Скачать/Жүктеу
Ойынды алты бала үш‑үштен бөлініп ойнайды. Бір бала сол қолымен өзінің оң білегін ұстайды. Қарама‑қарсы тұрған бала да сөйтеді. Содан кейін бос қолдарымен бірінің білегінен бірі ұстайды.
Үшінші бала көз таңулы күйде екі баланың айқасқан қолына отырады. Қолдасып тұрған балалар: «атқаума, атқаума», ‑ деп қаумалап көтерген сайын мөлшерлі жерге дейін жүреді. Бір бала:
‑ Ақ сандық, ақ сандық, ‑ дейді.
Оған көзі байлаулы бала:
- Көк сандық, ақ сандық, ‑ деп жауап береді.
- Аспанда не бар?
- Жұлдыз бар.
- Жерде не бар?
- Құндыз бар.
- Көлде не бар?
- Балық бар.
Қаумалап келе жатқан екі бала:
‑ бақа, бақа балпақ,
Басы неге жалпақ,
Бұты неге талтақ,
Көзің неге тостақ, ‑ дегенде:
‑ темір телпек көп кидім,
Басым содан жалпақ.
Теуіп жауды қашырдым,
Бұтым содан талтақ.
Қарауылда көп тұрдым,
Көзім содан тостақ. – дейді әлгі бала. Екі бала:
‑ мына жерде шөл бар,
Мына жерде көл бар,
Мына жерде ел бар, ‑ деп қолдарын босатып жібереді. Отырған бала құлап түссе, ұпай береді. Құламай тіке тұрып қалса, екі бала ұпайға жығылады. Ойын осылай жалғаса береді.