Экономика – елдік тұғыры


Скачать/Жүктеу

 «Құбылған заманда құбыланамасынан жаңылмаған Қазақстан дамудың өзін­дік даңғыл жолына түсті. Аз уақытта айбыны асқан алаш жұрты әлеуеті асқан, дәулеті тасқан, іргесі берік, беделі зор айбынды елге айналды».

Президент Нұрсұлтан Назарбаев инаугурациялық сөзінде осылай деп айтты.

Бұл биікке біз қалай қол жеткіздік?

Қазақ елінің өз тәуелсіздігінің жиырма жылдығына толайым табыспен келуінің басты сыры, әрине, экономикалық дамуда. Академик Кенжеғали Сағадиевтің осы тақырыпқа кеңі­нен көсіле ой толғаған мақаласы күні кеше бүкілхалықтық қолдаумен ел тізгінін қолға қайта алған Елба­сы­мыздың басшылығымен экономикалық реформалардың қалай жүзеге асы­рыл­­ғаны жайында. Көшелі сөзімен көпке танымал қоғам қайраткерінің мақаласын зер сала оқып шыққан адам қазіргі асуымыздың қандайлық қиындықпен алын­ғанын айқын көреді, елді осы биікке бастаған Аза­мат­тың бөлекше қадір-қасиетін сергек сезіне түседі деп ойлаймыз.

ЕЛЕҢ-АЛАҢДА

Иә, тәуелсіздігімізге 20 жыл. Қоғам тұрғы­сы­нан алсақ бір ғана жаңа ұрпақ өмірге келіп, бой көтеретін кезең. Тарихпен салыстырсақ қас-қа­ғым шақ. Үкілі үмітімізбен өлшесек тәу­елсіздік деп ғасырлар бойы аңсаған асқақ ар­манымыздың орындалғанының алғашқы мерзімі. Басынан өт­кіз­ген оқиғалар шоғырымен бір емес, бірнеше ғасырға пара-пар жылдар. Ахмет Байтұрсынов айт­қандай, «төбе де, төре де» өзгерген жылдар. Қазақ деген халықтың есімін барша әлемге та­нытқан кезең. Тек қана та­нытып қоймай, әлем ел­дерінің алқалы жиыны­ның төрінде қазақ перзенті отырып, айшықты ойлар, аталы сөздер ай­тыл­ған жұлдызды сәт. Ел болып еңсеміз көте­рілген, рух биіктеген мерейлі белес. Президент Жолдауында айтылғандай, егемен еліміздің іргесі бекіп, талай асулардан өтіп, әрі қарай жүретін бағыт-бағ­дарымызды, шығатын биіктерімізді ан­ық­тадық. Бүгінгі таң­да нысанада әлемдегі ең жан-жақты дамыған елдердің санатына қосылу тұр.

Осыларды айта келіп, тәуелсіздік біздің елімізге ешқандай қиындықсыз, аспаннан бақыт құсы болып қона қалды деген пікірден аулақ­пыз. Қай елге болса да азаттық, бостандық, тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Біздер де солар үшін тар жол, тайғақ кештік. Бүгінгі тәу­ел­сіздігіміздің аста­рында қазақ халқының отар­шылыққа, бодандыққа қарсы бірнеше ғасырға созылған күресі, оның ішінде Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық күрестер, Алаш арыста­ры­ның азаттық ұраны, өткен ғасырдың басында Торғайда, Меркіде, Созақта, Қарқара-Албанда, бас­қа да өңірлерде болған кеңес өкіметіне қарсы үл­кенді-кішілі көтерілістер, сол ғасырдың со­ңын­да азаттық аң­саған қазақ жастарының Алма­ты­дағы қанға бо­ял­ған шеруі, осылардан туған ыза-кек, оларды енді болдырмаймыз деген намыс пен жігер жа­тыр. Тәуелсіздіктің біз үшін ерекше қастерлі, қаси­етті болатыны да сондықтан. Олар бізді егемендік алған ұлт ісіне белсене кірісуге, ел бірлігін сақтауға, қандай қиыншылық болса да оны төзімділікпен өткізуге шақырады.

Ал қиыншылықтар, әсіресе, егемендігіміз­дің алғашқы жылдарында, аз болған жоқ. Ең үлкен қиыншылықтар халықтың тұрмысы мен көңіл-күйіне тікелей қатынасы бар экономика сала­сын­да туды. Бұрын біз жүрмеген, біздің тарихи са­на­мыз­да тіпті сүрлеуі де жоқ нарық жолына түстік. Экономиканы ырықтандыруға, қоғамдық мүлікті жекешелендіруге, колхоздар мен совхоздарды та­ратуға кірістік. Бағаны шектемей, тізгінін ағы­тып жібердік. Нәтижесінде бұрынғы қалыптас­қан шаруашылық жүйесінің күл-талқаны шық­ты, аз ғана уақыттың ішінде ұлттық өнімнің 40 па­йызына дейін жоғалттық. Ауылда да, қала­да да ха­лық тұрмысы күрт төмендеді, елде жұмыс­сыздық етек жайды. Әрбір заттың бағасы он-жүз еселеп өсті. Өз ішімізде, басқа да елдермен қалыптасқан экономи­калық байланыс үзілді, көптеген кәсіп­орындар жұмысын тоқтатуға немесе жартылай жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Экономика саласындағы реформалардың ал­ғаш­қы жылдардағы көрінісі осылай болды. Қазір жағдай мүлдем басқаша, бірақ егемен еліміздің бастапқы кезеңде басынан өткізген осындай қиыншылықтарын айтуымыз, естен шығар­ма­уы­мыз керек. Алдымызда ұзақ даму сапары тұр, тек тәуелсіздігіміздің өзін жан-жақ­ты – саяси, рухани және экономикалық тұрақ­тан­дыру үшін, шет елдер тәжірибесіне сүйен­сек, жарты ғасырға жуық уақыт керек екен. Сондықтан да өз ба­сымыздан өткен қиыншы­лық­тардан қорытынды жасап, олар­ды естен шығармай отырсақ, соғұр­лым оларды болашақ­та тудырмауымыз кәміл.

Аталмыш қиыншылықтардың себебі неде деген сұрақ туады. Ең алдымен тарап кеткен Кеңес одағынан нәтижесі төмен, заман тала­бы­нан артта қалған шаруашылық жүйесі еншімізге тигенін айтуымыз керек. Одақ тарау ба­ры­сында барлық республикалармен қалыптасқан қатынастар үзі­ліп, экономика саласына жалғыз бізде емес, бас­қа­ларда да күйреу қаупі туды. Осындай жағдай көп ойласуға мүмкіндік бермеді. Тәуекелге сүйеніп не де болса таңдаған жолмен жүріп кету керек болды. Осыған қоса нарық экономикасы бізге жат құбылыс, оның ішкі сырын, жұмыс істеу тетігін егжей-тегжей білетін мамандары­мыз­дың болмаға­нын, жалпы халық та экономика са­ласындағы түбірлі жаңа­лыққа алғашқыда үрке қарағанын айтуымыз керек. Және басымыздан өткізіп отыр­ған тарихи кезең де онша қолайлы болмады. Әлем тари­хын­да капитализмнен социализмге өткен елдер­дің тәжірибесі бар, ал кері қайтқан, яғни социализмнен капитализмге көш­кен бір де бір ел, оның тәжірибесі болған жоқ. Осы ба­ғыт­тағы алғашқы қадамды біздер, Кеңес ода­ғы­ның құра­мында болып, оны таратып егемендік алған рес­публикаларға жасауға тура келді.

Нарық жолына дайындықсыз, жеделдете тү­суі­міздің тағы бір басты себебін айтуымыз керек. Ол – осы жолды таңдау барысында әлем­дегі дамыған елдердің, беделі жоғары халық­ара­лық эконо­ми­калық ұйымдар мен бірлестік­тердің бізге жасаған зор ықпалы. Өткен ғасыр­дың 90-шы жылдары бұ­рынғы Кеңес одағының респуб­ли­калары және оның ықпалында болған мемлекеттер, жалпы саны 28 ел, социализмнен капитализмге өту көшін бастадық. Осыған байланысты АҚШ, басқа да дамыған Батыс елдері, Халық­аралық валюта қо­ры, Бүкіләлемдік банк оларға нарыққа өтудің екі тетігін ұсынды. Біріншісі – «шоковая терапия» (есеңгірету емі), яғни мем­лекеттің экономика са­ла­сындағы құзы­рын ба­рын­ша шектеу, эконо­ми­каны ырықтан­ды­ру, қо­ғам­дық мүлікті жеделдете жекешелендіру, ба­ға­ны босатып жіберу, эконо­микалық бай­ланыстар мемлекет тарапынан реттелмей, әрбір кәсіп­орын­дар мен кәсіпкерлердің өз еркіне беру тетіктері.

Екіншісі – «Вашингтонский консенсус» (Ва­шингтондық бәтуа), яғни Халықаралық валюта қоры, Бүкіләлемдік банк және АҚШ-тың қаржы министрлігі қосылып, нашар дамып келе жатқан елдерге нарық жолына өтуіне жасалған ұсыныс­тары. Олар: жаппай жекешелендіру, тіпті эко­но­миканың бәсекеге қатыс­пайтын сала­ла­рын да жекешелендіру; әлеумет­тік көмек бағ­дар­ламаларын мейлінше шектеу (мы­салы, ақ­ша­сыз немесе арзан ден­саулық сақтау жүйесін, осындай білім беру са­ласын, арзан үй салу бағдар­ла­масын, қоғамдық көлік­ті, т.б.), бюджет тапшылығын ба­рынша азайту, ұлттық ақшаның тұрақты­лы­ғын оның долларға бай­ла­ны­сы­мен есептеу, еңбек­ақы­ны үн­ем­деу, т.б.

Нарық жолына өтуге атбасын бұрған елдерге аталмыш шаралар деректі түрде ұсынылды. Тек ұсы­нылып қойған жоқ, реформа бастап жатқан елдерге, оның ішінде біздерге де, халықаралық ұй­ым­дар­дың жәрдемі осы ұсы­ныл­ған шаралар­ды іс жүзінде жүр­гізу немесе жүргізбеумен тікелей бай­ланыс­тырылды. Бастапқы жылдары елдегі рефор­маларды жүргізу үшін біз қаржыға өте мұқтаж бол­дық, оны алу үшін Халықаралық валюта қо­ры­на өтініш жа­садық. Оның эмиссар­лары Қазақ­стан­ға бірінен кейін бірі келіп, біздерде қоғамдық меншік тара­ты­лып жатыр ма, баға ырқына жіберілді ме, сырт­қы сауда ыр­ықтан­дырылды ма, басқа да олар ұсынған шаралар орындалып жатыр ма, жоқ па, осыларды мұқият тексеріп барып, елімізге қар­жылай жәр­дем (несие) беруге шешім шығаратын.

Нарық идеологиясын өздері ұсынған шаралар негізінде әлем елдеріне, әсіресе осы сала­дағы ре­формаларын жаңа бастап жатқан елдерге тарату жолында Халықаралық валюта қоры­ның, Бүкіл­әлемдік банктің миссионерлік рөлі ерекше болды. Олар айтылған ұсыныстарын ор­ындатуға барлық мүмкіндіктерін жұмсады. Ал ол мүмкіндіктер аз болмады, өйткені кімге де болса керек миллиард­таған қаржы тек осылар­дың қолында болды, лауазымы жоғары, әлем елдеріне ықпалы зор және дамыған Батыс мемлекеттерінен тікелей қолдау тауып отырған бұлар империя іспеттес ұжымдар. Ал империя болған соң оның империялық амби­ция­сы да қоса жүрді.

Ал енді осы ұжымдар ұсынған шаралар кімге қалай нарық жолына көшуге жәрдемдесті, соған көшейік. Шындығын айтсақ, «Вашингтон кон­сен­­су­сындағы» идеялар ең алдымен Латын Аме­ри­касы елдеріне, олардың біраз жылдар қолда­ныс­­та­рында болған нарық экономикасын жетілдіруді, кейбір тетіктерінің сапасын артты­руды көз­де­ген еді. Осы саладағы әлем деңгейін­дегі ірі ма­ман­дар­дың айтуы бойынша, аталмыш ұсыныстар Латын Америкасы елдерінде айтар­лық­тай оң нәтиже бере қойған жоқ. Дәлірек айтсақ, Халық­аралық валюта қоры ұсынған модель нарық экономикасын қолда­нуда тәжірибесі бар елдерге, ол оның негізгі мақ­саты нарық жүйе­сін жаңадан енгізу емес, қол­даныстағы жүйені, нарық кеңіс­тігін одан әрі жетілдіруді көздеген еді. Осыған қарамай аталмыш модельді жоғарыда айтылған себептерге байла­нысты нарық экономикасын бұрын қолданбаған, оған керекті дайындығымыз жоқ біздер де қолда­нысқа алуға мәжбүр болдық.

Ал осы модельдің теріс салдарын оған тездетіп көшкен елдер, оның ішінде біз де молы­нан көрдік. Аталмыш үлкен іске керек маман­дары жоқ немесе аз, нарыққа керек инфрақұ­ры­лымдары мен заң­да­ры жасалмаған, оны енгізу тетіктерін атүсті жа­сауға мәжбүр болған елдер­дің бәрі де көптеген қиындықтарды басынан өткізді. Ел ішінде хал­қың­ның да осыған дайын болмағанын айтуымыз керек. Дайындықсыз бастаған реформалардың берекесіздігін Нобель сыйлығының лауреаты, әлемге есімі танымал ғалым Джозеф Стиглицтің мына бір пікірінен көруге болады: «Жаңа дамып келе жат­қан майда елдер қалтылдаған қайық сияқты. ХВҚ күштеп таңған капиталды жеделдете ырықтан­дыру оларды қаусаған құрсауын жамамай тұ­рып, капитандары дайындықтан өтпей тұрып, құтқару көкірекшелерін бортқа алып шықпай тұрып тол­қынды теңіз төсіне аттандырып жіберумен бірдей еді. Тіпті дүлей дауыл келіп соқпағанның өзінде бортқа ұрған толқынның өзі-ақ әлгі кемені ауда­рып кете алатын».

Иә, біздерге ұсынылған «есең­гі­рету емін» батыс елдерінің бір де бірі бұрын қолданған жоқ еді. Ек­інші дүниежүзілік соғыстан кейін Германия экономикасын жедел кө­тер­ген Людвиг Эр­хард: «неміс­тер­дің экономи­ка­сы­ның таңғажайып нәтижесіне жал­пылай ыр­ық­тан­ды­ру­сыз, өнер­к­ә­сіп саласын толығы­мен жеке­шелен­дір­мей-ақ, көп­теген сыртқы қатынас­тарға қойылған шек­­теу­лерге қара­май қол жеткізілді» – деп көрсетті. Аталмыш со­ғыс­тан күйреген эко­номи­каны Ба­тыс Еуропа, Жапония, Тайвань, Оң­түстік Корея елдері мемле­кет­тің осы са­лаға бас­шы­лық етіп, тікелей ара­ла­суымен қай­та тұрғыз­ды. Ба­тыс Еуропада өн­діріс­тің шешуші сала­лары мемлекет мен­шігіне алын­ды, ал Франция мем­лекеті осыған қоса банктерді де өз меншігіне айнал­дырды. Бұл өт­кен ке­зеңнің тәжі­рибесі. Ал біз реформалар көшін бастаған кезеңге орал­сақ, «есеңгі­рету емінен» бірден бас тартқан елдер бол­ды. Мы­салы, Венгрия, Чехия, Словакия. Поль­ша болса 3 айға осы тәсілдерді бастап, арты­нан бір­ден тоқтатты.

Өкінішке орай, біз – Ресей, Украина, Қазақ­стан, Орталық Азия және Кавказ мемлекеттері осы «шо­ковая терапия» тетіктерін біршама қолданып, оның зарда­бын тарта білдік. Біз ша­ғын елміз, неге осы жол­мен реформалар жүргі­зу­ге мәжбүр болғаны­мыз­ды жо­ға­рыда айттық. Бұрынғы ке­ңес­тік импе­риядағы ең беделді, күші де, қуаты да басқа республикалардан оншақ­ты есе көп Ресей Федерациясы неге сөз болып от­ыр­ған жол­дың қо­лайсыз екенін сол кезде аңғар­мағаны түсініксіз жағдай. Ағыл­шын про­фессоры А.Ноувтің мына бір пікірін келтірсек те артық болмас: «Болашақ ұрпақтар ел үш­ін ең бір қиын шақта дәл Ресейде Чикаго док­три­насы қабыл­данғанына таң қала­тын болады, неге десеңіз Батыста, соның ішінде Амери­ка­ның өзінде де ол идеологиядан бас тарту басталған болатын».

Біз еліміздегі экономикалық реформалардың бастапқы жылда­рын­дағы кездескен қиындық­тар­ға, оларды туғызған себеп-жағ­дай­лар­ға жоға­ры­да­ғы­дай толығырақ тоқтау­ды жөн көрдік. Өйт­кені еге­мендігіміздің 20 жылды­ғы­ның ал­ғаш­қы ұзақ мерзімі, тіпті оның тең жартысы десек те болады, осы қиыншылық­тарды жеңу, олар­дың салдарымен кү­ре­сумен өтті. Осыларды айтпай, халықтың тұр­мы­сы неге күрт төмендеп, содан бері әлеуметтік сала­ға оны жақсарту жо­лында тынбай жасалып жатқан шараларға қара­мастан әлі күнге дейін халық тұр­мысы бізге керекті деңгейге жете алмай отырғанын түсін­діру қиын. Аталмыш жағдай­ларды айтпай, ин­фля­цияның неге жоғары екенін, бәсекелесті орта­ның неге айтарлықтай қалып­таспағанын, сыбай­лас жемқорлық етек жайып, онымен күрес әлі күнге дейін толық нәтиже бере алмай отыр­ғанын да түсіндіру қиын. Бағаның он-жүз еселеп өсуі­нің салдарынан халық бұрын жиған қорының көбінен айырылды, нәтижесінде жекешелендіру науқанын­да жаппай бұқара не кәсіпорынды, не жер телімдерін сатып алу ісіне толығымен қатыса алмады. Шетелдік капитал­дың Қазақстан байлығының шұрай­лы да қо­мақты бөлігіне ие болуына да сол кезде бізге тықпалаған сыртқы сауданы ырықтандыру сая­са­­ты себеп болды.

СЫН САҒАТЫ

Қазақстан үшін экономикалық реформалар­дың алғашқы жылдары нағыз сын сағаты болды десек қателеспейміз. Егемендік алған халықтың орасан қиындықтарға төзімділігінің, арманда­ған тәуелсіз­дігін қалай да сақтап қалуға берік се­ні­мінің сыны болды. Елдің рухы, қажыр-қайраты, бірлігі сынға түсті. Көш бастаған азаматтардың білімі мен біліктілігі, ел ісіне деген жауапкершілігі сынға түсті. Елбасы, жаңа көшімізді баста­ған Нұрсұлтан Әбіш­ұлының келешекке деген сенімі, қиыншылықтан шығатын жолдар табу мүмкін­дігі, алған жолына белінің бекемдігі сын­ға түсті. Президент Назарбаев өзінің «Сындарлы он жыл» атты еңбегінде осы кезеңнің қиын­дығын, өзінің сол кездегі күмәні мен үмітін жан-жақты баян­дайды. Осы сындардан халық та, Елбасы да абы­роймен өтті. Өміршең, өзе­гі таза, өжет қазақ деген ел бар екендігі, еліне сенген ері бар екендігі әлемге дәлелденді. Жиырма жыл­дық тәуелсіз­дігімізді атай отырып, осындай тарихи сыннан өткен кезеңімізді ерекше еске алуы­­­мыз керек. Сол кездегі алыс-жақын көрші­лері­міз­дің біздің тіршілігімізге үңіле, күдікпен қарап, қа­зақтар осы дербес ел бола алмайды-ау деген күмә­нін жа­сырмай ашық айтқандары да болатын. Орын алған қиыншылықтардың төркі­нін терең тү­сі­ніп, оларға тосқауыл болатын деректі, тиянақты шаралар жүргізіп біздер ол кү­мәнді жоққа, теріске шығардық. Ал ол қадамдар қандай еді?

Алдымен, Қазақстан халықаралық қауым­дас­тыққа өзінің бейбітсүйгіш ел екенін, басқа елдермен ашық, әрі өзара тиімді саяси, эконо­микалық қатынастарға дайын екендігін, өз елінде ұлтара­лық келісім мен ішкі ұлттық бірлігін сақтай білетіндігін, демократиялық даму жолы­ның туын берік ұс­таған, әлем қорындағы парасат пен құнд­ы­лық­тар­ды жоғары бағалап қана қоймай, оларды дамытуға атсалысатын ел екендігін көрсете білді. Осы ба­ғыттағы ерен ең­бектің иесі, бастамашысы Елбасы, Тұңғыш Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бол­ды. Ол егемен қазақ елінің сыртқы саясатының негізін қалау­шы, архитекторы болды десек артық емес. Семейдегі атом полигонын жабу, өз қолын­дағы ядролық қару-жарақтан бас тарту, Америкаға, Батыс Еуропаға, Қытай Халық Республикасына, басқа да елдерге достық қа­рым-қатынас орнату үшін жасалған сәтті сапарлар, әлемде әрі беделді, әрі дамыған үлкен елдермен ұзақ нысананы көз­де­ген стратегиялық әріп­тестікті жасау, көр­шілеріміз­бен дау-дамайсыз, сабырлы да өзара түсіністікпен жүргізілген шекара туралы нәти­желі келіссөздер, тағы да басқа көптеген Президент тарапынан жасалған іс-шаралар әлем елдерінің оң назарын аудара білді. Қазақстан ашық демократиялық қоғам құрып жатқан ел екеніне олардың көзін жеткізді.

Нәтижесінде әлем елдерімен, алыс-жақын көр­ші­лермен достық, өзара түсіністік негізінде тұрақ­ты қарым-қатынас орнады. Нәтижесінде біз өз ішіміздегі реформаларды сырттағы ешбір елдерге, ешбір жағдайға алаңдамай дамытып, кеткен олқылық­тарды түзетіп, ілгері жылжуға мүмкіндік алдық. Қазақстанның әлем өркение­тінің жолымен жүре бастаған ел екеніне көзі жеткен мемлекеттер, қар­жылық қорлар, транс­ұлттық компаниялар бізге молынан инвестиция құя бастады. Сол алғашқы онжылдықта бұрын­ғы кеңестік республикалардың ішінде шетел инвестициялары молынан келген бірінші ел Қазақстан екенін біз мақтанышпен айта­мыз. Жалпы, тәуел­сіздік жылдары елімізге 120 млрд. доллардан астам инвестиция келген екен, ТМД елдерінде бұл ең жоғары көрсеткіш. Қорыта айтсақ, Қазақстанның сындарлы сыртқы сая­саты ел ішіндегі экономи­ка­лық реформалардың тоқта­май жүруінің шешуші факторларының бірі болды. Осындай жағдайды біз ерекше айта да, бағалай да білуіміз керек, өйткені бір-бі­рі­мен соғысқан немесе қатынасы шиеленіскен жә­не өз ішінде тыныштық жоқ елдерде рефор­ма­­лар­дың қалай тұралап қалғанын жақсы білеміз.

Өз ішіміздегі реформалардың тоқтамай және барған сайын жедел жүруі Қазақстан халқы, Қа­зақ­стан қоғамы ұстаған бағытынан таймай, қиын­шы­лықтарды жеңе отырып, көздеген мақ­сатына жету жолында көрсеткен табандылық­пен байла­ныс­ты. Сонау бір қиын, басқа түскен көп­теген қиыншылықтармен қызу күрес үс­тінде 1997 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қа­зақ­стан-2030» Даму стратегиясы жариялан­ды. Онда тек қана сол кезеңдегі күрделі мәсе­ле­лер­дің шешуі айтылып қоймай, Қазақстан­ның ал­ды­­мыз­дағы отыз жыл ішінде асатын асулары, ха­лық тұрмысы­ның өсіп, әлем халық­тарының дең­гейі­не жету жолдары, барша халықтың ба­сын біріктіретін, олардың жаңа заманға ынта­сын артты­ратын іс-қимылдар жан-жақты баян­далды. Дә­лі­рек айт­сақ, Стратегия­ның негізгі, іргелі басым бағыт­тары ұлттық қау­іп­сіздік, ішкі саяси тұрақ­тылық­ты сақтау, ашық экономикаға негізделген эконо­ми­­калық өсу, Қазақстан аза­матта­рының ден­сау­лығын сақ­тау, әл-ауқатын өсіру, энерге­ти­ка ре­сурс­та­рын тиімді пайдалану, ин­фрақұ­ры­лым, кө­лік және бай­ланыс сала­ларын дамыту, кемелді мемлекет құру болып анықтал­ды. Орын­далу мерзімі 4 кезеңнен тұра­тын Стратегия аяқталған кезеңінде қазақ елі дамыған елдер санатына қосылуын көздеді.

Сөз реті келгенде айта кетейік, Президент соң­ғы Жолдауында: «… 1997 жылғы халыққа ал­ғашқы Жолдауымда мен былай деген едім: «2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қой­май­тын елде өмір сүретін болады». Осы сөз­дерге күмән келтіргендер аз болған жоқ. Дегенмен, діттеген бұл межеге біз 33 жылда емес, бір мүшел жастың өзінде жеттік!» – деді. Осы пі­кір­дің бірден-бір дұрыстығына біз кешегі Ас­танадағы өткен ЕҚЫҰ Саммитіне, әлем елде­рі­нің көбімен тығыз байла­нысымызға, беделіміз өскен сыртқы жағдайға қарап көзіміз жетіп отыр.

Тәуелсіздіктің іргесін бекітуде оның саяси, рухани салаларын жүйелі түрде қайта құрып, жан-жақты дамытудың маңызы зор. Осыған сәй­кес демократиялық қоғам құрып, оны осы жолмен жү­руге сілтейтін Ата Заң қабылданды. За­й­ырлы мемлекет талабына сәйкес үш тармақ­тан тұ­ратын билік жүйесі, қоғамдағы әртүрлі пікір, көзқарас­тар­ды топтастыратын саяси партиялар дүниеге келді. Демократия талаптарына сай аш­ық сайлау жүйесі құрылды. Демократия­лық үр­діс, саяси бостандық­қа жету ұзақ жол, қазір жол үстіндеміз, шығатын биіктеріміз әлі алда.

Біздер, қазақтар, отаршылықты көріп, үш ға­сырға жуық бодандықтың құрсауында болған ха­лықпыз. Осы ұзақ жылдар ойлаған ойымыз, айт­қан сөзіміз, істеген ісіміз біреулерге қарап алаң­дау­шылықпен өтті. Тарихымыз бұрмалан­ды, ата-бабадан қалған асқақ рух пен мол қазынаны дұрыс игере алмадық. Ұлттық сана осылай басқаға тәу­елділік негізінде қалыптас­ты. Сондықтан да егемендіктің тұсында рухани жаңғыру майданы, орасан зор мәдениет құры­лысы басталды. «Қазақ жеріндегі халық көбі­несе қазақ пен орыс. Қазақ мәдениеті орыстан кем болған соң жем болатыны шексіз. Ол жем болудан мәдениеті жетілгенше құтылмайды. Қазақ жем болудан түбінде декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құты­лады. Мәдениет күшейеді – өнер-білім күшімен, өн­ер-білім күшейеді оқумен. Азаттықтың асылы мәдениетте», – деген екен Ахмет Байтұрсынов.

Данышпан бабамыздың осы бір толғанысы егемен Қазақстанның рухани саласын жаңғыр­ту­дың, өркениет жолындағы, мәдениет са­ласын­дағы іс-жоспардың негізі болғандай. Білімді, ғылымды дамытатын бір емес бірнеше ау­қым­ды бағдарла­малар, «Мәдени мұра» жобасы, қайта жазылып жатқан тарих, көп жылдар ұмытылып, егемендік тұсында елімізге оралған құндылықтар, халық са­насын жаңа заман тала­бымен шыңдауды көздеген жобалар мен іс-шаралар осы рухани жаңғыруы­мыздың негізін жасап жатыр. Рухани тәуелсіздікке жетпей тәуел­сіз ел болдық деп айта алмайсың. Сон­дықтан да бәсекеге, «әлем деңгейіндегі бәсе­кеге қабілетті қазақтар, қазақстандықтар үшін» деп Прези­денттің халыққа Жолдауындағы көрсе­тіл­ген жол, оны іске асыру шаралары да біздегі өскелең ұрпақтың білімі мен біліктілігі, дүние­танымы, жаңашылдығы, іскерлігі жағынан басқа да әлем елдеріндегі өз замандастарынан кем болмай, тең болуды көздеп отыр. Осы мақ­сатқа жету рухани тәуелсіздіктің шешуші фак­торы болмақ.

Саяси және рухани тәуелсіздік жолдарының маңызы зор екенін айттық. Дегенмен реформалар басталысымен тәуелсіздіктің іргесін бекітуде ең күрделі де қиын, шешуші сала экономика екені айқындалды. Осы жағдайды Елбасы терең түсінді, алғашқы мезгілдің күрделі қайшылық­та­рынан тезірек шығу үшін тың жол, тиянақты шешімдер іздестіру қамына кірісті. Еліміздегі сан алуан ре­фор­малардың ішінде бірінші ба­сымдық осы эко­номика саласында деген түйі­нін халыққа жария етті. «Алдымен экономика» – алысты көз­деген Пре­зиденттің стратегиялық тұ­жырым­дамасы дү­ние­ге келді. Оны орындау мақсатында тиянақты іс-шаралар жүзеге асы­рыла бастады.

Осыған байланысты тағы бір ерекшеліктерді атап кетуіміз керек. Яғни, жоғарыда баяндалған батыс елдері мен халықаралық ұйымдардың реформа жүргізу жолындағы біздерге жасаған ұсыныстарын сын көзбен қарау басталды. Дәлі­рек айтсақ, көптеген жағдайда өз ерекшеліктерімізден туған тығырықтан тезірек шығу жол­дары ізделінді. Оларды жедел іске қосу үшін биліктің заң шы­ғарушы және атқарушы тармақ­тарының дайынды­ғы төмен екенін ескере отырып, Президент эко­номика саласындағы реформалар жүргізуді өз жауапкершілігіне алуы­на тура келді. Барынша қиын да тәуекелі мол міндет. Осы мақсатпен тек бір ғана 1995 жыл ішінде Президенттің заңдық күші бар 140-тан астам Жарлығы жарияланды. Олар атал­мыш саладағы реформалардың елімізде екпінді жүруіне негіз салды. Реформалардың заман тала­бына сәйкес нормативтік-құқықтық базасы салынды.

Нәтижесінде реформалардың қарқыны жа­ғы­­нан бұрынғы Кеңес одағында болған әріп­тесте­рі­міздің алдына шықтық. Қазақстан ре­фор­маларды табандылықпен жүргізіп жатқан ел екенін шетел басшылары мен мамандары айта бастады. Қанша қиналғанымен бұрын одақтас болған әріптес­тері­мізге де осындай шындықты мойындауға тура келді. Тек мойындап қойған жоқ, біздің озық тәжі­ри­бемізбен танысуға атал­мыш әріптесте­рі­міз бірінен соң бірі Қазақ­станға келе бастады. Сол кездегі жағдайды Ресей президентінің эко­но­мика сала­сын­дағы ке­ңес­шісі, белгілі эконо­мист А.Илла­рио­новтың жур­на­листердің «Қазақ­станның экономи­ка­лық ре­фор­маларының қайсы­сы, сіздің пікіріңіз­ше, Ресей үшін қызықты және пайдалы болуы мүм­кін?» – деген сұрағына тө­мендегі жауабы көр­сетеді: «Іс жүзінде барлығы да. Қай жағы­нан алып қарасаңыз да, барлық тәжірибесі пайдалы: тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лық рефор­ма­сы, электр энергетикасы, мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қаржы рефор­ма­­лары, ұлттық резерв қорын жасау, ұлттық банк­тің валюта саясатын іске асыруы – жалпы республиканың әр бағыттағы жеткен әсерлі жетістіктерінің саны өте көп. Олар­дың ерекше әсер қалдыратын себебі – Қа­зақстан мен Ресей көптеген өлшемдер бойынша бір-біріне ұқсас елдер: ең алдымен экономика, саясат, адамдар, ортақ тарих, мәдениет, эко­но­микаға, бизнеске ортақ көзқарас – осылардың бәрін салыстырып келгенде сіздердің тәжіри­бе­леріңіз ерекше пайда­лы болып табылады».

Сөйтіп реформа саласындағы айшықты қа­дам­дар жақынның да, алыстың да көңілін ау­дарды, өз халқымыз олардың жемісін көре бас­тады. Көпте­ген жолдар тыңнан басталды, олар қазақ еліндегі реформалардың нәтижелі ерекшеліктері болып танылды. Осыдан барып әлем­дік қауымдастық біздегі реформаларға «Қа­зақ­стан жолы» деп ат қой­ып, айдар тақты. Бұл біздерге мақтаныш, ал бас­қаларға өзіміз жүрген жолдың ғибраты мол екені­нің айқын айғағы болды. Осы жолдың сүрлеуін сал­ған, осы жолмен елін жаңа заманға, жаңа эко­но­мика әлеміне бастаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екенін айтуымыз орынды. Өзінің бір­неше шет тілдеріне ау­да­рылған «Қазақстан жо­лы» атты еңбе­гінде сол кезеңде өзі бастап тәуелсіз мемлекет, тиімді экономика құру іс-шараларын жан-жақ­ты баяндап, ой елегінен өт­кі­зеді. «Мен тәуелсіз­дік стратегиясын жа­­сау үшін әлем елдерін аралап, олар­­дың егемен мемлекет құру­дағы тәжі­ри­бесімен, осы жолда кездескен қи­ындықтарды жеңу ша­ра­лары­мен таныстым. Әл­ем­­нің бір де бір елі түбірлі эко­но­микалық өз­ге­ріс жо­­­лын­да туған қиын­дық­­тардан құтылмаған. Үлкенді-кішілі құл­ды­рау­ларды Англия, Франция, Германия, Америка Құрама Штаттары да басынан өткізді. Мемле­кет­тің негізін салған екі қайрат­керді – Франция Президенті Шарль де Голльді, Сингапур Президенті Ли Куан Юді ерекше айтқым келеді» – дейді Президент аталмыш еңбегінде. Бұлар және де АҚШ Президенті Франклин Д. Рузвельт, Қытай рефор­ма­торы Дэн Сяопин, Малайзия премьер-министрі Махатхир Мохаммад экономика саласында өте нәтижелі реформалар жүргізген тарихи тұлғалар. Осы­лар­дың қата­рын­да «Қазақстан жолының» ав­торы да өзіне тиісті жоғары орнын алары сөзсіз.

Реформалардың тетіктері жасалып, инфра­құ­ры­­лымдары дамып, экономиканың барлық салала­рын қамтығаннан бастап Қазақстанның алдына қой­ған мақсаты биіктеп, не істесек те әлем дең­гейін­дегі жетістіктермен салыстырып, оларға жету жолдарын айқындау басталды. Осы үрдіс Прези­денттің Қазақстан халқына әр жылдағы арнайы Жолдауынан басталды. Ең алғашқы 1997 жылғы Жолдау Президенттің Қазақстан халқына өзінің «2030 – Стратегиялық даму» бағдарламасын ұсы­нудан, оны орындау­дағы басты мәселелерді айтудан басталып еді. «Қазақстан-2030 Стратегия­сы­ның ерекше рөлі мен маңызы туралы біз жоғарыда айттық. Одан кейінгі әр жылдағы жолдаулар Қа­зақстан өр­ке­ниеті мен экономикасын әлемдік дең­гейге көте­ру­дің тиянақты жолдары және әлемдегі жүріп жат­қан саяси, экономикалық, рухани үрдіс­тер­дің өктем талабынан туған іс-шаралар дер едім.

Олардың ішінде «Бәсекеге қабілетті Қазақ­стан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін» деп айдар тақ­қан Президенттің 2004 жылғы халыққа Жол­дауының маңызы өте зор. Дербес ел, мемлекет, халық болып әлем елдерінің көшінің соңында жүре бермей, қай жағынан болса да сол елдермен тереземіз тең болу қамына кірісуге шақыр­ды бұл Жолдау. Біз ашық экономика, демокра­тиялық қоғам құрып жатырмыз. 170-тен астам әлем елдерімен экономикалық байланыс жаса­дық. Сөй­тіп әлем­дегі экономика саласындағы сайысқа, бәсекеге түстік. Ешқандай жайбара­қат­тықты, баяу жүрісті көтермейтін сайыс. Жедел жүрсең, жедел өзгер­сең, соған қоғамды, халқыңды дай­ын­дасаң жеңе­сің, әйтпесе бұрын­ғыдай көш со­ңында қаласың. Бұл елдікке, біздің болаша­ғы­мыз­ға қойылған тарихи сын, әрі тарихи мүмкіндік.

БӘСЕКЕ БӘЙГЕСІНДЕ

Кезекті Жолдауында Елбасы тек бәсекеге қабілеттілік емес, осы тұрғыдан әлемдегі алдыңғы қатардағы елу елдің қатарына қосылу біз­дің дамуымыздың басты мақсаты деп көр­сетті. Өте маңызды да асқақ мақсат. Әлем­дегі барынша қанатын жайған жаһандану үрдісінен басқалар да, біздер де тыс қалмаймыз. Осыдан біздің әлем елдерінде алатын орнымыз осы бәсекеге қабілеттілігіңе байланысты. Экономи­ка­ның даму қарқынын үдетіп, оны тұрақты ұстап тұру мүмкіндігі де осы бәсекеге қабілет­тілігіңе байланысты. Егемендіктің 20 жылы ішінде бәсекеге қабілеттілік анықтайтын ең маңызды көрсеткіштер бойынша әлем елдерінің орташа табысы бар елдердің қатарына қосыл­дық немесе кейбір көрсеткіштерден олардан да ілгері сатыға көтерілдік. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 12 есе өсті оның қазіргі деңгейімен 180-нен астам әлем елдерінің бел ортасындамыз. Ішкі жалпы өнімнің еліміздегі өсу қарқыны тек бұрын одақтас болған республикалар ғана емес, қазір Оңтүстік Шығыс Азияның «жолбарыстары» атан­ған Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия елде­рінің, олар егемендік алған алғашқы 20 жыл­дағы өсу қарқынынан жоғары. Бұдан Қазақ­стан дәл бүгін Орталық Азия «жолба­ры­сы» деген түсінік тумайды, дегенмен болашақта тұрақ­ты да жедел даму арқасында (ол үшін керек жағдайлар жасалып жатыр) олардың қатарына қосылуымыз әбден мүмкін.

Мұнан кейінгі жолдаулардың Қазақстан эко­номикасының заманауи бет-пердесін жасауға ерекше маңызы болды. Олар «Қазақстан жо­лының» өте бір күрделі тармағын дамытуға арналды. 2003-2015 жылдарға арналған индус­трия­лық-инновациялық даму стратегиясы эко­но­миканы технологиялық тұрғыдан қайта жарақ­тандырып, қазақ елін индустриялы қоғам құрып жатқан елдердің санатына қосуды мақсат етті. Қазіргі заман өте тиімді жоғары техно­ло­гия­лар­дың заманы. Және бұл бұрынғыдай дәс­түр­лі технологиялар емес, білім мен ғылым жа­ңа­лығын барынша мол пайдаланған иннова­ция­лық технологиялар. Америка, Батыс Еуропа, Жапония, Оң­түстік-Шығыс Азия «жолбарыс­та­ры» жылдық ішкі жалпы өнімнің 50-ден 80 пайызына дейін осы инновациялық технологиялар негізінде ала­ды.

Аталмыш Стратегия заманның осындай өктем талабынан туған еді. Оны орындау ба­рысында ұлттық инновациялық жүйе, технопарктер, даму институттары құрылды. Страте­гия­ны іске асыруда білім мен ғылымды да­мы­тудың, инновациялық технологиялар енгізуге дайындығы мол кәсіпкерлер жасақтаудың ма­ңы­зы анықталды. Дегенмен, 2003-2007 жылда­ры Стратегияда көрсетілген іс-шаралар елімізде баяу жүрді, 2008-2009 жылдардағы дүние жүзі экономикасы дағдарысының теріс ықпалы да баяу қимылдың себебі болды. Әлемдік дағда­рыстан Қазақстан тиісті қорытынды шығара білді: тек индустриялық-инновациялық тех­но­ло­гиялық негізде жарақталған, сондықтан да тиімділігі жоғары экономика қандай да болса дағдарысқа тойтарыс бере алады. Әлемдік дағ­дарыстан алған негізгі сабақ осы болды.

Нәтижесінде 2010-2020 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасы қабылданды. Орындалу мерзімі бес жылдан екі кезеңге бөлінген осы жоба эконо­мика саласын, оның технологиялық, жаңа­шыл­дық деңгейі мен тиімділігі жағынан Қазақ­стан­ды әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарына қосу­ды көздеп отыр. Оның ең шешуші бағыттары: индустриялық негізде және керекті инфрақұры­лымды жасақтай отырып экономиканың жедел және тұрақты дамуын қамтамасыз ету; еліміздегі адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігіне осы салаға инвестиция көлемін арттыру негізінде қол жеткізу; халықтың тұрғын үйі, тұрмыс, әлеуметтік салаларының сапасын арттыру. Президент биылғы Жолдауында 2010-2020 жылдар­дағы стратегиялық жоспардың мақсаттарын тағы да еске салды: ішкі жалпы өнімнің өсуі кемінде 30 пайыз; өңдеуші салалардағы өсім игеруші салалар деңгейінен асып түседі немесе соған жетеді; экономиканың шикізаттық емес секторына салынатын отандық және шетелдік инвестиция кемінде 30 пайызға артады. 2014 жылға дейін жалпы құны 8,1 трлн. теңгені құрайтын 294 инвестициялық жоба жүзеге асырылады.

Президент атап көрсеткендей, біздің бәсе­ке­ге қабілеттілігімізді қазіргі таңда шектеп отыр­ған еліміздегі еңбек өнімділігінің төмендігі. Жан басына шаққанда Қазақстанда жылдық еңбек өнімділігі 17 мың долларды құрайды, ал дамы­ған елдерде ол 90 мың доллар, яғни бес есе көп. Ауыл экономикасына келсек, онда қызмет істеген 20 адамның жылдық табысын озық мемлекеттерде бір ғана жұмыскер бере алады екен. Сондықтан да алдағы онжылдық еңбек өнімді­лігі жағынан күрделі жетістіктерге, яғни ол жалпы экономикада 2 есе, агроөнер­кә­сіптік кешенде 4 есе өсуді қамтамасыз ету керек. Атал­мыш кешенде алғашқы бес жылдық­тың өзінде еңбек өнімділігі екі есе артып, ха­лықтың тамаққа деген сұранысының 80%-ын өз ауыл шаруашылығымызда өндірілген өнімдерді терең өңдеу арқылы қамтамасыз етуіміз керек.

Осы көрсеткіштерге жетудің маңызды ба­ғы­ты – еліміздегі өңдеуші саланы қарқынды да­мы­тып, қазір орын алып отырған экономика­да­ғы сыңар­жақ дамуды шектеу. Және де атал­мыш саланы әлем деңгейіндегі жоғары технологиялармен жарақтау. Аталмыш жобада өңдеуші саланың жаңа технологиялық деңгейін жасау ісіне мемлекет тарапынан өте қомақты қаражат көзделген. Сонымен қатар, шетел инвестиция­сын да негізінен осы өңдеуші салаға тарту сая­саты іске аса бастады, алдағы жылдарда Қытай, Оң­түс­тік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері, Италия, Франция, Ресейден Қазақстан өндірісінің өңдеу­ші сала­сына 20 млрд. доллардан астам инвестиция тарту көзделіп отыр, бұл біздегі шикізат сек­то­рына тартылатын жобадан екі есе көп.

Еңбек өнімділігінің шешуші факторы адами капитал, оның сапасы, деңгейі. Жаңа техноло­гияларды меңгеру үшін кәсіби білімі жоғары инженерлер, әсіресе техникалық прогрестің заманауи жаңа салалары – ақпараттық-коммуника­ция­лық технология, био-нанотехнология, басқа да салаларға дайындығы жоғары мамандар керек. Қолданысқа еніп жатқан білім, ғылым бағдар­ламалары, «Назарбаев университеті», «На­зар­баев зияткерлік мектептері», шет елдерде мамандар дайындауға арналған «Болашақ» бағдарла­масы, басқа да жобаларды іс жүзінде жүргізу басталды. Президенттің Жолдауында еліміздегі жоғары оқу орындарының иннова­циялық қыз­мет­ке көшу тетігін қалыптастыру, білім берудің сапасын арттыру және қолжетімділігін кеңейту үшін білім беруге қолдау көрсетудің жаңа қаржылық-экономикалық құралдарын енгізу көзделіп отыр. Осыдан жүз жыл бұрын білім саласына әлемдегі ішкі жалпы өнімнің 1,0% жұмсалған болса, қазір ол 5,1 % құрайды, яғни білім саласын дамыту бұл ұзақ уақыттан бері оның болашаққа деген зор маңызын түсінген үрдіс. Сондықтан да осы салаға мемлекет тарапынан бөлінген қаржы бізде ішкі жалпы өнімнің 3,9%-ын құраса, бұл көрсеткіш одан әрі дамытуды, алдағы он жыл ішінде оны әлемдегі орташа деңгейге жеткізуді қажет етеді.

Өз жүрісіңді басқалармен салыстырумен байқайсың. Тарихта тәуелсіздікке қол жеткізіп, дербес реформалар жасаған, жасап та жатқан елдер бар. Солардың кейбіреуімен 20 жылда шыққан биігімізді салыстырып көрейік. Оңтүс­тік Корея егемендік алғанға дейін Азиядағы ең кедей елдердің бірі еді. Қазір ол әлемдегі ең бай, халық тұрмысы жоғары елдердің сана­тын­да. 40 жыл бойы экономиканы 7%, одан да жоғары деңгейде үзбей дамытып келе жатыр. Жылда беретін ішкі жалпы өнім көлемімен дүние жүзінде тоғызыншы орында. Реформа­лар­дың алғашқы 20 жылында (1960-1980 жж.) Оң­түстік Кореяда­ғы ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 1109 доллардан 3358 доллар­ға, яғни үш есе өсті. Бесжылдық жоспар негізінде дамы­ған эконо­мика алғашқы он жылда өз ішіндегі өндірісті жан-жақты дамытуға, бұрын импорттан алына­тын тауарларды өз ішінде жасауға ба­ғытталды. Тек үшінші-төртінші бес­жылдықтар­дан бастап Оңтүстік Корея эконо­ми­касы шығар­ған өнімде­ріне экспорттық бағыт бере бастады. Аталмыш 20 жыл ішінде осы елдің өңдеуші саласының экспорты жалпы экс­порт көлемімен салыстыр­ғанда 18,2%-дан 89,5%-ға дейін өсті. Аталмыш мерзімде туған­нан күтулі өмір ұзақ­тығы 55 жастан 65 жасқа дейін, яғни 10 жылға өсті.

Бұрынғы Британия колониясы Малайзия 1963 жылы егемендік алды, 1965 жылы Сингапур дербес мемлекет болып оның құрамынан шықты. Жаңа экономикалық саясат деп айдар таққан Малайзия экономикасы алғашқы оншақ­ты жылдары кедейшілікті жоюға, бұрын теңдігі болмаған әлеуметтік саланы қайта құрылым­дауға және өз елінде импорттың орнын басатын өндірісті да­мы­туға кетті. Тек содан кейін экспортқа бағыт­талған экономикалық стратегия жүзеге аса бастады. Ре­формалардың алдыңғы кезеңінде мемлекет та­ра­пынан реттеу шаралары басымдық көрсетті, тек екінші кезеңде ғана мемлекеттің эконо­ми­кадағы рөлі біртіндеп шектеле бастады. 1965-1985, яғни алғашқы 20 жыл ішінде Малайзия ішкі жалпы өнімі адам басына шаққанда 973 доллардан 2161 долларға, яғни 2,2 есе өсті. Осы жылдар өңдеуші саланың экспорт­тық үлесі жалпы экспорт көлеміне шаққанда 5,2%-дан 68,8%-ға дейін өсті. Туғаннан күтулі өмір ұзақтығы 57 жастан 68 жасқа дейін, яғни 11 жылға ұзарды.

Экономикалық тұрақтылық және оны ырық­тандыру Түркияда 1980 жылдан басталды. 1982 жылы қабылданған Түрік Республика­сының жаңа Конституциясы «аралас экономи­к­а», нарық жүйе­сіне көшуге жол ашты. 1983 жыл ел басшы­лығына Тұрғұт Озал келгеннен бастап «аралас экономика» моделінен бас тар­тып, толыққанды нарық экономикасына көшу саяса­ты басталды. 20 жыл ішінде (1980-2000 жж.) адам басына шақ­қан­да ІЖӨ аталмыш елде 2427 доллардан 4010 дол­лар­ға дейін, яғни 1,65 есе өсті. Осы жылдары өн­деуші сала экспор­тының үлесі 26,8%-дан 81,2%-ға дейін өсті. Өмір ұзақтығы 60-тан 69 жылға дейін өсті. Ішкі жалпы өнім көлемі жағынан Түркия елі қазір дүние жүзінде 15-ші орында.

Қазақстанда реформалар кезеңінде бір адам­ға шаққанда ІЖӨ 713 доллардан (1993 ж.) 9064 долларға (2010 ж.) дейін, яғни 12,0 есе өсті. Осыған сүйеніп Қазақстан экономикасының даму қарқыны салыстырмалы кезеңде Оңтүстік Корея­ның, Малайзияның, Түрік Республика­сы­ның, бас­қа да елдердің даму қарқы­ны­нан артық болды дей аламыз. Бірақ басқа көрсеткіштерден олардан артта екеніміз көрініп тұр. Туғаннан күткелі өмір ұзақтығы аталмыш елдерде 10 жыл, одан да көбірек өскен. Қазақ­станда болса осы көрсеткіш 1989 жылы 67,7 жас болса, биыл 68,6 жасқа жеткен, яғни ілгерілеу өте мардымсыз. Алдымыздағы он жылда өмір ұзақтығын 72 жасқа жеткіземіз деп жоба­ланып отыр, бірақ басқалармен салыс­тырсақ бұл да әлі аз, мемлекет тарапынан өмір сапа­сына, демографиялық жағ­дайға ерекше көңіл бөлуді талап етеді.

Қазіргі кезеңде экономикада жаңа даму ба­ғыттары енгізіле бастады. Өткен жылдың орт­а­сынан бастап Қазақстан Ресеймен, Белоруссиямен ортақ Кеден одағына кірді. 2012 жылдан бастап осы елдермен біртұтас экономикалық кеңістік жасау құжаттары жасалып жатыр. Ортақ кеден, ортақ экономикалық кеңістік әлем елдерінде бар тәжірибелер. Президент Жолдау­ын­да көрсетіл­ген­дей, Кеден одағы жұмысын бастаған өткен жылдың 10 айы ішінде Ресеймен және Беларусьпен сауда көлемі 38 пайызға, қазақстандық өн­ім­дердің аталмыш елдерге экспорты 52,4 пайызға, бюджеттегі кедендік баж 25 пайызға өскен.

Дегенмен біздің елімізге олар барынша тиімді болу үшін өз ішіміздегі өмір сапасын, эко­номиканың бәсекеге қабілеттілік деңгейін, еңбек өнімділігі деңгейін қазіргіден жоғары және қар­қынды түрде көтеруіміз керек. Өмір сапасы төмен болса кәсіби дайындығы жоғары жұмыс күші басқа елдерге (Ресей, Белорус­сияға) кетуі мүмкін. Бәсекеге қабілет­ті­лігің, еңбек өнім­ді­лігің төмен болса, сенің тауарың аталмыш елдерден сұраныс таппай, керісінше, ол елдерден шыққан өнімдер сенің рынок кеңістігіңді тол­ты­руы мүмкін.

Тағы бір тиянақты түрде назарда ұстайтын мәселе жоғарыда айтылған одақтастықтар ба­рысында еліміздің егемендігіне нұсқау келмеуі, оның шектелмеуі. Заманында Еуропа елдері басын біріктіре бастағанда француз ойшылы Жан Моне: «Тығыз одақтасудың тетіктерін жасау жолында мүмкіндігінше алысқа барыңдар. Бірақ тәуелсіздікке қол сұқпаңдар» деген екен. Осы тамаша қағиданы ғасырлар бойы аңсап, жақында ғана тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан да берік ұстауы керек.

ОРТАША ТАП ОЗДЫРАДЫ

Тәуелсіздігімізге 20 жыл дегенмен біз әлі өтпелі кезеңдеміз. Президент сөзімен айтсақ «біз әлі жол басында тұрмыз». Өтпелі кезең – басып өтпеуге немесе айналып өтуге болмай­тын тарих соқпағы. Осы кезеңде ойдағыдай шешіліп, болашақта жан-жақты дамыған елдің негізін қалайтын күрделі мәселелер бар. Соның бірі қазақ қоғамында орташа тапты қалып­тас­тыру. АҚШ, Ба­тыс Еуропа, Жапония, басқа да да­мы­ған ел­дердің тарихына үңілсек, аталмыш қағи­даның өмір­шеңдігіне көз жеткізу қиын емес: бұл елдердегі жаңару, жаңғыру, экономика саласын­дағы тұ­рақты даму мен белсенділік орташа таптың қалыптасуының арқасында мүмкін бол­ды. Әлем өркениетіне жету мақсатымен саяси-экономи­калық реформалар жүргізіп жатқан қай елдің болса да, оның ішінде Қазақстанның да, көздегені осы орташа тапты құру болмақ.

Өте байлар жігі мен өте кедейлер жігінің ортасындағы осы тап дамыған елдерде халық­тың 60 пайызға дейін үлесін алып, қоғамның негізгі бөлігі болып саналады. Бұлар өзінің кәсіби табысымен немесе еңбегіне алатын жалақы­сымен заман талабына сай өмір сапасын өзіне, отбасына қамтамасыз ете алатын адамдар. Соны­мен қатар заман талабына сай мінез-құлқы қалыптасқан, әлеуметтік және иннова­ция­лық белсенділігімен ерекшеленген тап. Азаматтық қоғамның негізін де солар құрайды.

Қазақстан қоғамының орташа табы әлі айтарлықтай құрылып болған жоқ, осы тұрғы­дан біз әлі даму үстіндеміз. Кейбір зерттеулерге сүйенсек, оның үлесі біздің елімізде 15 пайыз­дан аспайды екен. Орташа таптың ең көлемді бөлігі кәсіпкерлер, ең алдымен шағын және орта бизнес өкілдері болуы керек. Бұл елімізде айтарлықтай дами алмай отырған сала. Екі жыл бұрынғы дағдарыстың салдарынан шағын және орта бизнестің жағдайы төмендеп кетті. Олар бүгінгі таңда Қазақстандағы ішкі жалпы өнімнің тек отыз пайызына жуығын ғана береді, ал дамыған елдерде олардың үлесі 60 пайыз­дан асады. Қазақстандағы реформалардың қайшы­лы­ғы мен кемістігі осында дер едім. Бұл жағдай түзелмей орташа таптың қалыптасуы, жалпы нарық реформаларының біздерге керек заманауи келбеті жасалуы қиын.

Шағын және орта бизнестің дамуына мемлекет тарапынан әртүрлі (салықты жеңілдету, лицензия алуды шектеу, несие алуға көмектесу, т.б.) қолдау жасалынып жатыр. Дегенмен, осы салаға керек серпіліс пен белсенділік әлі байқалмайды. Тергеуші мен бақылаушы мекемелер осы саладағы кәсіпкерлерді жиі-жиі мазалап, қол-аяғын байлап тастағандай көрініс бар. Сонымен қатар мемлекеттік демеу де көлемі мен тегеуріні жағынан арттыра түсуді қажет етеді. Тек сауда, ұсақ-түйек жөндеу сала­лары болмаса, шағын және орта бизнестің жаңа технологиялар негізінде өңдеуші салалары өте шектеулі, инновациялық деңгейі төмен. Бүгін елімізде халықтың 32 пайызы өзін-өзі қамт­а­ма­сыз ететіндер. Олардың үштен екі бөлігіне жуығы ауылды жердегі шаруалар немесе шаруа қожалықтары. Тұрмыс деңгейі де, еңбек өнімді­лі­гі де төмен отбасылар. Егер көңіл бөлінбесе жұмыссыздар тобын көбейтетін де осылар. Президент Жолдауында айтылғандай, халық­тың осы бір көлемді бөлігіне мемлекет тарапы­нан демеу мен көмек ұйымдастыру қажет. Аг­рарлық салаға бөлінген несие көбінесе оларға жетпейді. Өзін-өзі қамтамасыз ететін азамат­тарға заманауи кәсіби білім беру ісі мардымсыз. Бүгінгі таңда олар үдемелі индус­триялық-инновация­лық даму бағдарламасын орындау ісіне жұмыл­дырылмай, тыс қалып отыр.

Орташа таптың қоғамдағы орнын анықтай­тын тағы бір үлкен бөлігін мамандар жалда­ма­лылар тобы деп атайды. Оған интеллектуалдық мамандық иелері (ғалымдар, кәсіби білімі жо­ғары инженерлер, менеджерлер, яғни ой еңбе­гінің өкілдері), орта буын мамандары (дәрігер­лер, мұғалімдер), бюджет және әлеуметтік қыз­мет көрсету салаларының қызметкерлері, та­ғы да басқа осыларға сәйкес мамандық­тар­дың иелері жатады. Елімізде кейбір мамандық өкіл­дері ғана болмаса (мысалы, банк қызмет­кер­­лері), өкінішке орай, қалғандары тапқан табы­сы, жалпы өмір сапасы жағынан орташа топтың құрамына қосылу талабына бүгінгі таңда сәйкес келіп отырған жоқ.

Кейбір әлеуметтік саладағы зерттеулерге сүй­енсек, біздің елімізде орташа топтың сана­тына жату үшін жоғарыда аталғандардың айлық тұ­рақ­ты орташа табысы жан басына шаққанда 2-2,5 мың доллар және 25-30 шаршы метр тұр­ғын үйі болу керек. Әрине мұндай тұрмыс дең­гейі бізде жоқ. Орташа топқа жату үшін әр ел аза­матының ең төменгі табысы 60-70 мың теңге­ден кем болмауы керек деген де зерттеу­шілердің пікірі айтылады. Орташа табыстың ең төменгі деңгейінен де біздер әлі алшақ жатырмыз.

Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік салада көптеген ауқымды шаралар жасалды, нәтиже­сін­де тұрмыс деңгейі еселеп өсті. 2001-2009 жыл­да­ры елдегі халықтың (статистика бойынша үй шаруашылықтары) тұтыну тауарлары мен қыз­мет көрсету салаларына бір жылда жұмса­ған қар­жысы 2,06 трлн. теңгеден 8,42 трлн. теңгеге дейін, яғни 4 есе өсіпті. Осы жылдары халықтың атаулы (номинальный) ақшалай табысы жан басына шаққанда бір айда 7670 теңгеден 34736 теңгеге дейін, яғни 4,5 есе өсіпті. Тек соңғы жылдардың өзінде зейнетақы, әлеуметтік көмек, мемлекет қызметкерлерінің жалақысы 2-2,5 есе өсті. Бірақ, жоғарыда көрсеткеніміздей, бұлар әлі заман талабына сай емес. Сондықтан да жоға­рыда баяндалған 2010-2020 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағ­дар­лама­сын­дағы ел тұрмысына қатысты көрсет­кіштерді артығымен орындау керектігі сұранып тұр.

Орташа таптың тағы бір өлшемі – оның рухани деңгейі. Оны көтеру үшін біздегі адами капиталдың сапасын барынша дамытып, терең де сапалы білім беру жүйесін жасап, мамандар дайындау ісін әлемдік деңгейге көтеру, Қазақ­стан халқының социоэкономикалық мінез-құл­қын баянды түрде шыңдап, жаңалыққа, жаңа экономика, еңбекке деген белсенділігін, иннова­циялық қабілетін арттырудың маңызы зор. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2010 жылғы адам әлеуеті даму индексінің деректеріне сүйенсек Қазақ­стан әлемдегі 169 елдің ішінде осы көр­сет­кіш бойынша 66-шы орында, яғни жоғары деңгейде дамып келе жатқан елдердің қатарын­да. Бізбен қатарлас Ресей, біздің артымызда Әзірбайжан, Украина, Грузия, Армения, өте артта Түркі­мен­стан (87-ші орын), Өзбекстан (102-ші орын), Қырғызстан (109), Тәжікстан (112-ші орын). Осы көрсеткіштердің негізінде Қазақ­стан адами капиталды өсіруде айтарлықтай жетістіктерге жетті деуімізге толық негіз бар. Дегенмен, біздің алдымызда адами дамуды өз елдерінде өте жоғары деңгейге көтерген 42 мемлекет бар. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім оларда 20 мыңнан 55 мың доллар деңгейінде, туған кезден күтулі өмір ұзақтығы бірінші орын­дағы Норвегияда 81 жас болса, 42-ші орындағы Барбадоста – 77,7 жас. Біз осындай елдердің қата­рына жетуді мақсат еттік, сондықтан адами, аза­мат­тық тұлғаны бұдан да биік сомдау үшін бола­шақта тегеуірінді іс-шаралар жасауымыз керек.

ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫМЕН

«Мен биылғы Жолдауда әлеуметтік жаңғыр­ту мәселелеріне ерекше назар аударып тұрмын – деді Президент. – Мен үш аса маңызды мемлекеттік бағдарламаларды – білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту бағдарламаларын бекіттім. Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып қағидатты түрде жаңа бағдарламаларды, яғни жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаң­ғыр­ту; халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасын жасап, қабылдауды тапсырам­ын… Олар қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартады» деп атап көрсетті Президент. Осы шаралардың толық орындалуы орташа таптың жақсы деңгейде қалыптасуына әкелері сөзсіз.

Дамыған елдерде байлар мен кедейлер жігімен салыстырғанда орташа таптың үлесі өсіп келеді. Мысалы, АҚШ-та орташа таптың табы­сының үлесі он жыл ішінде (1999-2008 жж.) 38 пайыздан 44 пайызға дейін өскен. Бізде мұндай өзгеріс аса байқалмайды. Байлар мен кедейдің арасы алшақ. Әлеуметтік сала мамандары қоғам­дағы халықты табысы жағынан әрқайсы­сы 20 пайыздан бес топқа жіктейді. Қазақстанда ең аз табысы бар бірінші топтың үлесі 2001-2009 жыл­дары 7,3%-дан 9,7% дейін өскен. Ал ең үлкен табысы бар бесінші топтың үлесі 41,9%-дан 37,0% төмендеген. Байлар елімізде сан жағынан аз болғанымен, қоғамдағы орны үлкен, саясатқа, экономикаға ықпалы зор. Сон­дықтан да біздің қо­ғамнан кейбір жағдайда олигархиялық капи­та­лизмнің бет-пердесі көрі­ніп қалады. Ойласатын, табанды түрде түзетуді керек ететін жағдай.

Алдағы уақытта ерекше көңіл бөлетін мә­селелердің бірі, тіпті бірегейі – ауыл эконо­микасы. Еңбек өнімділігі, өмір сапасы төмен осы сала. Жаппай жекешелендіру барысында өз ор­нын тапқан шаруа қожалықтары бар, бірақ олар өте аз. Фермерлік шаруашылық жүйесі Қазақ­стан жағдайында ауыл шаруашылығының тиімділігін көтеріп, оның экспорттық әлеуетін өсіру мүмкіндігі төмен екендігін көрсетті. Біріншіден, ғасырлар бойы шағын ауыл, үлкенді-кішілі ұжым болып бірігіп істейтін жұмысқа үйренген ауыл азаматтарының көбі біздегі на­рық әлемінде өз орнын әлі таба алмай отыр. Екіншіден, әрбір фермерді керек техника, технологиялармен жасақтау үшін 200-300 мың доллар қаржы керек, оларда ондай қаржы жоқ. Үшіншіден, бұрынғы колхоз, совхоз орталық­та­рынан ең болмаса 25-30 шақырым қашықтықта жер телімін алып, ол жерде тұрақты жұмыс істеу үшін ол жерге үй салып, жол, электр желісін, байланыс жүйесін тарту керек. Қазақ са­ха­расында бұл әлі қолға алынбаған және орын­да­луына мүмкіндік жоқ шаруа. Төртіншіден, мемлекет тарапынан осы салаға демеу әлі қомақты емес, ол басқа елдермен салыс­тырғанда еселеп төмен. Бесіншіден, әртүрлі өңдеуші, басқа да кәсіпорындар ауылға келмей отыр. Нәтижесінде ауылда, әсіресе жастардың арасында жұмыс­сыз­дық бар. Алтыншыдан, бұ­рын­ғы кеңес зама­нын­дағы ауылды жоғары және орта дәрежедегі кәсіби білімі бар мамандармен қамтамасыз ету жүйесі жойылып, оның орнына тиянақты жүйе әлі жасалған жоқ.

Осылардың салдарынан біздегі ауыл эконо­микасының бәсекеге қабілеттілігі төмен. Бұл жағдайды түзету үшін үш жолдың маңызы бар дер едім. Біріншіден, жаңа, озық техникалар негізінде көкөніс өндіретін, мал бордақылайтын, ауылшаруашылық өнімін терең өндейтін кәсіп­орындар салына бастады, осы бағытты табанды түрде дамыту керек. Екінші, біршама жеке шаруашылықтар бой түзей бастады, оларды демеу керек. Үшінші, алғашқы екі бағытқа кірмеген шаруа қожалықтарының басын біріктіріп, оларды өндірістік кооперативтерге, ел есінде қалған колхоздарға айналдыру керек. Өміршең шаруашылық жүйесі осы колхоздарда жатыр.

«Өз өмірлерін ауылмен байланыстырғандар үшін Үкімет жергілікті билік органдарымен бірлесіп, селолық кәсіпкерлікті дамыту жөнінен шаралар кешенін әзірлеуге тиіс. Микронесиелеу бағдарламалары мен табиғи гранттарға қолже­тім­ділік көбейтіліп, кәсіпкерлік дағдыларына үй­рету ұйымдастырылады. Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұ­рын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылады. 2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны 4 млн. тонна бидай экспортына тең. Мемлекет бұл мақсатқа 130 млрд. теңгелік несие ресурстарын бөледі. Бұл ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, жүз мың­нан астам ауыл тұрғындарының кіріс көзіне ай­налады» – деді Президент Жолдауында. Соны­мен қатар ауылдағы шағын кәсіпкерлерге үсті­міздегі жылы қосымша 3 млрд. теңге микронесие беру, ал 2012-2015 жылдары бұл қаржы­лан­дыруды 10-15 млрд. теңгеге дейін көбейт­у көзделген. Тағы бір ерекшелік, аталмыш микронесиелер толығымен шағын кәсіпкерлердің тек өз ісін ұйымдастыруға жұмсалуы тиіс.

Сонымен тәуелсіздіктің 20 жылдығының ал­ғашқы тоқсанын да артқа қалдырдық. Тәуелсіз­дік жылдары алған асуларымыз, шыққан белестеріміз айтарлықтай-ақ болды. Әлемде 185-ке жуық дербес ел, мемлекеттер бар. Егеменді­гі­міздің басында біз солардың артта қалған то­бында болмағанмен, соларға өте жақын едік. Тәуелсіздік тұсындағы 19 жыл ішінде елдіктің көптеген көрсеткіштерімен біз сол әлем ел­дерінің бел ортасынан орын алдық. Кейбір өте маңызды салалардың біздегі даму деңгейімен әлем елдерінің алдыңғы қатарына жақындадық. Президент атап көрсеткендей, халықтың әл-ауқаты деңгейі жөнінен 110 елдің ішінде 50-ші, бизнес қолайлылығы жағынан 183 елдің 59-шы, адам әлеуетінің даму индексі бойынша 169 елдің 66-шы орнына шықтық. Бұндай жетістіктерді мақтанышпен айтуға болады.

Дегенмен болашақта жасайтын іс-шаралар әлі ұлан-ғайыр. Алдыңғы елу елдің санатына қосылу, ел тұрмысын солардың деңгейіне жеткізу жолындағы барлық бағдарламаларды орын­дау табандылықты талап етеді. Мемлекетті­гі­міз­дің іргесін бекітіп, саяси, әлеуметтік, эконо­ми­калық даму тетіктерін тәуелсіздік жылдары жан-жақ­ты жасап алған Қазақстанға да жедел даму мүм­кіндігі туды. Осы мүмкіндікті жіберіп алмай, толығымен игеру болашақ­тың басты міндеті.

Мұндай міндеттің үдесінен шыға алаты­ны­мызды кешегі кемел сайлау тағы да келісті көр­сетіп берді. Мұн­дайлық біртұтастық таныт­қан елдің алар асулары да биік боларына күмән жоқ. Тек мына жайды – Тәуел­сіз­дік­тің, елдіктің тұ­ғыры эко­но­мика екенін ешқашан естен шығар­мауы­мыз керек.

Кенжеғали САҒАДИЕВ, академик.

Сәрсенбі, 20 Сәуір, 2011 «Егемен Қазақстан» газеті

http://www.parlam.kz/3/mazhilis/news-details/id46/7/1


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы