Скачать/Жүктеу
Қоғамдық жұмыстар деп сотталғанның негізгі жұмысынан немесе оқуынан бос уақытында қоғамдық пайдалы жұмысты тегін орындауын айтады. Оның түрлерін жергілікті атқару органдары немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдары белгілейді.
Қоғамдық жұмыстар алпыстан екі жүз қырық сағат мерзімге белгіленеді және күніне төрт сағатқа дейін өтеледі. Егер де қоғамдық жұмыстан қасақана жалтарса, онда ол ҚР ҚК-нің, 45, 46-баптарында көрсетілген тиісті мерзімге бас бостандығынан шектеумен немесе қамаумен ауыстырылады. Мұнымен бірге, сотталғанның қоғамдық жұмыстарды өтеген мерзімі бір күн бас бостандығынан шектеу немесе қамау уақыты сегіз сағат қоғамдық жұмыстарға есептеледі.
Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны сотталғанның тұрақты тұратын жерінде қылмыстық-атқару инспекциясының келісімімен жергілікті атқару органдары немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдары белгілейтін объектілерде қылмыстық-атқару инспекциясы атқарады.
Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза жөніндегі сот үкімі соттың тиісті қарарының көшірмесін қоса қылмыстық-атқару инспекциясына келіп түскен күннен бастап он күн мерзімнен кешіктірілмей атқарылады.
Қылмыстық-атқару инспекциясы: сотталғандардың есебін жүргізеді; оларға жазаны өтеудің тәртібі мен ережелерін түсіндіреді; жергілікті атқарушы органдармен немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен қоғамдық жұмыстардың объектілерін белгілейді; сотталғандардың мінез-құлқын бақылайды; жазаны өтеуден жалтарған сотталғандарды ұстау туралы шешім қабылдайды; олардың атқарған уақытының жалпы санын жүргізеді және сотталғандардың орындаған жұмыстары үшін қаржының тиісті бюджетке уақытында түсуін бақылайды.
Сотталғандар жазаны өтеудің белгіленген тәртібі мен ережелерін сақтауға, еңбекке адал қарауға, өздеріне бөлінген объектілерде жұмыс істеуге және сот белгіленген қоғамдық жұмыстардың мерзімін атқаруға, тұрған жерінің өзгергені туралы қылмыстық-атқару инспекциясына хабарлап отыруға міндетті.
Сотталушыға негізгі жұмыс орны бойынша кезекті демалыстың берілуі қоғамдық жұмыстардың орындалуын тоқтатпайды. Сотталған бірінші немесе екінші топтағы мүгедек деп танылғанда қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа жазасын одан әрі өтеуден босату туралы, ал сотталған әйел аяғы ауыр болған жағдайда оның жазасын өтеуін кейінге қалдыру туралы ұсыныс жасайды.
Қоғамдық жұмыстар уақыты демалыс күндері мен сотталған негізгі жұмыспен немесе оқумен айналыспаған күндері – төрт сағаттан; жұмыс күндері – жұмыс әлде оқу аяқталған соң екі сағаттан, ал сотталғанның келісімімен – төрт сағаттан аспауы керек. Қоғамдық жұмыстар ұзақтығы апта ішінде, әдетте он екі сағаттан кем болмауы керек. Дәлелді себептері болған кезде қылмыстық-атқару инспекциясы сотталғанға апта ішінде жұмыс сағатын азырақ істеуге рұқсат алады.
Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаға сотталғандардың еңбегін пайдаланушы ұйымдардың әкімшілігі сотталғандардың істеген жұмысы үшін бюджетке ай сайын қаржы аударып отырады. Сотталғандардың жасаған жұмысының құны ұйымда қолданылып жүрген бағалау бойынша айқындалады.
Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеуден сотталғанның қасақана жалтарғанына мыналар кіреді: қоғамдық жұмыстарға дәлелді себептерсіз бір айдың ішінде екі реттен астам шықпаса; еңбек тәртібін бір айдың ішінде екі реттен артық бұзса; жазаны өтеуден жалтару мақсатынан жасырынғаны.
Қоғамдық жұмыстарға тарту әскери адамдарға, елу бес жастан асқан әйел адамдарға, алпыс жастан асқан ер адамдарға, аяғы ауыр әйелдерге, сегіз жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге, I, II-топтағы мүгедектерге белгіленбейді.