Киелі қамшы


Скачать/Жүктеу

Ғасырлардан ғасырларға жеткен бұл –
Қамшы еді қайтаратын жаудан құн.
Соңғы ғасыр аяғында жоғалып,
Қазақтардан сесі кетіп болған құл.

Қамшы арқылы талай сырды білетін,
Қамшы тастап не ой барын беретін.
Қазақ бабам мінгенінде кәріне,
Жерді дағы жон арқадан тілетін.

ҚАЗАҚТЫҢ СЕСІ – ҚАМШЫДА

Қамшының қасиетін жазбай тұрып, алдымен ол туралы біраз мәліметтер берген дұрысырақ болар. Қамшы I Қайыстан өрген, тобылғы сабы бар, көлік жүргізу үшін пайдалынатын құрал. Қамшыға байланысты фразеологиялық сөздік құрастырсақ: Қамшы бойы – қамшының сабы мен өрімінің ұзындығындай. Қамшы болды – бір нәрсеге түрткі болды. Қамшы жеді – таяқ жеді, соққы көрді. Қамшы жұмсады – қамшымен сабады, соқты. Қамшының астына алды – қамшымен ұрды, соқты. Қамшының сабындай — өте қысқа, шолтиған. Қамшы ойнатты – қоқаңдады, қорқытты, сабамақ болды. Қамшы салдырмады – тапсырылған істі ынта-жігерімен тез істеді. Қамшысынан қан сорғалаған (тамған) – қатыгез, қатал, жауыз. Қамшы тастады – дауласқан жақтардың билер алқасынан рұқсат сұрау дәстүрі. Қамшы үйірді – қорқытты, үрейлендірді.
II анат. Еркек малдың жыныс мүшесі; шыбығы деген мағынаны білдіреді. III Қамшыгер – Қамшы ұрысына мықты (шебер) адам. Қамшыгерлік – Қамшы ұрысына мықтылық.
Бұл біздің бергі түсінігіміз. Ал бесаспап шебер Мұрат Нүсіп ағаның қамшының қасиет-құдіретін, киелі екендігін сипаттағанын жәй қарапайым сөзбен қысқа айтып беру оңай шаруа емес екенін мен ол кісімен сұқбат үстінде түсіндім. Ақсақалдың айтуы бойынша қасиет дегеніміз әрбір затқа тән айрықша белгі, ерекшелік болса, оның киелігі – иесі, пірі бар. Сондықтан да әр қамшының (мейлі оның сабы тау текенің мүйізінен, еліктің тұяғынан, не болмаса тобылғыдан жасалған болсын) өзіндік кие-қасиеті – иесі, пірі болады. Қазіргі мына алмағайып заманда қазаққа қазақ айтса сенбейді, ал қамшының қасиетіне сеніңіздер. Адам баласы жаратылғалы малдың күшін пайдаланып, етін, сүтін қорек етіп, мінетін көлігіне айналдырып, одан беріде Жаратқан Иемді таныған соң Сес пір бабадан малды тәрбиелеп, ырығына көндіретін құрал сұрағанда осы қамшыны берген. Бабам қазақ ежелден ырым қылып, қамшыны бала жеті жасқа келгенде, не болмаса бала сүндетке отырғызылған кезде; «Сен жігіт болдың!» – деп, қолына қамшы ұстатқан. Қамшының сабын мүйізден, сүйектен, тобылғыдан жасатқызып, өрімін киелі малдың терісінен өргізген себебі, малды тәрбиеге көндіргенде оның қатты жарақаттанбау жағы да еске алынса керек.
Қамшының қасиетін айтпастан бұрын оның құрылысын сипаттасақ, сабы бүлдіргіден – қайыстан тілінген баудан (оған қол сиятындай болуы шарт), тобылғыға былғарыдан қапталған (орта кезінде Ие шашағы болады) тұтқадан – ұстаулықтан, бас жағындағы былғарыдан жасалған алақанынан – жылан басты әшекейленген қайыстан тұрады. Осы алақанға қайыс бау арқылы (темір шығыршық та орнатыла береді) ошақ басы – қайыстан өрілген өрім бекітіледі де, ұш жағына мал айдар шашақ орнатылады. Алақан қамшының басы мен қайыс өрімді – ошақ басын біріктіріп, ошақ басының біткен жерін түйін дейді. Жылан басты қайыс алақанның ұшы періште шақырар шашақ деп аталынады. Беті күмістен, алтыннан, жезден ою-әшекейленіп, асыл тастар орнатылып, жиектері қайыспен әдіптеледі – көмкеріледі. Қамшының тұтқасына да күміс, алтын, жез қаңылтырға қазақтың ою-өрнегін әдістеп, бетіне асыл тастар орнатылады. Сабының артқы жағына күмістен (алтыннан, жезден) сақина кигізіліп, тамғаның мөрін: ауылдың, рудың не болмаса шебердің тамғасын салады және бас жағына да әшекейленген жезден, не болмаса алтыннан, көбіне күмістен сақина салынады. Сақинаға да қазақша ою-өрнектерден түртпі салынады. Саптағы әшекейлер қамшының түр-тұрпатын құйқылжытып, әрлендіріп қана қоймай, тіпті оның қазақ ұлтыныкі екендігін паш етіп тұр. Ал асыл тастар болса оның иесі барлығын, киесі мен қасиеті бар екендігін көзге ұрып, «танысаң, қазақтың қамшысымын, ием де бар, кием де бар» дегендей мағына береді екен. Мал айдар шашақ соп қамшы мен үйір қамшыда өріледі де, серілер мен билердің қамшысында бұл шашақ болмайды, өрімнің ұшы тұжырылып тұрады.
Қамшының қасиетін сипаттар болсақ, ең алдымен оның тобылғыдан жасалған сабына бір тоқталып өтелік. Тобылғы қазақ жерінің нулы-сулы, тоғайлы жерлерінде (ашық далаларда да) кездесе береді. Осы топталып өсетін ағаш келе-келе қатайып, темірдей берік болады және ыстық-суыққа төзімді, судан қорықпайды, жарылмайды. Тобылғының майы теміретке сияқты жараға жағуға емдік қасиеті өте шипалы және тіс шұқығыш құралы ретінде де қасиеті сол – тістегі бактерияларды жояды. Тобылғыдан тасбиықтар, құмалақ ашуға моншақтар жасалынады. Уақытысында алынған тобылғы жүздеген жылдарға сыр бермей, сынын да сырын да жоғалтпайды – өміршең. Тобылғыны қамшыға сапқа дайындайтын мерзімі (мезеті – бір сәті, кезі, мезгілі) қазіргі желтоқсан, бұрынғыша қаңтар айы. Осы мезгілде өсімдіктердің жер анадан нәр алу мерзімі (мұсылманша оразасы басталады) толықтай тоқталады, міне осы кезде оны Жаратқан Иеге сиынып, кесіп, керегінше дайындайды. Өсімдік майымен тазалап, сүртіп, күннің көзі, желдің лебі тимейтін көлеңкелі жерге кептіреді. Осыдан кейін ғана ол қамшыға сап жасауға қолданылады. Неден істелінсе де қамшылардың сабының ұзын-қысқалығы тұтаммен өлшенеді. Тобылғы дайындауға бара жатқанда былай дейді екен: «Ассалаумағалейкум! Қайда барасың? Тобылғыға. Маған да, саған да – мінеки!
Осы сабы тобылғыдан жасалынатын қамшылардың өзіндік атаулары болады, ол сол қамшының қандай мақсатқа қолданылатынына байланысты бірнеше түрге бөлінеді:
1. Сүндет қамшы. Атадан – балаға, баладан – немереге, немереден – шөбереге, шөбереден – неменеге келе жатқан ата дәстүрі бойынша баланы сүндетке отырғызғанда оған тума-туыстары тобылғы сабы төрт тұтам қамшыны сыйға тартады екен:
2. Бәйге қамшы. Бәйгеге шабатын тобылғы сапты қамшының ұзындығы төрт тұтамды құраса, оның ұзындығын шынтақтан шынашаққа дейінгі аралықпен де өлшей берген және сабының жуандығы шынашақтай болады. Бәйгеге түсерде шабандоз қамшысына былай серт береді екен: «Шаба алмасам маған серт, шаба алмаса астымдағы атыма серт, шаптыра алмаса қолымдағы қамшыға серт!»:
3. Көкбар қамшы. Көкбар тартуға арналған қамшының тобылғы сабының ұзындығы үш-ақ тұтам және жуан болады. Көкбар қамшының сабына, жылан басты алақанына көкбаршының қолын жыртып, зақым келтірмес үшін ешқандай әшекей салынбайды, темір атаулы қолданбайды. Додаға түскенде мынандай серт айтылады: «Атыма – айбат, тақымыма – қуат, қамшыма – жігер бер!»:
4. Дойыр қамшы. Дойыр қамшының тобылғы сабының ұзындығы бес тұтам, сабы мен өрімі өте жуан болады. Оған да серт айтылады: «Дойыр қамшым доңыздай (жуандығы) болсын, ауырлығы қорғасындай, мықтылығы емендей болсын. Білек күшіме қуат қосып, жауым әрдайым құлап жатсын, халқым жеңіске жете берсін!»:
5. Неке қамшысы. Бала ер жетіп, кәмелет жасына келгенде отау құрар кезінде ол дос-жораларын шақырып алып; «Мен үйленемін. Маған жігіт жолдасы керек (күйеу жолдас)» – дейді екен. Жолдастары қамшыларын бір жерге құпия жинап, алып келіп алдына тастағанда үйленетін жігіт соның ішінен ең жақсысын таңдап алып, қамшы иесін өзіне жігіт жолдасы етіп тағайындайды. Қазіргі бәрінің «Дала демократиясы» деп шулап жүргендерінің мәнісі бар, сол кездегі жігіт жолдасын таңдау кезінде олардың арасында ешқандай қызғаныш, өкпе болмас үшін жаңағыдай әділетті әдісті қолданған. Әне, сонда құда да тиыш, құдағи да тиыш, кімнің қамшысы таңдалды, сол – жігіт жолдасы болып тағайындалған.
Бұл Неке қамшысының сабы қыз балаға еліктің сирағынан жасалынған. Егер қыз баланың ата-аналары әлді болса оның қамын ерте ойлап, қырқынан шығарысымен жасауын күні бұрын даярлап, атақты шеберлерге еліктің сирағын әшекейлетіп, өрімін тарамыстан өргізіп, шашақ салғызып, сабына күміс не алтын, не жез қаңылтырға бедер – ою жүргіздіріп үзбелеткен, ортасына асыл тастар орнатып көмкерткен. Тасына қарай қыздың жұлдызын (гороскопын) білуге болады екен. Кейіннен қыз ұзатылып, айттырылған жеріне келін болып түскенде қайын атасы жүк шешетін жерге кірмейтін себебі, қыз жасауының үстінде қыздың қамшысы жатады. Оны бәйбішелер жүктен шешіп алып, келіннің қайын атасына, қайныларына алып шығып көрсетеді. Жиналғандар қамшының әшекей-сәнінен шебердің кім екенін танып, қай уақытта жасалғанын біліп, өзіндік бағасын беріп, қыздың төркінінің қаншалықты ауқатты екенін пайымдайды екен. Қамшының түріне қарап, тасының бағасы арқылы сын айтып, көрімдігін береді. Егер қамшы ойларынан шықса онда қыздың төркіні оның қамын ерте ойлағанын, жөнді білетін әлді адамдар екенін болжаған. Егер қамшы қыз бой жеткеннен кейін жасатылып, не болмаса туыстары жиналып әкеліп қосқан болса, ол да назардан тыс қалмаған. Қыз жағы оның қамын кеш ойлаған болып шығады. Әрине де сол қамшыға қарап, келінді қайын атасы, ауыл ақсақалдары былай сынаған: 1. Егер қамшы таза, ұқыпты болса, онда келіні де бойына таза, ұқыпты, жақсы-жаманның бағасын білген. Түскен жеріне құт болатын нышанасын танып, қуанған, тәубесіне шүкірлік еткен. 2. Қамшы лас, өрімі ұйпы-тұйпы болса, онда келіні біреудің ерке-тотайы, не болмаса салақ, «өзіне де қарай алмаған қыз бала, қамшыға қайдан қарасын да» деген. Қыздың мінез-құлқына, шыққан тегіне іштей күдік тудырған. Оны өздерінше тәрбиелеуге тырысқан. Міне, сонымен, қыздың төркінінен бірге келген қамшысы мен күйеу балаға «Жігіт жолдасы» сыйға тартқан қамшылар төсек тұсында қатар қыстырулы тұрған. Содан да екеуінің арасында жын-шайтан, әзәзіл жүрмейді, некелері берік, жаман ойдан аулақ болады екен. Себебі, қыз бен жігіт ұйқыдан көзін ашса көз алдында «Сес» пірі тұрады, бірінің күйеуі, бірінің қалыңдығы екендігін, қамшының киесіндей пәк, таза болу керектігін естеріне салып тұрады. Бұрын бабаларымыз «неше балаң бар?» деп сұрамаған – көз-тілден қорыққан. Қамшы ұстауға жасы келмеген баланы «күл шашарың бар ма?» деп сұраған Қалғанын керегедегі қамшыға қарап түсінген.
6. Соп қамшы. Өгіз айдауға арналған қамшы. Тобылғы сабы төрт тұтам, өрімі ұзын жиырма бес тұтам, болады және ұшына қайыстан төрт қарыс жалқы бау тағылып, ол арбаның ұзындығына қарай жегулі атқа не өгізге жететін болуы керек. Сонда бар ұзындығы екі жарым құлаш болып шығады.
7. Үйір қамшы. Бұны жылқышылар ұстайды. Өрімінің араларын үш шығыршық біріктіргендіктен ұзын етіп жасалынады. Түйе айдайтын үйір қамшыны шыбыт қамшы деп атайды.
8. Ноғай қамшы. (Ногайка). Аралары жақын орналастырылған екі өрімнен тұрады және салмақты болу үшін өріміне үлкен шашақтар орналастырылады.
9. Баптау қамшы. Асауды үйрету кезінде оны үркітіп, қорқытып алмау үшін бұл қамшының өрімі тобылғы сабының басынан аяғына дейін түгелдей шикі теріден өріліп, ішіне қайыстан қатты өзек салынады. Сол өзектің арқасында өрімнің тік тұратын қасиетін қылыш сияқты дейді екен де, орыстар содан оны «хлыст» деп атап кеткен көрінеді.
10. Аңшы қамшы. Сабының ұзындығы бес тұтам, ұшында қорғасын өрілген өрімі он екі тұтам. «Алдымдағы қасқырға айбат, ердегі қанжығама байлат» – деп, тілеу тілеп шыққан аңшы аңға жақындап, қуып жеткенде; «Түзу тигізу маған міндет, ұшындағы қорғасын саған серт!» – дейді екен. Дойыр, аңшы, барымта қамшыларды дырау қамшы деп те атай береді.
11. Барымта қамшы. Тобылғы сабының ұзындығы алты тұтам, жуан өрімі он тұтам, түйіні де жуан әрі ұзын болып істелінеді. Екі аттылы төбелескен кезде бір-бірінің бойынан асыра сілтегенде қамшының үші тіпті үшінші қарсыласының тізесіне не тобығына тиіп, жанын сақадай сақылдатып, аттан аударып түсіре білген. Міне осындай тобылғы сапты қамшыларын ата-бабаларымыз бізге аманат-мирас етіп кеткен. Біз соны орынды жеріне жұмсай алмай отырмыз…
Қасиетті де киелі тобылғы сапты қамшылар жөнінде ата-бабаларымыздан үлгі-өнеге боларлық неше түрлі фразелогиялық алтын сөздіктер – баталар қалған:
– Тобылғыдай топ боп өс! Қайғың жоқ болсын, тобылғыдай табысың мол болсын! Жиған-тергенің тобылғыдай топталсын! Өмірің тобылғыдай мықты болсын, тобылғының гүліндей істі болсын! Балаларың тобылғыдай тобырлы болсын!
Ал енді, осы тобылғы турасында әлмисақтан келе жатқан кішкене аңызды айта кетейік. Қалмақтар қазақтардың ұрған қамшысынан қиралаңдап құлай берген соң, таяққа мейлінше тәнті болып қалған қалмақ қулар: «Қазақтың қызын алма, қамшысын ал» – деген екен. Оның да айтпай кетпейтін өзіндік себебі бары сол, біздің ержүрек жаугер бабаларымыз ұрысқа «Сес пірі қолдай гөр!» деп, қамшыларына сыйынып шығады екен. «Сес пірінің» ең қасиеті – жеңілі ҚАМШЫ еді. Көп жасаған тобылғыны ешкім сындыра алмаған, уақытымен алынған тобылғы судан қорықпаған, жаңбырға малынып тұрса да жарылмаған.
Қамшының тобылғы сабын суреттеп, жетер жеріне жеткізер болсақ, оның өрімі жөнінде де анықтамалар бере кеткен жөн десе, Мұрат ағаның айтуы бойынша өрімнің бірнеше түрлері бар болып шықты. Ол таспамен, тарамыспен, қайыспен өріледі.
Өрімнің түрлері:
1. Үш не төрт бұрым өрімі қайыстан өріледі және бәйге қамшыға қолайлы. Өрімдерді өңдейтін әр түрлі құралдары болады. Өрімді көбіне екі тақтайдың арасына салып әрі-бері итермелеп, домалатады. Төрт өрім, сегіз өрім қамшылар төрт қырлы болып шығады, оларды жаңағыдай тәсілмен домалақтайды.
2. Алты өрім. «Әй, алты өрім бұзау тіс, көп былжырамай аттан түс!»
3. Сегіз өрім, төрт қырлы. Бұл мал айдауға қолайлы. Соп, үйір, ноғай қамшыларға қолданылады.
4. Он екі өрім қамшы. Лайық болар сәндікке. Сәндік қамшылардың өріміне қарай олар төрт, алты, сегіз, он екі қырлы болып жасалына береді. Оны қырлау үшін сүйектен, мүйізден қалақша жасап, ортасына әр түрлі қырлы тесіктер жасалынып, өрімнің түріне қарай әр тиісті тесіктен өткізіп, қамшы өрімінің қырын шығарады.
5. Қырық екі өрім, бұл тарамыстан өріледі. Ал, қане, шебер болсаң өріп көр!
Мұрат Нүсіп өзінің аса ыждағаттылықпен өрген қырық екі өрімін қайыс таспамен өріп, қамшысы «Қырғыз өрме» деп аталынып кеткен екен. Өрімді дайындау кезінде иленген теріні үш елі кесіп, ұзындығын оның саласына қарай с ы д ы р ғ ы д а н өткізіп, жалпақтығын, енін, қалыңдығын реттейді. Ал сыдырғы үш тұтам тобылғыдан жасалынады. Ол үшін тобылғының үш жағына кертпе салынып, сол арқылы өткізілетін таспаның, терінің ені, қалыңдығы мөлшерленіп, әдейілеп қондырылған пышақтың жүзімен тілінеді. Ал шикі теріден жасалынған қайысты таспа дейді. Тарамысты қырық екі өрім қылып тарқатады да, содан өрім өреді, ол үш тұтам болып шығады. Өрім дайын болған соң оған алақан дайындайды, ол тобылғы сапты қамшыға бауырымен өріледі. Бауырын тобылғыға орап ұстатқан қамшыны «Қазақтың ала қамшысы» деп атайды. Ол алақанның екі-үш түрі бар, түзу және жыланбас.
Ал тағы бір қамшыны 50 жасқа келгенде «енді сен ел ағасы болдың» деп, киелі еліктің тұяғынан саптап қолына ұстатады. Оны Ел аға қамшысы дейді. Билікке келген адам, қол басшы, ақ сақал сыйлы қария, серілер сабы киелі тау текенің мүйізінен жасалынып, алтыннан, күмістен әшекей орнатылған қамшыны ұстайды.
Баланы сүндетке отырғызғанда өз атасы ат мінгізсе, нағашы атасы қамшы ұстатады. Ал нағашы атасы ат мінгізсе өз атасы қамшы сыйлайды. Сөйтіп, піштірілген бала сыйлы атпен қамшы иесі болып есептеледі.
Мал басы түйені айдауға тобылғы сабы он бір тұтам, өрімінің ұшында ортасы тесік (жырылған) алақандай жалпақ қолы болады. Оны шыбыт қамшы дейді. Осы шыбытқы қамшыдан кейде құрықтама жасалынады.
Мұрат аға қазақтың қамшыларының қалай жасалынатыны турасында тағы бір тәптіштеп өтті. Еліктің сирағына тұз сіңіріп, кептіреді. Ал таутекенің мүйізін кескеннен кейін оны қайнап тұрған суға әбден қыздырып түзетіп алады. Сосын барып кептіреді, ысқылап тазартады. Әшекей үшін алтын (күміс, қара күміс, қола, мыс) қаңылтырлар қолданылып, бетіне бедер, түртпі (чеканка) салынады, үстіне асыл тас орнатылады, түрлі-түсті қайыс байланады. Сарбаздарға арналып мүйіз сапты қамшылардың сабына пышақ-қанжар қондырылған. Бектерге де сирақ (тұяқ) қамшыға қанжар қондырылып, сабына алтыннан, күмістен сақина орнатылған, ал сұлтандарға Ақнақ пышағы қымбат тастармен көмкеріліп мүйіз қамшының сабына қондырылған.
Елшілердің қамшылары өте қарапайым жасалынған. Сабын тобылғыдан жасап, ешқандай әшекей ою-өрнек орнатпаған.
Емшілерге, бақсы-тәуіптерге деп жасалынатын қамшылар да ешқандай әшекейсіз, қарапайым болған. Әшекейге киелі дұға түспейді. Сабы тек тобылғыдан дайындалып, өрімі киелі малдың терісінен өрілген. Малайдар шашақтары ұзын болу-болмауы түскен аянға байланысты.
Ал енді манадан бері әшекей деп жатырмыз, ою-өрнек бедер салынады дейміз. Кейбір бауырларымызға түсінікті болуы үшін осының бәрін түртпі (чеканка – үзбелеу – тескіш тәріздес темірмен ұрып отырып бедерлеу, өрнектеу) деп атайды. Қамшының сабындағы түрлі-түсті темірлерлерге арнайы құралдар арқылы балғамен соғып отырып ою-өрнек бедерлерін түсіреді. Қазақтың ою-өрнегі көбіне қошқар мүйізді, әсемделінген өсімдік тізбелерінен құралады. Қошқар мүйіз ою қазаққа ғана тән «Мал иесі» тамғасы – киелі болып саналады. Оларға орнатылатын тасының түсі аспан түсті, жаратылысынан қазаққа енші болып жаралған түс – көк түсті болады, оны қәзірге мұсылман тасы дейді.

ҚАМШЫНЫҢ ЫРЫМ-СЫРЫМЫ

Атам қазақ қамшының қыр-сырына бесігінен қаныққан, кие-қасиетін ана сүтімен қатар сүйегіне сіңіріп өскен. Себебі, бала бесікте жатқанда шошымасын деп бас жағына қамшы тастаған, не болмаса жастығының астына жастаған. Тобылғы қамшының өрімі жастықтың астынан жерге салбырап тұрмай, сабымен бүктеліп жатса «балаға қамшы тиеді» делінген. Бұл ата-бабамыздан қалған ырым. Негізінде қамшы керегеге ашық ілінген. Бұл қамшы иесінің «мал басы аман болып, үйімнен молшылық кетпесе екен» деген тілеуі екен. Ал жартылай бүктетіліп ілінген қамшы «менің ием келсе, ауруы болса жазылсын» деп сұранып тұрады.
Тұрмыс құрмаған қыздың төсегінің басында жартылай ашылып тұрған қамшы оның басының бос екендігін, оған құда түсуге болатындығын көрсеткен. Бүктеп қойған қамшы жоқтықты білдіреді.
Малынан, астындағы атынан айырылып қалған адам қамшысын екі бүктеп қонышына, не болмаса беліндегі белбеуіне қыстырып қояды.
Жауынгер соғыстан қайтпай қалса да, қамшысы табылса оны керегеге жартылай ашып қыстыратын себебі, оның жаралы екендігін, не болмаса жау қолына тұтқынға түсіп қалғанын көрсетеді. Ал егер ол қаза тапқан болса, оны естірту үшін үй иесі, туысқаны т.б. қамшыны екі бүктеп керегенің төменгі жағына қыстырып қояды. Ол иесі жоқ дегенді білдіреді.
Ауылда жұт болып, не барымташы малын айдап әкетсе, иә болмаса малы аусыл, оба, қорасан ауруларынан қырылып қалса, онда жолдың айырмасына бақан орнатып, оған қамшыны екі бүктеп қояды. Бұл, ауылда мал жоқ деген белгі. Күші келетін адамдар бұндайда қолынан келетін көмегін аямайды. Қамшысын аттың артына сүйретіп келе жатқан адамға ақсақалдар «бұл жаман ырым, қамшы сүйретпе, жер сабама, қамшыңның ұшын жия жүр» деп айтқан. Қамшыны кесуге болмайды.
Бір ақсақал екі баласына; «Ал балаларым, мен қартайдым. Бойдан күш, қолдан әл кетті. Бір аяғым жерде, бір аяғым көрде тұрғанда артымда мұраға қалдыратын қамшым мен атым бар» – дейді. Содан үлеске үлкен баласына ат, кіші баласына қамшы тиеді. Үлкен баласы атқа мініп, беті ауған жағына кете барады, ал кіші баласы әкесі қайтыс болғанша оны бағып-қағып, қасында болады. Көп уақыт өтпей ағасы аттан айрылып, сопайып үйіне қайтып оралады. Аштан өлуге болмайды. Содан інісі Алла Тағалаға сыйынып, әкесінен қалған дырау қамшыны қолына ұстап аң аулауға шығыпты. Тау аралап келе жатса дала бөрісі шатқалда бір үйір малды қамалап жейін деп жатса керек. Бала қасқырдан қорықпай оны қамшысымен ұрып өлтіреді де жаңағы бір үйір малды үйіне айдап келеді. Малдарының басы көбейіп, кейіннен ағайынды екі жігіт тұрмыстары түзеліп, адам қатарына қосылып кеткен екен.
Атақты қамшыгер, әрі қамшы жасаудың бесаспап шебері тау текенің мүйізінен, еліктің тұяғынан, тобылғыдан үш қамшы жасайды да, үш баласын алдына шақырып алып былай дейді:
– Ал, құлындарым, мен қартайдым. Көзімнің тірісінде мына сендерге деп жасаған үш қамшымды өзара бөліп алыңдар.
– Әке, маған мына қамшыны алсам болды – деп кіші баласы әшекейлі тұяқ сапты қамшыға бас салады. Сонымен тұяқ сапты қамшы кіші балаға, ортаншысына тобылғы сапты қамшы, үлкен баласына таутекенің мүйізінен істелген қамшы мұрагерлікке тиеді. Сонда әкелері тұрып кішісіне:
– Балам-ай, жасың болса әлі отызға да жеткен жоқсың. Тұяқ сапты қамшыны жасы елуге келіп қалған ел ағалары ұстайды. Үйтетін себебі, олардың бала-шағасы, от басы, ошақ қасы бар, басым жалғыз қалар-ау деп қорықпайды. Ал сен болсаң осы жалғыз тұяқтай жалғыз басты болып қалмақсың. Әлі күнге дейін үйленбедің, бала-шағаң жоқ, түтін түзетіп, басыңа үй де тұрғызып алмадың, топ болу үшін тобылғыны алуың-ақ керек еді – деп, қатты кеиді. Ортаншы баласына:
– Ағаларың мүйіз сапты қамшыны алды, ол билікте болады. Ал сенің малың көбейіп, бала-шағаң көп болып, тобылғыдай топ болып өсіп-өнесіңдер – деген екен.

ҚАМШЫНЫҢ ЕМДІК ҚАСИЕТІ ОНЫҢ СЕСІНДЕ

Осы Мұрат Нүсіптің қамшы жөніндегі насихатына орай менің де жас кезімде әжем Батшан Әбілхасқызы марқұмнан естіп-қанған әңгімелерімді, көзі тірісінде қалдырып кеткен өсиеттерін ортаға салсам ба деп едім.
Менің әжемнің де бойына біткен бір қасиеті сол, ол – шежірешілдігі, әңгімешілдігі еді, және ол кісі білмейтін қазақ ертегісі жоқ та болған шығар. Ол кезде ауылда электр жарығы келмеген кез, кеш түсісімен аспалы май шамды жағып қойып Ер Төстік, Қобыланды, Алпамыс турасында тілінің майын тамызып тұрып ертегілер айтып беретін. Ол кісінің мұра етіп қалдырып кеткен шежіресі бойынша менің Арғын бабаларымның өмір сүріп, дәурен кешкен заманының бізге жеткені 1400 – 1450 жылдар аралығынан бері есептеледі. Ата қоныстары Баянауыл, Қара Ертіс бойы болған екен. Осыдан 550 – 600 жыл бұрын әртүрлі себептермен Баянауыл басынан үдере көшіп, бүгінгі Көкшетау аймағындағы Зеренді өңірінің аса бір керім, сұңғатты да сұлу мүйісі қалың орманды Қасқатау қойнына қоныс тепкен Қылды Қарауыл руы ірге бекітіп, өріс ашқан, өркен жайып, тамырын терең таратқан.
Қылқанды қарағайлы, жасыл теңге жапырақты, ақ балтырлы қайың мен терек ұйыса өскен қара орманды тау сілемдерін жергілікті жұрт қалың Түкті дейді. Қасиетті Қасқатаудың қойнау-қолаты сыңсыған орман, топ-топ талы, шілігі аралас алаңқайларында тағы шие, жидек, доланалар өседі. Сылқ-сылқ етіп, сылдырай аққан күміс бұлақтарын бойлай ұйысқан жабайы қалың қарақат жайқалып тұр. Осы тау сілемдерінің аясында Сарыкөл, Айдабол көлі, Қайран көл, Зеренді көлдері, Шортан көлдері, Бурабайдың Айнакөлі Арқаның кербез сұлу Көкшетауына өзінше бір ерекше һас сұлулық, сән-салтанат қосып тұр. Тап осындай табиғаты аса сұлу, тамаша керім жер жәнаты досқа сүйінішті сүйік, дұшпанға күйінішті күйік еді. Осынау сұлу өңірге қызыққан қазақтың жауы құба қалмақ талай рет басып кіріп, талай қилы қырғынды салады. Оған қарт тарих куә. Сондай сойқанды шайқастардың бірінде Арғын бабамыздың немерелері Күнсарыдан туған Қалақ батыр, Арыстанның немересі Баймырзадан туған Малғара батырлар қол жинап, күш біріктіріп, туған топырақтың түгін жауына таптатпас үшін атой салып, қол жинап атқа қонған, қолдарына қалқан, қылыш, найза алған.
Жайсаң көлдің жағасында болған сұрапыл қырғында Қалақ батыр ұрыс алдындағы жекпе-жекте қалмақтың Қабылан деген батырын жеңіп, таудай болып сұлап жатқан денесін ат құйрығына байлап өз жағына сүйреп тастайды. Қалмақтардың қолына қайыра шапқан оны денесі түйенің жарты етіндей Шаршы батыр тосып алады. Бір сағат бойы арыстандай арпалысқан екеудің қазақ жағын Аталар аруағы қолдап, Құдай дес бергенде Қалақ батыр Шаршыны найзамен шалт түйреп, аттың үстінен көтерген бетте өз жағының сарбаздарына лақтырады. Ақыры қалмақтар жеңіліп, қан төгіскен алапат қырғыннан Жайсаң көлі қып-қызыл қанға бөгеді. Содан бері бұл көлді Қан көлі деп атап кеткен.
Құба қалмақтың екінші ауыр қолы қазақтың киелі жерін басып алуға тұтқиылдан келіп тиісіп, қазақ қолының арт жағынан тарпа бас салады. Қолды бастап келген сол тұстағы құба қалмақтың қонтайшысы әрі қолбасшысы Жамалхан мен оның інісі Кәтей батыр еді. Таудан аққан тасқын судай айбарлы ауыр қолдар қуырдақтай қидаласып бірін-бірі шабысар алдында бас батырларын майдан даласында жекпе-жекке салып, күш сынасатын дәстүр болған. Жарты жаһанды жалмап жіберердей кектене ұмтылған Жамалханға Малғара батырдың інісі Меңдіқұл көп қауқар көрсете алмай қаза табады. Інісіне көмекке ұмтылған Жаңабатырдың жолын қалмақтың батыры Кәтей кес-кестейді. Соғысқа бірінші рет түсіп, қару-жарақты қалай қолданудың айла-шарғысын толық меңгеріп үлгермеген жас қыршын бие сауым уақыт бойы қатты қарсылық жасағанына қарамай, Кәтейдей әккі де айлалы жаудың тегеурініне шыдап бере алмайды. Жау қолынан шаһит кеткен екі інісінің қазасына ет жүрегі елжіреп, намысы жалындап өртене жөнелген Малғара батыр атадан балаға мирас болып келе жатқан тобылғы сапты киелі дойыр қамшысын азуына басып тұрып серт береді:
– Ел шеті жаусыз болсын деп едім,
Ел іші даусыз болсын деп едім.
Қалмақты әкеп сонша қырғыздың,
О, Құдайым, неңді алған едім?!

Тобылғы сапты қамшым саған серт,
Жауымды құлата алмасам маған серт!
Киелі қамшым ұрпағыма мұра,
Жау қолынан қапияда болсам мерт,
Баймырза атамның жеті ұлының тұңғышы мен едім, екі інім жау қалмақтың қолынан қаза тапты. Сен айналайын Хамза інім тұра тұр, кезек маған келіпті, шаһит кетсем сүйегімді жау қолына тастамай Қасиетті Қасқатаудың бауырына тапсырасың. Туған жеріңді жаудан қорғар менен кейінгі тас қамал өзіңсің, – деген, намысы шар болаттай қайралған Малғара батыр аш бурадай буырқанып қалмақтың қалың қолына қарай дүбірлетіп шаба жөнеледі. Қолындағы көк найзасын шыбықтай иіріп, Жамалханға қарсы атой салады. Арыстандай ақырып, күнше күркірейді. Малғараның қандай қауыпты екенінен хабардар қу қалмақ найзаласуға жүрексініп, адырнасын өгіздей мөңіретіп, садақ тартады. Жебесінің ұшын уға суартқан құба қалмақ Малғараны қалпақтай ұшыратынына кәміл сенімді еді. Алайда Малғара да жәй қара емес еді, өте қамшыгер болған екен, азынап ысқырып келе жатқан садақтың жебесін сол қолындағы қамшымен шарт еткізіп ұрып, өрімнің ұшына орап алады. Екінші рет садақ тартуға келтірмей қалмақтың батырына найзасын салады. Жамалхан да қапысын жібермей қазақ батырына найзасын сілтеп үлгереді. Болаттан өрілген шығыршықты ақ сауыт ауыр соққыға шыдай алмай бытырлап сөгіле жөнеледі де, қазақ батырының көк сүңгісі тар қолтықтан барып қадалады. Бурадай барқырап, аттан аунап түскен қалмақтың таудай денесін анталап тұрған қалмақтар өз шептеріне қарай ала қашады.
Ағасының мерт болғанын көзімен көріп, қанық болған Кәтей батыр:
– Қане, жаныңнан безген қай қазақ барсың, шық бері! – деп, ұрандатып, дабыл қағып, атын ойнақтатып шыға келеді. Малғараның алдына тізе бүгіп отыра қалған Хамза батыр:
– Ендігі кезек – менікі, ал аға, батаңды бер! – дегенде Малғара батыр оған өзінің тобылғы сапты қасиетті қамшысын ұстатып, «Тобылғы сапты жаугер қамшым, ініме күш-қуат қосып, шайқастан аман-есен оралуына сеп бола гөр» деп оң батасын береді.
Қос батырдың аш күзеннің беліндей бүгіліскен қуатты белдері болат сауыттарын жыртып жіберердей жұлқысып, сілтескен семсерлерінен құшақ-құшақ от жарқылдайды. Сүт пісірім уақыт шайқасқан батырлар бірін-бірі ала алмай майдан даласын қалың шаңға бөктіріп, майдан даласын шаң-шұң қидаласқан қылыштың ащы үніне толтырып жіберсе керек. Хамза жауының көзін ала беріп, бір оңтайы түскен шағында Кәтей батырдың бір сәтке жалаңаш қалған мойнына шолақ найзасын салып кеп жібереді. Атының үстіне сылқ ете қалған қалмақ батырын өз атына көкбарша өңгеріп, ағасына – Малғара батырдың қолына қарай ұшқан құстай құйғыта жөнеледі. Малғараның өзіне тетелес інісі Бабық батырдың қалмақтарға аш арланша атылып, басына қорғасын құйылған қайың шоқпарымен жауын қоғадай жапырған ерлігі сонау алма-кезек жаугер заманнан бізге — ұрпақтарына дастан болып жетті. Сол жолы қалмақтар үлкен жеңіліске ұшырап, содан былай қарай құба қалмақтардың күні бата бастайды…
Сол киелі қамшы бертін келе Малғара батыр атамыздың үшінші буыны Жәнсөн атамыздың қолында болған. Оны әжем былай деп әңгімелеуші еді:
– Малғара батыр атаңның шөбересі Жәнсөн атаң өте аруақты болған адам. Ол кісіге аруақ бабаларыңнан атаға, атадан балаға мұра болып келе жатқан тобылғы сапты дойыр қамшысынан дарыған. Өгіздің шикі терісін төрт бүктетіп, қамшысымен осып жібергенде, шіркін жарықтық, төрт қабатын да қақ тілуші еді деп әңгімелейді екен одан да бергі атаң Жолаушы. Бір күні Жәнсөн жолаушылап келе жатса жолдың шетінде емшектері ісініп, сүті тамшылап тұрған қара ешкіні көреді. Ішінен таң қалады «апыр-ай, құлан түз жапан далада не қылып жүрген ешкі екен?» деп. Жақындап келіп, атынан түсіп, ешкіні мүйізінен ұстап тұрып:
– Желінін сүті кернеп тырсылдап тұр, лағы қайда, ит-құс жеп кетті ме екен? – десе, әлгі ешкі адамның тілінде сайрап қоя береді:
– Лақ-мақты қайтейін деп едің, сау да ішіп алсаңшы, шөлдеп келе жатыр екенсің – дейді ғой, Жәнсөн атаның көзіне тура қарап. Мынаның ешқандай да ешкі емес, шайтан екенін таный қойған аруақты кісі қамшысымен сабап-сабап, түте-түтесін шығарып, оның мойнындағы теңгесін тартып алса, ешкі өзінің шайтан кейпіне түсе қалады. Содан не керек, әлгі ешкі кейпінде болып көрінген шайтан атамыздың соңынан ауылына дейін еріп келіп, ылғыйына түн мезгілінде оның ұйықтап кетер мезетін аңдыйды екен. Аталарымыздың жазғы қонысы ол кезде Қасқатаудан алысырақ Терісаққан деген жерде болса керек. Алланың әмірі-ай, әлгі шайтан Жәнсөн атамызды қалжыратып, әбден діңкелетіп, мезі қылады. Кешкі күн батқаннан, таңның атысына дейін киіз үйдің керегесінің сыртынан сыбырлап, атамызға жатып тұрып жалынады екен:
– Осыдан кейін енді қарай сенің өзің түгілі, үрім-бұтағыңа жоламай өтейін. Бір жолға ана қолыңдағы менің мойнымнан тартып алған теңгемді өзіме қайтар. Мен онсыз баршаға шайтан кейпімде көрініп жүремін, ал мойныма тағып алсам ешкі кейпіме кіремін. Сен ет пен сүйектен жаратылған екі аяқты мақұлықсың. Сондықтан бәрібір сені ұйқы жеңеді, мен теңгемді алмай қоймаймын, одан да жақсылықпен бере ғой. Егер теңгені сенің еркіңсіз өзім алып кетер болсам барша тұқымыңмен құрыйсың.
Жәнсөн атамыз ауылдың беделді ақсақалдарын жинап алып, өз басына ғана емес, бүкіл ауылға қандай қауып-қатер төнгенін жасырмай айтып береді. Шалдардың ішінен жақын туысқаны бір ақсақал тұрып:
– Жәке, андағыдай денеңмен сенің күшің келмеген ол пәлеге біздің әліміз келе қоймас. Қолыңдағы қамшының киесі бар. Шайтанды ұстап алып, жон арқадан үш рет тартып-тартып жібер де ант-суын ішкізіп, теңгесін өзіне қайтар – дейді. Жиналғандар «ол өзі не қылған теңге екен, көрсетші» деп болмаған соң, Жәнсөн атамыз басына жастап жатқан ертоқымының қапталына қыстырып қойған теңгені алып шығып жұртқа көрсетеді. Сөйтсе теңгенің бетіне Ібілістің суреті бедерленіп, оң жақ қапталына оның тұяғының суреті түртпіленген екен. Жапа-тармағай жапырлап, бірінің қолынан бірі өткізіп, теңгенің бетіне сызылған шимай-шатақ әріптердің қандай тілде жазылғанын оқый алмай бастары дал болса керек. Атамыз әлгі шайтанның; «Енді маңайыңа жоласам екі дүниенің екі бірде қызығын көрмейін, бала-шағаң түгілі, немере-шөберелеріңе жоламай өтейін!» – деген сертін алып, қамшысымен жон арқасынан үш рет дүре соғып, басы ауған жағына қоя береді.
Одан да бертінде Жаңатуған ауылында Әмина (аты өзгертілген) деген жас келіншек босана алмай қиналып жатса, сол елдің Қаракемпір деген беделді әжесі туыстарына Мұқтайұлы Қауышты таптыртып алып:
– Қарағым Қауышжан, қанына қызбағанның қары сынсын деген бар. Біз бәріміз де бір атадан, Баймырза атамыздан тарағамыз. Арамызда бір бөтен жат жұрттық жоқ. Мына Әминаны қарап кеткен доқтырымыз (фельдшер) «Менің қолымнан ештеңе келмейді. Бұның бір-ақ амал-шарғысы бар, ол – баланы алу үшін қарнын жару (кесерово) керек», – дейді. Ал қырурғ (хирург) шақырту үшін сонау елу шақырым жердегі аудан орталығы Зерендіге бару керек. Ол көп уақыт. Мына келіншекті көріп тұрсың, өлім ауызында.
Сені шақыртқан себебім, сіздің үйдің қабырғасында аруақты ата-бабаларымыздан келе жатқан тобылғы сапты киелі қамшы ілулі тұр. Жас бала дәрет алуды қайдан біледі дейсің, саған дәрет алғызайын, сол қамшыны осында алып кел, – деп, балаға қайтар жол қалдырмайды. Қауыштың ұялып-қысылғанына қарамай дәретін алдыртып, қолына қамшыны беріп, босана алмай талып жатқан келіншекке арқасынан итермелеп әкеледі де:
– Қане қорықпа! Ата-бабаларымның аруағы қолдай гөр де де, ағузу биллаһи мина шайтан, бисмиллаһи р-рахим деп арқасынан бар күшіңмен үш рет осып жібер! – деп ақырады.
Қауыш аға талып жатқан келіншектің жон арқасынан қамшысымен қалай тартып жібергенін де байқамай қалады. «Ах!» – деп, оқыс шыңғырып қалған жас келіншек жанталасып:
– Баланы (Қауышты) әкетіңдер, баланы әкетіңдер! Артында иығынан екі арыстан тістерін сақылдатып, ырылдап тұр – деп, айқай салғанында, көйлегінің етегінің асты қанға малынып қоя береді… Шар етіп, шаранасымен жерге топ ете қалған қыз бала дүниеге келгенін әйгілейді. Жиналған жұртта ес жоқ, Қауыш ағаны қаумалап, бетінен сүйе берген екен.
Ата-бабаларымнан ғасырлардан ғасырларға қалып келе жатқан сол тобылғы сапты киелі қамшы осы Кеңес үкіметі орнағалы бертінге дейін болған еді… Ағалы-інілі Жолаушы мен Көшімбайдың балалары Мұқтай мен Ахметжанның шаңырағын қаптай шапқан жаудан, ауызы қанды бөріден, пәле-жаладан, ашынған ұрыдан сақтап келіп еді…
Бекқожа деген аталас ағайынымыз Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары колхозымызда басқарма болып тұрған шағында сол қамшыны болмай сұратып алып, ақыры жоғалтып тынды. Содан кейін басталды ғой сұрқылтайлар. Нағашы аталарым Бекболат пен Тасболат аңшы адамдар еді. Саясатпен істері болмайтын, шаруаларын домалатып істеп жүрген пысық азаматтар еді. Біреулердің көрсетуімен сотты болып, бастары бәлеге қалып, ақыры із-түзсіз кетті. Одан әжемнің ұл-қыздары шетіней бастады. Ұлы Отан соғысының мүгедегі әкем Адам соғыстан қатты жараланып, екі бірдей аяғынан айрылып келген жауынгердің шиеттей-шиеттей үйелмелі-сүйелмелі жас баларын аяп, колхоздың қырманынан бір дорба бидай бергізгені үшін бас бостандығынан айрылып, сотталып ол кетті…

МҰРАТ НҮСІПТІҢ ӨСИЕТІ МЕН БАТАСЫ

Қамшы бұл қазақ халқына тән нәрсе. Оның бойында қасиеті де, құдіреті де, киесі мен иесі – Сесі бар. Қазағымның мәңгүрттеніп, судан тиыш, бетегеден аласа болып қалғаны да осы қамшысынан айрылғанының кесірінен. Қазақтан белінен семсері мен қанжары, шаңырағынан қылышы мен найзасы, астынан аты, қолынан қамшысы кетіп еді, Сесі де бірге жоғалды. Сонау Сақтар заманынан қазақ бабам мынау ұлан-ғайыр кең даланы білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған. Аты пырағы болса, тобылғы сапты қамшысы серігі, Сесі болған. Ат айдаса – құралы, аң ұстаса – қаруы, жабырқанса – сырласы, жауға шапса – рухы, дұшпанына – Сесі! Қамшы жүрген жерде оның өрімінде періштелер дұғасы ере жүреді. Сондықтан да ол мұра болып, бабалардан – аталарға, аталардан – әкелерге, әкелерден – балаларға, одан да беріде мына бізге жеткен. Кейінгі ұрпаққа жеткізу біз үшін парыз. Қилы-қилы замандар ағымында қамшы қазақтың керегесінен кетіп, ұмыт бола бастады. Содан Алла Тағалам маған аян түсіріп, осы қамшыны кейінгі буын ұрпақтарымызға жеткіздіртуге жұмсады. Ұрпақтарымыз осы тобылғыдай топ болып өсіп, бірліктері бұзылмасын, елін қорғап, жауына алынбас қамал болсын, қайғылары жоқ болсын, жортқанда Жаратқан Ием жар болсын деп тілеймін!


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы