Скачать/Жүктеу
Қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері – Әйтеке Байбекұлы. Ол – жаратылысында әйгілі адам: Әмір Темірдің бас кеңесшісі болған Ораз қажының бесінші ұрпағы, бүкіл парсы, өзбек, қырғыз, қазақ халқы «жаны пәк жан» деп атаған Сейітқұл әулиенің үшінші ұрпағы. Әйтеке Байбекұлы – Қоқан ханы Ақшаның немересі, Жалаңтөс баһадүрдің немере туысы.
1644 жылы 23 наурызда Өзбекстанның Қазбибі тауында, Қызылша ауылында дүниеге келген Әйтеке бес жасында ауыл молдасынан сауат ашқан. Шешендік қасиеті әкесі Байбек пен Қосуақ бидің ықпалынан болған. Жеті жасынан бастап Әйтекені аталары Ақша хан мен Жалаңтөс баһадүр өз тәрбиелеріне алады. Ол Самарқандағы Ұлықбек медресесінде оқып, оны бітірген соң, ел басқару ісіне араласады. Тілге шешен, істе шебер Әйтеке 21 жасында бүкіл Бұхара мен Самарқан төңірегіндегі қазақ, өзбек, қарақалпақ құрама жұртының бас биі болады. 25 жасында барша Кіші жүз халқы оны бас би етіп сайлайды. Әйтекенің атсалысуымен 1680 жылы Салқам Жәңгірдің кіші баласы Тәуке хан болып сайланады да, ол шешенді ресми түрде айрықша құқылы «Хан кеңесінің» мүшесі жасайды. Осы кезде жаңа заң үлгісіндегі «Жеті жарғы» қабылданады.
Әйтеке шешен «қара қылды қақ жарған әділ» ғана емес, жоңғарлармен ұрыстарда қол бастаған батыр да болған. 1685 жылы Нұрата маңына шабуыл жасаған Қалдан Бошақтының он мың жасағына бес мың қол әскерімен қарсы аттанған. Қырғын соғыс бір күнге созылады. Әйтекеге Самарқаннан, Бұқарадан қалың әскер көмекке келе жатыр деген қауесетті естіп, Қалдан Бошақты Сайрам төңірегіне шегініп кетеді. Сайрам талқандалып, ендігі жиын Күлтөбеде емес, Түркістанда өтетін болады.
Қазақ сахарасына көз тіккен көрші елдерден қауіптенген Әйтеке 1698-1699 жылдары жиында бірнеше ұтымды ұсыныстар жасайды: шекара аймақтарында өз жасақтарымызды ұстау; қару-жарақты көптеп сатып алу және оған қаражатты ауқатты адамдардан жинау; қазақ жасағын басқаратын қолбасшының қарадан шыққан шешен, көсем, батыр және елшілік жұмысты жақсы білетін адам болуы және оны Ресей, Қытай, Түркия немесе Еуропа елдерінің бірінде оқытып алу. Бұл Әйтекенің мемлекеттік саяси мәселелердегі көрегендігін көрсеткен еді. Әйтекенің бұл ұсынысын Төле, Қазыбек сынды ел басқарған билер қолдайды да, мол шығынды ауырсынған байлар қолдамайды.
Ел аузында Әйтеке би айтқан билік, шешендік сөздер, толғаулар мен баталар, ол туралы аңыз-әңгімелер, жырлар көп сақталған. Соның бірі – «Әйтеке би» атты ұзақ дастан.
Әйтеке би 1700 жылы Өзбекстанның Нұрата ауданы Сейітқұл қорымында қайтыс болады. Ақтөбе облысының бұрынғы Қарабұтақ және Комсомол аудандары біріктіріліп, қазір «Әйтеке ауданы» деп аталады.
А.Мұсабекова