Скачать/Жүктеу
«Меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкі бар және сол мүлікпен өз міндеттемесі бойынша жауап беретін, өз атынан мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады» (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 33-бабы). Заңды тұлғаның түрлерінен мен акционерлік қоғамдарды жеке дара ажыратқым келеді.
Алғашқы акционерлік қоғамдар сонау XVI ғасырда, капиталдың алғашқы қорлануы кезеңінде пайда болды. Некен-саяқ құбылыстар ретінде олар монополизмге дейінгі капитализм дәуірінде тарады. Бірақ олардың жаппай құрылуы XIX ғасырдың соңғы үштен бірінде, ерекше көп капитал жұмсау керек болған, ал капиталдың айналымы баяу болған салаларда (ауыр өнеркәсіп, темір жолдар құрылысы және тағы сондай сияқты ) басталды. Бұл салаларда бірде-бір капиталист тіпті қаражатты қарызға алып та меншікті кәсіпорын ұйымдастыра алмайтын. Оны тек акционерлік негізде ғана құруға болатын еді. Сөйтіп акционерлік қоғамдар жеке капиталдардың шоғырлануының аса маңызды формасы болды.
XX ғасырда акционерлік қоғамдар (корпорациялар ) дамыған капиталистік елдердің экономикасында үстем жағдайға ие болды. Мысалы, 1983 жылы АҚШ-та ұсақ шеберханалар мен дүкендерден бастап алып компанияларға дейін 15 миллионнан астам кәсіпорын болды. Олардың арасында 3 миллиондай, яғни 20 пайызындай акционерлік қоғамдар (корпорациялар) болды. Елдің барлық кәсіпорындарының жалпы кірісінің 90 пайызынан астамы олардың үлесіне келді. Осының өзінде акционерлік қоғамдардың өз арасында сараланушылық көп: олардың 16 пайызының ғана әрқайсысының 1 миллион доллардан астам жалпы кірісі болды. Бұл миллионер-корпорацияларға барлық акционерлік қоғамдардың жалпы кірісінің 92 пайызына тең келді. Монополистік капитализмге өту кезінде шаруашылық жүргізудің басым формасы акционерлік қоғамдар (немесе корпорациялар) болып отыр. Сол уақытта акционерлік қоғам болып, капиталы акциялар шығару көптеген жеке капиталдар мен жекелей қаражаттарды біріктіру негізінде құралатын кәсіпорындар танылса, қазіргі кезде де акционерлік қоғамға тән анықтама өзгерген жоқ.
Акционерлік қоғамдардың қызметі «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының заңымен реттеледі. Осы заң акционерлік қоғамның құқықтық жағдайын, құрылуы, қызметі, қайта құру, ұйымдастырылу және таратылу тәртібін, акционерлердің құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі шараларды; акционерлік қоғам органдарының құзыретін, құрылу және жұмыс істеу тәртібін, оның лауазымды адамдарының өкілеттігін, сайлану тәртібін және жауапкершілігін белгілейді. Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Азаматтық кодекспен, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік актілерімен реттеледі. Заңның ережелері Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген ерекшеліктер ескертіле отырып қолданылады. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда осы заңнан өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық ережелер қолданылады.
Әрине, акционерлік қоғамның қызметі мен алға қарай дамуы оны басқаратын акционерлер қызметіне байланысты. Акционерлік қоғамды басқарғанда акционерлердің қандай артықшылықтары бар екеніне тоқталсақ, келесі мәліметтерді келтіруге болады.
Қазақстан Республикасының «Акционерлік қоғамдар туралы» заңының 14-бабында акционерлік қоғам акционерлерінің құқықтары көрсетілген. Атап айтқанда:
1) Дивиденттер алу
2) Акционерлік қоғамның қызметі жайлы кез келген ақпарат алу
3) Тіркеушіден немесе нақты ұстаушыдан өзінің бағалы қағаздарға меншік құқығын растайтын көшірмелер алу
4) Акционерлердің жалпы жиналысына, директорлар кеңесіне сайлау үшін кандидатуралар ұсыну
5) Акционерлік қоғамның органдары қабылдаған шешімге сот тәртібімен дау көтеру
6) Қоғам таратылғаннан кейін қалған мүліктің бір бөлігін алу
7) Акционерлік қоғамның жарғысында көрсетілген өзге де құқықтар