Скачать/Жүктеу
ЖАҢА САПАЛЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛДІ
Әдебиетші емеспін, бірақ метафоралық ұғымның арғы астарын жақсы түсінемін. Бәлкім, оны көпшілігіміз айта беретіндей, көңілдің көк дөненіне теңестіргендігіміз жөн болар. Иә, қалай дегенде де, туған еліңнің бұрын-соңды бастан кешпеген даму үрдісіне күн сайын куәгер болып келе жатқан соң арғы жағынан түйдектеліп келіп қалған ой ағыстарын іркіп қалу да оңайға соқпайды екен. Оңайға түспейді дегенде айтпағым, бұл әлдебір қиялдан туған немесе қолдан иіп әкелген жанама түсінік емес. Және табан астынан адам естімеген жаңалық та қайдан табыла берсін. Қарапайым мысалға жүгінейін, жақында Президентіміздің бастамасымен дүниеге келген «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдің алдыңғы қатарлы оқу орнын бітіріп келген жас жігітпен әңгімелестім. Оның аты-жөнін атамай-ақ қояйын, алғашында жүрдім-бардым тақырыптар төңірегінде біршама пікір алысармыз дегем-ді. Оның үстіне мынадай аласапыран заманда бос уақыт қайда. Жоқ, бастапқыдай емес, бара-бара сұхбатымыздың тақырыбы тереңдей түсті. Жас замандасымның біз бастан кешіп отырған қоғам туралы түсінігі, зиялы қауымға ғана емес, қарапайым адамдар үшін де мұнан былайғы жерде өмір сүрудің оңай болмайтындығы, жер шарының түкпір-түкпірінде болып жатқан толқулар мен апатты жағдайлардың тым жиілеп кеткендігі, шет жұртта білім алып жатқан жастарымыздың өзгелермен салыстырғандағы интеллектуалдық пайымы, білім төңірегіндегі іштей бәсекелестік… қойшы әйтеуір, немкеттілеу басталған әңгіменің аяғы өз-өзінен тереңге тартып бара жатты.
Бұл кездейсоқ кездесу мені де біраз желпіндірді. Желпіндіргенде жас адамның осынша озық дүниетанымы еріксіз таңғалдырды. Алдыңғы буын күнделікті алас-қапас шаруамен сүрлігіп жүріп, кейінгілермен түсіністік жағдайда шешіліп сырласа бермейміз-ау дейтін өкініштің де қылаң бергендігін жасырып қайтейін. Ол сол екінің бірінің қолы еркін жете бермейтін «Болашақ» бағдарламасының тегеурінді бір өкілі ретінде менің көкейімдегіні де дөп басқандай, біраз жайдан хабардар етті. Және нақты деректермен тұздықтап сөйледі. 2005-2010 жылдар аралығында аталмыш бағдарлама бойынша 2204 жас маман бітіріп шығыпты. Бір қуанарлығы, осылардың 1764-і мемлекеттік органдарға, ұлттық компаниялар мен бірлескен кәсіпорындарға, халықаралық ұйымдарға сан түрлі қызметтерге орналасып үлгерген. 400 жас маманның тағдыры таяу күндері түпкілікті шешілмек. Халықаралық құқық, инжиниринг, теңіз техникасы, атом өнеркәсібі, информатика, нано және биотехнология деген мамандықтарды бұрындары аракідік естігеніміз болмаса, олардың немен айналысатындығын біле бермеуші едік қой. Сол мамандықтар «Болашақтың» арқасында өмірімізге батыл, тың бастамаларымен араласа бастады. Ішім жылып қалды.
– Дұрыс-ақ, құлаққа кіретіндей тұжырым, ал мемлекеттің қаражатымен білім алып, толысып-жетіліп, жеме-жемге келгенде Қазақстанға қайтпай қалатын құрдастарың туралы не айтамыз? – дегем-ді бір оңтайлы тұста.
Ол сәл іркіліп барып, көптің түсінбестікпен айтатын және ескірген ұғымға толыққанды жауап бергісі келгендей, бір сілкініп алды да мынадай тоқтамға келді: – Иә, ондайлар болған, бірақ бірді-екілі кемшілік бүкіл болмысымызға көлеңке түсірмесе керек қой. Сізге ағымнан жарылып, шынымды айтайын. Сол аузымен құс тістеген Лондоныңызда төрт-бес жылым өтті. Мұнан былайғы жерде шетелдерде тұрып қызмет істеу дегеніңіз түк те қызық болмай қалды. Сол сырттағы жағдай біздің туған елімізде бар, инфрақұрылым да, супер талғам, супер мәдениет, супер спорттық жарыстар, тіпті көңіл көтеретін түнгі клубтарға дейін бәрі-бәрі біздің Қазақстанда жетіп артылады. Керісінше, жас адамның жан-жақты жетілуіне, ешбір кедергілерге ұрынбастан ой-өрісін дамытуға, кәсіби біліктілігін шыңдауға, бәсекелесуге, керек болса емен-жарқын пікірталастыруға да Қазақстанда мүмкіндік мол. Қайран қалатыным, біз осы неге жалпақ түсініктің шеңберінен шығып, әлемде болып жатқан күрделі құбылыстарға ойлы көзбен қарауды үйренбейміз. Аға, сіз білесіз бе, қазіргі таңда өмір сүрудің күллі философиясы бүтіндей өзгерді ғой. Және Қазақстанда өмір сүрудің философиясы жаңа сатыға көтерілді. Оны қайталай беретін несі бар, өзіңіз де ол жағын жақсы білесіз…
Міне, ойды ой қозғайды. Қазақстандағы өмір сүру философиясының жаңа сатыға көтерілгендігіне тағы бір дәлел келтірейін. Біз барша халық болып жуырда мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткіздік. Иә, сайлауға таң қалатындай не бар. Бұрындары да талай сайлауларды өткізген жоқпыз ба, бұрындары да «советтік форматтың» тар қамытынан шыға алмастан сайлауға қатысқанбыз. Ал әлемдік масштаб тұрғысынан бағамдағанда қай елде президент сайлауы өтпей жатыр. Көрші елдерде де, мұхиттың арғы жағындағы мемлекеттерде де. Сайлау туралы қалыптасқан түсінікті балталап сындыруың қиын. Осы елдің қарапайым бір азаматы ретінде де, депутат ретінде де байқағаным, «бұл ән өзге әннен өзгеше» дегендей, бұл сайлау өзге сайлаулардан әлдеқайда мәнді, әлдеқайда мағыналы түрде өтті. Сол сайлау күнгі адамдардың сығылысып кезекте тұрғанын көрсеңіз. Бұрын-соңды мұндай кезекті көріп пе едіңіз, көрмек түгілі ойға келмейтін. Демек, қазақстандықтар сайлау жөніндегі жаңа үдерістерді бағындырған, сайлауға деген бұрын-соңды болмаған құлшыныс оянған. Ол ненің құлшынысы? Елбасын сайлау кім үшін, біреу үшін бе? Бұл жердегі басты мақсат – ең алдымен адамдардың өздеріне құрмет жасауы, өздерін қадірлеуі. Алдымен өздерін сыйлауы. Сосын елдің болашағына жүрдім-бардым қарамауы. Біз реті келсін, келмесін патриоттық сезім дегенді көп айтамыз, көбірек қайталаймыз. Ал түсіне білгенге осы төңіректе де патриоттық сезім тұнып тұрған жоқ па?! Тек ендігі жерде осы құбылыстың сиырқұйымшақтанып сұйылып кетпегендігін тілейік! Бірақ олай жасамау да өзімізге байланысты.
Үлкенімізге де, кішімізге де үлкен серпіліс тудырған бұл сайлауда халық ең басты таңдауын жасады. Болашаққа кіммен бірге барғысы келетіндігін және мемлекетіміздің тағдырын кімге сеніп тапсыру керектігін дұрыс таңдады. Мұны Тәуелсіздігіміздің басты жеңістерінің бірі, бәлкім, бастысы деп бағалағандығымыз абзал. Қазақстандағы өмір сүру философиясының жаңа сатыға көтерілгендігін сірә, бекерден-бекер қадап айтпаған болармын. Яғни, біздің замандастарымыздың өмір сүруге деген талғамы өскен. Міне, сол секілді президенттіктен үміткер төрт бірдей азаматтың ішінен кімді таңдау керектігі де әркімнің өзіне, өзінің азаматтық жауаптылығына байланысты еді. Бұл жауаптылық әрі-беріден соң Отан алдындағы жауаптылықты былай қойғанда, отбасы алдындағы жауаптылық еді ғой. Сайлауға бара жатқан тұста менің ойыма Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мына бір жүрекжарды сөзі оп-оңай орала кетті: «Өзім үшін емес, елім үшін толғанамын: бір басыма керекті қай күнде де табармын. Халқыма керекті қалай табам, қайдан табам деп қам жеп жүру тек қана менің емес, әр азаматтың ісі мен жадында болуы қажет!»
Тәуелсіздік тәтті сөз. Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге биыл жиырма жыл. Тарихтың аумалы-төкпелі доңғалағымен салыстыра безбендесек, бұл тұп-тура көзді ашып-жұмғанша зыр етіп өте шығатын уақыт. Біз, бәріміз осы уақыттың кейіпкеріміз, осы шапшаң уақыт біздің көз алдымызда өтті. Осы мерзім ішінде біз бағындырған биіктер де, асқаралы асулар да, ара-тұра аяқтан тартып қалатын кемшіліктер де бәріміздің көз алдымызда. Біздің бәріміз де осы заманның кейіпкерлеріміз дейтініміз содан. Жиырма жыл. Біздің көз алдымызда болған түбірлі өзгерістерді тіпті тілмен жеткізе айту қиын-ақ. Қиынның қиыны. Міне, осы тәуелсіздік туындысының ешбір жан таласа қоймайтын алғашқы авторы да Назарбаев еді. Тарих халық үшін жасалған игілікті істердің ешбірін ұмытпайды, жадынан да шығармайды. Есім ханның ескі жолы да, Қасым ханның қасқа жолы да, Әз Тәукенің Жеті жарғысы да ел үшін қажет болды. Қалай дегенде де о заманның салмағы да, бет-бейнесі де, тұтас өрлеу дәуірі де бөлек, тым бөлекше еді ғой. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы біз бастан кешкен қиындықтарды кім ұмыта алар. Әрине, бұл дәуір бірден орнай қалған жоқ, жан қинамастан сопаң етіп аспаннан түсе қалған жоқ. Ал оңай келген бақыттың да берер қызығы мен қызуы көп болмайды. Тәуелсіздіктің іргетасын берік қалау үшін түн ұйқысын төрт бөлген, бар қиындықты белі қайыспай елмен бірге көтеріскен атпал азаматтарымыз жетерлік-ті. Бұл жерде әрине, «бас-басына би болған өңкей қиқымдардың» да табылмай қалмағандығын жасыруға болмайды. Басқасын айтпағанда, осы тәуелсіздігімізге күмәнмен қараған, ілгері жылжыған көшіміздің бір жерде ауып қалмай діттіген жеріне аман-есен баратындығына да толық сенімді болмаған мысық тілеулілердің де арамызда жүргендігін елемей кетуге болар ма. Міне, қирандыдан жаңа мемлекеттің қабырғасын қалау, қалап қана қоймай әлемдік өркениеттен ойып тұрып өз орнын иемдену деген ұлы миссия, жасыратыны жоқ, бәрімізден бұрын Назарбаевтың мойнына түсіп еді ғой. Дүкен сөрелерінің бос қалғандығын да біздің тұрғыластарымыз ұмытпаған шығар. Содан тікейдік, содан етек-жеңімізді жинадық, Орта Азиядағы туысқан мемлекеттер арасынан алға шығып, әлемдік қауымдастықта өз орны, өз бет-бейнесі, даму үрдісі бар ауыз толтырып айтарлықтай биіктерді бағындырған Қазақстан деген алып елге айналдық. Тек ендігі жерде осыған құдай оң көзімен қарасын деп тілейік.
Қазақстанның аумағы 2 миллион 717 мың шаршы шақырым. Территориясы жағынан әлемдегі тоғызыншы мемлекет. Ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшімен осыншама жер көлемін ұрпағына қалдырған ата-баба аманатына адал болу үшін де талай тер төгілді ғой. Ондағы табиғи байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін де он ойланып, мың толғанатын Мемлекет басшысының экономикалық сауаттылығы мен көреген саясаты ауадай қажет-ақ еді. Инвесторлар тартудағы табандылық пен ілкімділікті айтпаңыз! Мемлекеттік қызметте жүріп те, депутаттық мандат алып та өз басым осы шаруалардың оңайлықпен жүзеге аса қоймағандығын жақсы білемін. Назарбаев «алдымен экономика, сосын саясат» ұстанымынан бір сәт те айныған жоқ, ал осы ұстанымның бүгін де күн тәртібінен түсе қоймағандығын, өміршеңдігін уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Ішкі орнықтылық, сыртқы тартымдылық, ұлтаралық келісім – Қазақстанды әлемдік қауымдастық алдында тағы бір биік мінбеге көтеретін абсолютті шындыққа айналды. Ұлтаралық келісімнің келісті көрінісі көп мемлекеттерге үлгі-өнеге болды, бізден тәжірибе алған, күн өткен сайын тәжірибе алғысы келетіндердің қатарының көбейіп келе жатқандығын мақтанышпен атағандықтың артықтығы жоқ. Экономика саласындағы тұрақтылық, реформа, бизнес, әлеуметтік салалар, білім беру, денсаулық сақтау, тарихи-мәдени мұра, тілдерді дамыту, ауыз су, жұмыссыздықпен күрес, мектеп, аурухана, балалар бақшасы…
Бұл Мемлекет басшысының күн сайын қатаң бақылауындағы проблемалар. Жетістіктеріміз жыл сайын артып келеді, кемшіліктер де жетерлік. Нұрекең әрбір облысқа барған сапарында осы салаларды қатаң бақылауға алады, қатаң қадағалайды, жұмыстарына салғырт қарағандардың арқаларынан да қаға қоймайды, жетістікке жеткендердің де төбелерін көкке жеткізіп мақтамайды. Президент әрнәрсенің орнын, үйлесімін, өз ырғағын біледі. Көп жылғы өмірлік тәжірибе, жастайынан қиындықта шыңдалып болат балқытып, талай рет сан түрлі мемлекет басшыларымен бір үстелдің басында тізе түйістіріп, мемлекеттік мәселелерді оңтайлы шешу, осы секілді толып жатқан мемлекет басшысына тән критерийлер еріксіз осындай ұстамдылық пен сабырлылыққа тәрбиелейді, соған жеткізді.
Біз КСРО тарамай жатып-ақ сынақ алаңын жауып, ядролық қарудан бас тартқан елміз. Бұл бастаманы әлем жұртшылығы мойындаған. Назарбаевтың беделі сапалық тұрғыдан тағы да алдыңғы планға шықты, шындығын айтқанда, бұл әлі ешбір мемлекет басшысының ойына келе қоймаған шаруа еді. Нұрекең бұған келгенде де батылдық көрсетті, ешкімге жалтақтаған жоқ, алмас қылыштай бірден кесті. Ал оның нәтижесі адам таңғалатындай зор жетістікке ие болды. Халықтың осы сайлаудағы орасан зор құрметі мен сеніміне ие болған Нұрекеңнің қайбір көрегендік істерін қалай айтып тауысарсыз! Бұл тасқа басылған тарих. Бізден кейінгі ұрпақ бұл тағылымның өздеріне ауадай қажетті тұстарын талай мәрте пайдаға асыратын болады. Бір-біріне мақтанышпен айтып жүретін болады.
Дәл бүгінгі таңда әлемде тыныштық жоқ. Әсіресе, араб мемлекеттерінің арасында болып жатқан кикілжің, басшылық тарапына деген сенімсіздік, ашу-ыза барған сайын ушығып барады. Оған Батыс Еуропа мемлекеттері араласа бастады. Ежелгі Рим, Иерусалим, Мекке, Медине, Куфа, Лхастағы өмірі бастары бірікпей келе жатқан дінбасылары Назарбаевтың арқасында Астанаға жиналып үш мәрте бас қосты, үш мәрте дінаралық алауыздықты ауыздықтау, жазықсыз қан төгілмеу, қарапайым халықтың күнделікті алаңсыз өмір сүруіне толыққанды жағдай жасау мәселелері төңірегінде келелі әңгіме жүргізді. Бір-бірінің жүздеріне тіке қарасты, қол алысты, достық көңілмен тарасты. Барлығы жиналып бір ауыздан Назарбаевқа жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді. Бұл дүние жүзіндегі дінбасыларының дидарласу дәстүрі мұнан кейін де жалғаса береді. Мұнан кейін де Астана олардың сүйікті басқосу орнына айналып қала береді. Қазақстан үстіміздегі жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етеді.
«Әрдайым жолдың ауырын таңда, ол жолда қарсылық таппайсың», дейтін көрінеді генерал Шарль де Голль. Ойлануыңды қажет ететін тұжырым. Қиын жолдың ауырлығын сезінсек, біз сезінейік. Желіміз оңынан тұрғанда біз бір орында тұралып қалмадық, таңдаған жолымыздың оңай болмасын да бүкіл болмысымызбен сезіне білдік, аздап сүрінген тұстарымыз да болған шығар, бірақ құлағанымыз жоқ. Тек қана алға жылжуды басты мұрат етіп ұстандық. Себебі, бізді қиын жолдардан адастырмайтын Көшбасшымыздың барлығына сендік, Назарбаевтың қажымайтын қайрат-жігеріне иек арттық. Маргарет Тэтчер: «Мен шаршамайынша кетпеймін. Ал Британияға керек болып тұрған кезімде, мен ешқашан да шаршамаймын!» деген екен. Табылған сөз! Ойлы сөз. Артық-кемі жоқ бірден жүрекке қона кететін мағыналы сөз! Даму жолында қарышты секіріс жасаған мемлекеттердің тәжірибесі жеке тұлғаның ел үшін қаншалықты рөл атқаратындығын дәлелдеп-ақ келеді. Конрад Аденауэр, Ли Куан Ю, Франклин Рузвельт, Мұстафа Кемал Ататүрік, Шарль де Голль, Мохамад Махатхир секілді заманынан озып туған көреген-кемеңгер, айрықша қажырлы және табанды көшбасшылар өз халықтарын тұрақты дамуға, өсіп-өркендеуге және бақуатты тұрмысқа жеткізеді Һәм жеткізіп те келеді. Біз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның туын бұрын-соңды болмаған асқар шыңға шығарып, миллиондаған қазақстандықтың жүрегіне келешекке деген нық сенім ұялатып, әлем тарихындағы еңсесі биік тұлғаға айналғандығын әрдайым мақтаныш сезімімен айта беруіміз керек. Иә, ондай мақтан сөзді әрине, Назарбаев керек те етпес, бірақ ұрпақ санасына сіңіру үшін тұлғалық бейнесін айқындай түскен үстіне айқындау түсуіміз қажет-ақ. Одан Назарбаев шалқақтап та кетпейді, аласарып та қалмайды.
Біз өткен жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астана саммитін өткіздік. Жай күнделікті кезекті жиын ретінде емес, әлем жұртшылығы көз тіккен айтулы саммит ретінде өткіздік. Ұйым пайда болған 35 жыл ішінде алғаш рет ТМД мемлекеттерінің ішінен Қазақстан ғана ұйымға төрағалық ету мәртебесіне ие болды. Астана саммиті төрткүл дүниеге Қазақ елін паш етті. 56 елдің «сен тұр, мен атайын» басшылары келді, келіп қана қойған жоқ өздерінің жас Астанамызға деген, осы іргелі халықаралық істің басы-қасында жүрген, жүріп қана қоймай соны нақты іс жүзінде ұйымдастыра білген Елбасымызға жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді. Әрине, сырттарынан сездірмесе де іштей қызғанғандары да кезікпей қалмаған шығар. ЕҚЫҰ-ның Астана Декларациясы қабылданды. Бұл Декларация тарих бетіне алтын әріптермен жазылып қалды.
Сөйтіп, бұл сайлауда Назарбаев сайлаушылар дауысының 95,55 пайызына ие болды. Әсіресе, жастар айрықша белсенділік танытты. 1059 алыс-жақын шетелдерден бақылаушы келді, Сыртқы істер министрлігінде 200-ден астам журналистер тіркелді. Өзімізді-өзіміз сынауға да шеберміз ғой, ал сол әр мемлекеттен жиналған бақылаушылар сайлау барысынан бәлендей кемшілік таба алмады, сайлау шын мағынасында әлемдік деңгей дәрежесінде өтті деп жатты. Бұл жетістікке қуанбауға бола ма, бұл жетістік үшін бір-бірімізден сүйінші сұрамауға бола ма?! Қазір жан-жағыңызға қараңызшы, әлем елдеріндегі көп жанжалдар әлеуметтік мәселелердің оңды шешілмеуінен, әлеуметтік салаларға мемлекет тарапынан төленетін қаржы көздерінің шамадан тыс қысқарту себебінен туындап жатыр. Бізде шүкіршілік, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы, жәрдемақы, шәкіртақы, әлеуметтік төлемдердің көлемі қысқарудың орнына жылма-жыл көбейіп келеді. Әлемдік дағдарысқа қарамай 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жаңа бағдарламасын қабылдадық. Президент биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында келешегіміздің қандай оңды бағытқа бет түзегендігін тамаша дәлелдермен жеріне жеткізе айтып берді. Бұл айтылған жерінде елеусіз қала беретін бастамалар емес еді. Оның күн сайын, жыл сайын жеміс беріп келе жатқандығын әрбіріміз көріп отырмыз, сезіп отырмыз. Рузвельт бір кездері АҚШ-ты дағдарыстан аман құтқару үшін арнайы «Жаңа бағыт» атты бағдарлама қабылдаған екен. Сол секілді біз де революциялық жолды емес, дамудың эволюциялық жолын таңдадық. Индустриялық-инновациялық жаңару дәл қазіргі кезден-ақ нәтижелі жемістерін бере бастады. Енді «қазақстандық модернизация» деген жаңаша ұғым, жаңаша көзқарас пайда болды. Қазақстандық индустриялық модернизация арқылы әлемдік модернизацияға жол ашылады. Саяси үдемелі өзгерістерге мүмкіндік туады. Бұл бастама жоғарғы жақтың қаулы-қарарымен шешілмейді, жоғары биліктің пәрменімен жүзеге аспайды. Процесс тек жоғарғы жақтан басталмауы керек, қатарымызда жүрген қарапайым адамдардың да ынтасы, ыждағаты, белсенділігі алдыңғы қатарға шығуы тиіс. Әне, сонда ғана біз құр айқаймен, құр даңғаза тіршілікпен емес, нақты ісімізбен Президентіміз ұсынған саяси, экономикалық реформаларға үн қатқан боламыз. Және осы рух күшімізбен ұтамыз. Болашақта да нық қадамдар жасаймыз.
Әңгімеміздің басында тілге тиек еткен жас жігіттің «бізде бәрі бар, ендігі жерде шетелге қызығудың ешбір қажеті жоқ» деген ойын еске алайық. Шындық солай, артық айтқандығымыз емес, қазір Қазақстанда адамның жақсы өмір сүруі үшін толықтай негіз жасалған. Өмір сүру философиясы сапалық тұрғыдан өзгерді. Оны ең алдымен Президент сайлауы дәлелдеп берді. Бұрын жұртшылықпен жүздескенде тіршіліктегі түкке тұрмайтын ұсақ-түйектер, жеке бастың шаруалары көп айтылатын. Бүгін олай емес, жеке бастың мүддесін әркім өздері-ақ шешіп алады. Елдік мәселе, халықтық мәселе алға шықты. Әркім қоғамдағы орнын айқындай түсті, босқа уақыт өткізудің де өз басына түк пайда әкелмейтіндігін түсінді. Өздерінің өмірге керектігін барған сайын сезіне бастады. Әр адам – «керек» адамға» айналды. Өмір сүрудің қарапайым философиясын мұнан артық қайдан іздеп табарсыз! Алға ұмтылған ойымыз ісіміз әрдайым оңға баса бергей!
Үсенгелді МЕДЕУОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.
«Егемен Қазақстан», 26.04.1011
http://www.parlam.kz/3/mazhilis/news-details/id47/7/1