Түркі жұрты біріксе, төбедегі келеді


Скачать/Жүктеу

Көк бөрі атауы қайдан шықты

Құйтырқы саясат ұстанып, қанқұйлы жорықтар ұйымдастырған, солтүстіктегі көршілерін қан қақсатып, қынадай қырған Хань әулетінің, оларды тақтан тайдырған Цзань әулетінің ішкі алауыздықтан қатты әлсіреп, қазіргі жыл санауымыздың 420 жылы ыдырап тынғанын тарих тақсыр жіпке тізгендей айтады.

Міне, осы тұста Алтай тауын паналаған көкбөрілер тайпасының ес жия бастағаны туралы Қытай және Еуропа жылнамаларында жазылып қалған мынандай бір дерек: босқан жаудан қорғану үшін пана іздеген бес жүз үйлі ғұн жұрты Сарыжайлаудан Алтайға үдере көшеді. Солардың соңына түскен аңдушы дұшпан оларды қырып тастайды. Осынау қырғын кезінде аяқ-қолы бірдей шабылған жалғыз бала аман қалады. Әлгі баланы көк бөрі тауып алып, сүтімен асырайды. Ер жеткен соң осы баладан көкбөрілер тарайды.

Ұлы ғұндардан қалған бір қауым елдің Сарыжазықтан үдере көшіп, Алтайдың қойнауындағы жан-жағын тау қоршаған оқшау жазықты паналағаны шындық. Елдің көсемін қытайлар Ашина, яғни, қытайша «мейірімді бөрі» деп атаған.

Көкбөрілер тайпасының кейінгі ұрпақтары түркілер Қиыр Шығыстағы Хинган тауларынан Қап тауына дейінгі ұлан-ғайыр аймақты бағындырған. Олар бөріні кие тұтқан, бейнесін әскери байрақтарында бедерлеген. Бөрі рухын пір тұту дәстүрі бүкіл түркі халықтарында бар. Әсіресе, қазақтар бөрі рухын күні бүгінге дейін қастерлейді.

«Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерсе, Қозады қай-қайдағым….»,-деп жырлап еді кешегі Сүйінбай Аронұлы. Күні кеше ғана, 1949 жылы Қытайдан Тахла Макан шөлінен өтіп, Гималай тауларынан асып, Кашмир арқылы Түркияға жеткен көштің басшысы Қалибек Хәкім Райымбекұлын сол түркілердің сарқыты емес пе еді?!

«Түбі бір, түрлі, түгел бол»

Түбі бір түркі жұртын қалайда бір-бірінен алыс ұстау саясатын ұстанған коммунистер билігі кезінде сыртта қалған түрік елімен мүлде байланысын үзді деуге де болады. Дегенмен Кеңестік империяның көбесі сөгіліп, келмеске кеткен соң, тәуелсіздікке ие болған тегі бір, бөрілі байрақты жұрт қайтадан бір-бірімен алыс-берісті бастады. Осы тұста Нұрсұлтан Назарбаев «Түбі бір, түркі, түгел бол» деген ұран тастады. Тағдырдың талаймен жұмыр жердің әр қиырына шашылып кеткен иісі түркі жұртын «төртеу түгел болса, төбедегі келедіге» шақырды..

Қазақстан Президенті 2006 жылдың қараша айында Түркияда өткен түркітілдес мемлекеттердің басшылары бас қосқан алқалы жиында алғаш рет «Парламенттік ассамблея құру» идеясын ұсынды. Назарбаевтың бұлайша түркі әлемінің төрт құбыласын түгендеуі, әрине, қабыл алынды. 2009 жылғы 3 қазанда Әзірбайжанның Нақышеван қаласында өткен Түркітілдес мемлекет басшыларының ІХ саммитінде Назарбаевтың бастамасын саммитке қатысушылар бір ауыздан қолдап, «Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесін» құру жөніндегі келісімге қол қойды.

Кеңес шеңберінде жалпы түркі басымдылықтары бар жиылған ұсыныстарды енгізіп, ортақ құжатқа топтап жинақтайтын тұрақты Хатшылық та сол Нақышеванда қабылданды. Хатшылық Ыстамбұл қаласында орналасты. Осы Ынтымақтастық кеңесі құрылғалы тараптар қанша мәрте бас қосып, алқалы жиындар өткізді. Кеңестің алғашқы саммитіне дайындық жасады.

Міне, Алматыда 11-ші жылғы қазанның 21-інде өткен «Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық кеңесі» саммиті осы жұмыстардың жемісі еді. Бұған кеңеске мүше төрт елдің, яғни Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының президенті Роза Отынбаева және Түркия мемлекетінің вице-премьері Бекир Боздағ қатысты. Саммитке Түркия премьер-министрі Тайып Ердоған, яки, Түркия президенті Абдолла Гүл келеді деп күтілген. Бірақ Түркияда осы қарсаңда болған лаңкестік әрекеттерге баланысты соңғы екеудің бірі де келе алмады.

Бүгінде қарасы 200 миллионнан асып жығылатын түркі жұрты жұдырықтай жұмылса алысқа ұзап шабарын аңғаруға болар. Түркі жұртының қолындағы жер байлығы бір. Жағырапия жағынан да құдайы жарылқаған: төрт бағыттағы таспадай транзиттік тасымал жолы екі. Яғни, түркінің ұрымтал тұстан өз үкімін өзгеге «иә» дегізетін амалы қолында.

Алға қарай оза шауып айтар болсақ, Түркі кеңесінде дәл осы транспорттық, көліктік коридордың дамуы – елдердің сауда айналымына серпін беріп қана қоймай, тауар мен қызмет түрлерінің өзіндік бағасы арзандап, агроөнеркәсіп өсімі, мәшине жасау, өндіру және экономиканың өзге де секторларының ілгері жылжуына өз әсерін тигізетіні айрықша айтылды.

Қысқасы, бүгінгі түркі жұртының әлемдік саясатта азулы бөрі тәрізді орны бөлек. Экономикасына келсек, түркі мемлекеттеріне ортақ жалпы ішкі өнім көлемі 1 триллион доллардан асып түседі екен. Тек биылғы 2011 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында ғана Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы былтырғы жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда 58 пайызға ұлғайып, 1,9 млрд. АҚШ долларын құраған.

Кейбір білікті саясаттанушылар, соның ішінде бүгінгі кезеңнің өткір қырларынан қорықпай, өз көзқарастарын батыл білдіріп жүрген Айдос Сарым секілді жастүркілер өкілі БҰҰ сарапшыларының алдағы жиырма бес, отыз жылдан кейін Ресей мемлекеті жартылай мұсылман елге айналады деп болжам жасап отырғанын айтады. «Егер Ресей халқының жартысын мұсылмандар құраса, оның бар болмысы өзгереді. Түбі тұтастығын сақтай ала ма, алмай ма, ол да бір мәселе. Ал енді біз өзіміздің Қазақ мемлекеттігін күшейте отырып, оның қасында түркі бірлігі деген идеяны қатар алып жүретін болсақ, болашақта ешбір держава бізді ала алмайды.

Еуропа одағының тәсілімен түркі халықтары біріксе, болашақта оған жартылай мұсылманға айналған Ресейдің өзі зәру болып қалар еді».

Расымен де, қарап отырсаңыз, бүгінгі күні экономистер мен саясаткерлер тарапынан екіұдай пікір тудырып келе жатқан Кеден одағының басты бастамашысы Ресейде 50-ден астам түркі халқы бар.

Үзіліп қалған мәдениет қайта жаңғырытады

Яғни, түркі мемлекеттерінің біртұтас саясат жүргізе алатын одаққа айналуы 300 миллиондық нарыққа алып келеді. Ол бүгінгі Медьведев мақтаған, Путин жақтаған Кедендік одақтан да үлкен болар еді. Мұндай нарыққа ие түркілер әлемдегі кез келген держава санасатын күшке айналмақ.

Түркі жұрты алпауыт елдердің жұмырына жұтылып кетпей, үзіліп қалған мәдениетін, түбі бір тарихын қайта жалғаса, рухани, экономикалық қарым-қатынасын нығайтса, саясатын тізе қоса бірге түзсе деген бағытты ұстаған Елбасы Назарбаевтың мұндағы саясатын бағамдағанда, Жүсіпбек Аймауытовтың:

Арғы атам – ер түрік,

Біз – қазақ еліміз.

Ерке өскен Арқаның

Еркесі – серіміз.

Алаштың аруағы

Жебесін, қолдасын!

Ақсақал, тілей көр,

Сапарды оңдасын.

Жасаған жар болсын

Қазақтың еліне,

Жасасын, сақтасын

Алаштың ордасын, – дегені еріксіз еске оралады.

– Даңқты бабаларымыз әлемдік сәулет өнерінде, поэзия мен ғылымда өшпес із қалдырды. Сондықтан түбі бір туыс елдерді бір-біріне жақындастыра түсу үшін атқарылар іс-шаралар әлі де ұшан-теңіз. Алдағы уақытта тарихта із қалдырған әйгілі тұлғаларды бір-бірімізге таныту үшін кең ауқымды іс-шаралар ұйым­дастыруымыз керек, – деп Елбасы мәдени-рухани жақындастықты тереңдете түсудің маңыздылығына тегін тоқталмаса керек.

Саммит соңында 49 саладан тұратын, яғни тарих, тіл, төл ерекшеліктері және мәдениет ортақтастығына негізделген Түркітілдес мемлекеттері арасындағы қатынастарды одан әрі дамыту және ынтымақтастықты күшейту ниетін қуаттайтын Алматы декларациясы мен Түрік кеңесінің рәсімдік ережелері қабылданды. Бұл құжаттарда елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастардың сан түрлі саласы қарастырылып, нақты тапсырмалар берілді.

Түркі кеңесінің жұмыс қорытындысы туралы Президенттің өзі былай деп:

тамаша тұжырым жасады.

«Біз әлемдік дағдарыс дауылына қарсы тұруға бағытталған ортақ әрекеттердің тиімді тетіктерін қалыптастыру жайын талқыладық. Сонымен қатар сауда-экономикалық, инвестициялық көпжақты байланыстарды дамыту жолдарын қарастырдық. Елдеріміздің транзиттік мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану жолдарын айқындадық. Сонымен қатар бауырлас елдерді жақындастыру үшін мәдени-гуманитарлық өзара байланыстарды тереңдетуге уағдаластық. Саммит нәтижесі бойынша, Алматы декларациясы және Түрік кеңесінің рәсімдік ережелері қабылданды. Бұл құжаттарда елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастардың сан түрлі саласы қарастырылып, нақты тапсырмалар берілді. Бұл маңызды құжаттар бірлестігіміздің мәртебесін арттырып, ынтымақтастық негіздерін айқындайды деп есептейміз».

Келер жылы Бішкекте өтетін саммит «Білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастық» тақырыбына арналмақ.

Мақаланың сілтемесі: http://www.aorda.kz/?p=13839


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы