Скачать/Жүктеу
Экономиканың тұрақты дамуы барлық салаға жан бітіреді. Әлем жаңа мыңжылдыққа енді, сонымен бірге қоғамдық қатынастарға, соның ішінде экономика саласында жаңа заңнамалық көзқарастар қажет болды.
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына қандай экономикалық жетістіктермен жеткелі тұрмыз? Осы сауалдар төңірегінде Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан ӘЙІМБЕТОВ өз ойларымен бөліседі.
– Сейітсұлтан Сүлейменұлы, сіз жетекшілік ететін комитет елдің дамуына тікелей қатысты заңдардың сапалы әрі дер кезінде қабылдануына атсалысады. Әңгімені де осы мәселеден бастасақ…
– Құрылған кезінен бастап біздің комитет өз жұмысын қажетті экономикалық жаңаруларды және өңірлердің бірқалыпты дамуын қамтамасыз ететін тиімді құқықтық база құруға қол жеткізілетіндей етіп жолға қойды. Өткен кезеңде 200-ден аса заң қабылданғанда бас комитет рөлін атқаруы осының нақты дәлелі. Экономиканың маңызды бағыттары бойынша қоғамдық қатынастарды заң тұрғысынан реттеуді жақсарту үшін көлік, байланыс, мемлекеттік мүлік, жеке кәсіпкерлік, акционерлік қоғамдар, бәсекелестік, сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу, инвестиция туралы және басқа да заң жобалары комитетте жан-жақты талқыланды, кейін палата отырысында мақұлданды.
Қысқаша айтқанда, жаңа актілерде жеке кәсіпкерлік еркіндігі, оны қорғау және қолдау, жеке кәсіпкерліктің барлық субъектілерінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру теңдігін, жеке меншікке қол сұқпау және қорғау кепілдігін, елімізде шағын кәсіпкерліктің басым дамуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар көзделген.
– Мәселен, «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңға қандай түзетулер жасалды?
– Бұл заңға жеке кәсіпкерлік субъектісінің қандай тәуекел тобына жататындығына байланысты жоспарлы тексерулер жүргізу кезеңдігі белгіленген нормалар енгізілді. Заңға сәйкес тәуекелдің шамалы деңгейінде жоспарлы тексерулер жүргізу кезеңділігі бес жылда бір реттен жиі болмайтын болып белгіленуге тиіс. Ветеринария, өсімдіктер карантині және өсімдікті қорғау, тұқым шаруашылығы, астық және мақта рыногы саласында үш жылда бір реттен жиі болмауға тиіс. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласында жылына бір реттен жиі болмауы керек. Бұл ретте заңда олардың белгіленбеген тексерулер жүргізуіне тыйым салынған. Осы және басқа да шаралар мемлекеттік органдардың жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексерулер жүргізуін оңайлатуға және олардың санын қысқартуға мүмкіндік берді.
– Ел дәулетінің артуында инвестицияның рөлі айрықша. Осы орайда отандық экономикаға шетелдік қаржының келуіне қабылданған заңдар қалай әсер етуде?
– Тұтастай алғанда, республика бойынша негізгі капиталға құйылған инвестицияның жалпы көлемі 2004 жылы 1 трлн. 703 млрд. 684 млн. теңге болса, 2009 жылы 4 трлн. 585 млрд. 298 млн. теңгеге жеткен. Оның ішінде шетелдік инвестиция көлемі 2004 жылы 301 млрд. 339 млн. теңге көлемінде болса, 2009 жылы 1 трлн. 697 млрд. 493 млн. теңгені құрады. Бұл ретте инвестицияның нақты көлемі, яғни, баға факторларының әсері ескерілмегенін айтқанымыз жөн. 2009 жылы 2004 жылмен салыстырғанда, 2 есе дерлік өскен, ал осы жылдары инвестиция өсуінің жыл сайынғы қарқыны 114,8 пайызды құраған.
– Соңғы жылдары инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыруға баса мән берілуде. Осы бағытта қандай заңдық негіздер қалыптасты?
– Экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кәсіпкерлікті дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдау, сондай-ақ экономиканы мемлекеттік реттеу шараларын күшейту үшін комитетте бірқатар заңдар қаралды және кейін оларды Парламент қабылдады.
Соның ішінде отандық инновацияларды әзірлеу, енгізу және заманауи технологияларды алу кезінде инновациялық қызмет субъектілерін мемлекеттік қолдауды жүзеге асыру тетігін нақтылайтын заңдық негіз бар. Сондай-ақ ішкі сұранысты ынталандыру үшін отандық тауар өндірушілерді қорғау жөнінде шаралар қабылданған мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша толықтырулар енгізілді. Елімізде биржалық сауданы дамытуға, стратегиялық тауарлармен сауданы реттеуге, ұсақ тауар өндірушілерді биржалық сауда үдерісіне тарту есебінен бәсекелестікті дамытуға және қамтамасыз етуге бағытталған тауар биржалары туралы заңдар жетілдірілді.
– Ғылым мен өндірісті байланыстыру бағытындағы қандай қадамды айтар едіңіз?
– Елімізде технопарктердің екі деңгейлі жүйесі – ұлттық ғылыми-технологиялық парктер және өңірлік технологиялық парктер қалыптасуда.
Келешекте Қазақстандағы технопарктер ғылымның өндіріспен байланысын нығайту міндеттерін шешуді, қазіргі заманғы технологиялар, жоғары технологиялы және бәсекеге қабілетті өнім өндірісін енгізуді көздейді. Осы орайда биылғы Жолдауда «Біздің экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігі қуат шығындарын азайтуды қамтамасыз ететін тиімді технологияларға негізделуі керек», делінгенін айта кету керек.
– Тұрғын үйге қатысты және үлескерлер құқығын қорғауды көздейтін заң жобалары сіздің комитет арқылы өтті емес пе?
– Иә, бас комитет ретінде заң жобаларымен ауқымды жұмыстар жүргізілді, жұмыс тобы құрылды. Қазақстанда тұрғын үй құрылысының қарқын алғаны өте жақсы. Алайда, ол азаматтардың құқығын қорғау қажеттігін тудырды. Осы проблеманы шешу үшін біздің комитетте тұрғын үй-коммуналдық сала, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша заңдар қабылданды. Жаңа заңнамалық актілерге сәйкес еліміздің қалалары мен аудандарында тұрғын үй инспекциялары құрылуы тиіс. Олар тұрғын үй қорын сақтау және тиісінше пайдалану жөнінде кондоминимум нысанын басқару органдарының қызметіне бақылауды жүзеге асыру мақсатын көздейді.
2007 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгізілген, үлескердің құқығы барынша қорғалған «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» жаңа заң азаматтар арасында оң серпін туғызды. Бұған, біріншіден, үлестік қатысу шартында болуға тиіс міндетті талаптардың дәл айқындалуы арқылы қол жеткізіледі. Екіншіден, жасалған шарттарды есепке алу арқылы мемлекетке бұл жағдай бірнеше рет қайтара сатуды, лицензиялары, жер учаскелері, құрылысқа рұқсаттары жоқ құрылыс ұйымдарымен шарттар жасасу мүмкіндігін болғызбауға ықпал етеді.
– Өңірлерді дамыту саласында қандай заңдар қабылданды?
– Экономика дамуының жаңа талаптарына жауап ретінде комитет кейіннен заңдарға айналған концессиялар туралы, салалық реттеуіштер қызметі мәселелері бойынша, байланыс және арнайы экономикалық аймақтар туралы жобаларды әзірледі. Олар инфрақұрылым нысандарын салуды қосымша ынталандыру және мемлекеттік меншіктің қазіргі нысандарын басқару және жаңарту тиімділігін арттыруды көздейді. Және энергетикалық кәсіпорындардың инвестициялық міндеттемелерді орындау және табиғи монополия субъектілерінің заңнамаға сәйкес бекітілген тарифтердің өсуіне жол бермеу жөніндегі қызметін реттейді. Экономика салаларын дамыту және қолдау, өңірлердің жедел дамуы және әлеуметтік мәселелерді шешу, кәсіпкерлік қызметтің тиімділігін арттыру, инвестицияны, технологиялар мен қазіргі заманғы басқару тетігін тарту, тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті өндірістер құру мақсатында арнайы экономикалық аймақтар құруды көздейді.
Экономика талаптарына сай келетін тиімді ұлттық инфрақұрылымды құру және дамыту қажеттігі ескеріле отырып, көлік саласындағы құқықтық қатынастарды реттейтін заңдар әзірленіп, қабылданды. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңның қабылдануы авиация қызметін жетілдіруге, ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік бақылау шараларын күшейтуге, сондай-ақ еуропалық авиациялық талаптарды және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының қарарын енгізуге ықпал етті.
– Қоғамның өзге салаларына қатысты қандай заңдарды атар едіңіз?
– Айталық, «Техникалық реттеу туралы» заң қызметке, өнімдердің циклдік үдерістеріне міндетті және ерікті талаптарды ай-қындау, техникалық реттеу сала-сында сәйкестікті растау, аккредиттеу және мемлекеттік бақылау жөніндегі қоғамдық қатынастар-ды реттеуге бағытталған. Заң ережелерінің іс жүзінде толық қолданылуы адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта, оның ішінде, өсімдік және жануарлар дүниесі үшін өнім қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ өнім мен қызметтер қауіпсіздігі мен сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын іс-әрекеттерді ескертуді, саудада техникалық кедергілерді жоюды, отандық өнімнің бәсекеге қабілетін арттыруды, табиғи және энергетикалық ресурстарды үнемдеуді мақсат еткен.
«Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы комитетте бірнеше рет қаралып, өңделді. Бұл заң – табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар саласындағы қызметті реттейтін негізгі заңнамалық актілердің бірі. Қазіргі уақытта «Табиғи монополиялар және реттелетін рыноктар туралы» деп аталатын заң тұтынушылардың, табиғи монополия субъектілерінің және реттелетін рыонк субъектілерінің мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ тұтынушыларды қауіпсіз және сапалы тауарлармен, қызметтермен қамтамасыз ету жөніндегі шараларды айқындайтын «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң да өз тиімділігін көрсетті.
– Сөз соңында ойыңызды түйіндей кетсеңіз…
– Қос палаталы Парламенттің 15 жылдық тарихындағы өткен он бір жыл комитет үшін Қазақстанның жаңа мемлекеттілігі қалыптасуының күрделі кезеңімен тұспа-тұс келді. Қазақстан қоғамы саяси жағынан да, экономикалық тұрғыдан да жаңғырып, түледі. Тарихи өлшеммен алғанда аз уақытта Мәжілістің салалық комитетінің жұмыс үлгісі жасалды – бұл өміршең заңдар ретінде күшке ие болатын жобалар әзірлеу. Қазақстан мемлекетінің дамуын заңнамалық жағынан қамтамасыз етуді жетілдіру алдағы уақытта да біздің комитеттің басты мақсаты болып қала береді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.
«Егемен Қазақстан» газеті
Сенбі, 2 Сәуір, 2011
http://www.parlam.kz/3/mazhilis/news-details/id34/7/1