Ғабит Мүсірепов «Адамның анасы» (әңгіме)


Скачать/Жүктеу

( Горькийден)
…Менің сол жақ бүйірімнен қара бұлт қаптап, түтіндетіп келе жатыр. Бұлттың салмағы жерге батқандай, жер қайқандап қабағын шытқандай болады.
Қара бұлтгың жап-жалбыр бұйра келеңкесі бауырымен жер сызып, «ә» дегенше көз көрім жерді жауып әкетті… Мен де, қалбаңдап қасымда келе жатқан менің көлеңкем де қара бұлттың кара сұр көлеңкесінің қойнына кіріп кетті…
Күзгі бозғылт бет сары күн көрпеге оранғаңдай, қара бұлттың артына жасырынды да, кірпіктерін жерге шанша қойды…
Жер үстінде адам баласы болудан қасиетті не бар дейсің. Тек қандай адамның баласы болу керек, соны айт. Бұған қосатын бір сөз — адамды езетін адамның баласы болма, адамда езетін адамды адамға да санама…
Әрине, адам өмірінде көп қиындықтар ұшырасады. Онсыз өмірдің өзі де өлімтікпен тең, сұр көлеңке болар еді. Күрес пен күлкі, қайғы мен шаттық, алыс пен жеңіс, жеңіс пен жетіліс болмаса, бұл шіркіннің өзі де тоңған мұз, ұйыған айран емес пе?.. Әңгіме таудай қиындықты тымақтай сілкетін заман жасауда ғой. Жасаймыз да ондай заманды!
- Иә, адам баласы болуға не жетеді дейсің: не көрмейсің, не білмейсің, істегің келсе не істемейсің. Тек істемесең ғана еш нәрсе қызықтырмайды, не қинамайды, не қуандырмайды, не қайғыртпайды, іс табылмайды. Куаныш-шаттыққа да бейжай, шақырылмаған қонақтай ығысып қарап, орнынды таба алмай, кездескен бұтаққа іліге кетесің.
…Менің оң жағымда тырбиған талсымақтың арасында теңселіп келе жатқан көп адамның бастары қылтияды. Терең теңіздің шулаған толқыны бұлардың даусын әрең ғана естіртеді. Бұлар Сухумнан Әшемірге жұмыс іздеп келе жатқан аштар.
Мен бұларды жақсы білем: бірге істесіп, күні кеше есебімді бірге алысқанмын. Бұлардың кейін қалған себебі, күннің шығуын теңіз жағасында көрейін деп, мен түнде шығып кеткем.
Біреуі томпақ бет, сары орамал тартқан жас әйел, басқалары еркек. Әйел буаз, іші тегенедей төңкеріліп, алқымына тіреліп тұрған сияқты. Кәдімгі, күнінде мың көрсең бір қарамай кете беретін жұпыны адам. Нұрсыз көзі бозарып, қорыққан қояндай алайып, ұясынан шығып барады. Басындағы сары орамалы күнбағысқа ұсап, алшаң басып келе жатқанын көріп отырмын. Сухумда оның байы өліп калғанын да білем. Үйткені, мен осылармен бір баракта тұрғам. Орыс халқының жалпақ әдеті бойынша, өмірдегі бақытсыздықтарын талай рет-ақ айтқан. Шуласып келіп сөйлегенде айнала алты шақырымға естіліп тұратын. Бұлар бір жабырқау адамдар. Өздерін өмір бойы қайғы басып, әбден езіп жіберіпті. Туған жерден айдап шығып, күзгі қураған жапырақтай ұшырып, осы жаққа алып келген де сол өмірдің кемтарлығы. Қазіргі күнде ауыр бейнеттің әбден-ақ илегені сонша, барлық дүниеге өгей ұлша қарайды. Еш нәрсеге қуанбайды, қайғырмайды да: олардың ол кездегі еншісінің өзі де сол ғой. Аяныш түрде, қайыршыларша ғана біріне бірі езу тартып:
- Шіркін жер-ақ екен…
- Байлықтың құлағы көрініп тұрғаны-ай…
- Жоқ, тасы көп екен…
- Иә, қолайлы жер емес… — деседі.
Сүйтеді де, өз жерлерін кеңес қылады. Етектей болса да өз жерінді айтсайшы: жеті атадан бергі өлінің сүйегі, тірінің тері сіңген жер емес пе… Өз жерлерін әрі-бері мақтап келеді де:
- Біздікі дейтін жердің өзі осы жердің бетінде қалды ма, жоқ па?
- Осы біз жер бетін түгел біздікі десек қанша қателесеміз?- деп, бірін бірі жеңінен тартып айлалы пішінмен жымиысып тұра қалады. Бұл сұраулары түйінді бір қорытынды секілденіп елестейді.
…Әлгі келе жатқан сары орамалды әйел бір кезде ағаш арасына сүңгіп кеткендей болды. Тамағымды жеп болдым да, шелекшемді беліме іліп, қисық таяғымды қолыма алып, әлгілердің артынан мен де жөнелдім…
Бір бүйірімнен ақырын ғана ыңырсыған адам дауысы келді. Кәдуілгі жаныңды сілкіндіріп, жүрегінді жейтін, адамға ғана естілетін адамның ыңырсуы. Қарасам, бір топ талдың арасын ашып жіберіп, арқасын талға сүйеп, манағы әйел отыр екен. Басын бір жақ иығына салып, екі езуі құлағына жеткендей керіліп, аузы қисайып кетіпті. Көзі ұясынан шығып барады, есінен танып бара жатқан тәрізді. Қайыстай қара қолдарымен төнкерілген ішін басыпты да, адам қорқарлықтай ауыр дем алып отыр.
Төңкерілген іші толқып, бір жоғары, бір төмен түседі. Сап-сары тісі ақсиып, ауыр қиналыста.
- Немене, біреу ұрды ма? — дедім қасына келіп.
- Кет әрі, ұятсыз… Кет! — деп, жалаң аяқтарымен құмды осып, жерді тырналап жатып, басын шайқады.
Түсіне қалдым… Бұрын да бір ұшырасқан жұмысым болатын… Сонда да қоркып, кейін секіріп кеттім. Әйел байғұс қиналып көзінен жасы парлай бастады. Ұясынан шығып бара жатқан көздері жарылып кетейін деп тұрғандай шиыршық атады. Беті күп-күрең болып, долырып кетіпті.
Шәйнегімді, шелекшемді тастай бердім де әйелдің қасына келдім. Шалкасынан жатқыздым да, тізесін бүгейін деп ем, әйел бетіме салып қалды. Сүйтті де, кеудемнен итеріп жіберіп, аюға ұсап қырылдап, әрең бұрылды да, төрт тағандап ағаштың ішіне қарай сүйретіле жөнелді.
- Бұзақы, сайтан… — деді маған.
Бірақ төрт тағандап жүре алмады, қолдары бүгіліп құлай кетті. Бет-аузы құмға кіріп кетті де, аяқтарын ербендетіп, ыңырси бастады. Тезірек жүгіріп келдім де, шалқасынан салып тұрып, тізесін бүктім.
- Жат қимылдамай… Қазір баланды табасың! — дедім. Үйткені қағанағы жарылған екен… Сүйттім де, жүгіріп теңізге барып, білегімді түріп жіберіп, қолдарымды ысып тұрып жудым да, акушерка қызметіне кірістім.
Әйел олай да бүктетіледі, бұлай да бүктетіледі. Отқа жанған талдың қабығындай тоқсан бұралды, сорлы ана. Жерді ұрып, қолына түскен көдені жұлып алып, аузына тыға бастады. Сол кезде дүниеге келе жатқан адамның басы да көріне бастады-ау, әйтеуір. Бақытты ма, жоқ па, әйтеуір дүниеге бір жаңа адам келе жатыр…
Әйел екеуміз аз ғана ұрсысып та қалдық. Әйел тісінің арасынан бірдеңе деп маған ұрсады, мен де ақырын ғана оған ұрсамын. Әйел жанына батқандықтан және еркектен ұялғандықтан ұрсатын шығар деймін, мен әйелдің өзін аяғандықтан ұрсам.
- Құдайы құрғыр-ай… — дейді әйел, тісінің арасынан сыздықгап.
Көкпеңбек еріндерін тістеп алыпты, аузынан қанды көбік бұрқырап жатыр. Күнге күйіп кеткендей бояусыз көздерінен домаланған жас бұршақтай ырғиды. Сорлы ана денесінен дене бөліп, бір адам екіге бөлініп, ауыр бейнеттің ақтық сағатын өткізіп жатыр.
- Кет деймін… Неткен ұятсыз едің… — дейді әйел, әлсіреген қолдарымен мені кеудеге итеріп.
- Ақымақ болма. Баланды табуынды біл! — деймін мен оған кейіп.
Бейшараны қалай аямассың. Жүрегімді ойып бара жатқаны сонша, менің көзімнен де жас бұрқ ете түсті.
- Болсайшы, жылдамырақ! — деппін айқайлап.
… Мінекей, менің қолымда қызыл шақа адам жатыр. Көзім жасқа толып тұрса да, қып-қызыл екенін анық көрем. Туа салып дүниеге риза болмай жатыр: бұлқынады, тырбандайды, жағаласып жүр. Әлі де кіндігінен шешесімен байланысып жатса да, барқырап баж-баж етіп:
- Мен!.. Мен!.. — дейді.
Бәлекет, жылмандап қолымнан түсіп те кететін. Қолыма алыппын да, қуанғанымнан қараппын да қалыппын.
- Кессейші кіндігін!.. — дейді ана, көзі жұмулы жатқан күйі. Көкпеңбек еріндері әрең қимылдайды.
- Пышақпен… кес! — дейді тағы да.
Менің пышағымды барақта біреу ұрлап әкеткен. Сондықтан баланың кіндігін тісіммен қырықтым. Бала бақырады, жаңа ғана сөніп жатқан көздері жайнап, ана күле бастады. Қайыстай қара қолдары қалтасынан бірдеме іздеп:
- Қалтамда бір жіп бар еді… кіндігін байлайтын… — дейді ана күлімдеп.
- Өзің жөнделе тұр, мен баланы шомылдырып әкелейін, — деп баланы ала жөнелдім.
- Ақырын, әй… Ептеп нет… Байқа… Ақырын! — деді ана.
Қолымдағы қызыл адам ептеуді керек ететін емес, жұдырығын
түйіп алып:
- Мен… Мен!.. — дейді барқырап.
- Сен!.. Сен!.. Нығая бер! Болаттай берік, тастай қатты бол! Әйтпесе өз жақындарың-ақ басыңды жұлып әкетеді, — дейім балаға.
Теңіздің езуі көпірген толқынына тосып кеп алғанымда, бала манағыдан кері де басымырақ айғайға басты. Арқасы мен кеудесіне ақырын ғана шапалақтағанымда, көзін тыржитып, тыпырлай бастады.
- Айқайла, көтер көкке дауысынды, қызыл адам! — дейім қызыл адамға.
Қайтып келсем, ана кезін жұмып ернін тістелеп баланың «жолдасына» толғатып жатыр екен. Ыңқылдап жатып:
- Өзіме берші, күнімді! — деді.
- Жата тұр, асықпай!
- Жоқ, берші өзіме!-деп, қалтыраған қолдарымен түймесін ағытып, көкірегін әзірлей бастады. Көкірегін босатуға жәрдем бердім де, баланы анасының жып-жылы бауырына салып ем, біле қойды білем, барылдауын қойып, тыйшыға бастады. Ана баласын қандай таныса, бала да анасын сондай тани қойған сияқты! Бір кезде ащы бір айғайлады да, ана да күліп жіберді.
Ананың сөнген көзі жайнап сала берді. Қуаныш сүю, мейірімділік ойнады ананың көзінде.
- Менің шелекшемді әперші… — деді маған. Шелегін әпердім, ананың бетіне де қан ойнай бастады.
- Енді әрі кет! — деді бір кезде.
- Әуреленбе, мен-ақ істеп тастайын…
- Жоқ, әрі кет!..
Ағаштың ішіне барып жасырына қойдым. Азырақ шаршағандаймын. Бірақ кеудемде бір әдемі құстар ән салып тұрғандай. Ән сондай әдемі, толқын үні мен екеуін жыл бойы тындауға да болатын. Бір кезде әйел орнынан тұрды.
- Әй, неге тұрдың? — дедім.
Қолымен жерге сүйеніп отырып:
- Мына қарашы, сәулем қалай әдемі ұйқтайды, — деді.
- Әрине, баланың бәрі де осылай әдемі ұйқтайды. Күзгі жалқын жапырақтың үстінде ұйқтап жатқаны болмаса, басқа түк айырмасы жоқ.
- Сен, ана, азырақ жата тұр. Қазір тұруға болмайды, — дедім әйелге.
- Жоқ… Тезірек тұрып әлгілерге жетпесем бола ма…
- Қайда? Әшемірге ме?
- Ие, сонда. Жолдастарым бірталай жерге барып қалған шығар. Тезірек қуып жетейін…
- Апырмау, сен жүре аласың ба?
- Жүрмегенде қайтем?.. Оларға жетпесем болмайды. Жұмыстан қалайын ба?
Ана тал түбіне жұдырығын түйіп жатқан кызыл адамға мейірімді көзінің барлық нұрын төгіп қараған сайын бетіне қан жүгіреді. Ананың нұрлы көзі баланы ақырын ғана, еркелетіп қана сипағандай болады. Таңертеңгі тымықта күннің көзі ғана осылай сипай алады дүниені.
Бұтақ теріп от жақтым да, тастан жерошақ жасап, шай қайнаттым.
- Ана, қазір саған шай ішкізем.
- Шын ба? Жақсы болар еді, кеуіп қалдым білем.
- Сені әлгі жолдастарың неге тастап кетті?
- Тастап кетуші ме еді… Өзім қалдым. Өздері азырақ ішіп алып еді, жақсы болды. Әйтпесе олардың алдында қалай босанар едім?..
Осыны айтты да, ұялды білем, білегімен бетін жапты.
- Бұл бірінші балаң ба?
- Иә, бірінші балам. Сен кімсің?
- Мен бе, адаммын-ау дейім…
- Әрине, адамсың? Қатының бар ма еді?
- Жоқ. Әзір реті келмей қойды…
- Өтірік айтасың.
- Неге?
- Ендеше қатын жұмысын қайдан білесің?
- Оқып едім. Студент дегенді білетін шығарсың?
- Неге білмеймін, біздің поптың баласы да студент еді, поп болам деп оқып жүр.
- Мен де солардың бірі… Жарайды, су әкелейін.
Ана баласына қарады да, дем ала ма екен деп құлағын салып тындады.
- Жуынар едім… Су таныс емес: неткен су өзі… әрі сортаң, әрі ащы…
- Осы суға шомыл. Бұл нағыз денсаулыққа пайдалы су… — дедім.
- Қой әрі!
- Рас, әрі жылы болады.
- Сен бірдеме білетін шығарсың…
Мен суға келдім. Тастан тасқа секірген толқындар жалын жалбыратып, сынаптай ойнап, ән салады. Күзгі алтын жапырақтар толқыңда қалқып, алтын жаз ақтық күндерін шаттықпен өткізейін дегендей-ақ сағымданып, сылаң қағады…
Қайтып келе жатсам, ана жан-жағына қаранып, тастан тасқа еңбектеп барады екен.
- Әй, не істеп жүрсің?
Әйел отыра қалды да, бірдемені жасыра бастады. Түсіне қойдьм.
- Маған бер, мен көміп тастайын…
- Айналайын-ай, көмбеуге болмайды ғой. Дұрысында моншаның табалдырығына көму керек еді… — деді.
- Бұл араға жақында монша салынбайды.
- Сен ойын қыласың, мен қорқам… Аң жеп қойса қайтем?.. Баланың жолдасын жерге беру керек қой, — деді.
Мойнын бір жағына бұрып отырған күйі ап-ауыр бірдемені маған беріп жатып:
- Тәңір жарылғасын, тереңірек көм, баламды аясаң… — деді ұялған дауыспен.
Жұмысты бітіріп, қайтып келе жатсам, ана теңізге шомылып келеді екен. Үсті-басы су, көйлегі бар жағына қисайып кетіпті. «Шіркінде аюдың күші бар шығар!» деп ойладым.
Балмен, қайрақтай болып қатып қалған қара нанмен шай іштік.
- Оқуды тастағансың ғой, сірә? — деді әйел.
- Иә, тастадым…
- Арақ ішесің ғой?
- Иә, өлгендей ішетін едім…
- Өй, мен сені Сухумда көрген екемін-ау? Бастықпен тамаққа таласып жаттың ғой бір күні… Сонда-ақ ойлап ем, бәлекет, бір ешкімнен қорықпайтын маскүнем екен деп…
Сүйтті де баласына қарап:
- Апырмай, балам өліп қалмас па екен?.. Сен жәрдем бердің, көп жаса… — деді.
Шайды ішіп болып, мен «мүлкімді» жинап жатқанымда әйел жерге қарап қалғып отыр еді. Бір уақытта көзін ашып, орнынан тұра бастады.
- Жүрейін деп отырмысың?
- Иә!
- Ау, абайла, ана!
- Жоқ, жүрем. Жолдастарыма жетем. Баланы маған әперіп жібер.
- Мен көтеріп жүрейін.
Ана бергісі келмейді. Азырақ таластық та, аяғында баланы мен көтердім.
- Апырмай, құлап түспесем… — деп ана қолын менің иығыма артты.
Россия жеріне жаңа келген, тағдырының беті ашылмаған қызыл адам менің қолымда жатып, мардамсып мұрнын тарта түседі. Теңіз жағасын сабалап, ағаш шуылдап, өзен суы сыңқылдай түседі. Жас босанған жас ана, жаңа қырық бұрап, өзегін үзген бейнетті елең қылмастан Әшемірдің ауыр жұмысына тартып келеді. Жүрген сайын көздерінен махаббат төгіп, жас бөбегіне қарап қояды.
- Дүниенің шетіне дейін осылай жүре берсем, ұлым еркін дүниеде өссе, жүруге шаршамас едім-ау! Адамның анасы болу қандай жақсы! Жүрегім қуаныш төгіп, нұр шашып келе жатқанын қарашы! — деді ана, бір жерде тұра қалып…
Теңіз қатты тулайды. Қара бұлт найзағай шашып, бұршақ төгуге әзір тұр. Менің қанатым керіліп, өрісім кеңіп, құрметті ананың ұлына қарап:
- Сен, қызыл адам, тез ер жет! Қатты айқайла, дүние естісін!- деймін.
Бұл уақиға әлдеқашан болды. Бірақ ананың құрметі қашан да жаңа ғой.
ӨЛІМДІ ЖЕҢГЕН АНА
( Горькийден)
Мақтасақ — әйелді мақтайық та, құрметтейік те әйелді. Әйел — ана, барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, көзді бұлақ емес пе!..
Азияның ақсақ барысы Темір жер бетін қанға бояп, ойды қырға теңеп, жоннан жол салып, жер шарын асықтай үйіргісі келген адам. Бұл, сансыз елді өзіне бағындырып, шексіз жерді қанға суарған, айбатынан ай жасырынған Темір.
Ол елу жыл жалғанды жалпағынан басып, өзінен өзгеде күш барын сезген де адам емес. Темірдің темір өкшесі талай қаланы молаға, талай елді далаға айналдырды. Талай мемлекетті балшықтай жаншып, шалшықтай шашып жіберді. Пілдің шойын табаны құмырсқаның илеуін қалай тапаса, бұл одан да асырды. Оның жүріп өткен жерінен төрт жағына түгел аққан қан өзендері сай-саланы топандай басты. Жеңілген елдің сүйегінен биік мұнаралы минарет, сарайлар салдырды.
Темір ажалмен күш теңестіріп, өмірді талқандады. Өзінің жалғыз ұлы Жәңгірді ажал алғанын кектеп, ажалға талай жерде қамшы соғып, қармысын қайтарды. Ол ажалдың күнбе-күн алып тұратын құрбандығын тартып алғысы келді. Содан кейін қайғыға булығып, арып-талып, ажалдың өзі де аштан өлсін деді.
Жалғыз баласы Жәңгір өлгенде Самарқан халқы от түкіріп, қан қақырған арыстанын қаралы қошаметпен қарсы алған ғой. Өлім егіп, өлімтік орған, айналасына у шашқан ақсақ арыстан қара мен кектен ғана киініп, ішін жалын өртеп, шер кернеп шыққан еді.
Отырарда өліммен ұшырасып, ұлын берген сағаттан бастап, отыз жыл бойы Темір бір рет езу тартқан емес-ті… Сол ұшырасқанда өлім оны жеңіп, өзім өлсем дүниеге у шашарым болады деген ұлын тартып алған-ды. Содан бері қабағына қырау, мұртына мұз қатқан ашулы Темір еріндерін тас жұмып алып, ешкімге басын иместен келе жатқан. Содан бері отыз жыл бойы Темірдің жүрегі адам баласын аяу дегенге, адам баласын сүю дегенге мүлде жабылып қалған! Ол адам баласын өлім орағымен орудан басқаны іс деп те санауды қойған.
Дүниеде әйелді құрметтеп, әйелді нұрға бөлейік те! Әйел — ана, дүниедегі жалғыз күш қой: оның алдында Азияның айбарлы арыстаны Темір де, Темірді жеңген өлім де басын иеді!
Бағдад пен Шамды талқандап, емшектес Сыр мен Әмудариадан Ертіске төнген, Азияның етегін алып жатқан Қытайға шабуыл жасаған, Шыңғыстан кейін Азияны құшағына тұтас сыйғызам деген, қанды көзінен от шашқан Темір, ит үруін, бала жылауын тоқтатқан Темір осы Ақсақ еді. Әңгіме осы Ақсақ барыс жайында!..
Темір Қанығұл деген әдемі алаңында сайрандауға шықты. Үйткені ол далаға шықса, қай жаққа өлім себу керектігін көзімен көргендей болып қайтатын еді. Айналаға көз жіберіп, жердің етегіне дейін көргісі келді. Темірдің көзі жететін жердегі адам баласының бәрі де, тышқанға ұсап, індеріне кіріп кетіп еді. Сондықтан, Самарқанның көк майын мұнараларынан басқа еш нәрсе керінбеді. Алғашқы екпінмен «өрте Самарқанды!» деген әмір бергісі келіп тұрды да:
- Жоқ, Самарқандағы көк мойындарды адам сүйегінен салдырғам! Өртемеймін! — деді ішінен.
Алаңға тігілген бес мың ақ шатыр, бәрі де дөп-дөңгелек, ақ қызғалдақ, ақ гүл секілді. Бәрінің төбесінде де бір-бір жалау Темірге табынып, басын иіп тұр. Бәрінің ортасында Ақсақ Темірдің ала шатыры — алып ордасы тұр. Бұл төрт бұрышты, айналасы жүз қадам, үш найза бойы биіктігі бар күмбез. Ортасында он екі алтын баған. Төбесінде көкпеңбек мұнара. Сары, қара, көк жібектен қиюластырып жасалған ала шатыр. Кім білсін қанша әйел, қанша уақытта тоқып шығарғанын? Шатырды бес жүз қызыл баумен жерге таңып тастапты. Әйтпесе, жер тәңірісі Темірдің ала шатырын жел ұшырып әкету де мүмкін емес пе…
Шатырдың төрт бұрышында төрт күміс қыран. Ортасыңда, көк күмбездің дәл ортасында, биік тақта, ешкімге жеңгізбеген, жеңгізбен де деген бесінші ақиық Аксақ Темір көрегеннің өзі отыр.
Темір аспан түсті көк жібектен киінген. Үсті-басы от шашып, жалын жалап тұрған інжу тастар… Бұл тастар оның үстінде бес-ақ мындай екен! Қаһарынан қар төккен аппақ басында ақ бөрік. Бөркінің шошақ төбесінде жұдырықтай қып-қызыл жақұт. Темірдің қып-қызыл көзі дүниені жалмап, жалт-жұлт етеді. Қанды көзі қан шашып, төңкеріліп қояды.
Ақсақтың жүзі қан қатқан, тот басқан жалпақ алмас пышақ секілді. Ол мың рет қанға батып шықты ғой. Сондықтан қаннан қалған тоттың ізі ап-айқын. Қысық көздері дүниенің асты-үстін түгел көріп тұрғандай: жалт еткенде, бриллиант жалт етті ме деп каласың. Құлағында Цейлонның қып-қызыл жақұтынан жасалған қос сырға, сұлу қыздың ерніндей қызарып, Темірдің қатпар бетін сүйіп тұрғандай.
Осы күні дүниеде жоқ кілемдердің үстіне арақ құйған үш жүз алтын бокал. Өмірді талқандап, өлім себуге құмартқан Темір сардар, бектерімен бірге сарайында отыр.
Темірдің арт жағында әнші-күйшілер, қатарында ешкім жоқ. Аяғында, ең жақын ақсүйек туғандары, сұлтандар, байбатшалар, әскер бастықтары отыр. Бәрінен де патшаға жақынырақ мас ақын Кермене отыр. Кермене дүниені талқандаған Темірдің:
- Уа, Кермене! Егер мені сата қалса, сен қанша беріп алар едің? — деген сұрауына, беті бүлк етпестен:
- Жиырма бес әскер берер едім, — деген ғой.
- Е, жиырма бес әскер менің мына белбеуімнің ғана құны емес пе?-деп, таңданған Темір ақырғанда:
- Жиырма бес әскерді сол белбеуің үшін ғана берем! Белбеуге ғана… Әйтпесе, сенің өзің қара күрешке керегің жоқ адам емессің бе! — деп тағы бір басып қалған ғой шынды сүйетін ақын Кермене.
Міне, ақын Кермене патшалардың патшасы саналған, жер жүзіне өлім, өлімтік орған Темірге осылай деген! Жауыздықтың, өлімнің, қауіп-қатердің түпсіз бұлағы Темірден тайсалмағаны ғой, шіркіннің! Мақтайық та, құрметтейік те, осындай шындықтың досы болған ақынды! Бұлар қашан да Әмір Темірден жоғары!
Құрметтейік, көтерейік, әдемілеп, көркем түрде шындықты айтқан ақындарды. Оларда шындықты айтудан басқа бағынатын құдай, табынатын тәңірі болмасын!
Сонымен ойын қызып, шаттық билеген байбатшалар майданда аққан қан өзендерінің тереңдігін өлшесіп отырды. Музыка ырғаландап, патша шатырының алдында халық ойыны басталды. Ыңырсыған қалың елдің қайғысын табанға тапап, аз ғана топтың шаттығына айналдырды. Өлімнің ордасы Темірдің қанды қабағын ашамыздеп, күлдіргіштер лақтай секірді. Өмір иесі адам баласын қалай өлтірудің әдісін көрсетіп әскер де ойнайды.
Ақсақ барыстың адамдары қорыққаннан қуанып, арақ пен қымызға барлық қылмысты тұншықтырып отырған бір кезде Темірдің құлағына ашынған бір дауыс келді.
У-шу, айғайды, күйшілердің күйін, әншілердің әнін қақ жарып, Темірдің құлағына ілеккен дауыс әйел даусы еді. Ұя басар бүркіттің тәкаппар даусы Темірге айқын естілді. Темір өліммен алысқанда өлім оның бетіне дақ, жүрегіне дық салған ғой, сондықтан мына дауыс оған таныс көрінді.
- Даусында өлім көлеңкесі елестеген неткен адам? Шақырыңдаршы! — деді Темір мұрньша қан иісі келгендей жан-жағына алақтап.
- Қайдан екені белгісіз бір әйел пайда болды. Үш арысты билеп тұрған арыстан, сізді көрем деп бой бермей тұр! — десті қасындағылары.
- Арапша сөйлейді. Үсті-басы кір, шаң. Өзі есалаң болса керек… — десті біреулері.
- Әкеліңдер! — деді Темір өз сезіміне ғана бағынып.
Сонымен Темірдің алдына жалаң аяк, үстіндегі барлық лыпасы далба-дұлба әйелді алып келді.
Қара шаштары тарқатылып, жалаңаш көкірегін жабуға кеудесіне түскен, беті шойындай қап-қара. Бірақ жасымаған көзі от шашып, әмір етіп тұрғандай. Қап-қара қолдарын Темірге созғанда бір қалтырамады.
- Баязит сұлтанды жеңген сен бе? — деп сұрады әйел салған жерден.
- Иә, мен. Мен талайды жеңдім. Жеңгенімнің ішінде о да бар. Жеңуден әлі шаршағаным да жоқ!.. Сен келген жұмысың не еді, соны сөйле! — деді Әмір Темір сазарып.
- Тында! — деді әйел. — Сен не істесең де адам ғанасың. Ал, еңді мен-ана! Сен өлімге кызмет етесің, мен өмірге қызмет етемін. Сен өлім шашасың, мен өмір шашамын. Дүниеге адам әкелем, білдің бе? Сондықтан мен сені адамға санамаймын да.
- Мен ешкімнің қалай саналуымен есептесіп көрген де емеспін, есептесе алмаймын да! Жұмысынды айт, әйел! — деді тәкаппар Темір.
- Тында, елімнің егіншісі Темір! Сен менің алдымда қүнәлысың. Менімен есептеспей тұра алмайсың да. Менің алдымда күнәңды жусын деп келдім. Сенің бағынғаның «Күш әділдікте!» деген ұран дегенді айтты. Мен бұған иланбаймын. Бірақ сен маған еріксіз әділ боласың. Үйткені мен — ана! Сен өлім сепсең, мен дүниеге өмір себем. Сені жеңем! Сондықтан сен маған әділ бола аласың! — деді.
Темір патша да мұны ұғарлық данышпан еді. Шығыстың салқын данышпандығын алмады дейсің бе, әйелдің сөзіндегі батылдық пен күштілікті де сезіп:
- Өзің отыршы, сезінді тындағым кеп барады, — деді.
Әйел байбатшаларды етегімен сырып, қақ жарып барып кілемнің үстіне отыра кетті. Қай жерге қалай отыруды өзі тандады. Үйткені отырғандарды адамға санамады да. Сонан соң сөзін бастады:
- Мен Салерно деген жерден келдім. Ол алыс жер Италияда. Сен білмейсің. Сенің қанды тұяғың ол жерге жеткен жоқ. Бірақ онда да сен секілді өлім егуші толып жатыр. Әкем балықшы еді, байым да балықшы. Байым бақытты еді: үйткені оны бақытқа бөлеген еңбек пен мен ғой! Одан соң, жалғыз бір ұлым бар еді. Ол жер бетіндегі адамның ақылдысы, сұлуы болатын еді,-деді.
Сол кезде:
- Менің Жәңгірімдей екен ғой… — деді Темір патша ақырын ғана күрсініп.
- Жоқ, жоқ! Нағыз сұлу, нағыз ақылды бала менікі еді. Сенен туған бала, адам баласының өкінішін ақтай алатын ба еді! — деді ана әйел тіксініп. — Теңіздің жағасында отырған бізге талаушылар келгенде ұлым алты-ақ жаста еді. Талаушылар әкемді де, байымды да, тағы да көп адамды өлтіріп, ұлымды тартып әкетті. Өмірді талаушы сенің жолдастарың қайда болса да толып жатыр. Міне, енді сол ұлымды жер бетін шарлап, іздеп жүргеніме төрт жыл толып барады. Ұлым қазір сенде екен, оны анық білдім. Үйткені, әлгі талаушыларды Баязит сұлтанның әскері ұстапты. Баязитті сен жеңіп алдың да, қолында барын түгел тартып алдың ғой, соның ішінде менің ұлым да бар. Ұлымның казір қайда екенін сен білесің. Өзіме қайтарып беруге міндеттісің! — деді.
Ана осыны айтқанда, өздерін данышпан санайтын бай-батшалар күлісіп:
- Байғұс, жынды екен… Есінен танған ғой, — десіпті.
Жалғыз Кермене ақын ғана анаға күлмей қарайды да, Ақсақ Темір ғана танданып отырады.
- Бұл ана болғанда да ақылдан танғандай ана екен! Болсаң бол! — дейді Кермене ақын. Ал, енді өмірдің дұшпаны, өлімнің егіншісі Темір былай депті:
- Әйел! Сен мен білмейтін елден неғып келдің? Арада тау бар, тас бар, өзен бар, теңіз бар, ит мұрны өтпейтін қалың орман бар, олардан қалай өттің? Жүгірген аң, ұшқан құс саған қалай тимеді? Қанша ел — адам бар. Адам аңнан да жауыз, олар сені қалай аман жіберді? Адамның күші біткенше жолдас болатын бір нәрсе — қару. Сенде о да жоқ. Қалай бұл жерге аман жеттің? Осының бәрін айт. Соңда ғана мен тандануды қойып, есімді жиям. Сонда ғана сені түсіне алам. Айтшы, тезірек! — дейді.
Құрметтейік, көтерейік те әйелді! Ана әйелді құрметтейік! Оның сүюі таусыла ма, бүкіл дүние соның емшегін еміп, ер жеткен емес пе? Адамда не қасиет болса, бәрі күннің көзі мен ананың сүтінен алынған қасиет. Ананың құрметі әлі жеткен жоқ!
Әйел Темірге былай депті сонда:
- Мен бір-ақ теңізге ұшырадым. Онда арал да көп екен, балықшы да көп екен. Адамды айуандай сорған сен секілді патшалардан қашкан адам тамағын теңізден тауып жүр. Балықшы болса қайықта болады ғой. Сүйген ұлыңды іздесең жел артыңнан шығады, теңізден қайықпен өттім… Ал, енді өзенге көп ұшырастым. Теңіз жағасында өскен анаға өзеннен өту қиын ба? Тау дейсің ғой? Тауды мен елең де қылғаным жоқ, байқағаным да жоқ! Орман отын бергеннен басқа тоқтау қылған жоқ! — дейді.
Мас Кермене шыдамай:
- Мұндай анаға тау деген жазық болып кетпей тұра ала ма? -дейді шынымен.
- Аю, қабылан, арыстан, басын жерге салбыратқан тағы өгіздер көп ұшырады. Көзі сенің көзіне ұқсап оттай ойнап, өлім шашып тұрған барыс та екі рет маған қарап тұрды. Бірақ әрбір аңнын жүрегі бар емес пе? Олармен осы сенімен сөйлескендей сөйлесіп жүрдім. Қанішер андарды, қан ішкіш патша, сенімен салыстырғаныма ашуланба! Олар да менің ана екенімді біліп, иланды: ауыр күрсініп, мені аяп жөндеріне жүре берді. Аңның да баласын сүйетінін сен білмейтін бе едің?-дейді әйел Темірге төніп.
- Солай, әйел! — дейді Ақсақ Темір басын изеп. — Андар адамнан көрі де өз баласын артық сүйеді. Ең қатты жауыздық адам баласынан шығады деген қорытындыға менде келдім… — дейді Темір, жаңа бір дүниені көргендей ойға батып.
- Адам деген бала ғой. Үйткені ананың жанына көз салсаң жүз есе бала, адам қашан да анасының баласы. Әркімнің анасы бар. Сен шал, білесің бе, сені де әйел тапты. Сен құдайдан бас тарта аласың, ал енді анадан бас тарта алмайсың, шал! — дейді әйел.
- Солай, әйел! — дейді Кермене ақын қорықпастан-ақ. — Өгізді қанша жинасаң да бұзау таппайды. Күнсіз гүл өспейді. Сүюсіз бақыт жоқ. Әйелсіз сүю жоқ. Анасыз ақын да болмайды, батыр да болмайды! — дейді.
- Бер баламды өзіме қайтарып! Үйткені мен анамын, баламды сүйемін, — дейді әйел тұп-тура Ақсақ барыс Темірге.
Бас иейік те, құрметтейік те ұлы адамдарды тапқан ананы! Аристотельді де, Фирдоусиді де ана тапты. Ескендір мен соқыр Гомер де ананың баласы. Бәрін де дүниеге жетектеп әкелген ана. Ананың ұлы орны қашан да өзінікі!
- Мен тәңірі құлы Темірмін, тиісті сөзді ғана айтам! Мен көп жасқа келдім. Менің табанымда қара жер де ыңырсиды. Мына Қолыммен өлім құрбандығын баудай түсіріп жүргеніме отыз жыл болды. Неге бүйтесің дейсің ғой, оны да айтайын: мен патша, алдымен осыны білем. Патшаның патшалығы неғұрлым кең болса, солғұрлым оның өзі де ұлы патша. Мен өзімнің патша екенімді танысам, патшалығымды кеңейте беруім керек. Әйтпесе мен қандай патшамын? Сондықтан мен мемлекет алып, өзіме ел бағындырам. Бұл — бір. Екінші, өлім менің ұлым Жәңгірді алып, жүрегімнің күнін сөндірді. Сондықтан өлімнің күнбе-күнгі құрбандығына арнаған адамын тартып алып, кегімді алып жүрмін. Менімен патшалық үшін, ел үшін көп адам алысты. Бірақ адам үшін ешкім алысып көрген жоқ. Адам деген кім? Менің жолымда неге тұрады? Мен оны білмеймін. Баязит сұлтанды жеңіп алғанымда:
- Құдайға мемлекет, адам дегенің түкке тұрмайды екен… Көресің бе, құдай мемлекет пен адам баласын, сені мен секілді адамға беріп қойды: сен соқырсың, мен ақсақпын деген Темір — мен болатынмын. Баязитті шынжырлап менің алдыма әкелгенде, мен осыны айттым. Баязит шынжырдың салмағынан жаншылып, майысып тұра алмады. Бакытсыздыққа ұшырап, өмірдің құлаған молаға шыққан жусанындай ащы уын татып тұрған Баязиттің көзіне қарап тұрып мен осылай дегем.
- Мен тәңірі құлы Темірмін, тиісті сөзді ғана айтам! Міне, менің алдымда әйел отыр. Бұл әйел бүгінге дейін өзім білмеген сезімді қозғап, мені жеңіп барады. Бұл әйел менімен адамша сөйлесіп отыр, өтінбейді — бұйырады. Бұл әйелдің неге мұнша күшті екенін түсіндім деп ойлаймын. Бұл өмірдің иесі, бұл ана, бұл ұлын сүйеді. Ұлын сүюі, ол ұлы өмірдің бір ұшқыны ғой. Кім біледі, мүмкін, ол ұшқыннан әлденеше ғасырға кететін жалын туар. Мүмкін, жерді жылытып, бақыт себетін адам болар… Мен жерге өлім егіп, қанмен жақсы суардым. Жер қазір майы сорғалап тұр, қыртыстанды. Енді семіз жерге бақ екпей, бақыт егетін адам керек шығар…
Дүниені жалмап, адам баласына топандай тиген, тәңірімен таласқан Темір тағы да көп ойланып отырды да:
- Мен тәңірі құлы Темірмін, тиісті сөзді ғана айтам. Үш жүз салт әскер, казір жердің төрт бұрышын аралауға аттансын. Тапсын олар мына әйелдің ұлын! Әйел осында күте тұрады. Мұнымен бірге мен де күтіп отырам. Кімде-кім мұның ұлын атқа мінгізіп әкелсе, ол шын бақыттың дәмін татады. Солай ғой, әйел? — дейді.
Әйел бетіне түскен қара шашын кейін сілкіп тастады да:
- Солай! Осыны істе! — деді азырақ езу тартып.
Сол кезде, әлгі айбатынан ай жасырынған қаһарлы шал — ақсақ Темір орнынан тұрып, әйелге басын иді…
Қуанышты Кермене ақын шаттанып:
- Гүл мен жұлдыз жайындағы өлеңнің бәрі сүю жайындағы өлең болады. Майдың айын, көктегі күнді айтсаң, бұ да сүю жайындағы өлең болады. Бірақ адамның анасы, өмірдің мықты бәйтерегі ана жайындағы өлең әлі айтылған жоқ! — дейді.
- Солай, Кермене! — дейді Темір де.
Барлық байбатшалар жаңа ғана сықақтап күлген әйелге қарап «ана!» деп танданды да қалды.
Бұл шындық қой. Үйткені қай анадан сұрасаң да:
- Біз өлімнен күштіміз: біз дүниеге ақын да, ақылды да, данышпан да, ер де береміз. Өлім адам баласын құртуға тырысса, біз оны жеңіп, адам баласын кебейттік! — демей ме!..


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы