Скачать/Жүктеу
Батыс Қазақстан облысы
Сырым ауданы
Бұлдырты – аудандағы өзен және елді мекен атауы. Бұлдырты – облыс топожүйесіндегі көне атаулардың бірі. Бұл атау түркі моңғол тіл бірлестігі кезеңінен бері дәл осы күйінде қолданылып келе жатыр. Оны дәлелдейтін деректер VІІ ғасырда қазақ даласы арқылы бұлғарлардың жеріне өткен Араб халифатының елшісі әрі саяхатшысы Ахмет ибн Фадланың еңбегінде келтірілген.
Бұлан. Бұл – аудандағы елді мекен. Бұлан – аша тұяқты, бұғы тектес ірі аңның бірі. Тарихи деректерге сүйенсек, Қалдығайты өзенінің бойында бұландар көп болыпты. Тіпті өзен атауындағы «қандағай» сөзі де моңғол тілінде «бұлан» деген ұғымды білдіреді. Кейін бұлан атауы Байбақты руының бір бөлімінің аты ретінде қолданылған. Сонымен қатар бұл елді мекен атауы Байбақты руының ХVІІІ ғасырда өмір сүрген биі Бұлан Қарақұлұлының есіміне де байланысты болуы мүмкін. Бұлан Қарақұлұлы 1783-1797 жылдары С.Датұлы басқарған ұлт-азаттық көтеріліске белсене қатысқан.
Сырымтөбе. Бұл – осы өңірдегі төбенің атауы. Ел ішінде «осы төбенің басына Сырым батыр шыққан» деген аңыз бар.
Теректі ауданы
Ақжайық – аудандағы елді мекен, бұрынғы Ақжайық ауданының орталығы. Бұл сөз, ең алдымен, Жайық өзенін атау үшін қолданылған. Кейін Батыс Қазақстан облысын да дәл осылай атаған. Бұл жердегі «ақ» сөзі – «ерке Жайық» мағынасында халықтың қойған метафоралы атауы. Жайық өзені бойын мекендейтін жергілікті халық оны бірнеше топқа бөліп атайды. Мысалы, Атырау-Жайық – өзенінің теңізге құяр саласы. Ақжайық – өзеннің жоғарғы ағысы. Ақжайық атауын Батыс Қазақстан облысын мекендейтін тұрғындар қолданады.
Ақтөбе. Белгілі бір тарихи кезеңдер мен дәуірлер топонимикалық лексиканың құрамы мен мазмұнына өзінің қайталанбас ізін салып отырған. Сондай атаудың бірі – Ақтөбе. Қазақтар мемлекеттік істерді ақылдаса отырып, шешетін, билер мен хандар түсетін қасиетті мекенді «ақтөбе» деп атаған. Ол жерлердің үнемі биік болып, қалған жерден айырықша дараланып тұруы шарт және үнемі киелі болып есептелген.
Аңқаты – аудан арқылы ағатын өзен атауы және елді мекен атауы. Аңқаты – көнеден келе жатқан атаулардың бірі. Аталған топонимі ХІІ ғасырға дейін түркі даласына Шыңғыс әскері келгенге дейін қалыптасқан. Бұл туралы мәлімет 921-922 жылдары осы дала арқылы бұлғарлар жеріне сапар шеккен араб саяхатшысы Ахмед ибн Фадланның еңбегінде берілген.
Әлжансор – аудандағы сор көл. Адам атына байланысты қойылған. Халық осындай көлдерді емдік бағытқа пайдаланған. Оны қасиетті жерлер қатарына қосқан.
Дәдената – аудандағы зират атауы. Дәден ата – облыс аумағындағы қасиетті орындардың бірі. Оның басына ауырған адамдарды түнетеді.
Көнеккеткен – елді мекен, этнотопоним. Топоним құрамындағы «көнек» сөзі «теріден жасалған, сұйық зат құятын ыдыс» мағынасын береді, қазақтар көнекті шелек орнына да пайдаланған, яғни бұл атау «шелек кеткен құдық немесе көл» деген түсінікті береді.
Сантас. Шалқар көлінің шығыс және батыс бетінде алыстан мұнартып көрінетін екі биік төбе бар. Ол төбелерді халық Сантас және Сасай деп атайды. Сантас та, Сасай да – Байбақты руының бөлімдерінің атаулары.
Шағатай – елді мекен атауы. ХІІ ғасырдағы татар-моңғол шапқыншылығы кезеңінен қалған атау. «Шағатай» сөзі Орта түркі дәуіріндегі Шағатай ұлысының атауы болғаны, сол мемлекеттің ресми тілі саналған шағатай тілі кейін Орта Азияны мекендеген қазақ, өзбек, түрікмен, қарақалпақ әдеби тілдерінің қалыптасуына негіз болғаны белгілі.
Шалқар – аудандағы көл. Шалқар сөзі қазақ тілінде «үлкен», «кең», «байтақ» ұғымында қолданылады. Басқа түркі тіліндегі мәліметтерге назар салсақ, «шалқар» сөзі суға байланысты мағынаны береді. Тұңғыс-манчжур тілінде шалқар – «өзен» мағынасын, якут тілінде «чалығыр – су шолпылы, тува тілінде – «толқын», моңғол тілінде «цалгиа» – «үлкен толқын», «су сыбдыры», «цалчих» – «жарға соғу», «толқындау» ұғымын береді. Демек, көл атауы шалп-шалп-шалқы – «ернеуінен асып төгілу» ұғымы негізінде пайда болған. Гидроним судың түрлі қимыл-қозғалысы мен қасиетіне байланысты қалыптасқан.
Шалқар көлінің жағалауын Х ғасырларда печенегтер мекендеген. Бұл туралы мәлімет 921-922 жылдары осы дала арқылы бұлғарлар жеріне сапар шеккен араб саяхатшысы Ахмед ибн Фадланның еңбегінде беріледі. Өлкетанушы Жайсаң Ақбайдың Жымпиты уезінің тарихына арналған еңбегінде Шалқар атауын куман тіліндегі «чал-тас» және «қар-қала» сөздерінің тіркесінен қалыптасқан деп беріледі. Бұл пікірді негізсіз деп есептейміз. Көл орналасқан аймақта көне қаланың ізі жоқ. Сондықтан атау «судың шалпылы» немесе «ернеуінен аса шалқу» ұғымдары негізінде қалыптасқан.
Тасқала ауданы
Ақкүтір – Тасқала ауданындағы елді мекен. Күтір – көне түркі сөзі, орыс тіліне «хутор» болып ауысқан. Ауданның жері ақ балшықты болып келгендіктен, үйлерін балшықпен майлағанда, бәрі де аппақ болып келеді. Осыған байланысты Ақкүтір атанған.
Шыңғырлау ауданы
Қарғалы – аудандағы өзен және елді мекен. Қарғалы – Қазақстан, Батыс Моңғолия, Сібір, Солтүстік Еуропада кең таралған атау. Қарғалы – тастар мол үйілген жер. Қарғалы – түркі-моңғол тілдеріне ортақ топоним.
Қылыштау. Ел ішінде «осы таудың етегіне Қобыланды аялдап, қылышын қалдырып кетіпті» деген аңыз бар.
Шыңғырлау – өзен және ауданның атауы. Сыңғырлап аққан су дыбысына еліктеуден қойылған атау.
Қотантал. Бұл топонимнің құрамындағы «қотан» сөзі туралы ғалымдар арасында түрлі пікірлер бар. Э.М.Мурзаев бұл сөздің шығу тегін «куткат» – «бекініс, биік дуалмен қоршаған алаң» мағынасын беретін иран-парсы тіліне жатқызады. Алайда көптеген ғалымдар бұл сөздің шығу төркінін моңғол тіліндегі «қоршау», «дөңгелене орналасу» мағынасымен байланыстырады. Бұл сөз моңғол тілдерінде де, түркі тілдерінде де кездеседі.
«Батыс Қазақстан облысы
жер-су атауларының сөздігі» бойынша дайындаған М.Серікбай,
өлкетанушы