Скачать/Жүктеу
«Ер Төстік» – қазақ батырлық ертегілерінің ішіндегі ежелгі үлгісі. Мазмұны мен сюжеттік құрылысының, кейіпкерлері мен іс-әрекетінің сипатынан «Ер Төстік» ертегісі архаикалық мифтің, хикаяның, қиял-ғажайып ертегілердің қасиеттерін бойына молынан сіңірген.
Ерте заманда туып, көне дәуірдің көріністерін сақтап келсе де, қиял-ғажайып ертегілер халқымыздың тұрмысын, салтын бейнелейді, күнделікті өмірін көрсетеді. Әрине өмір шындығын қиял-ғажайып ертегілер тікелей, сол қалпында емес, эстетикалық тұрғыда бейнелейді. Өмірдегі тартыстар, болмыс-көріністер, ғұрып-әдет… бәрі де халықтың эстетикалық рухына сай түзіледі. Мәселен «Ер Төстікте» алғашқы қауым адамдарының ырымдары мен әдет-ғұрыптары да жиі кездеседі. Атап айтқанда Төстіктің жер астына түсіп, үстіне шығуы, оның Шойынқұлақпен айқасуы шамандық көзқарасқа тән түсінікті бейнелейді.
Сөз болып отырған ертегінің бас қаһарманы, эстетикалық мұраты – халық идеалы. Ертегі тек халық мұратын мадақтайды. Қазақ ертегілерінің бас қаһармандары – аңшы-мерген, жауынгер-батыр, кенже бала, тазша бала және басқа әлеуметтік теңсіздіктегі бұқара өкілі. Бұлардың бәрі халық арманынан әр кезде туған идеал кейіпкерлер. «Ер Төстік» те сондай кейіпкерлердің бірі. Онда классикалық батырлық ертегіге тән белгілердің бәрі бар. Сайыста кейіпкердің өз күшімен емес, керемет достарының арқасында жеңуі – батырлықтан гөрі қиял-ғажайып ертегінің заңдылығы.
Көркемдік жағынан «Ер Төстік» қиял-ғажайып ертегі мен батырлық жырдың элементтерін кең пайдаланған. Төстіктің көмекшілері де ескі діни сенімдер шеңберінде туып, кейін көркем бейнеге айналған. Сондай-ақ сөз болып отырған ертегідегі басты тақырып – сиқырлы заттардың көмегімен бас қаһарманның небір ғажайыптар мен қиындықтарды жеңіп, мұратына жетуі. Мысалы, Шалқұйрық – тек жүйрік ат қана емес, алдағыны болжай алатын қабілеті бар, неше түрлі сиқырды білетін, адамша сөйлеп, адамша іс-әрекет қылатын қасиетті жануар, Төстіктің көмекшісі, ақылшысы. Ал жер астында Төстікке дос болатын Желаяқ, Таусоғар, Көлтаусар сияқты кейіпкерлер – мифтік танымның сипаты. Ертедегі адамдардың мифтік түсінігі бойынша желдің, таудың, судың «иелері» болған. Кейінгі замандарда олар көркемдік сипат алып, «достар осындай болса екен» деген адам арманын жүзеге асырушы бейнелер ретінде қабылданған.
Д.Мәсімхан