Скачать/Жүктеу
Мемлекеттік тіл саясатын мемлекеттік билік жүзеге асыратыны белгілі. Алайда, бұл бұқаралық іске айналғанда ғана көздеген мақсатына жете алады. Тек кез келген басшы ғана емес, кез келген азамат тіл тағдырын мемлекет тағдырымен астастыра қарауға үйренуі қажет.
Сондықтан мемлекеттік билік орыңдары тіл саясатын жүзеге асыруда қоғамдық ұйымдармен, саяси партиялармен, мәдениеттік және азаматтық қозғалыстармен кеңінен ықпалдасудың мүмкіндіктері мен жолдарын жан-жақты қарастырулары шарт. Тіл тағдырын тек ақша шешпейді. Тек билік шешпейді. Ақшаны мол шашып, билікті қатайтып, санскрит пен эсперантоны да кеңінен енгізуге болады. Ал, біздің жағдайымызда әңгіме ана тіліміз жөнінде болып отыр. Анасын қадірлемеу қандай хайуандық болса, ана тілі тағдырына енжарлық та адамгершілікке жатпайтын өрескелдік. Бұл отаншылдықпен тікелей байланысты. Елінің тәуелсіздігін ойлайтын адам тілінің кемелденуінен де қолғабысын аямауға тиісті. Бұл ретте қоғамдық қорлар мен ұйымдардың ықпалы орасан зор болмақшы. Олар мұндай нәзік мәселеде мемлекет араласа алмайтын жерлерге де араласа алады. Ол үшін әлгіндей қорлар мен қоғамдық ұйымдар саясатсызданып, таза культурологиялық сипатқа көшкендері ләзім. Тіл мүддесін қорғап, тіл зәруін қамтамасыз етуде тек мемлекеттік орындарға талап қоюшылықпен ғана шектелмей, оларға тиісті қолғабыс жасауға үйренулері қажет. «Тіліміз құрып кетті, құрдымға батып бара жатыр», – деп, көздің жасын көлдете бермей, оның маңызы мен мүмкіндіктерін жан-жақты ашып, әлеуметтік көзқарасына деген сенімді нығайта түсуге күш салған дұрыс. Тілді насихаттау мен үйретуде жеке адамдардың, жанұялардың атқарар қызметін жан-жақты зерттеп, оларды өнікті жүзеге асырудың әдістемесін жасауға ерекше мән бермей болмайды. Шығыстың ежелдегі бір данышпаны: «Дүниені түзеткің келсе, әуелі өзің түзел, сосын балаң мен достарыңды түзе»,- деген екен. Егер ана тілімізге шын жанымыз ашитын болса, оны әуелі өзіміз үйреніп, сосын балаларымыз бен достарымызға үйреткеніміз абзал.
«Азаттықтың ақ таңы» кітабынан.
1997 жыл