Ашамайға мінгізу


Скачать/Жүктеу

Ұл бала қара табан болып, жетіге дейінгі жерден жейтін таяғынан құтылып, кез келген қурай мен шыбықты ат қып айнала шаба бастасымен өзі құралпы қыздардан бөліне бастайды. Есіл‑дерті дүзге, малға ауады. Ал қыздар көбелек қуып, қуыршақ жасап, сұлу көрініске үйір болып, үйден ұзамауға тырысады.

Қашан да тағдырын малға сүйрейтін қазаққа осы малды бағу үшін бала керек. Бала болғанда – ұл.

«Бір ұлы бардың бір ру елде малы бар, екі ұлы бардың екі ру елде малы бар. Үш ұлы бардың төрт ру елде малы бар. Бес ұлы бардың төбеден салған жолы бар, алты ұлы бардың алладан басқа несі бар» деп Еркенекті Саршуаш би айтқандай, қазақ үшін баланың көптігі жақсы. Баласы көп болса, той‑томалықты да көп жасайды. Олардың тез ер жетуіне асығады. Бір сөз етпек ашамайға мінгізу осы асығыстың алды.

Ашамай – ердің қарапайым түрі. Ағаштан жасалады. Кеңдігі баланың ауына лайық. Алды‑артында ердің қасы сықылды сүйеніші бар. Үзеңгісі жоқ. Үстінде жұмсақ көпшігі болады. Осыны жуас атқа ерттеп, үстіне баланы мінгізеді. Ауып қалмасын деп басында қол‑аяғын байлайды. Сонан соң тізгінді балаға ұстатып, біреу атты алдымен арқан бойы жерге, онан соң алысқа жетектейді. Сөйте‑сөйте бала атпен өзі жүреді, бір‑екі күннен соң аяғын байламайды. Сонымен айналасы бір жетіде атқа жақындық қанында бар қазақ баласы ашамайды тастай сап ер‑тоқымға мінеді. Үзеңгіге аяғы жетпесе, таралғыға салады.

өмірінің қақ жартысы ат үстінде өтіп, ауы ерде тозатын, қамыт аяқ, қайсар қазақ алғашқы ашамай тойын өткізеді.

Бұл той әр әке‑шешенің шама‑шарқына қарай болады. Байлар ірі‑қара сойып кәдімгідей той жасайды. Кедейлер бүйрегі бітеу, ұлтабары толатындай майы бар лағын сойып, көршілеріне ырым жасайды. Әулеттілер күзде бие ағытып, сірге жияр бергенде құлынға ен салып, ашамайға мінген баласына бәсіре атайды. Жоқтар қолындағы бір биесінің алдыдағы құлынын алдын ала атап қояды.

Қазақ үшін алдымен ашамайға, артынан тай‑құнанға міну ат жалын тартты деген сөз – азаматтың белгісі.


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы