Скачать/Жүктеу
Біз ілгергі тарауда жай сөйлемдердің логикалық-грамматикалық типтерін түгел атап шықтық. Осы топтарды өзге грамматикалық белгімен тағы бір даралау мүмкіншілігі бар. Сөйлемдер бастауышының зат есім немесе етістік (есімше) болуына қарай бірінен-бірі әрі грамматикалық сипаты жағынан, әрі функциясы жағынан ерекшеленеді: Қара көрінді — Көрінген қара. Жай сөйлемдерді осы белгісіне қарай топтап, даралауға негіз болатын олардың функция жағынан әрі қарама-қарсы келуі, әрі ұштас, сабақтас болуы.
Мен кітап оқыдым — Кітап оқыған — мен. Меніқ оқығаным — кітап.
Түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде, сөйлемдердің басты, негізгі типі болып номинативті, яғни бастауышы зат есімнен болған сөйлемдер есептеледі .
Номинативті сөйлемдер ойдың кұрылысымен, мазмұнымен тығыз байланысты. Ілгеріде келтірілген мысалдардың өзара катынасына карағанда номинативті сөйлемдерді әр уақыт трансформацияға түсіріп етістік бастауышты сөйлемге айналдыруға болады. Бұл сөйлеу талабына байланысты. Бастауышы етістікті сөйлем логикалық субъектіні, объектіні актуализациялау, (ерекше атап көзге түсіру) үшін қажет болған жағдайда жұмсалады.
Сонымен, бастауышы зат есімді сөйлем түп, негізгі түр болса, бастауышы есімше сөйлемдер — ойдың бір құрамын — субъектіні, объектіні актуализациялайтын тип.
Актуализациялау қызметі сөзді баяндауыш позициясына шығару аркылы жүзеге асырылады. Ол үшін бастапқы номинативті сөйлем аталғандай трансформацияға түседі. Бұрыңғы баяндауыш қызметіндегі етістік есімшелік форма алып бастауыш болады да, актуализацияланатын сез (объект, субъект) баяндауыш қызметіне ауысады.
Мұны кешегі аңызақ жел кептірді — Мұны кептірген — кешегі аңызақ жел.— Аңызақ желдің мұны кептіргені кеше.
Баяндауыш мүше позициясының актуализация үшін пайдаланылуының себебі бар. Сөйлемдегі мүшелердің айтылатын информацияға қатысы жағынан арасалмағы мынадай болып келеді. Бастауыш мүше пікірдің кім, не туралы екенін атайды, яғни информацияньщ тақырыбын білдіреді. Баяндауыш информацияның негізгі мазмұнын (ремасын) білдіреді. Баяндауыштың осы салмағына сүйеніп, тіл оның позициясын ілгергі амалмен актуализация үшін пайдаланады .[57-58-б]