Скачать/Жүктеу
Қонаев Дінмұхамед Ахметұлы ата-анасының болашағынан үлкен үміт күттірген ұлы еді. 1912 жылдың 12 қаңтарында Алматы қаласында қызметкерлер отбасында дүниеге келген ол жасынан оқу-білімге аса зерек болады да, 1930 жылы Мәскеу қаласындағы түсті металдар мен алтын институтына оқуға түседі. Болашақ ғалым еңбек жолын Балқаш мыс комбинатының Қоңырат кенішінде бұрғылау станогінің машинисі болып бастайды, одан цех бастығы, сол кеніштің бас инженері, кейін директоры болып қызмет атқарады. Қиын да қызығы мол еңбек жолында жас жігіт оңды-солын таниды, өз ісіне мығым, табанды, байсалды азамат болып қалыптасады. «Алтайполиметалл» комбинатында, Риддер кенішінде, Лениногор кен басқармасында басшы қызметтер атқара жүріп, ғылым саласында да еңбектенеді. 1968 жылдан техника ғылымдарының докторы.
Д.А.Қонаев өмірінің 45 жылға жуығын ел басқару ісіне арнады, 25 жылдан аса Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Осы жылдарда республикамызда жаңа өнеркәсіпті аудандар қалыптасты, Жезқазған, Маңғыстау, Торғай облыстары шаңырақ көтерді. Павлодар-Екібастұз отын-қуат кешені, Қарағандыдағы ГРЭС-2, Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су электр стансасы, Павлодар трактор зауыты т.б. кәсіпорындар осы жылдардың жемісі еді. Алматы облысының Кербұлақ алқабын игеруге, Қапшағай су қоймасын салуға да айрықша көңіл бөлді.
Д.Қонаев нағыз «ұлтым» деген азамат еді. Ол басшылық еткен жылдарда КСРО-ны Н.Хрущев, М.Горбачев, Л.Брежнев сияқты басшылар билеген. Ол әрдайым өз халқына адалдығын ұмытқан емес. Республика аумағының тұтастығын сақтап қалуда табандылық танытты. Өзбекстанға берілген Оңтүстік Қазақстанның мақта өсіретін аудандарын қайтарып алды. Қазақстанда неміс, ұйғыр автономияларын құру, Маңғыстауды Түркіменстанға беру сияқты Орталықтың ұсыныстарына қарсы шықты. Д.А.Қонаев Алматы қаласының қазіргі заманғы ең көрікті қалаға айналуына көп күш салды.
Табиғатында сабырлы, ешкімге қатты сөйлемейтін Димекеңнің адалдығы, адамгершілік қасиетінің жоғарылығы бір бөлек әңгіме. Асыл азаматтың көп жылдар бойы өз жалақысын балабақшаға аударып тұрғаны кейіннен мәлім болған.
Д.Қонаев үш рет Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Өмірінің соңғы жылдарында ел ішін аралап, көптеген қызықты кездесулер жасады, осылайша өзін халық ақсақалы ретінде танытты. Ұзақ жылдар елінің сүйіктісіне айналған ол 1993 жылдың 22 тамызында дүние салды. 2002 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында ұлттың ірі тұлғасының мұражай-үйі ашылды.
А.Мұсабекова