Скачать/Жүктеу
Белглi бiр iстеген iс-әрекетi, сөйлеген сөзi, тұжырымдаған ой-пiкiрi арқылы қатардағы қоғам мүшелерi арасынан ерекшеленiп, ел тарихынан орын алған жеке адам — тұлға. Отан тарихының жалпы даму барысына өз үлестерiн қосқан тарихи тұлғалар қазақ қауымының саяси-экономикалық, әлеуметтiк, рухани өмiрiнде хан, сұлтан, би, батыр, рубасы т.с.т. ретiнде танылған едi.
Ел тарихында елеулi iз қалдырған тұлғаларымыздың бiрi — Олжабай Толыбайұлы (1709-1783). Батыр туралы сақталынған деректер әр алуан: Жер аттары (Олжабай асуы, «Олжабай сөресi”, «Шүршiтқырған”…), ресми архив құжаттары, ғалымдар жазбалары (Н.Я. Коншин, Ф.А. Щербина), мұражайлық экспонаттар (Омбы музейiнде сақталулы Жаяу Мұса тапсырған Олжабайдың қылышы, белдiгi, дулығасы, шарайнасы), зерттеушiлердiң еңбектерi (Ә.Х.Марғұлан, Б. Адамбаев, М. Хақанов), қолжазба күйiнде жеткен халық ауыз әдебиетi нұсқалары. Щербина Ф.А. мәлiметi бойынша, Олжабайдың жеңiсiнiң айғағы ретiнде шайқас болған жерде өз бейнесiн тастан қашатқызып, ескерткiш қоятын әдетi болған.
Әйткенмен, қаһарман хақында нақтылы деректер жұтаң тартады. Олжабай батыр ұрпақтарының мәлiмдеуiне қарағанда, О. Толыбайұлының естелiк «Қара кiтабы”, Қалдан Сереннiң қаһарманға сыйға тартқан З жарлығы (150 х 30 см.), жай тасы, сары ала туы (150 х 60 см.) — Әлкей Марғұланның шешесi Нүриламен бiрге жерленiп кеткен.
Патшалы Ресей тұсында қазақ елiн, жерiн зерттеген орыс ғалымдары Олжабай сынды тарихи тұлғаларды жеке алып қарастыруға мүдделi болмаған, тек жер атауына «Жасыбай асуы” т.т) байланысты тарихи аңыз-әңгімелердi жинастырумен шектелген. С.И.Гуляев А.С.Поповтан естiген соғысы хикаясын алғаш рет баспа бетiнде жариялайды. Ал Н.Я.Коншин бұл аңыз мағлұматын ғана келтiрiп қана қоймай, Олжабайдың батырлық тұрпаты туралы халық арасында сақталынған сипаттама дерегiн де қоса бередi. Ф.А. Щербина өз еңбегiнде мекен қылған жайлау, қыстау орындары туралы құнды мәлiмет қалдырған.
Мәшһүр-Жүсiп О. Толыбайұлы тарихына ерекше көңiл бөлiп, қаһарман өмiрiне қатысты аңыз-әңгiме, жыр нұсқаларын қағазға түсiрiп, жинастырып отырған. Әлеуметтiк жағдайына, қылған қоғамдық-саяси қызметiне қарай жiктемей әрқайсысын жеке адам — тұлға ретiнде зерделеуге ұмтылу барысында Мәшһүр Жүсiп жазбаларындағы қаһарман тұлғаларымыздың шежiрелiк ата-тегi, өмiр сүрген уақыты (туған, қайтыс болған жылдары), мекендеген жерлерi, әкiмшiлiк-сот жүйесiндегi орны (би, заңгер, хан, сұлтан, рубасы), әлеуметтiк жағдайы (бай, орташа ауқатты, кедей), қоғамның iшкi, сыртқы өмiрiндегi ролi (елшi, мәмлегер), белгiлi бiр тарихи оқиғаларға (шайқаска, бiтiмге) араласуы т.т. туралы мол деректердi тарихи зерттеулермен, кұжаттармен өзара байланыста қарастырдық. Жанұялық архивтегi Әлкей Марғұлан жазбасында: «Сүйiндiк Олжабай батыр” ертегiсiн Сақау ақынның айтуынан 1865 жылы жазып алған Мәшһүр-Жүсiп Көпейұлы”, — деген мәлiмет бар. Бұған сүйенiп Олжабай туралы деректердi жинастыру ақынның 7 жасар бала кезiнен басталғанын танимыз.
1907 ж. Қазаннан басылып шыққан «Сарыарқаның кiмдiкi екендiгi” кiтабында Мәшһүр-Жүсiп қалмақтармен соғысып жүрiп қазақ батырлары азат еткен Сарыарқа даласын патшалы Ресейдiң шенеунiктерiне сүйенген орыс шаруаларының тартып алып жатқанын ашық сынайды, өз сөзiнiң дәлелi ретiнде Баянауылды қалмақтардан азат қылған Олжабайдың есiмi Ерейментаудағы мұжықтардың поселкесiне қойылғанын жазады: «Бұл қазақ иесiз жатқан жерге текке келiп ие болған жоқ. Ақ найзаның ұшымен, ақ бiлектiң күшiмен, жаннан кешiп, кеше Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнiбек замандарында қалмақпен жаудай алысып, жаттай салысып, шыбын жанын нысанаға байлап, не маңғаз сарбаздары жау жолында оққа ұшып, өлгенi өлiп, қалғаны қалып, сөйтiп алған жерi еді… Бұл Сарыарқа бiздiң қазаққа атасының құны болып, олжа болып тиген едi. Бiреу бiреуге: «Соңымнан қалмастай атаңың құны бар ма едi”, — дейдi ғой. Сондай атамның құны болғаны үшiн, жер-судан айырылып, қаңғып қоныссыз жүргенiме iшiм күйiп, өлсем ойымнан кетер емес. Дүние деген шiркiн көшпелi дегенi осы екен; қазақтың тұлпар мiнiп, ту ұстаған, кейiнгi үрiмi-бұтағына олжа салған батыр ең, ақырында мұжықтың поселкесiнiң аты болды. Ереймен тауындағы Олжабай қаласы атанған қала сол Олжабайдың өлген жерi”. Өз зерттеулерiңде аңыз, шежiре деректерiмен шектелуге мәжбүр болған Мәшһүр Жүсiп шайқас барысында Жасыбай мен Олжабай батырлардың тұрақ қылған мекен атауларын ғана көрсетiп кеткен.
Тарихшы М. Тынышпаев 1925 ж. басылған кiтабындағы шежiре кестесiнде қаһарманның 1750-1758 жылдары екi iрi шайқаста қалмақтарды қырғынға ұшыратқаны туралы мәлiмет келтiредi. Батырдың ұрпағы, академик Әлкей Марғұлан Кеңестiк дәуiрде О.Толыбайұлы бабасы туралы зерттеу мақалаларын баспа бетiнде жариялайды. Олжабайға арналған тарихи жырларды зерттеген әдебиетшi ғалым Б. Адамбаев өз тұжырымдауларында Ә.Марғұлан пiкiрлерiне сүйенедi.
Жаяу Мұса дәптерiндегi дерекке сүйенген Ә.Марғұлан тұжырымдауы бойынша, Олжабай 1709 ж. Түркiстанда туып, 1783 ж. Ереймен тауының сыртындағы жазық пен Сiлетi өзенiнiң басында дүниеден өткен.
Қаһарманның тарихта бiрнеше есiмi болған: Жаяу Мұса жазбасындағы бала кезiндегi аты — «Алажағы” («Алажақы”); халқының қойған есiмi — «Олжабай”; ту ұстаушы батыр болғандықтан, жасақ арасында таралған лақап аты «Ала ту”; жаудың атқан оғы тимейтiндiгiнен Абылай ханның берген есiмi — «Қу жарғақ”. Олжабай батырдың көшiп-қонған жерлерi туралы мәлiметтер жер-су аттарында, Ф.А.Щербина жазбасында, аңыз-әңгiмелерде шоғырланған. Балалық шағын Түркiстан, Ташкент қалаларында өткiзген Олжабай Ақтабан шұбырынды жылдары басталғанда 12 жасында үйсiндегi нағашысы Қаратай батырдың үйiне барып, сонда ер жетедi. Ал, Орта жүз қазақтары 1723-1725 ж. Бұхара жұртында, шығыс Бұхарадағы Жиделi (тау) -Байсын (қала) жерлерiн мекендейдi. Ф.А.Щербина дерегiнде: «Олжабай қалмақтарды ығыстырып, олардан босаған жерлердi Айдаболдың жетi ұлынан тараған ұрпақтарына бөлiп бердi. Өзi Малқозы тұқымымен әуелi Ақкелiн, Семiзбұғы, Қарағайлы бұлақ (Ақшоқы), Шалқар, Аққұдық, Арқалық, Қызылағаш, Қурайлы бойын алды. Кейiн қытайлардан қауiп туғанда, ол өзiнiң қыстауын Баянауылға ауыстырып, Жасыбай көлiнiң жағасынңа қоныстанады… Содан былай ескi қыстауы, негiзiнде, күзеу болытп қалады да, тек кейбiр жылдары ғана Ақкелiн тауын қыстайтын болады”.
Олжабайдың Баянауылды мекен қылғанын жер-су аттары да айғақтайды: «Жасыбай көлi”, «Шойынды көл”, «Қарақуық”, «Ескi жұрт” т.с.с. Өмiрiнiң соңында Ереймен тауында ауырып, көз жұмады. Әзiретi күмбезге апарамыз деп сөрелеп қойған жерi — «Олжабай сөресi”, «Олжабай қаласы” — атанып қалады. Мәшһүр-Жүсiп жазбасында Олжабай денесiнiң Көкшетаудағы бiр жайлауға жерленгенi, ол жердiң «Олжабай тамы” аталғаны жайлы мағлұматтар келтiрiледi. Сондай-ақ Олжабай батырдың ұрпағы Шiдертi бойында мекен қылып жатқандығы сөз болады. Ә.Х.Марғұлан мақаласында ел басқарушы болыстардың ХІХ ғ. соңында Олжабай ұрпағының Жасыбай көлi жағасында қоныстанғанын көпсiнiп, оларды Шiдертiге көшiрткенiн жазады. Мәшһүр-Жүсiп қолжазбасында батырдың ата-тегi, дүниеге келуi, ерлiк iстерi, жеке басының ерекшелiгi-найзагерлiгi, ұрпақтары, көшiп-қонған жерлерi туралы баяндаулары да Олжабайтануға толықтыру енгiзе түседi.
Қазақ халқының қаһармандары” жинағында берiлген шежiреде Олжабайдың арғы ата-тегi былай таратылады: Сүйiндiк-Суғыншы-Мамық (Шуманақ) — Құлболды Айдабол — Малғозы — Толыбай — Олжабай. Ал Мәшһүр-Жүсiп шежiресiнде сәл өзгешелiк бар: Сүйiндiк — Суғыншы — Айдабол — Малғозы – Толыбай — Олжабай.
Шiдертi бойындағы батырдың ұрпағы туралы Мәшһүр-Жүсiп қолжазбасында көрсетiлген шежiрелiк деректердiң өзi батырдың қалмақ, қарақалпақ елдерiне қарсы жорықтарға қатысқанын аңдатады. Батырдың кескiн-келбетi туралы суреттеулердi Орманшы Сақау ақынның «Ер Олжабай” жыр жолдарынан ғана кездестiремiз:
Қақпақтай жаурынды, орта бойлы,
Шүйделi, қайқы құлақ, қара қасы,
Сабырлы, кiшiпейiл, жанға жайлы,
Қатардан асып туған мәртебесi
Он төртке жасы келдi сол уақытта …
Н.Я. Коншин сипаттауы бойынша: «Олжабайдың батырлығы сондай — ол ат‚ үстiне мiнгенде ең мықты деген аттардың өзi теңселiп кетедi екен және ат үстiнен еңкейгенде қолдары жерге жеткен”.
Тарихи зерттеулерге сүйенiп, М.Ж.Көпейұлы жазбаларында Олжабай батырдың 3 үлкен шайқаста («Қалмаққырған”, «Шүршiтқырған”, «Талқы” соғысы) жеңiмпаз атанғанын бiлемiз.
1739-1740 ж. қысында 30000 қолды басқарған Септен мен Сары Манжа оңтүстiк (Сырдариядан) және солтүстiк (Ертiстен) бағыттардан шабуылдап, Орта жүз жерiне басып кiредi. Ұрыс қимылдары 1741 ж. күзгi бiтiмiне дейiн жалғасады. В. Моисееев зерттеуiнде 1741 ж. қыс айларында қазақ жасақтарының Септен ұлысын талқандағаны, Орта жүзге жасалған жоңғар шапқыншылығының солтүстiк бағыттағы (Кычик Чюганов көрсетуi бойынша жоңғар майдан шебiнiң оң қанатынан) шабуылын тойтарған шайқастарда Олжабай батырдың атағы шыққаны берiлген.
Ә.Х. Марғұлан зерттеуiнде де бұл оқиғаға көңiл бөлiнген. 1741 ж. Орта жүзге басып кiрген жоңғар әскерiнiң бiр тобымен Баянауылда болған ұрыста Олжабайдың қарулы серiгi, әрi жиен туысы (Жасыбай — Олжабайдың апайысынан туған жиенi) Жасыбай батыр оққа ұшады. Бұған кектенген Олжабайдың әскерiмен қоршап алып қалмақты қырған жерi «Қалмаққырған” атанады.
М.Ж.Көпейұлы жинап қалдырған аңыз мәлiметтерi «Қалмаққырған” соғысы тарихын толықтыра түседi, Н.Я.Коншин, Ф.А.Щербина жазбаларындағы жер атауларын айқындайды. Мұнда Баянауылды жаудан қорғамақ болып, екi батыр екi асу бойын күзетуге уағдаласады. Қалмақтар Қызылтаудан асу бойына дейiнгi жердi түн iшiнде жүрiп өтiп, жауырыншылығына сенген Жасыбай батырды қапылыста атып өлтiредi. Мұны естiген Олжабай әскерiмен жетiп, Шойынды көлiнiң басында қалмақтарды талқандайды. Қызытаудың бауырында (Қызылтау — Баянауыл тауының оңтүстiк шығысындағы 55 км. қашық жердегi биіктігі 1055 м. тау- Ә.Қ.) Олжабай қалмақты қойдай қамап қырған жерi «қалмаққырған” атанып кеткен. Зерделей қарасақ, Олжабай Баянауылға Бәсентиiн малы үшiн емес, қазақ жерiн қалмақтан қорғау үшiн келген. Жасыбаймен бiрлесiп күзетiскен уақыттында Баянауылдың иесiз, елсiз жатуы 1739-1741 ж. қазақ-қалмақ қақтығыстарынан туындаса керек. Шайқас барысына көз салсақ, алғашқы шабуылды Жасыбайдың шағын жасағы тежегейi, кейiн негiзгi күштiң қалмақ әскерiн қоршауға түсiрiп, жеңгенi байқалады.
Кейбiр зерттеулерде бұл шайқас 1752 ж. Әмiрсананы iздеген Лама Доржының 20000 ойраттарымен болған делiнедi. М. Тынышбаев шежiресiнде де «Қалмаққырған” ұрысы ХVIII ғ. 50-жылдары болған деп қарастырылады. Бiрақ бұл пiкiр тарихи шындыққа сай келе қоймайды. Жоңғарлар шабуылдайтын Баянауыл жерiнде Абылайдың 1752 ж. қазанында әскер жинастыруы қолайсыздық тудырар едi. Басымдық. қазақ жағында болғанымен, 20000 ойрат жасағы 1752 ж. қысында Лама Доржы өлтiрiлiп, жаңа қонтажы Давацидiң әскердi қайтару туралы жарлығынан кейiн ғана ұрыс қимылдарын тоқтатады.
1739-1742 ж. қалыптасқан саяси жағдай талабы бойынша, жоңғар ықпалын шектеу және Абылайды тұтқыннан босаттыру шараларын дипломатиялық тәсiл арқылы жүзеге асыру мақсатында Олжабай батыр Толыбайұлы 1742 ж. Әбiлхайыр бастаған қазақ билеушiлерiнiң бiрi есебiнде Арғын тайпасы атынан Ресей мемлекетiне қарауға ант бередi. Елшi ретiнде Олжабайдың 1749, 1761 ж, 2 рет Орынбор қаласына жiберiлуi де оның қазақ билеушiлерi‚ үшiн сенiмдi адам болғанын, әрі Ресей мен Жоңғар хандығы үшiн елеулi тарихи тұлғаға айналғанын аңғартады.
МәшҺүр-Жүсiп Көпейұлы қолжазбасында Олжабайдың соғысында ерлiк көрсеткенi баяндалады. Бiрақ бұл мәселеде ресми Қытай мәлiметтерi (қолбасшы Хадаха деректерi) мен қазақ, арасындағы аңыз, жыр мағлұматтары, жер атаулары арасында шайқастың қалай аяқталғаны турасында кереғарлық бар.
М.Ж.Көпейұлы аңызына сүйенген Ә.Х. Марғұлан зерттеуiнде ескiше Баянауыл, жаңаша Қарағанды облысы, Молодежный ауданына қарасты «Шүршiтқырған” жерiнде Олжабай батыр Әмiрсананы iздеп келген бiр топ қытай әскерiн алдап бiр жерге жатқызып, тез арада он сан қол жинап, соғыс ашып, қытай әскерiн тегiсiмен қырады. Ал, қытай қолбасшысы Хадаха баяндауында: «Баян тауының батыс жағында, Бэйцзы Дарчжаның айтуынша, оның алдында мыңнан астам қазақ қолы пайда болыпты. Бiзден алты жүз адам қорықпай шабуылға шықты, жауды талқан қылды. Жүз адамды өлтiрдiк, көлiк пен аттарын тартып алдық. Бес адамды тұтқынға алып, азаптадық. Бәрiнiң айтуынша, бiздiң кездескенiмiз Абылайдың қолы екен”, — дейдi.
Бiздiңше, жазба мәлiметтердiң қандай жағдайда қағазға түсiрiлгенiн ескере отырып, 1756 ж. Олжабайдың жасағы Қытай армиясынан бөлiнiп шыққан бiр топ шүршiт әскерiн «шүршiтқырған” жерiнде қоршап алып талқандағанын тарихи шындық деп қабылдаймыз.
Олжабайдың батырлығын танықан тағы бiр ұрысы — Талқы соғысы. Мәшһүр-Жүсiп жазбасындағы қақпасы қалайы, мыс, қорғасын араластыра құйып жасалған «қалмақтын ежелден алынбаған қорғаны” басқа деректерге әртүрлi аталынады: «Темiр қақпа” (Жаяу Мұса жырында); «Талқын, Талқы, Талқы” (Шоқан еңбегiнде); «Талқы — Құлжа” (О.Нұралыұлы дастанында).
Талқы шайқасын көзбе-көз көрген француз суретшiсiнiң суреттеуiне (Мәскеудiң тарих музейiнде фотокөшiрмесi сақтаулы) сүйенген Ә.Х. Марғұлан тұжырымдауы бойынша, Олжабай Толыбайұлы 1757 ж. Жоңғар тауындағы Талқы қамалында қытайлармен болған соғыста ерлiк көрсетедi. Ал, ғалымдар: Р.Б.Сүлейменов, Б.А.Моисеев «Из истории Казахстана ХVIII века” зерттеуiнде қазақ-қытай соғыстары көбiнесе 1756 ж. (жаз, күз айлары) ғана болып, 1756- 1757 ж. қыс айлары өзара дайындықта өтiп, 1757 ж. жазында Қазақстан жерiне қайта кiрген Қытай әскерiмен Абылайдың тез арада бiтiмге келгенiн мәлiмдейдi.
Шоқан өз еңбегiнде Абылайдың үшке бөлiнген әскерiнiң бiр тобын бастаған Жантай жасағымен Талқы асуын бұзып өткенi, жонғар ұлыстарын шапқаны, көп олжамен оралғаны туралы аңыз-әңгiме дерегiн келтiредi. Бұған сүйенiп, Олжабай батыр ХVІІІ ғ. 50-жылдарында Талқы асуы бойында қалмақтармен де, қытайлармен де бiрнеше рет соғысқан деген түйiн жасаймыз. Талқы бекiнiсiнiң құрылысы туралы мағлұматтар О. Нұралыұлы дастанында берiлген. Асудың ортасында темiр қақпалы ұзын қабырға (қорған) салынған. Сонда бекiнiсте топталған дұшпан мергендерiнiң оқ боратуларынан атты әскерi дарбазаға жақындай алмай, тауға жаяу шыққан сарбаздары қамалдың екi жағында бекiнген жау жасақтарын ығыстыра алмай, қазақ қолы «талқыға түскен терi” кейпiн киген. Сол себептi бұл ұрыс та «Талқы соғысы, қақпа” шайқасы деп айтылып кеткен.
Мәшһүр -Жүсiп жинастырған аңыз — әңгiмеде Абылайдың Талқы ұрысында қолданған соғысу тәсiлi, хан қосынындағы әскери құрамалардың қызметi, жас сарбаздарды батырлыққа баулу дәстүрi хақында мәлiмет келтiрiледi.
Аңызда Абылай хан әскерiн 3 топқа бөледi. Қалмақ қамалын барлауға шыққан кезеуiлшi топқа бекiнiстегi мергендер оқ атып, Малайсары батыр белiнен жараланып, батырлар шегiнiп кетедi. Ханның өзi ортаншы топ —тосқауылшыларды бастап шабуыл жасаса да, қорғанды бiрнеше күн ала алмай жатады. Сол кезде қатардағы салықшы болып жүрген Олжабай «Олжабайлап” шауып, жасақты бастап, қолының қос басынан оқ тисе де, туын түсiрместен қорған қақпасына жетiп, қалайы, мыс, қорғасыннан құйып жасалған дарбазасын қылышымен қос қолдап шапқылап турап тастайды. қалың қол қорған iшiне өтiп, олжаға кенелiп, Олжабай батырдың есiмi «Он сан Орта жүзге” ұран болады.
Жоңғарлармен, қытайлармен болған шайқастарда ерлiк көрсеткен қаҺарман бейбiт өмiр уақытында өз руының шаруашылығының қамын ойлаған азамат ретiнде танылады. Бұған Олжабайдың Едiге бимен бiрлесiп, 1761 ж. Екатеринаға жазған өтiнiш хаты дәлел болады.
ХУІІІ ғғ. қазақтардың сана-сезiмiнде жалпы ұлттық сезiммен қатар рулық сана да болғанын анғарамыз. Мысалы, Жаңабатыр бидiң жоғалған бес көк ала бас атанын iздеудi қолқа қылып сұрап алған Олжабай Қаракесек Қарсынкернейден жылқы барымталайды. Қарсынкерней жағы Қуандық, Сүйiндiктен мал алысып, ел арасы ушығып кетедi. Соңында бас қосып, бiтiм жасасып, Едiге би кесiмiмен Жарылғап Жаңабатырға айыбын төлейдi.
Батырлар қоғамның iшкi өмiрiне де белсене қатысқан. Мәселен, «Абылай аспас сары бел” оқиғасында Ботахан құнын жоқтаған Олжабай, Алтай Жиенәлi, Қозған Биікше мерген ханға қарсы шықса, Балта керей Тұрсынбай батыр Абылайды жақтайды, келiссөзге бiрге ерiп келедi. Ақыр соңында екi жақты да келiстiру бағыын ұстанған үшiншi топ өкiлдерiнiң: Жәңке, Жанақтардың қөздеген мақсаты орындалып, Абылай хан Арғын руы адамдарымен өзара бiтiмге қеледi Ал бұл оқиғаның 1779 ж. болғанын қытай құжаттары көрсетедi.
Зерттеуде қамтылған Мәшһүр Жүсiп қолжазбаларының ғылыми таным арнасына жан-жақты тартылуы Отандық тарих ғылымы дамуына өз үлесiн қосады деп санаймыз. М.Ж.Көпеев мұрасын игеру тарихта болған тұлғаларымызды жан-жақты тануымызға өз үлесiн қосады деп санаймыз.