НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ (1925 – 1998)


Скачать/Жүктеу

Қазақстанның (1975) және Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (1984) халық артисі, Қазақстанның халық қаһарманы (1998) сазгерлікті орындаушылық өнермен ұштастыра отырып, тыңдаушысын тамсандырған, аты аңызға айналған Нұрғиса Тілендиев – қазақ музыка тарихында қайталанбас тұлға.

Кеңестік дәуірде туып, бүгінгі кәсіптік өнердің аясында тәрбиеленсе де халықтық фольклордан мол сусындап өскен, өз творчествосына да фольклорлық сипатты көп сіңіре білген ол – сирек кездесетін талант. Нұрғисаның ерекше қасиетінің өзі – өткен дәуірдегі халық өнерпазының бойында кездесетін бірнеше өнердің жиынтығы бір өзінен табылатындығы. Ол – композитор, ол – виртуоз домбырашы, ол – дирижер, ол – ұйымдастырушы, ол – фольклоршы, зерттеуші, халық мұрасын ынтамен жинап, ел игілігіне асырушы.

Нұрғиса бойындағы табиғат сыйлаған дарынның негізгі тамыры әріде жатыр. Ол дүниеге келген Жетісу өңірі – суырып салма ақындық мектеп қалыптасқан, әншілікті, күйшілікті, сал-серілікті мирас етіп, дәріптеген құйқалы топырақ әсіресе айтыс өнерінің айрықша дамып, жетіліп бергі заманға дейін қаймағы бұзылмай жеткен аймақ та – осы жер. Оның үстіне батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті жалғастырып, Ұлы Жібек жолының торабы болған Жетісу өлкесі ХІХ ғасырдың соңына ала қазақ даласының түкпір-түкпірінен келіп, ат басын тірейтін жәрмеңке базарына, өнер ордасына айналған. Абайдан бастап Балуан Шолақ, Біржан, Әсет, Естай, Шашубай сияқты әнші, композитор, ақындар келіп, халыққа өнерін тамашалатқан. Әйгілі Балуан Шолақ пен Әсет әндері Жетісу аспанында қалықтап, даланы, тау-тасты, сай-сала, орманды әсем сазға бөктірген. Нұрғисаның үлкен әкесі Тіленді де – Байсерке күйшімен үзеңгілес жүріп күй тартысқан, күйшілік өнерді мирас қып, артына мол күй мұрасын қалдырған өнерпаз.

Талантты жастың үлкен өнер жолына түсіп, музыкалық білім алуына жол ашқан, мүмкіндік туғызған өнер саласы бойынша тұңғыш әрі жалғыз академик, композитор, музыка зерттеушісі Ахмет Жұбанов болған. Болашағынан үміт күтіп, қаршадай баланы үлкен оркестрге мүше етіп алуы – Ахмет Жұбановтың Нұрғиса талантын жазбай танып, оған сенім артқаны болса керек. Ұшқан ұяда көрген тәрбие, өскен ортадан алған тағылым, өнер ордасы берген білім ұштасып келіп Нұрғиса талантын шыңдап, бойына біткен дарын тармақтарын бір арнада тоғыстырады.

Ол – көкірегін кернеген арман сазы, жүрек сыры, махаббат назы, туған ел қуанышы ән болып төгілген, күй болып шалқыған композитор. «Жан сәуле», «Кел еркем, Алатауыңа», «Куә бол», «Құстар әні», «Өз елім», «Саржайлау», «Алатау», «Көш керуен», «Аққу», «Аңсау», «Баянауыл бауырында» тәрізді әндер, «Ата толғауы», «Әлқисса», «Жеңіс салтанаты», «Махамбет» т.б. аспаптық шығармалары мен ондаған драма, кинофильмдерге жазған музыкалары соның айғағы.

Ол – тыңдаушысының құлақ құрышын қандырып, құмарынан шығаратын, көрерменді тамсантып, таңдай қақтырар, күй шерткенде бармағы пернеден бал тамшылататын домбырашы. Бұған мысал ретінде оның барлық концерті туралы айтпай-ақ, 1946 жылғы Кремль сарайында «Балалайканы» орындап, жеке орындаушылық шеберлігімен тәнті етсе,  1983 жылы Москвадағы Чайковский залында «Отырар сазы» оркестрінің концертінде оған қоса композиторлық, дирижерлігімен сүйсіндіріп, сондай-ақ 1994 жылы Солтүстік Кореяда жыл сайын өтетін дәстүрлі дүниежүзілік ән мерекесінде 64 мектептен келген өнерпаздардың ішінде Нұрғиса басқарған, дирижерлік еткен «Отырар сазы» оркестрінің бірінші орын алғанын айтсақ та жеткілікті.

Қ.Алпысбаев

 


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы