ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ (1883 – 1937)


Скачать/Жүктеу

Досмұхамедұлы Халел – аумалы-төкпелі заманда мұң мен зардың, айтыс пен тартыстың, өмір мен өлімнің бел ортасында жүрсе де азаматтық тұлғасына дақ түсірмеген қазақ зиялыларының бірі. Мамандығы дәрігер бола тұрса да, қоғам өмірінің сан салалы мәселелеріне араласқан көп қырлы дарын: саяси және қоғам қайраткері, тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, шебер аудармашы.

Туған жері – қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданы.

Ағасы Дәулетүмбет Машақұлының ықпалымен әкесі Досмұхамед ауыл молдасынан хат таныған Халелді жергілікті орыс-қазақ мектебіне береді. Мектепті жақсы бітірген Халел бұдан кейін Теке қаласындағы реалдық училищеге түсіп, оны үздік бітіреді. Өнер-білімге құмар жас Санкт-Петербургтегі Әскери-медициналық академияда алты жыл оқып, алтын медальмен бітіріп шығады.

Халқының жан саулығы мен тән саулығының шипагері бола білген Халел арнайы шақырумен Орынбор қаласында өткен Жалпы қазақ-қырғыз сиезіне қатысады. Осында қазақ-қырғыз өлкелік автономиясы жарияланып, Алашорда өкіметі құрылады. Ол мүше болып сайланады.

Алашорда таратылғаннан кейін басқа қазақ зиялылары секілді Халел де жаңа өкіметтің жұмысына тартылады. Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушы, оған қосымша Орта Азия университеті медицина факультетінің ауруханасында ординатор қызметтерін атқарады. 1924 жылы  Ресей академиясының Орталық өлкетану бюросының мүше-корреспонденті болып сайланады. Өзі проректор болып істейтін  халқымыздың алғашқы жоғарғы оқу орны – Қазақ педагогика институтының негізінде Қазақ мемлекеттік университетін ашуға, соның ұйымдастыру жұмыстарын атқаруға белсене араласады, оның бірінші проректоры болып тағайындалады.

Бірнеше қызметтер атқара жүріп, ұлттық мектептердің жүйесін құруға, қазақ тілінде ғылыми терминология жасау ісіне үлес қосады. Қоғамдық қызметтермен қатар ана тілінде оқулықтар жазуға да араласады. «Табиғаттану», «Оқушылардың денсаулығын сақтау», «Адамның тән тірлігі» (қазақша-орысша жаратылыстану сөздігі), «Сүйектілер туралы» атты еңбектер жазды. Мақалалары «Шолпан», «Ақжол», «Еңбекші қазақ», «Сәуле» сияқты газет-журналдарында жарық көрді. Қазақ-қырғыз білім комиссиясы жанынан «Сана» журналын шығарып, редакторы болды.

ҚазПИ-де проректор болып жүрген Халел тұтқындалып, қазіргі Воронежге жер аударылады. Сонда жүргенде қайта тұтқындалып, әуелі Мәскеу, содан соң Алматы түрмесіне отырады. 1937 жылы әскери трибуналдың үкімімен атылды. Оның ісі тек 1958 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмыстық атқару коллегиясында қайта қаралып, ақталды.

Л.Серғазы


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы