ІЛИЯС ЕСЕНБЕРЛИН (1915-1983)


Скачать/Жүктеу

ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарының соңына қарай қалың көпшілікті дүр сілкіндірген шығарма дүниеге келді. Әдеби ортаға ұйқыдан оятқандай әсер еткен бұл шығарма «Қаһар» романы болатын да, авторы жаңа есім – жас талап емес жасамыс, орта жастағы Ілияс Есенберлин еді.

Шындығында да «Қаһар» романы қазақ әдебиетіне сілкініс әкелді. Өйткені роман қаншама аңыздарға, жырларға, әңгімелерге арқау болған, қаншама ғылыми-зерттеулер, көркем-әдеби туындылар жазылғанымен, кейінгі ұзақ жылдар бойы ауызға алуға тыйым салынған Кенесары көтерілісі жайлы болатын. Бұл шығарма кезінде тарихи шындықты объективті түрде жазғанымен, саяси қылмыскер ретінде сотталған Е.Бекмаханов зерттеуінің негізгі өзегі етілген, «Хан Кене» пьесасын жазғаны үшін М.Әуезовті қуғындауға себеп болған тарихи тұлға жайлы еді. Зерттеу еңбектер «қамауға» алынып, ол туралы аңыз, әңгіме, жыр айтқан ауыздарға қақпақ қойылған уақытта тарих тағылымын кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатын көздеп, ел шежіресінің, ұлт тағдырына қатысты шетін мәселелерді жеткізудің  ауыр жүгін арқалап, тағдыры беймәлім сапарға шыққан осы ««Қаһар» еді. Халық тарихына барлау жасаған алғашқы сапар сәтті болды. Оқырманның ықыласына бөленіп, қалың жұртшылықтан қолдау тапқан «Қаһардан» кейін ұлтжанды қаламгер ел рухын көтеріп, ұлт санасын оятуға деген ынта-жігері бұрынғыдан да күшейіп, осы тақырыпты жалғастыра «Алмас қылыш», «Жанталас» романдарын дүниеге әкелді. Үш роман «Көшпенділер» деген атаумен трилогияға бірікті. Сөйтіп І.Есенберлин бұрыннан бар  «Көшпенді» сөзін қазақ әдебиетінде бірінші болып айналымға енгізді.  «Көшпенділер» фильмінің аты мен идеясы І.Есенберлин әкелген тарихи ұғымның жаңғырығы мен ізі екені ақиқат.

Кейінірек «Алтын Орда» трилогиясын жазып бітіріп, бірақ кітап болып шығуын көрмей өзі дүние салды. «Қаһар» романы бірінің артынан бірі жазылып толықтырылған алты кітаптан тұратын тарихи эпопеяның нүкте қойылатын соңғы бөлігі болғанымен, ұзақ ғасырлық шежіренің қағазға түскен, кітап болып оқырман қолына тиген алғашқы қарлығаш үзігі болатын. Шығарманың эстетикалық мәнімен қатар, көкірек көзін ашып, көңіл көкжиегін кеңейтер танымдық маңызын оқырман жақсы түсінді. Сондықтан да тарихи эпопеяның алғашқы кітаптары шыға бастағанда студенттік жатақханаларда, алыстағы ауылдарда оқырмандар бір-бірінен қолқалап сұрап, қолдан-қолға көшті, қойшының қонышында, егіншінің қойнында, студенттің қолтығында жүрді.

Бір ұрпақтың ауысуы ғана емес, бір халықтың екінші халыққа ауысуы сипатын да көркем баяндайтын тарихи шежіре болмысында жазушы тарихи тағдырлардың қатыгез әрекеті мен жанкешті тіршілігі арқылы көрінетін тарихи тағлым мен тарихи таным тұжырылатынын аңғартады.

Тарихи дәуірлер бедерін реалистік тұрғыдан көркем бейнелеудегі Ілияс Есенберлин концепциясының дұрыстығын бүгін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Тарихқа жаңа ғылыми көзқарасты Ілияс Есенберлин сонау алпысыншы-сексенінші жылдар арасында-ақ өзінің тарихи романдары арқылы халық зердесіне ұсынып кеткен.

Қазақтың көптеген аға буын жазушылары секілді Ілияс Есенберлин де төңкерістен кейінгі өтпелі дәуірдің сан қилы оқиғаларына қатысып, соған куә болды, соны өз шығармаларына арқау етті. Ол кезең, расын айтқанда, үлкен шырғалаңға, терең трагедияларға толы еді. Есенберлин сол шырғалаңды, халық басындағы сол трагедияларды жазып, өзге қаламгерлер бара бермеген тақырыптарға қалам тербеді, ел өміріне, ұлт тағдырына қатысты мәселелерді арқау етті. Оның қаламынан туған «Айқас», «Ғашықтар», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Қатерлі өткел», «Маңғыстау майданы» тағы басқа романдар соған дәлел болады. Бұл романдарда бүкіл бір қоғамның, бүкіл бір дәуірдің тыныс-тіршілігі, мәдени-тарихи, әлеуметтік-психологиялық жағдайлары кең көлемде қамтылды.

Қазақ әдебиетінің тарихында бүгінге дейін ең көп роман (17) жазған қаламгер де – осы І.Есенберлин.

Қ.Алпысбаев



Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы