ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ (1911 – 1955)


Скачать/Жүктеу

Бүгінгі алпыстан жоғары жастағы кісілер кезінде Қасымның өлеңдерін жатқа айтушы еді. Қасым Аманжоловтың аты елге есімімен Қасым деп тараған-ды. Соғыстан кейінгі сөзбен отыз жылдың кезеңінде Қасым сөзі ел ішінде аса қадірлі болды. Оның әсіресе:

Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,

Сонда да тастамаймын Астанамды,

Өлеңнің отын жағып асырармын

Өзімді, әйелімді жас баламды, — дегендей өткір шумақтарын екінің бірі қисыны келген жерде айтып қалушы еді. Кәдімгідей біреуге өкпесін білдіру үшін қолданатын. Ал, ән салу, өлең айту қажет болғанда Қасым өлеңдері, әсіресе «Дариға сол қыз», «Жас дәурен», «Өзім туралы», «О, дариға, алтын бесік туған жер» (ән жинақтарында «Туған жер») атты өлеңдері жиі айтылушы еді. Мектеп, жоғарғы оқу орындарының концерттік бағдарламаларында Қасым өлеңдері міндетті түрде болатын, белгілі әнші,  әртістер де жиі орындайтын. Қасымның:

Жас дәурен – жігер оты жанған жалын.

Көрмесем қызығыңды армандамын,

Өмірге екі келер уақытым жоқ,

Сондықтан үлесімді мол қармадым, — дегендей отты өлеңдері, отаншыл сөздері, өршіл мінез, сыршыл сезім, жігерлі үні көпті баурайтын.

Ақындардың кейінгі жас буындарында жасық, жылауық, сарнауық өлеңдердің көбейіп кетуі – Қасымдай қазақ өлеңінің асқарына шығып, қиындыққа қажымай, «От шайнап, жалын бүрке» алмағандықтан, «Өзге емес, өз мінін өзі» айта білмегендіктен де шығар-ау.

Майданда от кешкен, тұрмыс-тауқыметін тартып, дертті болған ақын еш мойымайды, күйзелмейді. Отаншыл Қасым:

Уа, дариға алтын бесік туған жер,

Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр,

Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,

Ақын болмай, тасың болсам мен егер, — деп жырлайды.

Қасым ауыр заман, құбылмалы саясат, соғыс, тұрмыс шаршатқан жұртты жұбатқан, сергіткен ақын. Қазір де Қасым сөзі тозған жоқ, Қасым өлеңі ескірген жоқ. Қасым уақытпен үндесе алмай жатқан жоқ, Қасым – сол баяғы бір Қасым. Тек бүгінгі мәдениет тұтқасын ұстағандардың ұлттың өткені мен бүгінін ұштастыра алмауынан шығармалары қазіргі жастар қолына тимеуде, тәлім-тәрбие істеріне орайлы пайдаланылмауда. «Біреудің аспандағы асылымын, Біреудің жұртта қалған жасығымын» деген ақын сөзі шындыққа жанасып отыр. Білгенге – асыл, білмегенге, әрине «Танымасын сыйламастың» кебі де. Бүгінгі ұрпақ, келер ұрпақ талпынып өсер тұғырлар – осындай, Қасымдай қайсар тұлғалар. Біз – кіміміз бар дейтін жұрт емеспіз, қай салада да тұлғалы кісілеріміз болған, болып отырған, бола да берер кемел жұртпыз. Тек солардың қадірленуі кемшін. Қастерленуі жетіспейді.

Еске алдым мінезіңді сағынғансын,

Жасамай кеткен сабаз жарым жасын.

Бұл күні біз қайтеміз деймін тағы,

Өлеңнің жазып кетсе бәрін Қасым, — деп тұстасы, сыйласы болған Ғафу Қайырбеков айтқандай Қасым адамның жан сарайын жайландырар, кісіге жігер, қайрат берер қуатты өлеңдердің небір сойын жазған ақын.

                                                           С.Шүкірұлы


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы