Скачать/Жүктеу
Microsoft Excel – мәліметтердің екі өлшемді кестелерімен жұмыс істеуге арналған. Электрондық кестелер құруда келесі қадамдар орындалады:
- мәліметтерді (мәтіндік, сандық, формула) енгізу;
- редакциялау;
- пішімдеулер жүргізу;
- қағазға басу (жариялау).
Электрондық кестелердің негізгі ұғымдары. Microsoft Excel программасы Windows жүйесінде программаларды іске қосудың және жабудың тәсілдеріне сәйкес іске қосылады және жабылады.
Сурет 6 MS Excel терезесінің негізгі элементтері
MS Excel құжаты Жұмыс кітабы (сурет 6) деп аталады. Жұмыс кітабы әрқайсысы бір электрондық кестеден тұратын Жұмыс беттерінен тұрады (255-ке дейін жұмыс беттері болуы мүмкін). әрбір жұмыс бетінің атауы бар, ол бет жарлығында орналасады. Бет жарлықтарына тышқанмен түрту арқылы олардың бірінен-біріне көшуге болады. Беттің атауын өзгерту үшін жарлығына екі рет қатарынан түртіп, жаңа атау теру керек. Жұмыс беті жолдар мен бағандардан тұрады (256 бағанға, 65536 жолға дейін болуы мүмкін), жолдар реттік сандармен, бағандар латынның бас әріптерімен нөмірленеді.
Ұяшық және оның адресі. Баған мен жолдың қиылысуында орналасқан элементті ұяшық деп атайды, ұяшық – мәліметтерді кестеде сақтаудың ең кіші элементі. әрбір ұяшық өзі қиылысуында орналасқан баған мен жол атауларынан тұратын адресімен анықталады, мысалы – А1, DЕ234, F9. әрбір мезетте белгілі бір ұяшық активті болып табылады, ол қою қоршаумен ерекшеленеді.
Ұяшықтар диапазондары. Диапазон – іргелес ұяшықтарда орналасқан, формулаларда оларға біртұтас элемент сияқты қатынасатын мәліметтер тобы. Жолдағы немесе бағандағы диапазондарға олардың алғашқы және соңғы адрестерін көрсету арқылы қатынасады, мысалы: А1:А15, А1:G1.
Тік төртбұрышты диапазонға жоғарғы сол төбе мен төменгі оң төбенің адрестерін көрсету арқылы қатынайды, мысалы А1:С15.
Кестеде баған, жол, ұяшықтарды және ұяшықтар диапазондарын ерекшелеу. ЭК –де ерекшелеулерді жүзеге асыруға болады:
1) бағанды ерекшелеу үшін қажетті баған тақырыбы аумағына тышқанмен түрту керек;
2) жолды ерекшелеу үшін қажетті жол нөмірі орналасқан ең шеткі жол аттарына тышқанмен түрту керек;
3) ұяшықты немесе диапазонды ерекшелеу үшін тышқанды (немесе жылдам ерекшелеу үшін SHIFT және курсорды жылжыту батырмаларын) қолдану керек;
4) егер іргелес емес бірнеше ұяшық диапазондарын ерекшелеу қажет болса, мысалы А1:А5 және С1:С5, онда А1:А5 ерекшелеп, сонан кейін CTRL батырмасын басып отырып екінші С1:С5 диапазонын ерекшелейді;
5) жұмыс бетін ерекшелеу үшін бағаналар аты мен жол нөмірі орналасқан жол мен бағанның қиылысуында кестенің сол жақ жоғарғы шетіндегі ұяшықты тышқанмен түрту керек.
Кестеге мәліметтер енгізу. Кестеге мәліметтердің әртүрлі түрлерін (мәтін, сан, дата, формула, функция, т.б) енгізуге болады. Ол үшін қажетті ұяшықты активтендіріп не тікелей пернетақтадан ұяшыққа теру арқылы, не формула жолын активтендіріп теруге болады. Мәліметтерді енгізуді жеңілдету және жылдамдату үшін
- бар мәліметтерді көшірмелеу арқылы;
- автотолтыру (автотолтыру маркері арқылы);
- прогрессиялы толтыруды
қолданады.
MS Excel-де есептеулер. Есептеулер формулалар және функциялар аппараттарын қолданады. Формула – сандық тұрақтылар, ұяшықтарға сілтемелер, функциялардың математикалық операциялар арқылы байланысқан өрнектері. Формуланы құру (=) теңдік белгісін енгізуден басталады. Формуланы құру кезінде қиындықтар кездессе, онда Функция Шеберін қолдануға болады. Мұнда Автоқосындылау командасы да бар. Берілген бағаналар немесе жол ұяшықтарын ерекшелеп (кез келген ұяшық диапазонын) «Автоқосындылау» батырмасын басу қажет.
Ұяшықтарға сілтемелер. Формулада ұяшықтарға сілтемелер, яғни есептеуде қолданылатын ұяшық адрестері болуы мүмкін. Демек есептеу нәтижесі басқа ұяшықта орналасқан мәнге тәуелді, ол мән өзгерсе, нәтиже де автоматты түрде қайта есептеледі. Сілтемелер салыстырмалы, абсолютті және аралас болуы мүмкін. ‡нсіздікте салыстырмалы сілтеме қолданылады, яғни формуланы көшірмелегенде сілтемелердегі адрестер алғашқы ұяшықтың және көшірменің орналасуына сәйкес автоматты өзгереді. Көшірмелеуде ұяшық адрестері өзгермеу үшін абсолютті сілтеме қолданылады, ол жолдың немесе бағанның аты алдына (аралас сілтемеде) немесе екеуінің алдына да $ белгісін қоюмен ерекшеленеді.
Графикалық мәліметтерді көрсету. Сандық мәліметтерді графикалық пішімде көрсету үшін сызықтар, жолақтар, секторлар, диаграммалар және басқаларды, сонымен қатар олардың біріктірілген вариацияларын қолданады. Бұл мүмкіндіктер Диаграмма шебері нұсқауларымен жүзеге асады.
Excel – дегі кітап оның беттерін көркемдеуге ерекше көңіл бөледі. Мұндай мақсаттар үшін сандар және мәтіннің, түс және стильдің, шрифт және т. с. с. пішімдерін қолданады.
Excel тек мәтіндік және графикалық жүйелермен ғана «достық қарым — қатынаста» емес, сонымен қатар мәліметтер қорын басқару жүйелерімен негізгі әрекеттерді қолдайды. Қазіргі кезеңдегі электронды кестелер (Excel, QuattroPro, Lotus) интегралданған программалық жүйелер болып табылады. Сонымен қатар оларда басқа программалық жүйелерден мәліметтерді импорттау және экспорттау аппараттары жақсы дамыған.
Сонымен қатар Excel мүмкіндіктерін кеңейтетін арнайа құралдар – қондырғылар бар. Олар – Талдау дестесі, Автосақтау, Шешім іздеу, т.б.
MS Excel процессорында жұмыс істеу негіздеріне арналған да көптеген арнайы әдебиеттер, оқу құралдары болғандықтан шолу қысқаша жүргізіліп, терең меңгеру тәжірибелік сабақтар құзырына жүктелді.