РАҚЫМЖАН ҚОШҚАРБАЕВ (1924 – 1988)


Скачать/Жүктеу

Мәңгілікке жер құшқан фашистердің соңғы ұясы – Рейхстагтың үстіне жеңіс туын желбіреткен Қошқарбаев Рақымжан 1924 жылдың 19 қазанында Ақмола облысы, Тельман ауылында (кезінде «Қырық құдық» деп аталған екен) өмірге келген. Анасынан төрт жасында айырылып, 13 жасында аяулы әкесі НКВД түрмесіне жабылған Рақымжан жетімдіктің азабын бір кісідей-ақ тартты. Отан-ананың тәрбиесі бойына сіңген бала-жігіт Ұлы Отан соғысы басталған соң-ақ елін жау қолынан азат етуге бел буады. Ол осы ізгі мақсатпен 1942 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы жаяу әскер училищесіне оқуға түседі. Осы жерде Рақымжан алыстағы арманы болған күтпеген жағдайға тап болады: жігерлі жас жігітті баяғыда НКВД құрсауына түскен әкесі іздеп тауып, әке мен бала Фрунзеде сағынысып жолығысады. Ардақты әке осылайша сүйікті ұлының сапар жолына ақ батасын береді.

Ә дегеннен-ақ атқыштар дивизиясына түскен Р.Қошқарбаев 1944 жылдың қазан айынан бастап 1-Беларусь майданында взвод басқарады, Польша, Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысып, жаумен аянбай шайқасады. Ержүрек жас жауынгер сүйікті елін жау қолынан босатуға жан аямай соғысады.

Ал Берлин операциясы кезінде лейтенант Р.Қошқарбаевтың жасаған ерлігі әлем көрмеген ерлік болып, тарихта қалды. 1945 жылғы 30 сәуірде ол жауынгер Григорий Булатовпен бірге Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, жеңіс туын тікті. Бұл жөнінде Алматының бір мектебінде оқушылармен болған кездесудегі батырдың өз әңгімесі аса әсерлі: «Үш жүз метр. Иә, осы шағын қашықтықты біз 6 сағат бойы еңбектедік. Бір сәт көк түтін бе, көтерілген шаң ба, алдымыз бұлыңғыр тұман болып кетті. «Тағы да кеттік», — деп мен алға қарай тұра жүгірдім. Серігім Г.Булатов та құстай ұшты. Рейхстагтың сатылы табалдырығына табанымыз тиді-ау. Екеуміздің де көзімізде жас. Денемізде әлсіз діріл бар. Бұл, шамасы, қорқу, толқу, қуаныш сезімі болар. Демімізді басып, ес жиған соң, Гриша алып келген жалауды Рейхстаг қабырғасына қададық. Аз уақыт өткен соң, біздің артымыздағы негізгі күш те келіп жетті». Иә, бұл ержүрек қазақ жігітінің бойындағы ата-бабасынан қалған нағыз ерліктің көрінісі еді.

Соғыстан кейінгі жылдары Рақымжан Қошқарбаев Эльба бойындағы кеңестік оккупация әскери бөлімінде қызмет атқарды. 1947-1967 жылдары Ақмола облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармада инспектор, ал 1967 жылдан «Алматы» қонақ үйінің директоры болды. Р.Қошқарбаев Қызыл Ту, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.

Берлиндегі Рейхстагқа ту тігіп, қазақтың нағыз батыр ұлт екендігін дәлелдеген қайсар азамат Рақымжан Қошқарбаевқа 1999 жылы тәуелсіз еліміздің «Халық қаһарманы» атағы берілді. Р.Қошқарбаев 1988 жылы 10 тамызда Алматыда қайтыс болды.

А.Мұсабекова

 


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы