Ақан сері Қорамсаұлы


Скачать/Жүктеу

(1843 – 1913 ж).

Ақан Серінің өмірі мен шығармашылығы XIX ғасырдағы музыкалық – поэтикалық өнердің дарынды өкілдерінің ішінде ерекше орын алады. Оның есімі халық есінде тек қана дарынды ақын және композитор ғана темес, сонымен бірге сирек кездесетін әнші ретінде де сақталған. Ақанның шын жүректен айтылған нәзік әндері тыңдаушылардың асыл ойлары мен сезімін, әр адамның жан дүниесін меңгеріп, эмоционалдық болмысын күшейте қабылдаған әннің ұзақ уақыт есте сақталуына еріксіз мәжбүр етеді.

Композитор 1843 жылы Көкшетау облысының Қоскөл деген жерінде ауқатты малшының жанұясында дүниеге келген. Ақынның шын аты- Ақжігіт. Қарындастарының ортасында жалғыз ерке ұл болып өскен. Өзінің табиғи қабілеті мен өнер – білімге деген құмарлылығы арқасында Ақан жас кезінен бастап – ақ сауатын ашып, Шығыс поэзиясының үлгілерімен танысып, өз жанынан да ән — өлең шығарып, болашағы бар дарынды ақын — әнші екендігін байқатады. Сөйтіп, «Ақын – Ақан» деген атқа өте ертеден – ақ ие болады. Ал Ақан кішкентайынан өзінің зеректігімен, әрнәрсеге әуестігімен көзге түседі. Он төрт жасынан бастап Ақан даңқы оның туған ауылынан алысқа тарап, кемеліне жеткен ақын, талантты сазгер ретінде танылады. Кәмелетке толған шағында сәнді қымбат киім киіп, жолдастарымен ауылдан ауылға қыдырып, сал – серілік өмірді өткізе бастайды. Көптеген сал – серілер тәрізді Ақан да аңшылыққа құмар болады. Құсбегі, тазшыл, атшыл Ақан жүйрік тазы, лашын, қыран ұстайды. Оның шығармашылық өнерінде өз өмірінің осы қырлары айқын бейнеленеді. Ақанның  «Көкжендет», «Бозторғай», «Қараторғай» әндері аң аулайтын құстарға арналса, Алты Алашқа тараған «Құлагер», «Маңмаңгер» әндері өзінің сүйікті сәйгүлігі Құлагерге арналып шығарылды.

Ақан сері әндерінің  бірең – сараңы болмаса, көпшілігі асқан көркемдікпен жазылған. Ол – шебер лирик ақын. Оның әндерінде сезім дүниесі басым жатады. Ақын өз лирикаларына дәл келетін нәзік бейнелерді таңдай біледі. Ел ұғымындағы әрі көркем, әрі сұлу аяулы нәрселерді талғап ала біліп, соны айшық етеді. Көркем теңеу, метафора тағы басқа да көркемдік, нәзіктікті бейнелейтін сөздер мол болып келеді.

Ақанның сұлулықты сүйіп, сөз маржанын тере білген, оқушысының сезімін тербету арқылы ойын қозғауды мақсат еткен ақын – композитор екенін әр бейнесі дәлелденгендей. Ақан әндерінде туған жерге, табиғатқа, сүйікті сәйгүлікке деген сүйіспеншілік, махаббат тақырыптары жан – жақты ашылып, негізгі арқау болған. Ақанда қыз – келіншектер бейнесіне арналған лирикалық әндер тобы біршама баршылық. Бұл әндерге «Ақтоты», «Үш тоты құс», «Балқадиша», «Сырымбет», «Терқатқан» және басқа көптеген туындыоары жатады. Бұл аталған әндер өзінің мазмұнына қарай өмірбаяндық сипатта шыққан. Шынында, Ақан мен Ақтотының махаббат тарихы халыққа кең тарап, үлкен драмаға толы оқиғасымен белгілі. Бұл жайында А.Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» кітабында жазып кеткен.

Оның өлеңдерінде араб, парсы сөздері де аз емес. Ол дін мектебінде өте жақсы оқып, өзінің қабілеті, зеректігініңарқасында аз жылда көп нәрсе біліп, мектептен кеткеннен кейін де өз бетімен оқу үйренуден қол үзбеген. Өйткені оның «Тағырипың» атты ұзақ өлеңінде шағатай тілі, осман, түрік тілдерінде шыққан сүйіспеншілік, ғашықтық жырлары: «Жүсіп – Злиха», «Ләйлі – Мәжнүн», «Сейпіл – Мәлік – Жамал», «Фархад – Шырын» тағы басқалары Шығыстың лиро – эпостарымен жақсы таныстығын және олардан үлгі алып, творчестволық жолмен үйренгендігін аңғартады.

Ақан сері өмірінің соңғы жылдарында жаопы әділеттіліктен түңіліп, алуан түрлі қудалау мен мұқтаждық салдарынан өз баласымен бірге тау – тасты, көл жағалауларында, елсіз жерлерде дүние кезе жүріп, өзінің шығармашылық шеберлігін жетілдіре береді. Бірақ, қарсылас жаулары оның бұл жайын «есінен адасқан» деп танып, кінәләй бастайды.

Өзін  қоршаған өмір мен қоғамның, туған халқының эстетикалық және көркемдік болмысын биікке көтерген ардақты әнші Ақан сері 1913 жылы дүние салды.

Композитордың әндері қазақ халқының әншілік – поэтикалық мәдениетінің жоғары орындаушылық дәстүрін жалғастыра отырып, қазақ мәдениетінің тарихында өзіне лайық берік орын алды.

Шығармашылығының өркендеу кезеңі. Ақан серінің өзіндік шығармалары қазақ мәдениетінің көрнекті өкілдері С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасының , «Құлагер» атты әйгілі поэма жазған І.Жансүгіровтың «Ақан сері – Ақтоты» трагедиясының авторы Ғ.Мүсіреповтің шығармашылық шабытының қайнар бұлағы болды. Белгілі композитор Е.Брусиловский «Жалбыр» операсында «Құлагер» және «Балқадиша» әндерін пайдаланса,»Ер Тарғын» операсында «Алтыбасар» әнін қолданды. Композитор С.Мұхамеджановтың Ғ.Мүсіреповтың (либреттист) «Ақан сері – Ақтоты» операсы 1982 жылы сахнаға қойылды. Музыкатанушы Ж.Ордалиева операда композитор Ақанның әуенді тілінің өзіне тән мынадай ерекшеліктерін бөліп қарайды: бастапқы негізгі үннен өзінің басқа бір биігіне ұмтылушы қысқа желісін білдіретін октавалық алғашқы негіз – «Алай көк», «Көк көбелек» баяу төмендеуші әуенді қозғалыс, ІV сатының тірек мәні, бастапқы үннің көп рет қайталануы – «Алтыбасар», «Әудемжер», «Ақ саусақ» әндерінде кездеседі.

Ақанның бізге жеткен ән – поэзиялық мұралары көбіне қысқа, лирикалық өлеңдер, әндер, дидактикалық сарында жазылған екі – үш өлеңі және «Тағырипың» атты сюжетсіз поэмаға ұқсайтын махаббат тақырыбына жазылған лирикалық ұзақ өлеңі.

Қорыта айтқанда, Ақан — өз кезеңіндегі ірі ақын, композиторлардың бірі. Ол әлеуметтік өмірдегі әртүрлі мәселелерді тақырып етіп, ел басындағы қысымшылықты көре білді. Ел қайғысы өз қайғысы болып, оған қарсылық білдіріп, наразылық көрсетті. Ол қазақ өнеріне өшпес еңбек етіп, адамның психологиясын, күйініш – сүінішін суреттеудің үлгілі, өнегелі туындыларын қалдырды. Жастардың эстетикалық сезімін оятып, әдемілікті суйе білуге тәрбиеледі.

Ақан серінің туындылары дәстүрлі ән өнерінің шебер орындаушылары Ә.Қашаубаев, Ж.Елебековтың, М.Ержановтың, К.Лекеровтың, Қ.Бабақовтың, Ж.Кәрменовтың, Қ.Байбосынов және басқалардың репертуарынан берік орын алады.

Ақан әндері: «Балқадиша», «Сырымбет», «Құлагер», «Құлагердің желісі», «Көкжендет», «Екі торы ат», «Ақтоты», «Алай көк», «Маңмаңгер», «Майда қоңыр», «Көкшетау», «Мақпал», «Ақсаусақ», «Перизат», «Жамал қыз», «Шәмшиқамар», «Көк көбелек», «Әудемжер», «Сәулем – ай», «Кепсер», «Алтыбасар», «ай көке», «Қай дөңге», «Жылқылы бай», «Қараторғай», «Кербезсұлу», «Ақан сері», «Үш тоты құс», «Іңкәр – ай», «Нұрила» т.б.

Евгений Григорьевич Брусиловский.

(1905 -1981 ж).

Евгений Брусиловскийдің шығармашылығы ұлттық республикалардағы композиторлық мектептердің жаңа құрылу кезеңіне сәйкес келді және Қазақстанның профессионалдық өнерінің дамып, қалыптасуымен байланысты болды. Ол қазақ музыкасындағы жаңа жанрларының алғашқы үлгілерінің авторы – «Қыз Жібек» операсы, «Сары – Арқа» симфониялық сюитасы. Ұстаз ретінде республикамыздың бірнеше композиторлар буынын тәрбиелеп шығарды, кейіннен олар ұлттық композиторлар мектепбін құрды. Е.Брусиловскийдің сегіз қырлы, бір сырлы шығармашылығы қазақ музыкасына ықпалын тигізбей қоймады. Ол қалаған дәстүрлі негіз әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Балалық , жастық шақтары. Оқу жылдары. Евгений Григорьевич Брусиловский 1905 жылы, қараша айының 12 – ші жұлдызында Дондағы Ростов қаласында, жұмысшы семьясында дүниеге келді. Оның әкесі революцияшыл адам, жасырын саяси қызмет атқарғаны үшін бірнеше рет жер аударылған. Анасы әнші әрі фортепианода жақсы ойнаған. Ол Россиядағы бегілі музыканттар семьясы Левисондардан шыққан. Бұлардың талайы кейін әйгілі музыкант болып, ал жақын туысы А.М.Давыдов ән өнерінің тарихына, Мариинск театрының көрнекті әнші – теноры ретінде енді.

Е.Брусиловскийдің музыкаға деген талабы ерте оянды. Ерте бастан импровизациялауға әуес болды және өз бетімен халық әндеріне үндестіріп сүйемел шығарды. Кейіннен бұл дағды оған көп пайдасын тигізді.

Бала 15 жасқа толғанда әкесі қайтыс болады, бір жылдан кейін шешесінен айрылады. Еңбек жолын күн көріс үшін, Солтүстік Кавказ әскери округы саяси басқармасы экспедициясының кітап қоймасының меңгерушісінің көмекшілігінен бастайды. Осы жерден ол Қызыл Армия қатарына әскерлік міндетін атқаруға аттанды. Оның концерттердегі жетістіктері әскери басшылардың көңілін өзіне аударады. Әскери міндетін өтеген соң, Е.Брусиловский Москва консерваториясының дайындық бөліміне түседі. Бір жылдан кейін денсаулығы және қаржының жетіспеуіне байланысты уақытша оқуын тоқтатып, Ленинградқа көшеді. Профессионалдық білім алу үшін Е.Брусиловский композитор А.Х.Животовтан жеке сабақтар алады да, 1926 жылы консерваторияның студенті болып, композиция класынан профессор М.Штейнбургте оқиды. М.Штейнбург Н.Римский – Корсаковтың оқушысы.

Консерваторияда оқып жүрген жылдары Е.Брусиловский бірнеше қызықты шығармалар жазады; фортепианоға арнап «Барыня» тақырыбына вариациялар, И.Сельвинскийдің поэмасына «Уляляевщина» атты вокалды  композиция. Дипломдық  жұмысына І – ші соль moll симфониясын жазды.Бір жылдан кейін ІІ – ші фа moll  симфониясы шықты. Бұл шығармалардың бәрінде композитор орыс композиторлар мектебінің дәстүрін жалғастырды, ол орыстың ән және би фольклорына сүйенеді. Сонымен, Е.Брусиловскийдің Ленинградты мекендегені оған жоғары музыкалық білім алуға және шығармашылық ізденісінің жүйесін анықтауға ықпалын тигізді.

Ертеректегі шығармалары (1933 1949ж). 1933 жыл, Е.Брусиловскийдің шығармашылық өмірі үшін жаңа кезең болды. Ол күш – қайратқа толы, үлкен салмақты іс — әрекеттер армандады. Дәл осы уақытта Москвадан және басқа үлкен қалалардан ііберілді. Алғашқы энтузиатардың ішінде жас Е.Брусиловский де болды. А.Жубанов оған музыка – драма техникумының жанында ашылған қазақ халық музыкасын зерттеп жазу кабинетінде ғылыми қызметкердің жұмысын ұсынды.

Е. Брусиловский халық музыкасын жетік білетін белгілі адамдармен бірге жұмыс істейді. Бұлар – Махамбет Бөкейханов, Лұқпан Мұхитовтар. Олардың көмегімен ол жаңа мәдениетке араласа бастады. Халықтың өнер шеберлерімен өткізілген талай кездесулерде, әңгіме арасында әндер мен күйлер жазып алып жүрді. Бұлар – музыканы өңдеу жұмыстарына негіз дайындады. Халық күйі «Кеңесті» екі домбыра және фортепианоға өңдеуі сәтті болды. Осы күйден кейін бірінен соң бірі «Байжұма», «Топан», «Дүние – ай», «Ақсақал», «Гауhартас» күйлерін фортепианоға арнап өңдеді және  фортепианоға қосылған дауысқа арнап «Ағажан Ләтипа», «Шапибаяу», «Қараторғай», «Қанапиа»әндерін өңдеді.

Қазақстанда болған үш жылда композитор 250 – ге жуық ән мен күйлер жазып алды және бұлардың алпысын өңдеп шығарды. Е.Брусиловский  драма театрының жанында ашылған музыкалық студияның негізінде  музыка театры құрылғанын театрдағы барлық алғашқы қойылымдарын көріп, «Қыз Жібек» музыкалы драмасын шығаруға шабыттанды. «Қыз Жібек» премьерасы 1934 жылы қараша айының 7 – сі күні өтті. Композитор халықтың дәстүрлі профессионалды ән айту үлгілерінен ауытқымауға тырысты. Халық музыкасының сұлулығын мәнерлеп, ерекшелендірген тамаша үндестіктер сүйемелдеудің сәттілігінен болды. Көп ұзамай Е.Брусиловский   «Жалбыр» операсын жазды, бұл операда 1916 жылғы оқиғалар, патша мен байларға қарсы шыққан халық көтерілісі суреттелді. Бұл операда хорлар мен вокалды ансамбльдердің мәні зор болды. Опералардың табысты қойылымдарынан кейін Е.Брусиловский зор ынталылықпен қазақ халқының музыка қазынасын зерттей түсті.

1937 жылы «Ер Тарғын» эпикалық операсын, 1938 жылы «Айман – Шолпан» комедиялық операсын жазды. 30 – шы жылдардың соңында және 40 – шы жылдардың басында фортепианоға арналған талай жаңа шығармалар және Н.Погодиннің «Аристократтар» атты қойылымына музыка жазды. Осы кезеңде шығарған әндерінің ішінде – «Алтай», «Гүлденген Қазақстан», «Майданнан хат», «Күт мені» деген тамаша әндері болды. «Қос қарлығаш» әні кеңінен тарап, халықтың  сүйікті әніне айналды.

Өз заманына сай тақырыптарға композитордың авторлық музыкасымен «Алтын астық» /1940/, «Гвардия алға!» /1940/ және М.Төлебаевпен бірлесіп «Аманкелді» /1945/ операларын жазды. Барлық үш операның либреттосын Ғ.Мүсірепов жазды.

Соғыс жылдары композитор оркестрге арналған шығармаларға оралады. Бұлардың негізінде қазақтың халық музыкасын алады. «Сары Арқа» симфониясын /3 – ші симфония/ 1941 жылы бастайды, бір жылдан кейін композитор Абай тақырыбына «Жалғыз қайың» атты симфониялық поэмаға ауысады. Тек 1944 жылы «Сары – Арқа» симфониясын тәмәмдайды. Ол алғаш Ташкентте өткен Орта Азия және Қазақстан республикаларының музыка онкүндігінде орындалып, үлкен табысқа ие болады. Осы симфониядан Қазақстан симфонизмінің дәуірі басталады. 1946 жылы композитор «Жалғыз қайың» симфониялық поэмасына оралып, соңғы жаңа түрін шығарады.бұл поэманы Абайдың 100 жылдығына арнайды.

1947 жылы жазылған «Аманкелді» увертюрасы да шығармашылығының ертеректегі кезеңіне жатады.

Шығармашылығының өркендеу кезеңі (1950 – 1969 ж). Бұл кезеңде  Е.Брусиловский Д. Снегиннің сөзіне – жеке дауысқа, мәнерлеп өлең оқушыға, хорға, симфониялық және үрмелі аспаптар оркестріне арнап «Советтік Қазақстан» кантатасын, «Көркейген дала» увертюрасын, «Думанда» поэмасын, қазақ халық аспаптар оркестріне арнап «Румын әуендері», «Желдірме» атты шығармаларын жазады. Опера жанрында он жылдық үзілістен кейін, шығармашылығының даму жолында жаңа серпін болған «Дудар – ай» операсын жарыққа шығарады. Композитордың соңғы операсы «Мұрагерлер» Н.Анов пен М.Балыкиннің либреттосына, тың жерлерді игерушілерге арналып жазылған. Ал 1963 жылы  «Қозы – Көрпеш, Баян – сұлу» балетін жазып шығарды.

50 — ші жылдардың соңында  және 60  жылдары Е.Брусиловский өзінің ең тамаша симфонияларын – төртіншіден бастап жетіншіге дейін жазды. Осы кезеңдерде тамаша әндер мен романстар, халық әндерінің хор капеллаға арналған өңдеулері, кинофильмдерге арналған музыка туындылары шықты. Ән жанырында маңызды орын азаматтықтың жоғары үлгісін көрсететін патриоттық әндерге беріледі / «Мақташының әні», «Шолпан», «Шаттық жыры» және т.б./ Олар халықтың қайсарлығын, еңбекке деген ерлігін бейнелейді. Әуені ашық, жарқын, көңілді, терең лиризмге толы.

Е.Брусиловский Қазақстанда 40 жылға жуық өмір сүрді. Бұл мерзім, талй жанрларды қамтыған шығармашылық іс — әрекетке бай. Сонымен қатар ол қоғамдық және ұстаздық жұмыстар жүргізді. 1939 жылдан бастап 1953 жылға дейін Қазақстанның композиторлар Одағын басқарып, 1944 жылдан Алматы консерваториясының жаңадан ашылған композиция кафедрасын басқарды, ол талай белгілі композиторларды дайындап шығарды, Мемлекеттік консерваториясының профессоры болды.

Россияға оралуы: 1970  жылы Е.Брусиловский Москваға көшеді, бірақ оның шығармашылығы қазақ музыкасымен тығыз байланыста болды. Москвада Сегізінші және Тоғызыншы симфонияларын, «Ақсақ құлан» бір актілі балеті мен «Қозы Көрпеш – Баян – сұлу» балетін аяқтады. Бұл шығармалардың барлығы Алматы театр сахнасында орындалды. Өмірінің соңғы жылдары Е.Брусиловский естелік күнделігін жазды, ертеректе шыққан «Аманкелді», «Ер Тарғын» операларының редакциясын қайта қарады.

1978 жылы Москва театрында «Дударай» операсының жаңа редакциясы қойылды. Е.Брусиловскийдің шығармашылық өмірі Қазақстанмен, республикамыздың жазба дәстүрімен тұтасады, сондықтан оны қазақ профессионал музыкасының іргесін қалаушы ақсақалымыз деп атасақ артық болмайды.

Фортепианоға арналған шығармалары. Е.Брусиловский фортепианоға арнап көптеген шығармалар жазды, солардың ішінде кеңінен тарағаны пьесалар. Ертеректе жазған пьесаларының біреуі «Экспромт» (1939ж). Бұл ұлттық концерттік пьесасының үлгісі, шекті бөлімдері үндестіктер фактурасымен қоюланып, ортаңғы бөлімі лирикалық, жұмсақ әуенмен жалғасады.

Соғыс жылдары композитор «Токкато», «Юмореска» атты мазмұны жағынын әртүрлі шығармалар жазды. 1951  жылы  жазған «15 фортепианолық пьесалар» атты жинағы жасөспірімдерге арналған фортепианолық музыканың шыңы болып есептелді. «Бес үздік пьесалар» мен «Қос қарлығаш» әнінің өңдеуінен ұлттық музыканың ерекшеліктерін көрсететін фортепианолық фактуралар ізденісі көрінді.

Е.Брусиловский 1967 – 1970 жылдары «Хореографиялық пьесалардың» үш дәптерін жарыққа шығарды. Бірінші дәптердегі бесінші би /соль мажор/. Пьесаның негізіне Жаяу мұсаның «Ақсиса» әні сәл өзгертіліп алынған. Әннің әуені пьесада оркестр үнділігіне сай дамыған. Бұ циклдің көптеген пьесаларында фортепианолфқ күрделі үндестік техникасы қолданылған. Жалпы үндестіктердің фактурасы үйлесімділік үніне сүйенбей, домбыра үнін есімізге салатын кварто – квинталық үйлесімділігіне негізделген.

Камералық ансамбльдер мен басқа аспаптарға да арналған шығармаларда қызықты табыстар бар. Үздік құрылымды шығармалардың біріне скрипка және фортепианоға арнап жазылған «Боз айғыр» сюитасы жатады. Мұнда халық күйшісі Рахмет Аманбаевтың күйін пайдаланған, жанрлық ерекшелігіне және бағдарлама атына сай, барлық алты бөлімінде де күйдің әуені: вариациялар, пейзаж, скерцо, би, романс, финал естіледі.

Симфониялық шығармалары. Е.Брусиловскийдің  есімі Қазақстан симфонизмінің қалыптасуымен байланысты. Оның симфониялық шығармалары осы жанрдың отыз жылға жуық мерзім ішіндегі қалыптасып дамуын тұжырымдады /1940 – 1960ж/.

«Сары – Арқа» симфониялық сюитасы Е.Брусиловский шығармашылығының оркестрге арнаған ірі шығармалары сериясын бастайды. Мұнда Европа классикасын симфониялық жанры ұлттық музыканың ерекшеліктерімен баий түседі. Келесі бес симфониясында халық әндері мен домбыраға арналған күйлерді бірегей жүзеге асыру мақсаты мен ізденіс жолын жалғастырады. Музыка фольклеры симфониялық жанрдың қалыптасуына қажет тірек болады. Халық музыкасы, соның ішінде домбыраға арналған күйлер екі түрлі мәдениет арасындағы ерекше байланыс бастамасын көрсетеді.  Белгілі музыканттар мен ғалымдар қазақ фольклерында «симфонияның сарқылмас даму мүмкіндігінің» бар екенін көрді. Е.Брусиловский өз тұсынан  «Қазақстанда симфонизм мәселесін шешу оңай, өйткені басқа республикаларға қарағанда, қазақ халқы, халық симфонизмінің тамаша үлгісі болатын «Ақсақ құлан», «Адай», «Серпер», «Сары арқа» және т.б. көптеген  күйлер шығарған». Е.Брусиловский халық музыкасының қайнар бұлағын өзіндік ерекшелікпен қолданды. Жеке әнді қандай да болмасын бір кейіпкерді бейнелеу үшін пайдаланды. Кейбір әндерді өз қалпында, бір циклдың бөлімі ретінде қолданды. Сонымен қатар, әндер, күйлер симфонияны жаңаша түсінуге көп әсерін тигізді. Е.Брусиловский шығармашылығында «Сары арқа» симфониялық сюитасының мәні зор.бұл симфония арқылы композитор оркестрдің бай үнімен дала халқының еркінде қызу қанды мінезін көрсете білген.бұл симфония қазақ халық музыкасының негізінде жазылған тұңғыш ірі оркестрлік шығарма.

Е.Брусиловский  қазақ операсын, симфониясын, кантата – ораториясын және кең көлемді хор шығармаларының негізін салушы ретінде сол кездегі қазақ музыкасына көптеген жаңалық енгізеді: ладоинтонациялық құрылымына, гармониялық және полифониялық жазылуына хор мен оркестр фактурасын. Оның шығармаларының көбісі қазіргі заманғы ұлттық және интернационалдық байланысының үлгісі болды.

Қорыта айтар болсақ Евгений Григорьевич Брусиловский кәсіби қазақ музыка өнерінің негізін қалағандардың бірі. ҚазССР халық әртісі, профессор, ірі өнер және қоғам қайраткері, КСРО және ҚазССР мемлекеттік сыйлығының иегері.

 

Ақан шығармашылығында ерекше бөлек тұрған әннің бірі – «Қараторғай». Шабыттанған ақынның өзіндік көркем бейнесі негізгі әннің басты арқау болғаны айқын байқалады.Әннің негізгі поэтикалық құндылығы суреткер мен оның өнерінің біртұтас мәңгілігіне негізделген. Өзі жақсы көретін алғыр бүркітін жоғалтудағы ауыр қайғысын Ақан сері осы «Қараторғай» әнінде толғайды.  Ақанның «Қараторғай» әнінің мазмұны мынадай: Ақанның Әлібек батырдан алған Қараторғай атты бүркіті берегірек келгенсін қартайып, қанаты бүтін болғанмен құйрығының қауырсыны түсіп, азайып, жерге жақындап келгенде қона алмай біраз уақыт шырылдап жүретін болады. өйткені халық аузындағы «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады» дейдің белгілі мәні бар мәтел болса керек. Қараторғай шырылдап, айналғанда қонуға қорқады екен. Шаршап барып жерге жақындап, құйрығымен ешнәрсе істей алмағасын құлайды екен. Міне осы суретті көріп тұрған Ақан, бір кезде қасқырды да алатын қыранның қартайып бір уыс болып, торғайдай болып қалғанын, қона алмай шырылдап, иесінен жәрдем сұрағандай болғанын көріп, әнге қосады.

«Қараторғай!

Ұштың зорға – ай!

Бишара, шырылдайсың жерге қонбай» — деп, қайырмасында үнемі қайталап  отырады. Әннің кеудесінде:

«Келеді Қараторғай қанат қағып,

Астына қанатының маржан тағып» — деп, бастайды да, өлеңнің аяғында адам басына қарай ауып кетеді:

«Бірге өскен кішкентайдан бек қарағым.

Айрылдым қапияда сенен нағып» — деп жырлайды.

Ақын, әнші, композитор, сері жігіттің көз шеңбері, айта қалғандай кең. Сондықтан ол, жоғарыда айтылғандай, тағы да құсты – Қараторғайды әңгіме ете, әндете отыра, сол арқылы ой түбінде жатқан басқа қиялы, арманы қозғалады. Сүйген адамының ауыр тағдыры көз алдына елестейді. Сөйтіп, әннің шығуына бір жағдай себепші болады да, музыканың туу үрдісінде екінші жағдай, көрнектірек, дәлірек болады.

«Қараторғай» әні адам таңқаларлық терең, жібектей созылған ән тілі бар, басынан аяғына дейін махаббат лирикасына толы, сөзсіз махаббатпен байланысты.Қаншама қартайып, пайдадан қала бастаса да, Ақанның қолында көп жылдар болып, талай – талай қуанышқа бөлеген құсының бір түнде өліп қалуы Ақанға қатты батады.    Ақанның «Қараторғай» әні – халыққа осы аңызбен танылған.  Міне осы әнді  Е. Брусиловсский аралас хорға арнап өңдейді.

«Қараторғай». «Қараторғай» әні адам таңқаларлық терең, жібектей созылған ән тілі бар сөзсіз махаббатпен байланысты, сондықтан негізгі дирижерлық қимыл – legato, яғни әр нотаны     бір — бірімен қосып, әндете, ішкі жан дүниені тербетердей әуенмен айту керек. Динамикасы  Andante – дан басталып ақырын creshendo – ға ( <)   келеміз. Тональдігі – f – moll ( е-moll – варианты бар). Өлшемі 4/4. жазылу стилі – полифониялық. Құрылымы шумақты – вариациялы. Хор фактурасында лирикадан экспрессияға дейін әр түрлі сезім айқын орын алған. Шығарма төрт дауысты аралас хорға жазылған: (С1+С2+А+Т+Б). Бірінші шумақтағы мұң мен нәзіктік үш дауысты полифонияда көрініс табады, яғни басты тақырыпты (тема) Сопрано партиясы орындаса, қалған екі дауысты Альт пен Тенор дауысы жалғастырып отырады. Бұл кезеңде біз хордың үш дауысты полифонияда таза иньонациялы орындалуына және айтылу мәнеріне (дикциясына), динамикасына және тыныс алуларына  көңіл бөлуіміз қажет.

Екінші шумақтағы жеке тенор дауыстың ащы, қайғылы баяндауы әйелдер хорының «қиялына» өзгеше рең береді.  Ақан бір кезде қасқырды да алатын қыранын қартайып бір уыс болып, торғайдай болып қалғанын, қона алмай шырылдап, иесінен жәрдем сұрағандай болғанын көріп «бейшара, шырылдайсың жерге қонбай» «…бейшара…» сөзіне  қайырмасында үнемі қайталып отырады.

Сезім арпалысындағы квитэссенция үшінші шумақтың үшінші жолынан бастап, жалпы музыкалық дамуы көтеріңкі айтылатын  Сүйген адамының ауыр тағдыры көз алдына елестейді. Жан жарасының асқынуы аяқталуы жеке дауыстағы жуан дауыстың «Қараторғай, ұштың зорға – ай» сөзінде  айқын естіледі. үшінші шарықтау  шумағында «бейшара» сөзінің әуенін айқынырақ, біршама өзгешелеу қимылмен көрсеткен жөн.

«Қараторғай» әні адам таңқаларлық терең, жібектей созылған ән тілі бар сөзсіз махаббатпен байланысты, үшінші шарықтау  шумағында «бейшара» сөзінің әуенін айқынырақ, біршама өзгешелеу қимылмен көрсеткен жөн.

Сондықтан негізгі дирижерлық қимыл – legato,жан дүниені тербетердей нмен орындау керек. Адам өміріндегі барлық қуаныш пен қайғыны көрсету керек. Қанша жыл бірге болып, бір мезетте одан айырылу қандай қиын екенін осы дирижерлық қимыл немесе әуенді, зарлы үнмен көрсету қажет.


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы