Скачать/Жүктеу
1917 жылы уақытша өкімет құлап, барлық билік большевиктердің қолына өткенінен кейін коммунистік жүйеге қарсы топтар жағына шығып, ақыры шетел асып барып, өмірінің соңына дейін түрік әлемінің бірлігі, «Тұтас Түркістан» идеясын жүзеге асыру үшін күресіп кеткен Алаш қайраткері, қазақ халқының аяулы бір ұлы – Мұстафа Шоқай.
Торғай, Сыр қазақтары Ресейдің отары болмай тұрғанда әкесі Хиуа ханының уәлиі болған, Сыр алқабы қазақтарының арасында зор беделі бар Шоқайдың отбасында дүниеге келген Мұстафа жас кезінен-ақ отаршылдықтың өктемдік пиғылын жақсы сезініп өседі. Мұстафаның нағашылары да орыстардан Хиуа хандығын қорғауда ерекше көзге түскен атақты әскербасылар болады. Алғыр, тумысынан қабілетті Мұстафа өз заманының озық ойлы, сауатты қыздарының бірі, әскери қызметтегі отбасында туып өскен анасы Бақтының үйретіп, оқытуымен бес жасқа толмай-ақ жазу-сызуды үйренген. Бастауыш білімді Сұлутөбе станциясындағы орыс мектебінде алады да 1902 жылы Ташкенттегі гимназияға түсіп, оны 1910 жылы үздік бітіріп шығады. Алайда оған тиесілі алтын медальді бермей, орнына күміс медаль береді.
Өз мүмкіншілігіне сенген ол гимназияны бітірісімен, Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Оны 1917 жылы бітіріп шығады. Студенттік өмірінің алғашқы сәттерінен-ақ қоғамдық-саяси өмірге араласып, түркі-мұсылман студент жастарының қозғалысына қатысады. 1912 жылы Санкт-Петербургтегі қазақ, өзбек, татар, башқұрт, әзірбайжан студент жастары Балқан соғысына байланысты Түркияны қолдау қозғалысын ұйымдастырғанда, Мұстафа белсенді мүшесі болады. Студенттік шағының өзінде ол атқарған іс-қимылдарға мысал жеткілікті. Ә.Бөкейханның ұсынысымен 1916 жылы Мұстафа Шоқай Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясы жанындағы бюроға мүше болып, онда хатшылық қызмет атқарады. Түркістандағы көтерілістің себеп-салдарын тексеруге Мемлекеттік дума Ташкентке арнайы комиссия жібергенде, оның құрамында депутаттар А.Ф.Керенский, Тевкелевтермен бірге Мұсылман фракциясы жанындағы бюро мүшелері Ш.Мұхамедияров пен М.Шоқай да болады. Санкт-Петербургке оралғаннан кейін өзі жинаған материал негізінде Мұстафа 1916 жылғы көтеріліс кезінде билік орындарының Түркістан халқын аяусыз қуғын-сүргінге ұшыратқаны туралы Мемлекеттік думада Мұсылман фракциясы атынан жасалатын мәлімдеме мәтінін даярлады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісі нәтижесінде патша өкіметінің құлауын зор қуанышпен қарсы алады. Түркі мұсылман халықтарының бостандық алуына мүмкіндік туады деп үміттенеді. Сөйтіп ол 1917 жылы көктемде Түркістан өлкесіне оралады. Сол жылы 16-21 сәуір аралығында Ташкентте өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының І-сиезіне қатысып, оның төралқасына мүше болып сайланады. «Бірлік туы» газетінің негізін қалап, оның алғашқы редакторы болады. «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі» ұйымына төрағалық етеді. Бірінші жалпықазақ сиезіне қатысады. Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа, кандидаттыққа ұсынылады. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін барлық билік кеңестік жүйеге көшіп, ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды кеңестердің өз бақылауына ала бастаған соң, М.Шоқай жетекшілік еткен «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі» Ташкенттен Қазанға көшіп, сонда өлке мұсылмандарының төтенше сиезін өткізуді қолға алады. 1917 жылы 28 қарашада өткен сол ІV сиездің төралқасына басшылық жасайды. Сиез шешімімен құрылған Түркістан автономиясынын 54 адамнан тұратын Уақытша Халық Кеңесі құрамына сайланады әрі уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі болады. Ал 1917 жылғы желтоқсанда екінші жалпықазақ сиезіне қатысып, Алашорда құрамына сайланды. Бұдан кейін де осындай ұлт мүддесін қорғап, тәуелсіз ел болуға қатысты ірі-ірі шараларға басшы, мемлекеттік деңгейдегі лауазым иесі болуына қарамастан тоталитарлық жүйенің түптілікті жеңуіне орай өз бағытынан қайтпаған, ұлтжанды тұлға Мұстафа Шоқай туған жер, атамекенді қаншалықты қимағанмен, өз мақсат, идеясын жалғастыру үшін 1921 жылы шетел асып кете барады. Ресей аумағында жүргенде А.Цалыковтың редакторлығымен шығатын «Вольный горец», Грузия меньшевиктерінің «Борьба» газетінде істеген, 1920 жылы Тбилисиде украиндықтармен бірлесіп «На рубеже» журналын шығаруды жолға қойып, оның редакторы қызметін атқарып тәжірибе жинақтаған ол эмиграцияда жүргенде осы бағыттағы ісін қарқынды жалғастыра білді. Түркияда біраз аялдап, Францияға қоныстанған ол қиыншылықтарға қарамастан бастапқы идеясы бағытында кең ауқымды, терең мазмұнды күрес жүргізіп отырды.А.Ф. Керенскийдің « Дни», П.Н. Мюликовтың «Последние новости» газеттерінде қызмет етеді. 1927 жылдан Парижде Зәки Уәлиди Тоғанның редакторлығымен шығатын «Иени Түркістан» журналында белсенді қызмет атқарды. «Түркістан ұлттық бірлігі» ұйымына жетекшілік етті. 1929 жылдан «Жас Түркістан» журналын шығаруды қолға алады. Журналда Орта Азия республикалары жөнінде қисынсыз жүйе болашағы туралы аса өткір сын мақалалар жариялап отырды. Бұл сын мақалалар кеңес өкіметі басшыларына өте жайсыз тиді. Сондықтан кеңес өкіметінің үгіт-насихаты М.Шоқайдың сынына қарсы мақсатты түрде жұмыс істей бастады. Алайда М.Шоқай өз мақсатынан, түпкі идеясы түрік бірлігін сақтауды жүзеге асыру мұратынан еш уақытта қайтқан жоқ. Сол мақсат мұратын іске асыру жолында жүргенде Ұлы отан соғысы басталған 1941 жылдың желтоқсан айында Берлиндегі «Виктория» ауруханасында күмәнді жағдайда қайтыс болды. Атын айтуға болмайтын заманда да бір жақсысы қазақ халқы ардақты ұлының атын еш ұмытқан жоқ, айтып жүрді. Тәуелсіздік таңымен бірге Мұстафа сияқты ұлы перзенттерінің есімі жаңғыра шығып, асқақ үнмен естіле бастады, ұлт рухын көтере бастады.
Қ.Алпысбаев