Скачать/Жүктеу
Ертеде бір бай болыпты. Байдың жалғыз баласы бар екен. Бала ерекше болып өседі. Оның жаны кеудесінде емес, ақ бәкісінде көрінеді. Бұл ақ бәкіні байдың үйіне қонаққа келген данышпан қария тарту етіпті. Сол күннен бастап бай бәкіні ұлтарақтың астында сақтайды екен.
Бірде байдың баласы жылқы бағып түн болғанша жүріп қалады. Осы кезде түйеге мінген бір қыз сағым болып елестейді. Сонда бала сағымға қарап:
- Ақ түйеге мінген қыз, жерді басып жүрген қыз, — дейді. Ал, әлгі сағым:
- Ақ түйеге мінгенбіз, жерді басып жүргенбіз, зердең болса іздеп тап, — деп жауап береді.
Жылқы баққан бала үйіне келіп:
- Әке, маған бір сағым кездесті, соны іздеуге аттанамын, — дейді.
Әкесі:
- Барма, — деп, рұқсатын бермейді.
- Жоқ, әке, оны іздеймін! Мен күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалатын түрім бар, — деп бой бермейді.
Ақыры болмаған соң әкесі:
- Айтқаныма көнбедің, енді өзің білерсің, жас бала емессің ғой, — деп келіседі.
Бала;
- Әке, маған қандай ат бересің? – деп сұрайды.
Әкесі:
- Қай атқа мінемін десең өз еркіңде. Болмаса етегіңді қаудыратып, жүгеніңді сылдыратып жылқыға бар. Бетіңе қарағанға мін, — дейді.
Бала етегін қаудыратып, жүгенін сылдыратып жылқыға барса, бір қотыр тай қарайды. Бұл тайдың аты «Қарақұнақ» еді.
Бала Қарақұнақты жүгендегенде ол құнан болады. Ер салғанда дөнен болады. Мініп алғанда сегіз жасар бесті болады. Осылай Қарақұнаққа мінген бай баласы алыс жолға аттанады. Жолда келе жатып бір көлге кездеседі. Әлгі көлден өте алмайды. Атын бір ай бойы күтіп-баптап барып, қарғытқанда ғана қөлдің арғы жағасына шығады. Көлден өтіп сапарын әрі қарай жалғастырады. Осылай келе жатып, бір жерде шөлден шырылдап тұрған торғайды көреді. «Тым болмаса кішкене әлденіп алсын» деген оймен бір шынтағын қанатады. Торғай кенет қыз болып шыға келеді. Қызбен сөйлесе келе жалмауыз кемпірдің оны торғайға айналдырғанын біледі. Бұл сиқыр қызға арнап қан шығарғанда ғана жойылады екен. Бай баласы енді қызды ертіп сапарын жалғастырады. Біраз уақыттан кейін бір жігітке жолығып, жөн сұрасады. Ол:
- Жолда айдаһар бар. Ол қасынан өткен адамдардың бәрін жалмап жатыр, абай бол, — деп ескертеді.
Бай баласы жігітке алғысын айтып, ары қарай жүрмек болады. Ал, жолшыбай жолыққан жігіт қызды ұнатып қалыпты. Бай баласы жігітке қызды қалдырып, өзі жолын жалғастырады. Келе жатып, тауды қопарып жатқан айдаһарды кездестіреді. Әлгі айдаһар екеуі алысады. Ақырында ойды қыр қылып, қырды ой қылып айдаһарды жеңеді. Енді бір жерге келгенде астындағы арғымағы адамша:
- Сұр мерген дейтін мерген бар, түстік жерден атып, күншілік жерден болжайды. Сондықтан оның атқан оғы тимес үшін, мен саған еңкей деп айтқан кезде, еңкейетін бол, — деп ескертеді.
Иесі:
- Жарайды, — деп келіседі.
Олар әрі қарай жүре береді. Бір жерге келгенде арғымағы:
- Еңкей! — дейді.
Бала еңкейе қалады. Осылай бірнеше уақыт жүргеннен кейін әлгі мергеннің аулына жетеді. Баланы көрген Сұр мерген:
- Менің атқан кісім өлмей қоймаушы еді. Бұл өзі қандай сақ жігіт? – деп әйелінен сұрайды.
Үй иелері келген жолаушыны аттан түсіріп:
- Жолың болсын. Неғып жүрген адамсың? – деп жөн сұрасады.
Сонда бала:
- Мен бір сағым боп көрінген сұлу қызды іздеп келемін, — деп жауап береді.
- Олай болса, сен сол жерге жақын қалдың. Бүгінше жатып дем ал. Ертең таң ата жол көрсетіп жіберемін, — дейді.
Келесі күні ерте тұрып, Сұр мерген көрсеткен бағытқа қарай жүреді. Сәлден кейін әлденеше қабат темір үйге барады. Жолда Қарақұнақ:
- Мені байлап кет, — деп тағы да адамша тіл қатады.
Бай баласы үйдың жанына келгенде, қызды көруге асығып, атын байламай кетеді. Әлгі үйдің жеті бөлмесінен өтіп, ең төргі бөлмесіне кіреді. Осы бөлмеде бір алтын сандық тұр екен. Бала сандықты ашады. Сандықтың ішінде сұлу қыз жатады. Бұл қызды да жалмауыз кемпір алдап әкеліп, сандыққа тығып тастайды. Қыз бен жігіт сөйлесіп, бір-бірімен келіседі. Содан кейін екеуі сыртқа шығады. Қараса, баланың аты өліп қалыпты. Серігінен айрылған жігіт қатты қайғырып жылап жібереді. Сонда қыз:
- Қайғырма, мен бір дәрі беремін. Сол дәріні иіскеген ат тіріледі, — деп бай баласын жұбатады.
Қыз берген дәрінің көмегімен жігіт арғымағын тірілтеді. Қызды алып, өз аулына оралады. Әкесі баласын үйлендіріп, үлкен той жасайды. Осылай екеуі тату-тәтті өмір сүре бастайды.
Бір күні жігіттің аулына әлгі жалмауыз кемпір келеді. Ол сұлу қыздарды ұрлап, басқа елдің хандарына әйелдікке апарып береді екен. Кейде осы еңбегі үшін ақысын алғанша, ұрлаған қыздарын құсқа айналдырып, не болмаса үйіндегі сандыққа тығып тастайтын көрінеді. Енді осы қыз үшін ақысын алып қойған мыстан үйіне келіп қызды таппай қалыпты. Жігіттің атын өлтірген күзетшілерін шақырып, олардың қайда кеткендерін біліпті. Айласын асырып бұл жолы да қызды қолға түсірмек болады.
Осы оймен кемпір баланың үйіне келіп:
- Шешесі жоққа шеше боламын, — дейді.
Қыз күйеуне:
- Біз шеше қылып алайық, — деп өтінеді.
Жалмауыз кемпірге тағы да алданған қыз, оны шеше қылып үйлерінде қалдырады. Қыздың сеніміне кіріп алған жалмауыз кемпір бір күні:
- Сенің күйеуіңнің жаны қай жерде? Соны неге сұрап білмейсің? — дейді.
Кешке жігіт келген соң әйелі:
- Сенің жаның қай жерде? Неге айтпайсын? Әлде маған сенбейсің бе? – деп сұрайды.
Күйеуі келіншегін өкпелетіп алмас үшін:
- Менің жаным – ұлтарағымның астындағы ақ бәкі, — деп жауап береді.
Кемпір бұл жолы да қулығын асырып, бәкіні ұрлап алады. Жігіт өліп қалды. Келіншегі жылайды. Келіншекті жұбатқан болып:
- Өлгеннің соңынан өлемісің, жүр суға түсейік, су денеңді босатып, қайғыңнан арылтар, — дейді.
Осылай қызды алдап ауылдан алысырақ жерге ертіп әкетеді. Сәл ұзай бергенде кемпір қызды қапқа салады. Қапты арқалап, уәделесіп кеткен ханға әкеліп береді.
Енді жігіттің атына келейік. Ол осы оқиғаның бәрін сырттай бақылап жүріпті. Кемпір осы ауылға келгелі сәйгүлік тілінен айырылыпты. Бәрін біліп жүрсе де иесін алдын-ала сақтандыра алмапты. Мыстан қызды әкете сала, ол суға тастаған бәкіні алып шығарады. Енді осы бәкіні жігіттің ұлтарағына салады. Жігіт тіріледі. Басын көтерсе, үйінде әйелі жоқ. Жігіт әйелін іздеп шығады. Жолда бір қойшыға жолығады. Амандасып:
- Мынау кімнің ауылы? – деп сұрайды.
- Бұл – ханның ауылы, — дейді қойшы.
- Мұнда не болып жатыр? Халық неге жиналған? – дейді жігіт.
- Хан бір сұлу қыз алып, соның тойы болып жатыр, — дейді.
- Ол сұлу қызды қайдан әкелген екен? – деп сұраса, қойшы:
- Жалмауыз кемпір сұлу қыздың күйеуін өлтіріп, алыс жерден әкеліпті, — деп жауап береді.
- Олай болса, ақыңды берейін, екеуміз орын алмасайық, — деп сұранады.
Қойшы келісіп, ақысын алады. Әлгі жігіт кетейін деп жатқан қойшыдан:
- Мына судан қайтып өтесің? – деп сұрайды.
Қойшы:
- Құрғырдың суы құры десе, су құрып қалады, — дейді.
Содан кейін бай баласы қойшының киімін киіп, қойды ауылға айдап келеді. Ол қойларды судан өткізе алмай әлек болады. Қойшының айтқан сөздерін ұмытып, қойларды біртіндеп лақтыра бастайды. Қойшы болып келген бай баласының бұл қылығын хан көріп:
- Антұрған, шартты сөздерді неге ұмытасың? – дегенде, қойшының айтқан сөзі есіне түсіп:
- Құрғырдың суы құры, — дейді. Сол кезде алдындағы су жоқ болып, жол ашылады.
Хан жігітті баяғы қойшы деп ойлап, әйеліне тамақ апарып беруге жұмсайды. Бай баласы тамақ апарып берген болып, келіншегімен көріседі. Қуанған екеуі ұзақ әңгімелеседі. Келіншегі баяғы жалмауыз кемпірдің бірнеше сиқырын үйренген екен. Олар келісіп, түнде қашпақ болады. Жұрттың көзі ұйқыға кеткенде қыз дұға оқып, күзетшілерді ұйықтатып кетеді де, жігіт екеуі уәделескен жерге келеді. Өзеннен шартты сөздерді айтқып өтеді де, әйелін тапқан бай баласы еліне оралады. Халқын жиып, ала бие сойып, үлкен той жасайды. Бақытты болып, мақсат-мұратына жетеді.