Скачать/Жүктеу
Лекция мақсаты: Шал ақын шығармашылығымен таныстыру, өлеңдерінің мәнін көрсету.
Жоспар:
- Шал ақын Құлекеұлы (1748- 1819 жж.). Өмірі мен ақындық жолы.
- Шығармаларының негізгі өзегі.
- Шал – айтыс ақыны.
- Шал ақын өлеңдерінің текстологиясы.
Шал — негізінен бұқара халық идеясын жырлап, өмір қайшылықтарын көре білген, еңбекші халық ортасынан шыққан, ауыз әдебиеті үлгілерін ұстанған суырып салма ақын. Шығармалары баспа бетін кейінірек көргендіктен, ақын творчествосы ұзақ жылдар бойы зерттеусіз қалып, тек кейінгі жылдарда ғана ғалымдар назарын аударып, ақын әдебиет тарихынан берік орын алды.
Ш.Уалиханов өзінің еңбегінде Атығай руының Бейімбетінен Шал деген ақын шыққанын ескертеді. Шоқан оны өз елінің тарихи шындығын көтеріп, өз руының өткенінен сөз қозғаған эпик жыраулардың бірінен санайды. Шал ақын қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Октябрь ауданы, Қаратал ауылында туып-өскен. Әкесі Құлеке, ағасы Байжігіт (әрі батыр, әрі би) — сол кездегі жорықтарға қатынасқан белгілі адамдар. Шалдың шын аты — Тілеуке. Өзінің жастай үлкендерше сөйлеп, төрде отырып төрелік айтқан мінезіне қарай жұрт оны Шал деп атап кеткен. Оның сүйегі Есіл өзені бойындағы Қаратал деген жердегі зиратқа қойылған.
Шал кейбір зорлықшыларды ғана сынап қойған ақын емес, соған қоса, кәрі-жас, жарлы-бай демей, олардан жамандық көрсе шаруасын, кәсібін түгел қамтуға тырысқан. Сондықтан ақын өлеңдерінің тақырыбы кең де, халықтық беті айқын. Дәулетіне сеніп көкірексіген кердең байларды, парақор тынымсыз әкімсымақтарды өте жек көрген. Бай-би болсаң да, хан болсаң да қалың елің мен қараша халқыңды ұмытпа, соларға пана бол деген ой айтады. Ақынның сыншылдығы — өз кезіндегі қоғамға деген оның наразылығының айғағы. Ар-ұятты жоғары ұстай білу адамгершіліктің белгісі деп ұққан Шал осы асыл қасиеттерге кір келтірмеуді азаматтық шарт деп біледі. Ол — өмір туралы кең толғанған ақын. Оның өлеңдерінде қазақтың шаруа жайы да, мал баққан елдің тұрмыс-тіршіліктері де молынан жырланады. Ақынның ұсынары — адал еңбекке негізделген берекелі тұрмыс, ел-жұрттың бақытты өмірі, ағайын арасының достығы, бар-жоққа қарасып, бөлісе күн көріп, қысылмай бейбіт тіршілік ету. Ол бір топ өлеңдерінде адамның қартайған шағын бейнелейді. Кәрілік шақты өзінше сипаттап, адамды құтқармайтын, ешкімнің бет-жүзіне, дәулет-дәрежесіне қарамайтын ортақ құбылыс ретінде суреттейді.
Шал ақынның өлеңдері мазмұнының байлығымен ғана мәнді емес, соған қоса, көркемділігімен де мәнді болып келеді. Ол өзіндік поэтикалық тіл, бейнелі өткір сөз, айқын баламалар, ауыстырулар қолданады.
Шалды білетін ел адамдары оны айтыстарға түсіп жүрген импровизатор ақын деумен бірге, сауатты адам еді дейді. Кезінде ол бір көрші ауылдың ақын қызымен хат арқылы айтысыпты.
Ақын шығармашылығындағы: «Кімнің жақсы-жаманын, бір жаратқан хақ білер. Адамзаттың белгілі, бұл дүниеден өтері», «Мал мен перзент —адамның дәулет құсы» т.б. қанатты сөздер, даналық ақыл-нақылдарының өмірлік маңызы, ғибраттық, үлгі-өнегелік қырлары мол. Шал — өз заманының беделді ақыны.
Өзін-өзі бақылау тапсырмалары:
- Шал ақынның ұлттық-танымдық, тәрбиелік мән-маңызы зор өлең- толғауларындағы уақыт үндестігі.
- Ақын өлеңдеріндегі қанатты сөздер.
- Шал ақын мұрасының көркемдік қырлары.
Әдебиет:
1.Ай, заман-ай, заман-ай. А., 1991.
2. Бектуров Ж. Художественно-композиционные особенности поэзии
жырау и акынов. (Автореферат дисс.) А., 1990.
3. Бес ғасыр жырлайды. (екі томдық). А., 1989.
4. Кенжебаев Б. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. А., 1973.
5. Мағауин М. Қобыз сарыны. А., 1968; Ғасырлар бедері. А., 1991;
Қазақ тарихының әліппесі. А., 1994.
6. Мәдібай Қ. Хандық дәуір әдебиеті. А., 1996.
7. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері. А.,1967
Қазақ әдебиетінің тарихы. А., 1997.
8. Негимов С. Өлең өрімі. А., 1980; Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі. А., 1991.
9. Сағынбекұлы Р. Көркемдік таным. А., 1995; Сөз сарасы. А.,1996
10. Сыздықова Р. ХVІІІ-ХІХ ғғ. қазақ әдеби тілінің тарихы. А., 1989.
11. Сыдықов Қ. Көркемдік өрнектер. А., 1992.