Скачать/Жүктеу
Досмұхамедұлы Жанша – Алаш қозғалысының қайраткері, заңгер. 1886 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1912 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітіріп, 1917 жылдың ақпанына дейін Томск округтік сотында қызмет істеді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тұсында басқа да Алаш зиялыларымен қатар мәселенің бейбіт жолмен шешілуін жақтап, халықты көтеріліске шықпауға шақырды. Ресейдегі Ақпан төңкерісінен кейін болған қоғамдық-саяси өзгерістер кезінде облыстық жалпықазақ сиездерін өткізуге белсене араласты. Орал облыстық қазақ комитетінің төрағалығына сайланды. 1917 жылы мамырда Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар сиезіне қатысып, Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланды. Уақытша үкіметтің Құрылтай жиналысы туралы заң жобасын дайындайтын мемлекеттік кеңестің мүшесі болды. 1917 жылы желтоқсанда өткен ІІ-жалпықазақ сиезінде жарияланған Алашорда үкіметінің құрамына енді. 1918-1919 жылдары Батыс Алашорда бөлімшесіне басшылық жасады. 1918 жылы наурызда Х.Досмұхамедұлымен бірге Алашорда үкіметі атынан кеңес үкіметінің басшылары В.И.Ленинмен және И.В.Сталинмен бетпе-бет келіссөздер жүргізді. 1920 жылдан бастап әртүрлі шаруашылық жұмыстарда, Мәскеудегі «Малшы» басқармасында аға экономист болып қызмет етті. Ұлттық мәдениетті көркейтуге, ғылымның, білімнің дамуына үлкен үлес қосты. 1922-1925 жылдары «Талап» мәдениет көркейту қауымының мүшесі болды. Ж.Досмұхамедұлына қауымның төрағасы Х.Досмұхамедұлы Түркістан заң шығару халық комиссариатының өтініші бойынша, азаматтық және қылмыстық кодексті қазақ тіліне аударуды тапсырған. Ж.Досмұхамедұлы «Уголовный кодексті» «Жауыздық низамнамасы» деп аударған. Бұл аударма 1000 данамен жарық көріп, оған М.Дулатов сыни пікір жазған. Ж.Досмұхамедұлы ХХ ғасырдың 30-жылдары (1932) кеңес үкіметі ұйымдастырған саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.
Ж.Әскербекқызы