдей империялық заңдардың бұғауына түскені біздерге тарихтан белгілі. Қазақ қоғамының осы бір қасіретін халықтың озық ойлы, көзі ашық өкілдері аңғара бастады. Олар халықты саяси күрес додасына бастап шықты. Бұған себеп болған 1917 жылғы Ресейдегі қос төңкеріс еді. Патша үкіметінің тақтан құлауы саяси күресті одан әрі қыздыра түсті. Қазақ зиялылары саяси қызметтің қатерлі жолына жалтақтамай, жанқиярлықпен күрескен көрнекті тұлғалар шықты. Олар: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов және т.б. болатын. Олар патша самодержавиесінің қазақ халқының саяси-сезімінің қалыптасып, оның саяси күреске ұласуына барынша кедергі келтіріп отырғанын бірден түсінген еді.
- Ахмет Байтұрсынов
- Әлихан Бөкейханов
Ақпан төңкерісі: 1917 жылы Ақпан төңкерісінің жеңісі күллі қазақ деген ұлт зиялыларының басын бір жерге қосуға мүмкіндік әкелді. 1917 жылдың сәуір-мамыр айларында көптеген облыс-уезд орталықтарында аймақтық қазақ сиездері өткізіліп, қазақ комитеттері құрыла бастады. Олардың жекелеген өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдары болған облыстық және уездік атқару комитеттерінің құрамына енгізілді. 1917 жылы Қазақ сиездері Орынбор (Торғай облыстық), Орал (Орал облыстық), Семей (Семей облыстық), Омбы (Ақмола облыстық) т.б. қалаларында болды. Қазақ сиездерін өткізуге ұлт зиялылары белсене кірісті. Орал облыстық қазақтардың 1-ші сиезі 1917 жылы 19-22 сәуір аралығында Орал қаласында өтті.
Сиезді уақытша қазақ комитетінің төрағасы Ғұбайдолла Әлібеков ашып, құттықтау сөз сөйледі. Осы сиезде бірінші кезекте Мемлекетті басқару туралы, Уақытша үкімет туралы және жүріп жатқан импералистік соғысқа көзқарас туралы мәселелер қаралды. Сиез төрт күнге созылды, сиездің соңғы төртінші күні облыстағы оқу-ағарту, мәдениет және т.б. мәселелер қаралды. Сиез делегаттары Орал облысында қазақтар арасында бастауыш, орта, жоғары білім беру жүйесі қанағаттанғысыз деп тауып, төмендегі шешімдерді қабылдады: — мұғалімдер сиезін шақыру қажет; — Орал қаласында уақытша орта оқу орнын ашу қажет, ерлер гимназиясының бағдарламасы негізінде қазақ балаларына арнайы оқу орнын ұйымдастырып, оны қазақтар қаражатына салынған бұрынғы кәсіптік мектептің үйіне орналастыру жөн деп табылсын; — қазақ тілінде газет, брошюралар шығару қажет деп табылсын; Сиезде бұдан басқа да мәселелер қаралды, басқа қаралған мәселелерді қосқанда саны 23-ке жеткен. Орал сиезінің қарарында облыс орталығында орта мектеп ашу және кәсіби мамандардың қатысуымен халық ағарту ісін реформалау мәселелерін талқылау үшін мұғалімдер құрылтайын шақыру қажеттілігі көрсетілді [4]. Осы сиезде Жаһанша Досмүхамедов: «Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың өз қольша беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты елдің тұрмысын, тілін білетін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз», деп өз ойын білдіреді [5]. Жаһаншаның жалынды сөзінде мемлекеттің саяси құрылысы мен оның мемлекеттік тілі, оның қолдану аясы ашық түрде айқын айтылғанын біздер ұғынуымыз керек. Кешегі өткен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының құрбандары болған жастар да Жаһаншаның ой-пікірін қайталағанын біз еске түсірмей кете алмаймыз. XX ғасырдың басындағы алаш ардақтылары халықты ұлтаралық бірлікке шақырды, олар ұлтшылдықты арқау еткен жоқ, керісінше ұлтын сүйген ұлтжанды азаматтар екенін танытты.
Бірінші Жалпықазақ съезі: 1917 жылы 21-28 шілдеде Бірінші Жалпықазақ съезінде «Алаш» атты партия құрылып, бұл сиезде 14 мәселе қаралды. Осылардың ішінде ерекше атайтынымыз:
- 1) Мемлекет билеу түрі;
- 2) Қазақ облыстарында автономия;
- 3) Жер мәселесі;
- 4) Оқу мәселесі және т.б.
Мемлекетті билеу түрі Ресейде демократиялық, федеративтік парламенттік республика болу керек деп көрсетілген Н.Мартыненконың «Алашорда» атты құжаттар жинағында . Ал 1917 жылы 24 маусымдағы «Қазақ» газетінде автономиялықтың негізі туралы әртүрлі пікір-ұсыныстар айтылған.
Қазақ мемлекетінің әлде Федеративтік Россияның бір автономиялық бөлігі болғаны жөн бе? Қазақтар өз бетімен тәуелсіз ел бола ала ма, әлде тәуелсіздікке басқа халықтармен одақтасқан жағдайда жете ме деген сұрақтар талқыланды . Бірақ бұл сиезде нақты пікірге келе алмады. Ал жер мәселесі Құрылтай сиезіне қалдырылды. Күн тәртібінде айрықша мәнге ие болған дін, оқу-ағарту, әйел мәселелері және сот жүйесі болды. Бұрынғы ескі сот жүйесі («Народный сот») таратылып, олардың орнына «Қазақ тұрмысына лайық айрықша сот құрылуға» тиіс болды. Келесі мәселе оқу-ағарту саласы: «міндетті бастауыш оқу енгізу», «бастапқы екі жылда оқу баланың ана тілінде» жүргізілу керектігі айтылып, тіл мәселесін айрықша назарға алған және білім берудің тегін болуы талап етілген. Білім алудың орта, арнайы, жоғарғы сатылары да айтылған.
«Алаш» партиясының өмірге келуі: 1917 жылдың 21 қараша күні «Қазақ» газетінде Алаш партиясы бағдарламасының жобасы және сиез материалдары жарияланды. «Алаш» партиясының өмірге келуі үлкен саяси мәселе еді. Сол кездегі қазақ интеллигенциясы ғылыми жұмыстармен де, оқу-ағарту ісімен де, алғашқы қазақ тілінде басылымдар шығару қарекетімен де, көркем творчествомен де айналысқанын көруге болады. «Алаш» партиясы программасының жобасындағы тоғызыншы тарауда «Ғылым-білім үйрету» жөнінде
- оқу ордаларының есігі кімге де болса ашық, ақысыз болуы;
- жұртқа жалпы оқу жайлы; бастауыш мектептер ана тілінде оқылады;
- қазақ өз тілінде орта мектеп, университет ашуға;
- оқу жолы өз алдына автономия түрінде болуы;
- үкімет оқу ісіне кіріспеуі;
- мұғалімдер-профессорлар өзара сайлаумен қойылуы;
- ел ішінде кітапханалар ашылу туралы айтылады.
- газет шығаруға, кітап бастыруға еркіншілік — деп көрсетілген .
1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ сиезі өтеді. Сиездегі қаралған аса маңызды мәселелер: қазақ-қырғыз автономиясы; милиция құру; ұлт кеңесі; оқу мәселесі т.б. Бұл сиезде автономияны жариялау мерзімі туралы қызу тартыстар бірнеше күнге созылды. Осы сиезде Алаштың аяулы азаматы Міржақып Дулатов баяндама жасады: қазақ даласында медресе мен мектептердің аздығын, қазақ тілінде оқулықтардың жетіспейтінін, сондықтан міндетті түрде ұлттық мектептерді құру керектігін тілге тиек етті. Осы мәселе бойынша құрамы 5 адамнан тұратын бастауыш және орта мектептерге арналған қазақ тілінде оқулық жазатын комиссия құрылды. Комиссия орталық ұлттық кеңеспен бірге болу керек. Комиссияға оқулықтан басқа да жұмыстар жүктелді. Атап айтсақ: ұлттық мектептерге арналған бағдарламалар; мұғалімдерге арналған нұсқаулар; бала тәрбиесі жөніндегі кітаптар; барлық қырғыз-қазақ мектептерінде халықтық білім беру іс-шараларының Ережелерін жасау; қазақ тілінде жазу үлгілерін енгізу; қазақ тіліне пайдалы кітаптарды, брошюраларды аудару т.с.с. Комиссия 1918 жылдың басынан жұмысқа кірісу керек. Өздері құрастырған кітаптарын, бағдарламаларын баспаға жариялап отыру қажет. Комиссия құптамаған окулықтар басылымға шығарылмайды. Комиссия жұмысына қаражатты облыстық земстволар ұлттық қордан бөлуге тиіс делінген. Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, жаңадан құрылып жатқан «Алашорда» үкіметі алғашқы сағатынан бастап ұрпақ тәрбиесіне, ұрпақ болашағына зор көңіл бөлген. Жас ұрпақтың туған тіліне деген сауаттылығын арттыру үшін, ана тіліндегі оқулықтарды жасауға кіріскен. Бала тәрбиесіне, оқуына осындай қиын заманда жаңаша бетбұрыс, бұл болашаққа деген сенім еді. Білімді жастар, еліне салауатты да сауатты қызмет етеріне деген үміт болатын-ды [9]. Орынбордан қайтып оралған бойында Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер қазақтың батыс аймағын басқаратын үкімет құруға кірісті. «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметі – XX ғасырдың басында Жайық өңірінде орнаған мемлекеттік-автономиялық құрылым. Ол 1918 жылдың мамыр айының соңында Жымпитыда өткен ІҮ Орал облыстық қазақ сиезінің қарарымен құрылды. «Ойыл уэлаяты» уақытша үкіметінің атқарған істері: жерге жекеменшікті жойып, оны халықтың меншігі деп жариялады; халық сайлаған уәлаяттық, уездік соттар іске кірісті; ақша-финанс жүйесі жасалынды; халыққа өз саясатын жеткізу, түсіндіру үшін газет шығарылды (оның редакторы болып Ахмет Мәметов жұмыс атқарды. Ол М.Мәметованың әкесі, көрнекті Алашорда қайраткерлерінің бірі); жерді пайдалану, салық, дін, сот, білім, әскер істері жөнінде қаулы-қарарлар қабылдады.
Осыған қоса, іс-қағаздарын ана тілінде жүргізу туралы мәселе айқын жолға қойылды. Білім беру ана тілінде болуы керек делінген. Басылымдардың қазақ тілінде болуына ерекше назар аударған .
Алаш партиясының жетекшілері
1918 жылы 1 сәуірде Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Мәскеуге барып, Орталық Кеңес өкіметінің басшысы В.И.Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездеседі. «Алашорда» атты ұлттық автономиялық үкімет құрылғанын, «Алашорда» үкіметінің төрағасы Ә.Бөкейханов екенін мәлімдейді. Бірақ «Алашорда» мемлекетінің қойған талап-тілектерін Орталық Кеңес өкіметі толықтай мойындамайды. Дегенмен де РКФСР-дің ұлт істері жөніндегі комиссариатының құрамында қазақ бөлімі құрылады [11]. «Тіл адамның даңқын асырады. Адам ол арқылы бақыт табады» деп Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік» еңбегінде жазғандай [12] тіл саясатын көтерген XX ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамындағы басты ағымдарының бірі – автономиялық басқару жүйесіндегі мемлекеттік құрылыс болса, екіншісі – Мемлекеттік тіл саясаты еді.
Ана тіліне деген үлкен жауапкершілік еді. Алаштың арыстарының бірі – Ахмет Байтұрсынов «Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді,» — десе [13], Күнбатыс Алашордасының идеологы саналған Ғ.Қараш: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды, яғни ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді», — деген [14]. Батыс Алашорда үкіметі жетекшілерінің бірі Х.Досмұхамедұлы тіл туралы: «Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздерін ғылым жолына салып реттесе, ешбір жұрттың тілінен кем болмайды», — деген пікірді айтқан .
Қазақ АССР-і: Қазақ АССР-і орнағаннан соң 1924 жылы Орынборда маусымның 12-сінде Қазақ (қырғыз) білімпаздарының тұңғыш сиезі шақырылды. Осы сиезде 12-13 жыл бойы қолданылып, орнығып қалған қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып өзгертілген, ресми түрде қабылданған альфавиттің мәні жөнінде, дыбыс әдісімен оқыту ісі жөніндегі мәселелер талқыланды [16]. Ал 1927 жылы Қызылордада жазу (графика) мәселесіне арналған конференцияда А.Байтұрсынов сиезде айтқан пікірін қуаттай келе: «Түрік жұртының 90%-і баяғыдан бері араб әрпін пайдаланып келеді. Әрқайсысының араб әрпімен жазылған хат мәдениеті бар (хат мәдениеті –сауаттылық, оның жүзіндегі өнер-білім, ілім, емле, үйрету әдісі, баспа істері, баспа мамандары, жазба мамандары, жазылған, басылған барша сөздер т.т.). Хат мәдениеті бар халыққа бір әрпін тастап, екінші әріпті ала кою оңай нәрсе емес», – деп өз ойын білдірген. А.Байтұрсынов – қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсаған адам. Осы талапты жүзеге асыру үшін А.Байтұрсынов қазақша сауат ашатын тұңғыш әліппе құралын жазды. Ол «Оқу құралы» деген атпен тұңғыш рет 1912 жылы Орынборда шығарылса, 1925 жылы Орынборда 7 рет қайта басылады.
Ал 1926 жылы «Әліппенің» жаңа түрін жазып ұсынады, бұл суреттермен берілген оқулық. 1926 жылы Қызылорда Ташкент баспалары бірігіп шығарған . Қазақ тілін талдаптануда А.Байтұрсыновтың еңбегін және бір тұрғыдан ерекше бағалау керек. А.Байтұрсынов тіл мен әдебиет қана емес, этнография, тарих мәселелерімен де шұғылданғанын айту керек. Ахмет Байтұрсынов XX ғасырдың 20 жылдарында Қазақстанның оқу-ағарту комиссары, Алаш қозғалысының мүшесі, ғылым, әдебиет, өнер салаларында шығармашылық жұмыспен шұғылданды. А.Байтұрсынұлы «Ғылыми және практикалық білімнің жиынтығын бойына сіңірген халық қана айбарлы да бай болады» деп санады . Ғасыр басында Алаш ардақтылары Қазақ АССР-ның Қазақ-Қырғыз Білім Комиссиясында жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде, халқын мәдениетке сүйреуде жан аямастан қызмет етті.
Білім Комиссиясы жұмысына Мағжан Жұмабайұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Иса Тоқтыбайұлы, Санжар Асфендиярұлы, Халел Досмұхамедұлы т.б. қатысты .
Мағжан Жұмабайұлы
Жүсіпбек Аймауытұлы
XX ғасыр басында Алаш қайраткерлері көтерген тіл мәселелесі бүгінгі XXI ғасырдың да ең өзек жарды мәселесі болып отыр. М.Әлімбаев: «Туған жерді сүю – парыз, сүю үшін білу парыз» — десе, ана тілімізді бәріміз де сүюге, қастерлеуге тиіспіз.
Қазақ елiнiң тұңғыш демократиялық партиясы
Алаш автономиялы үкiметi мен қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы — «Алаш» партиясының құрылғанына 90 жыл толды. Бүгiндерi ғасырлар бойы аңсаған тәуелсiздiкке қол жеткiзген қазақ халқы үлкен тарихи сынның алдында тұр. Ол — аталарымыз аңсаған осы тәуелсiздiгiмiздi баянды ету мемлекетiмiздi әлемнiң дамыған елдерiмен теңестiру, қырғынды, қуғын- сүргiндi, қорлық-зорлықты басынан аз кешпеген халықты бақытты ету, бүгiнгi елде жүрiп жатқан реформалардың нәтижесiн, рахатын сезiндiру. ХХ ғасырдың алғашқы ширегi кезiнде қазақ қоғамында мүлдем жаңа жағдай қалыптасты. Ресейлiк әскери-монархиялық басқару жүйесi, қазақ жерiнiң орыс мемлекетiнiң меншiгi етiп жариялануы, осыған орай iшкi Ресейден қоныс аударушылар легiнiң күрт өсуi, қазақ бұқарасынының зорлықпен егiншiлiкке жарамды жерден ығыстырылуы, дәстүрлi қазақ шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауы сол қалыптасқан жағдайдың нақты көрiнiстерi едi. Сол кездегi қазақ қоғамы дамуының күн тәртiбiнде қазақ халқының ұлт ретiнде жоғалуы, не өзiн-өзi сақтауы үшiн күреске шығу мәселесi тұрды.
Мiне, осындай тарихи, жауапкершiлiгi зор мiндет-бүгiндерi олардың құрылғанына 90 жыл толып отырған алаштықтардың иығына түстi.
Әрине, ХХ ғасырдың бас кезiндегi ұлт-азаттық қозғалыс тарихының өзектi мәселелерiнiң бiрi, «Алаш» партиясының құрылуы, оның тарихи негiздерi, саяси әлеуметтiк сипаты және қазақ тарихында алатын орны болды. Қазақ зиялылары қоғамдық сұранысты бiлдiре отырып, саяси партия құру әрекетiн бiрiншi орыс революциясы жылдарында-ақ қолға алды. Бiрақ белгiлi дәлелдi себептерге байланысты ол әрекеттен ештеңе шыға қоймады.
Алаш партиясы – қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы (1917-1920 жж.) қазақ елiнiң қоғамдық дамуының жаңа экономикалық, саяси және рухани негiзде қайта құру қажеттiлiгiнiң пiсiп жетiлгендiгiн және Ресей империясының Қазақстанда орнатқан отарлық басқару жѕйесiнiң терең дағдарысқа ұшырағандығын көрсеттi. «Алаш» партиясына Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Тынышбаев, Х. Досмұхамедовтар М. Жұмабаев және т.б. қазақтың алдыңғы қатарлы озық ойлы қоғам қайраткерлерi кірдi. Олардың ең басты мақсаты өз халқын отарлық езгiден қайткендi де азат ету болатын. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов жетекшiлiк еткен ұлттық зиялылар жаңа өрлеу ала бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа нысаналы сипат беру үшiн газет шығарды.
Алаш үкiметiн құру мәселесi 1917 жылы шiлденiң 21-28-iнде Орынбор қаласында, жалпықазақтың I съезде қаралған болатын, съезде 14 мәселе талқылауға түстi. Алдымен мемлекет құрылысы қаралды. Мемлекеттiк басқару жүйесi, қазақ облысының автономиясын құру, жер көлемiн анықтау, халыққа бiлiм беру, рухани-дiни мәселелер, сот, әйелдер мәселесi, құрылтай жиналысын шақыру және оған дайындық жайы, қазақ саяси партиясын құру, Жетiсу облысындағы оқиғалар, Киевтегi бүкiлресейлiк федеративтiк кеңеске және Петроградтағы халыққа бiлiм беру жөнiндегi комиссияның жұмысына қазақтардың қатысуы туралы мәселелер қаралды. Делегаттар ұлттық автономия мәселесiне, жер мәселесi шешiлуiне, құрылтай жиналысына әзiрлiкке және саяси партия құруға баса назар аударды. Олардың «қазақ халқы өзiнiң еншiлi жерiне орнығып болғанша қазақ жерi ешкiмге берiлмесiн» деген. Осындай дұрыс ой-пiкiр күнi бүгiнгi дейiн күшiн жойған жоқ. Съез шын мәнiнде қазақтың ұлттық саяси партиясы Алаштың съезi болып айқындалды. Ал, 1917 жылдың 5-13 желтоқсанда өткен II жалпықазақ съезде Алаш автономиясын, Алашорда деп аталған үкiметiн құрды. Онда ешқандай ұлтқа бөлiнушiлiк болмағаны үкiметтiң құрамындағы 25 адамның 10-нын басқа ұлттардан құрылған жазған ұсыныс көрiнiп тұрды.
Алашорда жетекшiлерi күрделi кезде бiр жағынан елдi аман сақтап қалу үшiн «Уақытша халық кеңесi түрiнде» билiк құрды, екiншi жағынан кеңес үкiметiмен байланыс жасауға тырысты. Ленин, Сталиндермен келiс сөздер жұргiздi.
Қазақ автономиясының мәдени мұқтажына Орталықтың көмегi, бүкiл қазақ құрылтайын шақыру, өлкеде азаматтың бiтiмге келу туралы уәделер болды. Кешiкпей үлкен елде азамат соғысы басталды: Алашорданың ұстанар бағытын айқындау қажет болды. Олар өлкеде әлеуметтiк-саяси негiзi жоқ, кеңес үкiметiнiң көптеген көзқарастарымен келiспедi. Олар ең алдымен таптық күрес, ел iшiнде саяси қырқыс емес, ұлттық мүдденi көздедi. Сондықтан кеңес үкiметi оларды буржуазияшыл-ұлтшылдар деп атады. Олар шын мағынасында қазақтың «ұлтшылдары» емес, ұлтжанды азаматтары едi.
Ұлт мүддесiн ойлайтын азаматтар әр кезде де, әр елден де табылыды. Саяси көзқарасы үшiн қуғындауды тоқтату мақсатында оларға кеңес үкiметi қысым жасамауға уәде берген едi. Көптеген Алаш партиясының азаматтары кеңес үкiметi кезеңiнде де саяси жағдайлар мүмкiндiк бергенше ұлт мүддесiне қарай жұмыс iстедi. Қазақ өлкелiк комитетiнiң бiрiншi хатшылығына 1925 жылы қыркүйекте Ф.И. Голощекиннiң келуiмен республиканың қоғамдық-саяси өмiрi күрт өзгерiп кеттi. Республикада «кiшi қазан» төңкерiсiн өткiзуге идеологиялық негiз жасалды. Нәтижесiнде күшпен ұжымдастыру, куғын-сүргiн қазақ халқын зор қайғы қасiретке ұшыратты. 1928 жылы осы айыппен 44 адам — «буржуазиялық-ұлтшылдар» Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов бар бұрыңғы Алашорда қайраткерлерi тұтқындалса, 1930 жылы М. Тынышбаев, Х.Досмұхамбетов бар тағы да 40-қа жуық адам түрмеге жабылды.1937-1938 жылдары жылдары бұл үдерiс жаппай сипат алды. Қуғын-сүргiнге ендi тiптi большевиктерге мүлде қарсы болмаған Т.Рысқұлов, О. Исаев, О. Жандосов, С. Сейфуллин, І. Жансүгiров, С. Асфендияров, т.б. қазақтың бетке ұстар азаматтары ұшырап, барлығы да ату жазасына кесiлдi. Осылайша ұлт үшiн құрбан болған қазақ перзенттерiнiң кiнәсiздiгi тек Сталин қаза болғаннан кейiн, iшiнара ақтала бастады. Алайда, бәрi бiр Алашорданың атын айтуға да болмайтын. «Алашорда» азаматтарының толықтай ақталуы тек 1986 жылдан кейiн ғана мүмкiн болды. Сөйтiп, қазақ халқы А.Байтұрсынов, М. Жұмабаев, М. Дулатов, М. Шоқай, Ж.Аймауытов, Жанша және Халел Досмұхамедов, Ш.Құдайбердиев, т.б. көптеген перзенттерiмен, оларды шығармаларымен қайта қауышты.
Тарих тағылымы бiздiң дамуымыздың басты себепкер шарттарының бiрi.
Мiне, сондықтанда бiз, яғни кейiнгi жас ұрпақ, халқы үшiн жан берген бабаларымыздың өмiрi мен iсiн оєып үйренiп алаштықтардың жеңiстерiн бағалап, жеңiлiстерiнен сабақ аламыз. ХХ ғасырдың бас кезiндегi ұлт зиялыларының елiмiз үшiн iстеген қимыл-қарекетi ұрпақ есiнде мәңгi жаңғырады, елiмiздiң тәуелсiздiк жолындағы күресiнiң маңызды кезеңi болып қала бередi.