Скачать/Жүктеу
«Сын есім — зат есім» типті сөз тіркестерінің құрамындағы сөздер анықтауыштық (атрибутивтік) қатынасты білдіреді: қызыл түс, ауыр жүк. Тіркеске сапалық та, қатыстық та сын есім сөздер бағыныңқы компонент ретінде қатыса береді: қалың киіз, салмақты мінез. Сын есім дара, күрделі түрінде қатысады: сары ала сиыр, ұзын бойлы жігіт, қаба сақалды шал. Сын есім сөздер басыңқы компоненттің түсін, дәмін, көлемін, салмағын, бейімділік (алғыш, жүгіргіш) сияқты сапаларын атап анықтайды. Зат есім сөздермен сын есім сөздердің тіркесу мүмкіншілігі олардың семантикасына, яғни сын мен заттың болмыстағы байланысына, сыйыстығына бағынышты: Мысалы, сай — терең, кең, жазық, тоғайлы, ыстық, суық. Бірақ биік, қыңыр сын есімдер сай сөзімен тіркеске түсе алмайды.
Осымен бірге сын есім мен зат есім мағына жағынан тіркестіруге келетін болып көрінгенімен стильдік, дәстүр жағынан үйлеспейтіндері де болады. Көп сын есім сөздердің тіркесуі мағынасымен ғана өлшенбейді, дәстүрмен, стильдік нормамен өлшенеді. Қаба мағынасы жағы-нан қалың сөзімен синонимдес болғанымен, олар тіркеске қатысуы жағынан тең түсе алмайды. Қаба санаулы сөзбен ғана тіркеседі: қаба сақал, қаба құйрық, қаба жал.
Осы сияқты жай зеңгір (зеңгір аспан, зеңгір тау), шалқар (шалқар көл), қыпша (қыпша бел), қолаң (қолаң шаш) т. б. сөздердің басында бар. Бұл тіркестер сөздердің талғап қатынасуы арқылы кұралған. Бірақ бұлар тұрақталған, жұрттың бәрі бірдей пайдаланатын тіркестер. Өйткені бұлар тілдің қалыптасқан тәсілдерінін, санына (инвентарь) кірген. Бұлар тілдік факт қатарына жатады. Бұлардан бөлек тілдегі нормаларға сай кел-мейтін, бірақ жеке сөйлеушінің, жеке автордың индивидуалдық сөз творчествосының нәтижесінде пайда болатын тіркестер болады. Мысалы, Т. Әлімқұловтың «Сейтектің сарыны», «Сары сыбызғы» деген әңгімелерінде сары дыбыс, сүйық сарын деген сияқты тосын көрінетін тіркестер көп. Бұл тәрізді тіркестер контекст, сөздің коммуникативтік жайы көтерген жағдайда дұрыс шығады.
Жеке сөйлеушіге тән ілгерідей сөз тіркестері көркемдік үшін, құбылысты автордың өз тануына сай құралып, көптеп туындап жатады.
Сері көлдің құс базары тарқады
Жастық шақтың тарқар тойы арқалы
Самайлардың қуан тартып әр талы
Қорқыт кеуде, Асан қайғы жүрекпен
Барып, барып үзіледі қарт әні,
(А. Әлімов).
Мысалдардағы сері көл, Қорқыт кеуде, Асан қайғы жүрек — жеке шығармашылық үстінде туған тіркестер. Бұл тәрізді тіркестер — тілді байытудың, оның икемділігін молайтудың, қайнар көзі. Бұлардың бір қатары тұрақтап, тілге еніп те жатады.[16-18-б]