Скачать/Жүктеу
Бүгінгі уақытта еліміздің ауыл шаруашылығы мен жер шаруашылығы терең өзгерістерді өткізіп, әрі қарай жүйені жетілдіру бағытында жұмыс жүргізуді қажет етіп отырған секторлардың қатарында. Ол осы саланы құқықтық қамтамасыз ету мәселесін шешу мен жетілдіруді қажет етеді.
Менің ойымша жер қатынастарын реттеуде жер пайдалану құқығына назар аудару қажет. Соңғы уақыттары заң әдебиеттерінде жерге меншік құқығы жөнінде зерттеліп жүр, шындығына келгенде оның өзі жер пайдалану құқығына негізделгенін ескеру қажет.
Жердің меншік иесі болуы оның жерді тиімді және рационалды пайдаланатынының кепілі бола алмайды. Жердің меншік құқығы иесіне артылып отырған сенім мен үміт ақталмай отыр, өйткені оның негізі болып отырған жер пайдалану құқығы жеткілікті деңгейде бағасын алған жоқ. Меншік иесі болу оны пайдаланушы дегенді білдірмейді.
Адам баласына әлемде берілген, табиғат берген баға жетпес құндылық, бақыт, осы бақытты толыққанды етіп көрсететін сый-сыралғының бірі де бірегейі ЖЕР. Жер – барлық адамзат баласының өмір сүруінің негізі, іргетасы болып табылатын негізгі табиғи ресурс. Жер дүние жүзінің басым бөлігін алып жатқан құрлық ресурстары болса, оның су қоры, орман қоры, ондағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесі ажыратылмас бөлігі болып табылады. Ұлтарақтай жер үшін қасық қаны қалғанша күрескен ата-бабалар тектен текке таласқан жоқ. Келер ұрпақ үшін, оның салауатты өмір сүруін қамтамасыз ету үшін, ел бірлігін сақтау үшін жер мәселесі қашанда өзекті болды.
Адамзат қоғамының барлық өмiрiнде, оның қалыптасуы мен дамуында жер өте маңызды роль атқарған. Жер адам баласының барлық мұқтаждықтары үшiн керек бiрден-бiр арсенал болған.
Аталған міндеттің жүгі қазіргі уақытта қалай жүргізіліп отырғаны назар аударуды қажет етеді. Артылып отырған міндет жүгі жоғары, оны қорғау, жеткілікті дәрежеде сақталуын қамтамасыз ету мәселесі қашанда күрделі.
Қазақстан Республикасы өз егемендігі мен тәуелсіздігіне қол жеткізген уақытта тарихи қалыптасу мен даму жолында кең байтақ территорияны иеленіп қана қоймай, оның экологиялық тұрғыдан қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін де алдына тартты. Бұл міндетті жүзеге асыру жер мәселесін құқықтық тұрғыда реттеудің негізділігін көрсетті. Құқықтық реттеу болса, жер құрамының, жер қорының заң жүзінде бекітілуін, олармен жасалатын қатынастардың жан жақты реттелуін ғана емес, оның сапалық көрсеткіштерінің тиісті талаптарға жауап беруін, оның құрамының адамзат тіршілігімен үндесіп тұруын да қамтамасыздандырады. Жер мәселесін құқықтық жағынан реттеу Қазақстан мемлекетінің жер қорының болашаққа, экологиялық қауіпсіз нысанда жеткізілуіне үлес қосатын тәсілдердің қатарда. Өзімізге мәлім, ұлан байтақ территориясы бар Қазақстан үшін жер мәселесін, жердің құрамын сақтау қазіргі таңда тек меншік иесі болып табылатын Қазақстанның қызығушылығын ғана емес, көршілес жатқан елдердің де қызғанышын тудырып отырған проблема.
Жер – табиғаттың берген сыйы ретiнде, адам қоғамының пайда болуына дейiн болған. Бiрақ, жер өзiнiң еңбектiң жалпы заты қызметiн атқаруы үшiн мiндеттi түрде оны бiреу иемденуi қажет және өндiрiстiк процесiн жүзеге асыруы қажет.
Мемлекетіміздің басты байлығы – оның экономикалық және әлеуметтік қолайлы негізі болып табылатын жер ресурстары.
Қазақстан Республикасындағы саяси және экономикалық құрылысты реформалау процессі жер қатынастарын түбегейлі өзгерту және мемлекеттің тікелей бақылауы мен басқаруы арқылы жер реформасын жүргізу қажеттілігін туындатып отыр. Сонымен қатар, нарықтық экономикаға өту жердің негізгі өндіріс құралы, аумақтық кеңістіктің негізі және маңызды табиғи объект ретінде жердің басты функцияларын сақтай отырып, жерге әртүрлі меншік нысандарын, жер пайдалану құқығының ақылығын енгізу және жерді заңды түрде азаматтық және шаруашылық айналымның объектісі ретінде тану қажеттілігін объективті түрде туындатып отыр.
Қазақстан Республикасындағы жерлерді ұтымды пайдалану және онда тиімді шаруашылық жүргізіп, сақтай отырып кейінгі ұрпаққа қалдыру – басты мемлекеттік және қоғамдық мақсат және әрбір азаматтың конституциялық борышы болып табылады.
Осы орайда жер тек мемлекеттік меншікте емес, жеке меншікте де бола алады. Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасында мемлекеттiк меншiк пен жеке меншiк танылады және бiрдей қорғалады. Бұл өз кезегінде келесі бір проблемалар кешенін туындатып берді. Ол жерлердің тек Қазақстан азаматтарының атында болмай, шетелдік азаматтар мен компаниялардың қолына өту фактілері толғантады.
Мемлекетімізде жер реформасын жүргізу мемлекеттік монополияны жойып, жерге жеке меншік құқығының кеңінен етек жаюына алып келді. Қазіргі таңда мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен азаматтардың жеке меншігіне үш млн. жер учаскелері немесе 589,9 мың гектар жер берілген [1, 5 б.]. Жер ресурстары ұтымды пайдалану және табиғи жағдайын ұдайы жақсартып отыру нәтижесінде ішкі және сыртқы қажеттіліктерді қанағаттандырып отыратын көлемді азық-түлік өндіруге қабілетті.
Жер құқықтық өзгерістерінің нәтижесінде туындаған жерге мемлекеттің монополиясының жойылуы, жекелеген жер санаттарына жеке меншік құқығының пайда болуы, ақылы жер пайдалануға көшу, жерді жеке меншікке немесе пайдалануға алғаны үшін ақы төлеу, жердегі шаруашылық етуші субъектілердің тең құқықты дамуы, жер нарығының қалыптасуы сияқты әрекеттер орынды құбылыс болып табылады.
Біздің мемлекетіміздің жер қорының құрамында өзінің көлемі, экономикалық қызметі мен пайдалылығы бойынша үлкен маңызға ие болып табылатын жерлер – бұл ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер болып табылатындығы. Статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстан Республикасының жер аумағы 272 490, 2 мың гектар екен. Осылардың ішінде ауыл шаруашылық жерлері – 222 513, 6 мың гектарды құрайды. Соңғысының ішіне сәйкесінше ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер де кіреді, оның жалпы көлемі 90 910, 35 мың гектар. Ал жер аумағының қалған бөлігін ауыл шаруашылық өндірісінің мақсатында пайдаланылатын жердің басқа да санаттары құрайды [2.17 б.].
Егер де 1990 жылдары ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер Қазақстан Республикасы жер қорының 81,2 % құраса, 2000 жылдардың бас кезеңінде олардың ара салмағы небәрі – 39,6 % құрады. Егер де осы жағдай өзінің жалғасын ары қарай да тауып отыратын болса, онда біз жақын жылдары-ақ ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланылатын жерлерге зәру болып қалуымыз мүмкін.
«Жер дегеніміз – мемлекет пен халықтың өмір сүру қызметінің негізі болып табылатын табиғаттың басты объектісі. Жерге меншік нысаны, оның иелену мен пайдалану үшін кімге берілгеніне және жердің сандық, сапалық жағдайына біздің болашағымыз тәуелді»,-деп Б.Ж. Әбдірайымов жазған болатын [3.21 б.].
А.Х. Хаджиевтың пікірі бойынша – жердің табиғи қасиеті өзге қоршаған табиғи орта объектілермен өзара байланыс жүйесінде басым орнын белгілейді. Орман, су, жануарлар дүниесі табиғат объектілері ретінде жермен байланыссыз өмір сүре алмайды. Тек қана жермен тығыз байланыста бола отырып, олар өздерінің өсіп-өну мүмкіндіктері мен ерекше қасиеттерін сақтайды және барлық табиғи кешендермен бірге экологиялық қызметін жүзеге асырады [4.34 б.].
Қазақстан Республикасының Жер кодексінде жерлердің бірқатар түрлері нақты көрсетілген. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 97 — бабы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді ауыл шаруашылығының қажеттіліктері үшін берілген немесе осы мақсаттарға арналған жерлер ретінде бекітіп берген. Ол — жер санаттарының ішіндегі ең негізгі жер санаты, оның басты ерекшелігі болып жердің өндіріс шикізаттары мен адамдар мен жан-жануарларға қажетті азықтардың басты құралы болып табылатындығы болып отыр [5, 78б].
Қазақстан Республикасында нарықтық жағдайға өтуге байланысты әртүрлі меншік нысандарының пайда болуы, шаруашылық етуші субъектілердің және олардың нысандарының көбеюі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға алуды шектемейді, керісінше, оның әрі қарай дамуына алғышарт ретінде танылады.
Қазақстан Республикасы өз алдында егемендi ел болғалы қоғамдық қатынастар, соның iшiнде жер қатынастары Қазақстан Республикасының негiзгi заңының нормаларына сай дами бастады. Яғни тәуелсiз жас мемлекетiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық, саяси және құқықтық қатынастарының жаңа өмiр талабына сай дамуы, өзiмiз үшiн және болашақ ұрпақ үшiн жоғарыда аталған мемлекетiмiздiң негiзгi қатынастарын қайта реттеп, экономикалық, құқықтық реформаларды қазiргi өмiр талабына сай жүргiзудi талап еттi. Қазақстан Республикасы Президентiнiң айтуы бойынша басты саяси мақсат тұрғысында, әсiресе өтпелi кезеңде экономикалық реформаларды ойдағыдай жүзеге асырудың қажеттi шарты ретiнде тұрақтылықты қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен бiрге Н. Ә. Назарбаев өз халқына Жолдауында жаңадан қабылданған жер туралы заңның халықты өркениеттi нарыққа алып келмегенiн және аталған заңда жiберiлген кемшiлiктердi тез арада жойып жөнге келтiру керек екендiгiн атап көрсеткен болатын [6, 36 б.]. Мемлекетiмiзде жер қатынастарының дұрыс дамуы елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық, құқықтық дамуына зор ықпалын тигiзетiнiн ұмытпағанымыз жөн. Сол себептi жер қатынастарының реттелуiн мемлекеттен ажыратып алуға болмайды. Қазiргi нарықтық қатынастарға байланысты, жердiң мемлекет меншiгiнен жеке меншiкке өтуi және жеке меншiктегi жерлердiң азаматтық құқықтық мәмiлелер арқылы сатылуы, жалға берiлуi сияқты жүргiзiлiп жатқан қатынастардың барлығы ақылы негiзде жүзеге асырылады. Бұл дамыған нарықтық қоғамның талабынан туындаған заңды құбылыс болып табылады және бұл өте орынды. Себебi, жердiң мемлекет меншiгiнен жеке меншiкке өтуi азаматтардың өздерiнiң рухани-материалдық қажеттiлiктерiн қанағаттандыру болып табылады. Жеке меншiктегi жер учаскесiн әр тұлға заңда көрсетiлгендей иелену, пайдалану және билiк ету құқығын жүзеге асыра отырып, азаматтық мәмiлеге түсу арқылы сатып, өзiне сатып ала алады және шарт бойынша жалға бере алады. Бұл қатынастың барлығыда ерiктi негiзде шарт негiзiнде ақылы түрде жүзеге асырылады. Ал, мемлекет жеке меншiкке берiлген (сатылған) жер арқылы өзiн қаржыландырса, сонымен қатар, мәжбүрлi түрде салық салу арқылы қаржылық шаруашылығы қызметiн реттеп, жергiлiктi бюджеттердi қаржыландырып отырады. Мемлекет меншiгiндегi жер учаскелерiнiң жеке меншiкке сатылуы бұл тұрғыдан алғанда мемлекетке экономикалық және әлеуметтiк жағынан тиiмдi болып табылады.
Аталған жағдайдың барлығы жердi пайдалану мен қорғау үшiн ақы төлеудi құқықтық реттеудi қамтамасыз ететiн жер заңдарының дамуына объективтi түрде әсер ететiн факторлар болып отыр. Сонымен бiрге, қазiргi таңдағы нарық жағдайында жерге ақы төлеу мәселесi кез-келген тұлғаны алаңдатар шаралардың бiрi.
Әдебиеттер тізімі:
- Қазақстан Республикасының Үкіметі. 2005-2007 жылдарға арналған ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану бағдарламасы: 2005 жылы 5 қаңтар қаулы // Юрист анықтама жүйесі.
- Государственный земельный кадастр за 2007 год. (стат.Сборник). Алматы, 2005.
- Абдраимов Б.Ж. Земельное законодательство и судебная практика // Земельное законодательство Республики Казахстан: Сборник нормативно-правовых актов (с комментариями) / Сост.: Байсалов С.Б., Стамкулов А.С. и др. – Алматы: Жеті Жарғы, 1998. – С.166-177.
- Хаджиев А.Х. Земельное право Республики Казахстан (Общая часть). – Алматы: Данекер, 2001. – 372с.
- Қазақстан Республикасының Жер кодексі. 20 маусым 2003 жыл. Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы. 2003 жыл №13, 99 бет.
- Назарбаев Н.А. Послание Президента народу Казахстана «Об основных направлениях внутренней и внешней политики на 2003 год» // Казахстанская правда. – 2002. — 30 апреля.
Нургалиева Е.Н., д.ю.н., профессор,
зав. Кафедрой Гражданского процесса и трудового права ЕНУ им. Л.Н. Гумилева