Скачать/Жүктеу
КІРІСПЕ
Жұмыстың өзектілігі. Қазақ балалар әдебиеті — өз даму кезеңінде өзіндік тарихы бар сала. Балаларға арналған әдебиет ұлт тарихында сонау ауыз әдебиетінен бастау алып, қазіргі кезеңге дейін өзінің тілдік, стильдік жағынан, мазмұны мен құрылымы жағынан үлкен белеске көтерілді.
Көркем әдебиеттердегі баланың, яғни кейіпкердің тілдік ерекшелігі мен сөз қолданысы, эстетикалық таным деңгейіне сай символдық таңбалардың қалыптасуының өзіндік ерекшелігі де бар. Осы орайда, жекелеген ақын-жазушылардың тілдік тұлғасын қарастырған зерттеу еңбектері болғанымен белгілі бір кезеңге тән балалар тақырыбына жазылған шығармалардағы кейіпкердің тілдік ерекшелігін, ой-танымы мен болмыс-бітімін салыстыра отырып, оны антропоцентристік аспектіде, жас ерекшелік психологиясына сай бала танымын этностың танымдық дүниесімен тығыз байланыстыра зерттеу осы кезге дейін қазақ тіл біліміндегі когнитивтік лингвистикада арнайы қарастырылмағаны белгілі. Осыған байланысты таным – мәдениет – тіл үштігінің принциптері негізінде, балалар шығармаларындағы кейіпкерлердің танымдық ерекшелігін тілдік фактілер арқылы когнитивтік құрылым тұрғысында ғылыми талдау қай кезде болса өзекті мәселе болып табылады.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері.
Зерттеудің негізгі мақсаты — қазіргі антропоцентристік бағыттың ғылыми теориялық қағидаларына сәйкес балалар әдебиетіндегі кейіпкердің дүниетанымы мен болмысын, тілдік қолданысын этностың ұлттық танымымен байланысты концепт ретінде тұжырымдау, сондай-ақ, балалар шығармалары ономастикалық кеңістігіндегі жалқы есімдер мен тілдік көріктеуіш тәсілдерді, бала психологиясының когнитивтік құрылымын анықтау. Бұл мәселелерді анықтау үшін мынадай міндеттер қойылды:
- балалар әдебиеті кейіпкерлерінің тілінде көрініс табатын ономастикалық атауларды анықтап жүйелеу, инвентарлау;
- шығармалардың ономастикалық кеңістігіндегі антропонимдік жүйе мен кейіпкерлердің лақап есімдерінің қолдану жиілігін айқындау;
- көркем шығармалардағы баланың тілдік тұлғасының қалыптасуына ықпал ететін прецеденттік есімдерді көрсету;
- жоғарыда көрсетілген ономастикалық кеңістік, прецеденттік есімдер негізінде М.Гумеровтың, Б.Соқпақбаевтың, М.Қабанбаевтың шығармаларының этнотанымдық жүйесін айқындау;
- балалар әдебиетіндегі кейіпкерлердің тілдік құралдарды – фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, диалект сөздер, өзге де көріктеуіш тәсілдерді қолдану аясында кейіпкердің тілдік тұлғасын анықтау;
- М.Гумеровтың, Б.Соқпақбаевтың, М.Қабанбаевтың шығармаларының ұлттық мазмұны негізінде көркем тілінің концептуалдық құрылымын анықтау;
- балалар әдебиеті кейіпкерлерінің санасындағы эстетикалық танымға сәйкес символдық ұғымдардың қалыптасуын нақты дәйектеу;
- М.Гумеровтың, Б.Соқпақбаевтың, М.Қабанбаевтың шығармаларындағы кейіпкердің сөйлеу мәдениетіне тілдік тұлға тұрғысынан сипаттама беру;
- шығармада қолданылған онимдерді қазақ тілінің ономастикалық концептосферасындағы құрылымдармен сәйкестендіре қарастыру;
- балалар тақырыбына арналған шығармалар тілінің бала танымының психолингвистикалық ерекшелігін айқындаудағы мәнін ашу.
Зерттеу жұмысының нысаны ретінде тіл біліміндегі лингвокогнитивтік, психолингвистикалық зерттеудің жаңа бағыттарында анықталған танымға сәйкес балалар әдебиеті кейіпкерлерінің тілдік тұлғасы алынды.
Зерттеу жұмысының дереккөздері. М.Гумеровтың, Б.Соқпақбаевтың, М.Қабанбаевтың шығармалары.
Зерттеудің негізгі әдістері мен тәсілдері. Зерттеу жұмысының мақсаты мен тақырып ерекшелігіне байланысты сипаттама, салыстырмалы талдау мен жинақтау, концептілік талдау, жүйелеу және оны түсіндіру әдістері қолданылды.
Зерттеудің теориялық және практикалық мәні.
Зерттеу барысында қол жеткен нәтижелер мен тұжырымдар, талдау жасалған тілдік деректер қазақ тіл біліміндегі когнитивтік лингвистиканы өз деңгейінде толықтыруға үлес қосып, лингвомәдени, этнолингвистикалық бағытта арнаулы курстарда талдау жүргізуге септігін тигізеді. Сондай-ақ зерттеу нәтижелерін психолингвистика, этнолингвистика, когнитивтік лингвистика, көркем мәтінді лингвистикалық талдау пәндерінен қосымша дәріс оқуға да септігі тиеді.
Зерттеу жұмысының әдістанымдық негізі. Қазақ тіліндегі балалар әдебиетінің тілін антропоцентристік парадигмада сөз ету, оған жан-жақты когнитивтік аспектіде талдау жүргізу барысында ресейлік когнитолог ғалымдар В.А.Маслова, Е.С.Кубрякова, А.Бабушкин т.б. және қазақ тіл біліміндегі Ә.Қайдар, Т.Жанұзақов, Е.Жанпейісов, Р.Сыздық, Н.Уалиев, Е.Керімбаев, Ж.Манкеева, Қ.Рысберген, Б.Тілеубердиев т.б. ғалымдардың зерттеу еңбектері, теориялық тұжырымдары басшылыққа алынды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері:
- зерттеу жұмысында балалар әдебиетіндегі кейіпкер тілінің ерекшелігі мен тілдік тұлғасы анықталып, жалқы есімдердің лингвомәдениеттанымдық, этнолингвистикалық, лингвокогнитивтік ерекшеліктері көрсетілді;
- балалар әдебиеті кейіпкерлеріне лақап есімдердің берілуінде ұлттың мәдени болмысы мен ойлау жүйесі, қоршаған дүниені қабылдаудағы ұлттық менталдық танымның ерекшелігі анықталды;
- Б.Соқпақбаевтың, М.Гумеровтың, М.Қабанбаевтың балаларға арналған шығармаларындағы кейіпкер қолданысына тән тілдік көріктеуіш құралдарына талдау жүргізілді;
- концепт ұғымы кешенді құрылым деп танылып, балалар әдебиетіндегі кейіпкер дүниетанымын нақтылайтын концептінің типтері анықталды;
- бала санасындағы қалыптасатын символдық белгілердің лингвомәдени мазмұны сипатталды;
- баланың дүниетанымдық ерекшелігін анықтау мақсатында кейіпкердің тіліне психолингвистикалық тұрғыда талдау жасалды;
- көркем шығармадағы баланың сөйлеу мәдениетін анықтау мақсатында жұмыста алғаш рет синэргетика термині қолданылып, бала санасына әсер етуші энергетикалық қуаты бар сөздер анықталды.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- Б.Соқпақбаев, М.Гумеров, М.Қабанбаевтың балаларға арналған шығармаларындағы тілдік бірліктердің семантикасы ұлттың мәдени болмысы мен ойлау жүйесі, қоршаған дүниені қабылдаудағы ұлттық менталдық танымға байланысты қалыптасады;
- баланың ғалам бейнесі жас ерекшелігіне, танымдық тәжірибесіне, психофизиологиялық қасиеттеріне байланысты ересек адамның ғалам бейнесінен өзгеше болып келетінін зерттеу нысаны айқын көрсетеді;
- баланың тілдік тұлғасы ұлттық құндылықтар жүйесін белсенді қабылдайтын өсу, қалыптасу процесіндегі тілдік тұлға;
- жасөспірімдердің танымдық деңгейі, қоршаған дүниені қабылдау, лексикалық қордың ортақтығына байланысты балалардың ұжымдық тілдік тұлғасы қалыптасады;
- балалар тілінің қолданысындағы жалқы есімдер ономастикалық атаулардың когнитивтік аспектіде зерттелуіне тілдік дерек бола алады;
- тіл білімінің когнитивтік саласында лақап есімдер концептқұраушы таңба ретінде танылады;
- баланың тілдік тұлғасын қалыптастырушы негізгі сыртқы факторлардың бірі прецеденттік есімдер болып табылады;
- шығармадағы фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер, теңеулер, диалект сөздер, авторлық қолданыстар, ұғымдық мәні тектес концептуалдық өрістер өзіндік жүйе құрайды;
- концептілік құрылымдар арқылы бала ұғымындағы символдық таңбалар лингвомәдени мазмұнға ие болады;
- балалар әдебиетіндегі бала санасына ықпал жасаушы синэргетикалық тілдік бірліктердің психолингвистикалық мазмұнын сипаттау арқылы ұлт мәдениетінің тілдегі көрінісі анықталады.
Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері мен мазмұны бойынша Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-де өткен ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2005); Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен « Қазақ және орыс тілдері шет тілдік кеңестікте: оқытудың қазіргі технологиялары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 2005); ҚазҰАУ-да өткен «Мемлекеттік тілде маман даярлау “Жаңа мақсат, жаңа жүйе”» атты республикалық конференцияда (Алматы, 2006); А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Тілтаным» журналында (Алматы, 2007); Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының Хабарларында (Алматы, 2007) және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы «Лингвистикалық жұма» атты ғылыми-әдістемелік семинарда (2008, маусым) баяндамалар жасалды. Зерттеу жұмысы бойынша республикалық ғылыми басылымдар мен жинақтарда 7 мақала жарияланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Жұмыстың кіріспесінде тақырыптың өзектілігі негізделіп, зерттеу нысаны, мақсат-міндеттері, қолданылған әдіс-тәсілдер, жұмыстың ғылыми жаңалығы мен нәтижелері, теориялық маңыздылығы мен практикалық құндылығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар жинақталып баяндалды. Әр тараудың соңында және қорытындыда тұжырымдар беріледі.
Бірінші тарау «Поэтонимдердің көркем мәтіндегі терминдік, функционалдық сипаттамасы» деп аталады.
Қазіргі қазақ тіл білімі өзінің дамуында жаңа бағытты басынан өткеріп отыр. Тілді психолингвистикалық, когнитивтік тұрғыдан қарастыру арқылы тілші ғалымдар тілдік бірліктердің антропоцентристік сипатын ашуға мүмкіндік алды. Бұл орайда ономаст ғалым Б.Тілеубердиев «Когнитивтік лингвистика жалқы есімдерді зерттеуде жаңа бағыттарға жол ашады, бұл дегеніміз бұған дейінгі этнолингвистикалық, дәстүрлі, жүйелі-құрылымдық, лингвомәдениеттанымдық, әлеуметтік лингвистикалық парадигмаларды жоққа шығармайды, қайта керісінше ономастикалық процестерді жаңа тұрғыдан көрсету мен ұғынуға ұмтылыс жасайды» (1.21). Осыған орай, біздің мақсатымыз қазақ балалар әдебиетінің ономастикалық кеңістігіндегі жалқы есімдерді тану, ондағы бала санасы арқылы дүниені тану мен қабылдаудың мәнін ашу болып табылады.
1.1. Балалар әдебиетіндегі жалқы есімдердің қолданыс аясы.
Б.Соқпақбаев, М.Гумеров, М.Қабанбаев қазақ балалар әдебиетінде ерекше қолтаңба қалдырған тұлғалар. Аталмыш жазушылардың шығармаларындағы кейіпкерлер мен олардың лақап аттары, жер-су атауларының мәні ұлттық таным мен болмысқа, психологиялық танымға негізделген. Балаларға арналған әңгімелері мен повестерінде дүниені танудағы жас ерекшелік психологиясы мен танымның когнитивтік санадағы көрінісі айрықша рең беріп тұрады. Мысалы: «Менің атым – Қожа» шығармасының тілдік жүйесі Қожаның психологиялық қабылдауы мен оның когнитивтік санасындағы дүниетанымы деңгейінде құрылған. Шығарманың басты кейіпкері Қожаберген өз есіміне деген танымдық көзқарасты психологиялық тұрғыдан былай көрсетеді: Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, бұлар жоғары идеялы есімдер [Б.С.] т.б. Бұл жерде Қожаның пікірін пайымдау үшін алдымен оның таным деңгейін түсіне білу қажет. Мұндағы ең басты әсер етуші фактор қоршаған орта, қоғамдық сана. Егер индивид өзінің жеке ойы мен қабылдауын әлеуметтік сананың пікірімен байланыстыра алмаса, онда мұндай логикалық құрылым болмаған болар еді. Ұлттың болмысына қатысты мұндай құбылыс «Ортаншы ұл» шығармасында былай суреттеледі: Тақыр бас бала тақылдап біраз сөйледі. Алмастың ұққаны: Өлместің шын аты Өлкебай екен. Көршісіндегі бір келіншек қайынағасының атын атамау үшін, оны ойнап жүрген балалардың көзінше ылғи «Өлмес» дей беріпті. Бұл сөз бірте-бірте балалардың құлағына сіңіп, ақыры олар оны «Өлмес» деп атай бастапты [М.Ғ.]. Мұндағы бір көрініс, қазақ халқындағы отбасына келіп түскен келіндердің жаңа түскен үйдегі адамдардың атын атамай, астарлап жеткізудің әсерінен болғанын байқатса, халқымыздығы ырым-тыйым сөздердің әсері де болғанын көрсетеді. Сонымен бірге, «Қала және қыз бала» әңімесінде де адамға ат қоюдағы ырымға сену құбылысы анық байқалады. Мысалы: Елубір деген бала ылғи мені сыртымнан бағып жүреді дедім ғой. Өзі аппақ шөлмектей жүдеу, артқы партада отырады. Әке-шешесі ұзақ жылдар перзент көрмей, елу бір жасында осы бала дүниеге келіпті. Елубір деп сол себептен атапты [М.Қ.]. Мұның өзі адамзаттың, оның ішінде қазақ халқы, қай кезеңде өмір сүрсе де ұлттық таным мен ойлаудың ежелгі дәстүрлі тәжірибесіне сүйенетінін байқатады. Жалпы, жалқы есімдер өз бойында белгілі бір кезеңге, тіпті тұтас бір елдің тарихына қатысты ақпараттарды жинақтай отырып, көркем мәтіндегі қолданыста ерекше маңызды рөл атқаруы мүмкін.
Жазушы шығармаларындағы жалқы есімдер қаламгердің өскен ортасы мен дүниетанымы тұрғысынан ұлттық болмысқа негізделген. Мысалы, Б.Соқпақбаев Қостөбе топониміне қатысты қызықты мәліметтер келтіре келіп, оны Текес гидронимімен тығыз байланыста алып қарайды. Мысалы. Қазақстан картасынан Алматыны көзіңізді жұмып тұрып тауып алатыныңызға мен дауласпаймын. Астанаға дәл барып тірелген саусағыңызды енді тау сілемімен шығысқа қарай сырғытыңыз. Тоқтаңыз! Мен әңгіме етіп отырған үркердей шағын ауыл Қостөбе, міне, осы арада, шекараның дәл түбінде, менің Қостөбем, менің Текесім! [Б.С.]. Сондай-ақ бұл атаулар денотаты, топографиялық мекен-жайы нақты, Қазақстанның топонимдік кеңістігінде кездесетін реалды нысандар.
Машқар Гумеров өз шығармаларында ономастикалық атауларды талғаммен қолдана отырып, оған тән мәдени ақпараттарды бала санасында қалыптастыруға ерекше көңіл бөлген. Яғни, әрбір атауды бере отырып, оның шығу тарихына тоқтала кетуді мақсат еткен. Әсіресе, қаламгердің Шұңқыртомар, Қорасал атауларына берген түсініктемелері осыған дәлел. Мысалы: Ауылдың шығыс жағындағы осы бір үлкен көлдің аты Қорасал. Бұлай аталған себебі: көлдің орта тұсына таман екі арал бар. Тұрмысқа қолайлы көлді жағалай үш ауыл қоныс тепкен. Соның бірі- осы Қорасал, екіншісі- теріскей жақта, бір жарым шақырым жердегі Жалтыр. Колхоз орталығы да жеті жылдық мектеп те сонда [М.Ғ.].
Б.Соқпақбаев шығармаларындағы тағы бір жиі кездесетін атаулар – ру атаулары. Бұл атаулардың барлығы да қаламгердің дүниетанымы мен өскен ортасымен тығыз байланысты. Автор бұл атауларға қатысты көркем мәтінді образды түрде бере отырып, кейбір ру аттарына қатысты этимологиялық этюдтерді сәтті ашып көрсетеді. Мысалы: Беснайзалар ежелден жауынгер, ұры ел болған. Рудың Беснайза атануы да тегін емес. Бір үйдің шаңырағынан сорайған бес найзаның ұшы шығып тұрыпты, содан Беснайза атаныпты деген сөз бар [Б.С.]. Осы берілген мысалда Беснайза руына қатысты мәдени ақпараттарды жазушы шеберлікпен бере білген. Сондай-ақ: Қостөбеде, негізінен, Құрмандар тұрады. Құрманның «Киікбай», «Найза» деп аталынатын екі руы. Біз Найзамыз, Дұрысы Беснайза. Беснайза екіге бөлінеді: Байқазақ, Жолыш. Біз – Жолышпыз. Барлығы Алаштың балалары ғой [Б.С.] т.б. деген сөйлемдер арқылы Қостөбедегі этникалық құрамды нақты көрсетіп кетеді.
Жалпы, балалар әдебиеті кейіпкерлерінің тілінде жалқы есімдердің қолданылуында айтарлықтай ерекшеліктер жоқ. Себебі, балалар әдебиетінің негізгі кейіпкері де, оқырманы да – бала. Сол үшін автор әрбір жалқы есімдерді қолдануда оған байланысты мәдени ақпараттарды – аңыз-әңгімелер, тарихи оқиғалар, қоршаған ортаға тән белгілерді балаға ұғынықты, қабылдауға ыңғайлы етіп қолданады.
1.2. Балалар әдебиеті кейіпкерлерінің тіліндегі көріктеуіш тәсілдер.
Қазіргі кезде лингвостилистикалық зерттеулерді жазушының таза тілдік ерекшеліктері, яғни стильдік, сөз қолдану, көріктеу құралдарын қолдану ерекшеліктері т.б. сипатта қарастырумен ғана шектеуге болмайды. Мысалы, көркем мәтіндегі тұрақты тіркестер сөздің эмоциялық – экспрессиялық мәнін арттырады. Мұндай тұрақты тіркестер арқылы жазушы шығармаларында ұлттық болмыс пен танымның белгісі айқын аңғарылады. Мысалы: Жоламан тез-тез адымдап, үй орнындай жерге топтала өскен доланаға таянғанда, Кәрішалдың даусы пышақ кесті тына қалды [М.Ғ.] деген сөйлемдердегі тұрақты тіркестер арқылы ақпаратты ықшам, бейнелі түрде берудің өзіндік қолтаңбасын көрсетеді.
Тұрақты тіркестердің бұл қырының жарқын көрінісін сөз шеберлерінің тезінен өтіп, шығармашылық көрігінде шыңдалған көркем туындылардан кездестіруге болады. Б.Соқпақбаев та, М.Гумеров те мұндай тәсілдерді өте сәтті қолдана білген. Мысалы: Шал да, Мұқамеди де, әйелдері де, тіпті кішкентай Садық та мал емес, ең бір аяулы жақын адамдары өлгендей көздерінің жасы көл болып, еңіреп жүр [Б.С.] деген сөйлемдерден екі қаламгердің кейіпкер психологиясы мен танымын тұрақты тіркестер арқылы шебер суреттеуін айқын аңғарамыз.
Фразеологизмдер арқылы кейіпкер тілінің сөз байлығын, әсіресе, балалар тілінің тілдік қолданыс ерекшелігін дәл беруде М.Қабанбаевтың стильдік ұстанымы, баланың өскен ортасына тән сөз саптау мәнерін ерекше талғаммен беруі қаламгердің шеберлігін танытады. Мысалы: Бүйтіп қиюым келіспей, ыза боп тұрғанда шаңдатып шапқылап жүргені шат-шәлекейімді шығарды [М.Қ.] т.б.
Тілдегі дағдылы қолданыстан тыс құбылысты және көркем шығармадағы қолданысына қатысты авторлық шығармашылық, стиль табиғатын тануға көмектесетін, негіз болатын ерекше мәнді бір заңдылық бар. Ол – окказионализм құбылысы. Б.Соқпақбаев, М.Қабанбаев, М.Гумеровтың шығармаларына талдау жасай отырып, қаламгерлердің осы дәстүрді шебер пайдалана білгеніне айқын көзіміз жетті. Мысалы: Біз жайлауға келгелі табаны трактордай бір ай шамасы уақыт өтті [Б.С.]. Отқа тақау үлкен қара табаға жабылған тәрелкенің астынан құймақтардың құлағы қылтияды [М.Ғ.]. Түс ауа шулы үлкен қала жастанып жатқан сүңғі шыңдардың басына бұлт байланып, күннің қалпағы кисайып сала берді [М.Қ.] т.б мысалдардағы трактордай бір ай, құймақтың құлағы қылтиды т.б. авторлық қолданыстардың сәтті пайдаланылғанын байқаймыз.
Көркем әдебиетте көп қолданылатын тілдің көріктеуіш тәсілдерінің бірі – мақал-мәтелдер. Балалар әдебиетіндегі кейіпкер тілінде де мазмұн мен ойды беруде қолданылған мақал-мәтелдердің қызметі ерекше. Бұл турасында зерттеуші Ш.Қарсыбекова: «Мақал-мәтелдер – қазақ этносына тән дүниетаным мен сананың айқын айғағы, халық даналығы мен философиялық толғанысының, эстетикалық танымы мен тағлым-тәлімінің, өркениеті мен мәдениетінің – барша болмысының айғағы» деген пайымдау айтады [2.3]. Мұндай құбылысты қаламгер шығармаларындағы: Шыбыным, әйтеуір ешкімге тимей, ұрынбай, жайыңа жүр. Тек жүрсең, тоқ жүресің дейді атам қазақ….. Біреудің ала жібін аттаушы болма. Мешкей деген жақсы ат емес [Б.С.] т.б. сөйлемдерде берілген мақал-мәтелдер арқылы айтылар ойды нақты жеткізуді мақсат еткен.
Мұндай орнымен үйлесімді қолданылған мақал-мәтелдер көріктеуіш құрал ретінде мәтін тілін жандандыра әсерлендіруге қызмет етіп, белгілі бір құбылыстың негізін дәл бейнелеуде өзіндік ерекшеліктермен жұмсалады. Мысалы М.Гумеров шығармасындағы: Жаңыл ұлына: — Е, жындымысың? – деп елеусіз жымың қағып, — «Сезікті секірер» деген. «Ел құлағы елу» деген емес пе. Жұрт кеңседегі шешім жайынан әп-сәтте хабарланып та үлгеріпті [М.Ғ.] тәрізді мақал-мәтелдерде атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық этникалық көзқарас пен салт санасы нақты берілсе, М.Қабанбаевтың шығармаларындағы: «Тілімді алсаң, қарадан қашық, ақ атаулыға асық жүр. Ақ атаулы аспанға түсіп бара жатса, жылқыдайын жалыңды, түйедейін шудаңды төсе, қарғам!» [М.Қ.] деген сөйлемдердегі қарадан қашық, ақ атаулыға асық жүр бояты тәрізді мақал-мәтелдерден халықтың бағзы замандардан келе жатқан этносқа тән өмір тәжірибесінің көрінісін байқауға болады.
Көркем әдебиет тілі туралы сөз болғанда, әдетте оны құрайтын екі компонентті ескермесе болмайды. Олардың бірі – авторлық баяндаудағы тіл де, екіншісі – кейіпкер тілі. «Шыңырау» әңгімесінде кейіпкер тілінің ерекшелігі автордың тілі арқылы өте сәтті берілген. Мысалы, Алма «шолақ шалады» деп, Рахат пен інісін онда жібергісі келмей, қолынан жетектеп алды да, әйелдерді бастап үйге кірді [М.Ғ.] т.б берілген тілдік бірліктерді автор халықтың сөз байлығы арасынан таңдап, екшеп алып, мақсатты түрде айтар ойдың мазмұнын аша алатын лексикалық қор ретінде пайдаланып отыр.
Мысалы «Пысық болдым, мінеки» әңгімесіндегі: «Бала» — Шалтай жездем тізесімен оюлы киізді егей түсіп, жылжып барып, Түйе атаның мұздатқышта көп тұрып қалған тұшпара секілді быт-шыт құлағына айқайлап жатыр [М.Қ.] деген сөйлемдерден қаламгердің сөз қолдану шеберлігі мен айтылар ойдың бала танымына қатыстылығын талғампаздықпен бейнелегенін байқаймыз.
Көркем шығармада кейіпкер табиғатын, болмысын ашуға маңызды көріктеуіш құралдарының бірі – диалог. Бұл жазушының когнитивтік танымы мен талғамына, шеберлігіне байланысты. Мысалы, «Үш күн, үш түн» әңгімесінде бала психологиясындағы қымсыну, сөзге сараңдықтың белгілерін былай береді:
-Немене, поездан қалып қойдың ба?
-Иә.
- Түу-у, ашықауыз-ай, Мына аязда вагонда отырсаң болмады ма? – Билетің бар ма?
- Жоқ.
- Түу-у! Поезға қайдан отырып ең?
-Қызылжардан. [М.Ғ.] деген үзіндіде диалогтың құрылымдық қызметі тиімді пайдаланылған. Диалог ауызекі сөйлеу тіліне жататын қарапайым сөздердің қатысуымен жасалған. Қаламгер кейіпкер аузына түрлі сөз орамдарын салу арқылы мінезін, атқаратын қызметін, өскен ортасын және қарым-қатынас жасайтын адамдарды әр қырынан көрсетіп тұр.
Көркем шығармадағы кейіпкер тілінің жасалуы туралы академик Р.Сыздық: «Көркем шығарма тілін талдағанда жазушының суреткерлік шеберлігі мен эстетикалық мүмкіндігін тануға болады. Жазушының өз шығармасының поэтикалық деңгейіне сай етіп тілдік құралдарға жүк арта алады ма, әр сөздің, фразаның құдіретін дұрыс танып, олардың барша потенциалды қабілетін жарата білді ме деген жайттар осы әңгімеден туындайды» деген пікір білдіреді [3.47]. Прозалық шығармаларда автор диалогты түрлі сипатта қолдана отырып стильдік мақсатта құрады. Мұндай құбылысты М.Қабанбаевтың шығармаларынан да айқын аңғаруға болады:
- Жүз сом… Аз емес пе? – деді кәңгірлей күліп.
Циркші шал:- Аз болмаса… мардымсыз жалғыз пенсия жетпейді. Осы кептерді кәсіп қыламын, — деп жыланды.
Ағай жомарт екен: -Мә, тағы он сом. Баламның қуанышы үшін бәрі садаға. Жалғыз ұл… Келістік пе ? – деді. Қол алысты [М.Қ.] .
Б.Соқпақбаев та, М.Гумеров те, М.Қабанбаев та монологты беруде кейіпкер тілінің ерекшелігіне аса мән берген секілді. Мысалы, Б.Соқпақбаев әңгімелерін оқи отырып ондағы монологтың аса талғампаздықпен берілгеніне куә боламыз. Автор ішкі монологқа ерік беру арқылы кейіпкердің ішкі психологиясы мен дүниетанымын, ментальді дүниесін дәл көрсетуді мақсат етеді. Мысалы:. Мен табиғатты сүйемін. Мен шынайы поэзияны сүйемін. Абай мен Қасымды қанша оқысам да менің сусыным қанбайды. Қайталап оқи бергім келеді, оқи бергім келеді. Мен Құрманғазы мен Дәулеткерейдің күйлерін тыңдағанда өзімді өзім ұмытып кетемін. Махамбет жырының әр сөзінің астынан дүрсілдеген ат дүбірін, қарш-құрш сілтескен найза, қылыш үндерін естігендей болам. О, қасиетіңнен айналайын, қазақ жері. Осының бәрі сенің топырағыңда өсіп, өнген кереметтер емес пе… [Б.С.]. Ішкі монолог кейіпкердің ой-сезімін жеткізетін автор сөзі тұрғысынан берілген. Берілу тәсілінің өзі де ішкі монологтың табиғатына тән қасиетпен, яғни эстетикалық таным арқылы келген.
Шығармада бала ойының монолог арқылы берілу құбылысы «Қала және қыз бала» әңгімесіндегі басты кейіпкер Айгүлдің: «Аспандап ұшқан ақ құстар-ау, білесіңдер-білмейсіңдер, бойыма біткен бар ақтығым мен пәктігімді сендерге сыйладым, ол аз болса, күміс қоңыраудай сыңғырлаған ән-үнімді қоса ұсынып, асыл мен жасыл қасиетімнің бәрін қарымта тілемей құрбан еттім. Аяққа жығылып сұрайтыным – айналып кеп, алақаныма бір қонып кетіңдер, асыл мен жасылдың бодауы, қайтқан қаруы сол болғай! Көп кергімей қонып кетіңдер [М.Қ.] деген монологы арқылы бала психологиясының тағы бір қырын аша түскен.
Көркем прозадағы бейнелеу тәсілдерінің бірі – мінездеу. Шығармада кейіпкер характерін сомдау, оның кескін-келбетін, сөйлеу мәнері мен психологиялық көріністерін, мимикасын бейнелеу шығарманың желісі мен композициялық құрылымын жетілдіруде маңызы зор. Мысалы, Мен болсам ағайыма тартпағанмын, тез ысып, тез суимын. Ыза болсам, күйіп-жанып дызақтап кетем. Ойланбай істеп, ойланбай сөйлеп, өкінетін кездерім көп болады. Соңынан сол үшін өзімді өзім жек көріп жүрем [Б.С.]. Ал Саматтың жүріс-тұрысы, жаратылыс, бас терісі басқа жаратылған бала. Қазан бас сары, бұйығы, тік мінез. Жүрісі сылбыр, сөзі аз [М.Ғ.] т.б. мысалдардан шығармадағы кейіпкердің шынайы мінез-құлқын, психологиялық ахуалын, көзқарасын анық байқауға болады.
Көркем шығармада жиі кездесетін көріктеу тәсілдерінің бірі – суреттеу. Оқиға құбылыс жайын, кейіпкердің сыртқы бейнесін, мінез-құлқын беруде болсын жазушы суреттеуге көп барады. Суреттеу арқылы қаламгерлер өз кейіпкерінің нақты образын, түрін, болмысын дәл беруге тырысады. Мысалы: Бойы менің бойымнан мұншалық ұзын, жуан мойын, сом денелі, қарынды кісі екен. Түсі сұрлау, көздері кішілеу адам екен. Құлақ-мұрны, ерні жырым-жырым, беттерінің әр жері тыртық, саусақтарына қарасам, бір саусағының өзі менің мына үш саусағымдай екен. Қап-қалың еріндері сөйлегенде икемге келмей, сөзді добалдап бұзыңқырап сөйлейді [Б.С.] тәрізді суреттеуде Б.Соқпақбаевтың көркемдік әлемінде кейіпкер әрекеті мен болмысына, өмір сүру ортасына тән психологиялық мән жатыр. Ал, суреттеудің тағы бір үлгісі М.Ғұмардың шығармасында былай берілген: Біздің ауылда Жетпісбай атты бір атай бар.Әр кезде түрлі себептермен оның жеті мүшесі зақымдалған екен. Атап айтқанда:1. Оң көзі жоқ, орнында тек ағараңдаған без сияқты ет бұлтиып тұрады. 2.Сол құлағы жұлынған, содан түп жағы шұнтия түрісіп қалған. 3. Мұрны сол жағына қарай қисық, сол себепті оң жақ танауы үңірейіп көрінеді. 4. Аяғы ақсақ. 5. Сол қолы шолақ, шынтағына дейін жоқ [М.Ғ.].
Қазіргі кезеңде қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік қызметінің өрістеп, дамуымен байланысты әдеби тілдің функционалдық-стильдік жақтан саралану үрдісі тереңдей түсті. Осыған байланысты диалектизмдерді де әдеби тілдің нормасымен сыйыспайды деген қауіптен гөрі жергілікті тіл ерекшеліктері ұлттық әдеби тілді байытудың қайнар көзі деген пікірлер де көп айтыла бастады. Бұл құбылыс көркем шығармалардағы балалар тақырыбына жазылған әдебиеттердің тілінде жергілікті тілдің ерекшеліктеріне орай шынайы берілген. Мысалы, қаламгерлер өз шығармаларында диалект сөздерді бала тілінің қолданысына сай былайша береді: Арық тізесі ағаштай сорайып, иегін тіреген аурушаң шешем жез шәугімнен ақ су құйып отыр [Б.С.]. Жарты сағаттай әуреленіп, бір құшақ шөпті зорға жұлдым. «Шіркін, шотаяқ болса! – деймін өзіміздің қораны еске алып. –Онда мына маяны оп-оңай үңгіп кірер едім» [М.Ғ.]. Электр шамдары сонау аумақта ауланың дарбазасынан басталды да, сонсын сенекке кіре берісте, сенектің ішінде, коридорда, бөлмелерде бірден-бір жарқырап тұр [М.Қ.] деген мысалдардағы шәугім, шотаяқ, сенек т.б. тілдік бірліктер белгілі бір аймақта айтылатын сөз сол өңірдегі тұрғындардың кәсібіне, шаруашылығы мен мәдениетіне, өнер мен салт-дәстүріне т.б. байланысты этнолингвистикалық лексиканың құрамында әдеби тілді байытуда пайдасы орасан зор.
Көріктеуіш құралдар – шығарманың өңін кіргізетін ең ұтымды тәсіл. Оның ішінде теңеулердің мәні ерекше зор. Сондай-ақ автор тілінде теңеулер өңдеуден өтіп, жаңаша қырынан көрініс береді. Мысалы: Мен Сұлтанның мұншалық жаны тәтті жарғанат екенін біле қойған жоқ едім [Б.С.]. Оның ақ шаршысының шетінен көрінген шашы қабырғадағы кішкене әйнектен түскен күн сәулесімен шағылысып, аққудың мамығындай ағара үлпілдейді. [М.Ғ.] т.б. Бұл тілдік тәсілдердің барлығы да көркем шығармада белгілі бір стильдік мақсаттарға орай қолданылатынын байқаймыз. Көріктеуіш құралдар кейіпкердің мінез-құлқын, психологиялық ахуалын, эмоциясын дәл беруге жағдай жасайды. Бұл айтылған мәселелер балалар әдебиетінің кейіпкерлерімен тығыз байланысты. Себебі, бала тілінде де ұлттың рухани құндылығы ретінде ана тілінің бейнелі сөз оралымдары жиі қолданылады.
1.3. Балалар әдебиеті кейіпкерлеріне тән лақап аттардың лингвосемиотикалық ерекшеліктері.
Көркем әдебиеттерде кездесетін кісі есімдерінің ендігі бір түрі – лақап аттар. Алдын-ала анықталмай, таңдау нәтижесінде пайда болған есімдердің қатарына осы лақап аттарды жатқызуға болатын тәрізді. Себебі, көркем шығармадағы лақап аттар автордың шығарма тақырыбы мен мазмұнына сай, ондағы кейіпкерлердің жас ерекшелігіне байланысты әдейі таңдап алынған есімдер болып келеді. Бұл — балалар әдебиетінің кейіпкерлеріне тән дүние. Біз өз жұмысымызда профессор Т.Жанұзақовтың: «Лақап есімдердің табиғатын, оның әртүрлі қасиет-сипаттарын социолингвистикалық тұрғыдан зерттеудің мәні айтарлықтай. Лақап есімдердің түрлері, әрбір адамның мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, адамдармен өзара қатысына т.б. байланысына тағылған лақап есімдер тілімізде аз емес. …Әсіресе мектеп оқушыларының лақап есімдерін социолингвистикалық тұрғыдан зерттеу өте қызықты да, ғылыми тұрғыдан салиқалы болары сөзсіз» деген пікірін басшылыққа алдық [4.35].
Көркем әдебиеттегі балалар тақырыбына жазылған шығармаларда кейіпкерге лақап есім қоюдың өзіндік ерекшелігі де бар. Ол шығармадағы кейіпкерлердің жас ерекшелігі, іс-әрекеті, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, келбетіне байланысты лақап есімдерді дәл тауып қоюы. «Пысық болдым, мінеки» әңгімесінде кішкентай бала Тілешке қойылған лақап есімді кейіпкердің ойымен сабақтастыра келіп: Құдай шіркін адамдарды жаратып келіп, кезек Үшбасқа жеткенде қатты шаршап қалған білем, қалғып-шұлғып отырғанда қателесіп кетіп, төбе деп шүйдені томпита салса керек. Үшбастың шын аты –Тілеш қой. Басы үшеу, төртеу, әлде алтау бола ма, Тілеш оған пысқырмайды да [М.Қ.] деген мысалдармен келтіреді. Осы тұста қаламгер лақап ат қоюдағы бала танымы мен талғамының объективті деңгейін көрсете білген. Тіпті балалар әдебиетіндегі жалқы есімдердің ішінде адам аттарының кейбірі мазмұны мен дыбыстық құрылымы жағынан өзінен-өзі лақап атқа сұранып тұратыны тағы бар. Мысалы, «Сабаз бен Нөкербек» әңгімесіндегі: Құдықтың суын төге бастағанда, бала-шаға қаптап кетті. Уақ балаларды былай қойғанда, үлкендеулерінен Сабаз, Нөкербек, Өміртай, Кетік Кетебек, Шұнақ Шотбай, Тағай таз, Дөңмұрын – бәрі сонда [М.Ғ.] деген мысалдардан шығарма кейіпкерлерінің есімдері осыны аңғартады. Бұл сонымен бірге балалар арасында кез келген есімге лақап ат беруде объектіге қатысты физиологиялық, психологиялық фактілерді қалт жібермей, дәл қоя білетінін көрсетеді.
Балалар әдебиетіндегі Б.Соқпақбаевтың кейіпкерлеріне тән лақап аттардың ішінде адамның сыртқы келбетіне орай берілген лақап аттарды байқауға болады. Мысалы, «Менің атым Қожа» әңгімесіндегі: Сүттібайдың үлкен баласының аты да Қожа. Оқушылар екеумізді шатастырып алмас үшін өңімізге қарап, мені Қара Қожа, оны Сары Қожа деп атайды [Б.С.] т.б. мысалдардан балалар өз арасында жанама ат қоюдың өзіндік себептерін дәл таба қоятынын байқаймыз. Болмаса, шығармадағы Қожаның шын аты – Қожаберген. Оған әлеуметтік ортасы сыртқы келбетіне орай лақап ат бергенде оның азан шақырып қойған есімінің мазмұны мен құрылымын сәтті пайдаланған. Мұндай құбылыс балалар әдебиетіндегі лақап есімдердің табиғатына да тән. Себебі лақап аттардың өзі кейіпкердің әлеуметтік жағдайымен тікелей байланысты. Лақап есімдерді жайдан-жай қоя салмайды. Ол жоғарыда айтып өткеніміздей, адамның мінез-құлқы, кескін-келбеті, жүріс-тұрысы, тіпті мамандығына байланысты берілуі мүмкін.
Екінші тарау « Балалар әдебиеті тілінің когнитивтік негіздері» деп аталады.
Бүгінгі таңда тіл біліміндегі көркем шығарма тілін прагматикалық, когнитивтік, психолингвистикалық парадигмада қарастыруда біршама нәтижеге қол жетті десе болады. Жаңа ғылыми парадигмаға сай тілді зерттеуде негізгі назар тілдік тұлғаға аударылады, сонымен байланысты тілді зерттеудің жаңа мақсаттары, маңызды ұғымдар мен тәсілдер, метатілдік теориялық негіздер қалыптаса бастады. Жалпы тіл табиғатын когнитивтік негізде қарастыру үлгісі В.Гумбольдт, Т.А. ван Дейк, Э.Сепир, И.Потебня тәрізді ғалымдардың еңбегінен бастау алады..
Бұл ретте жемісті еңбек еткен қазақ ғалымдары Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов. Ж.Манкеева, М.Копыленко, Г.Смағұлова т.б. зерттеулері тек этнолингвистика үшін емес, когнитивтік зерттеулер үшін де құнды мазмұнға ие. Бүгінгі таңда тілдің жан-жақты қызметі мен оның адам санасы арқылы объективтенуі лингвомәдениеттанымдық, когнитивтік аспектіде зерттелуі өз нәтижесін беріп келеді. Ал тілдік таңбалардың қызметі мен қолданылуы, мағыналарын танымдық деңгейде қарастыруды концептілік құрылымдар арқылы талдаудың мәні зор.
2.1. Балалар әдебиетінің лингвоконцептуалдық құрылымы.
Жалпы ғалымдардың кейбірі когнитивтік талдауда ақиқат пен бейақиқат мәселелеріне қатысты көзқарасты қайта қарау қажеттігін, өйткені оның нақты ғылымдарда алынатын тәжірибелік деңгейдегі нанымды нәтижелер алуға, жеке адамдар мен әлеуметтік топтардан үздіксіз алынып жататын жаңа мәліметтер арқылы үнемі өзгеріп отыратын «ішкі әлемнің» үлгісін жасауға мүмкіндік беретінін, оның адамдар арасындағы қарым-қатынастарындағы келісімдер мен қайшылықтарды, саяси және идеологиялық жүйелер негізін анықтауда таптырмайтын әдіс екенін ерекше атап өтеді. Яғни тілді мәлімет беру мен мәлімет қабылдаудың когнитивтік жүйесі ретінде бағалайды. Сол себепті біз өз жұмысымызда аталмыш қаламгерлердің балалар тақырыбына жазылған көркем дүниелеріндегі кейіпкердің тілдік тұлғасын қарастыруды мақсат тұттық.
Жалпы, тілдік тұлға дегеніміздің өзі ұлттық тіл ортасында, ұлттық құндылықтар арасында тәрбиеленген, ұлттық рух пен ұлттық тілді толық меңгерген жеке адам, бүкіл ұлттық болмысты бойына жинақтаған индивид. Тілдік тұлға мәселесіне қатысты ресей ғалымдарымен қатар, қазақтың тілші ғалымдары да нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Дегенмен ұлттық тілдік тұлға мәселесін орыс ғалымдары арасында Ю.Н.Караулов кеңінен зерттесе, өз тілші ғалымдарымыздың қатарында Ф.Терекованың зерттеуінде Қ.Қ.Жұбановтың тілдік тұлғасына жан-жақты сипаттама берілген болатын
Ю.Н.Карауловтың пікірінше [5,671], тілдік тұлғаның құрылымын мына деңгейлер құрайды: Нөлдік немесе вербалды-семантикалық деңгей; бірінші немесе лингво-когнитивтік деңгейді ұғымдар, концептілер, идеялар сияқты бірліктер құрайды.
Қазіргі таңда көркем әдебиет тілін таным тұрғысынан қарастыру, қаламгерлердің сөз қолдану ерекшелігі мен автор бейнесі ретінде ғаламның тілдік бейнесін жасаушы жазушының тілдік тұлғасын талдау бүгінгі күні өзекті мәселе болып отыр. Қазақ тіл білімінде соңғы уақытта жүргізілген зерттеулердің ішінде Ш.Ниятова Махамбеттің тілдік тұлғасын, Ш.Елемесова байырғы ұлттық танымның көркем прозадағы тілдік бейнеленуін, Ж.Б.Саткенова көркем шығармадағы кейіпкер тілінің когнитивтік мәнін, тілдік тұлға мәселесін тереңінен зерттеп, Ф.Қожахметованың Тұрамағамбет Ізтілеуовтың, А.Жуминова Олжас Сүлейменовтың тілдік тұлғасын жан-жақты қарастырған еңбектері бар.
Зерттеуші Ж.Сәткенова өз еңбегінде концептілерді жеке тұлғалық, адамдардың жас ерекшеліктеріне байланысты, жалпыұлттық деп бөліп қарастырады [6.26]. Яғни зерттеуші Б.Соқпақбаевтың тілдік тұлғасын жан-жақты талдап, автор шығармаларындағы концептілік құрылымның 25 түрін көрсетеді. Ал біз өз жұмысымыздың нысаны ретінде М.Гумеров, М.Қабанбаевпен қатар Б.Соқпақбаевтың да шығармаларын алғанымызбен, біз бұл қаламгерлердің балаларға арналған шығармаларын, оның кейіпкерлерінің тілдік ерекшелігі мен таным деңгейін арнайы қарастырамыз.
Бала ұғымына қатысты білімдердің концептуалдық жүйесін сонау ауыз әдебиеті үлгілерінен бері қарай топтастырсақ, онда халқымыздағы бесік жыры, ертегілер, аңыздар, батырлар жырынан бастау алып, бүгінгі біз сөз етіп отырған ақын-жазушылардың шығармаларымен тығыз байланысып жатыр. Оның ішінде поэтикалық мәтіндер мен прозалық шығармалардың тілдік тұлғасындағы бірегейлік пен концептуалдық ұқсастық анық байқалып тұрады. Ал біз қарастырып отырған қаламгерлердің шығармаларындағы «Жалғыздық» концептісі де ұлттық таным тұрғысынан айқын көрсетілген. Біз зерттеу нысаны етіп алып отырған қаламгерлердің қайсысын алып қарасақ та бір ерекшелігі сол, шығармаларындағы кейіпкерлердің негізі ата-анасының жалғызы болуында. Мысалы: Әке-шешесі ұзақ жылдар перзент көрмей, елу бір жасында осы бала дүниеге келіпті. Елубір деп сол себептен атапты [М.Қ] деген мысалдардан осы құбылысты байқауға болады. Жалпы М.Қабанбаевтың балалар тақырыбына жазылған қай шығармасын алып қарасақ та онда қаламгердің бала психологиясын жетік меңгергендігін байқаймыз.
«Жалғыздық» концептісін беруде Б.Соқпақбаев қай шығармасында болмасын айтылар ойды суреттеуге ерекше мән беріп отырған. Мысалы, Енді міне көптен қалған сарқыттай олардың көз алдарында қалқиып жүрген Мұрат қана…. Өткеннің қайтып оралмасына, өшкеннің жанбасына көздері жеткен екі қарт енді соны медет етіп, тілеуін тілейді. «Құдай, енді осыма, қарайған осы шыбыныма өмір бер, қызығын көрсет», — деп таңды мінажат етумен атырады, күнді мінажат етумен батырады [Б.С.] деген мәтінде менталды дүниедегі ақиқат болмысты, бала мен ата-ана арасындағы нәзік байланысты, жалпы отбасы психологиясын керемет суреттеген.
Концептік талдаудың басты мақсаты – ғалам туралы білім моделін құру және ғаламның тілдік бейнесін түсіндіру. Қаламгердің халықтық мәдениет пен өмірлік тәжірибесінің барынша жетік меңгергеніне орай және ұлттық болмыс пен ерекшелік туралы білімі шыңдалған сайын тілдік білімі де өзгеріске түсіп отырады. Балалар тақырыбына жазылған шығармаларда жазушының танымдық білімдер жүйесін зерделейтін концептінің бірі – «Бала» концептісі. Аталған концептілік құрылым жоғарыда айтылған үш қаламгердің тілінде ерекше сипатқа ие. Мысалы, «Қала және қыз бала» әңгімесінде Кіріп барсам, өңкей үпір-шүпір ұсақ бала бөлмені басына көтеріп, у да шу. Кейбірі асыр салып, қым-қуат ойнап жүр. Екеу-үшеуі шекісіп үлгерген бе, ұрттары салбырап, бұрыш-бұрышта томсырайып отыр [М.Қ.] деген мысалдан, «Мен…Менікі…Маған!» әңгімесіндегі. Баланы ұрсып-зекіп немесе ұрып-соғып тәрбиелеу Тоты әжейдің әдетінде жоқ-ты. Өйтіп қорқытып тәрбиелеген бала өсе келе жасқаншақ, жағымпаз адамға айналады, әйтпесе, керісінше, кектеніп жауыз болып өседі [М.Ғ.] деген мысалдарда берілген көркем әдебиет стилін қай тұрғыдан қарасақ та автордың айтпақ ойын, сезімін, санадағы түсінігін таныту үшін қолданылып тұрғаны белгілі. «Менің атым Қожа» әңгімесіндегі Әсіресе, «балам» деген сөздің зәрі күшті-ақ еді. Өйткені жайшылықта мамам менің атымды атайтын. «балам» деген мынау ресми үні «үлкендердің сөзіне тыңшылық істемек болған бұл сасық қулығыңды таста» деп, жекіргенмен бірдей еді [Б.С.] деген үзіндіден шығармадағы «Бала» концептісіне тірек тілдік бірліктердің мазмұны сәтті ашылғанын байқаймыз.
Балалар тақырыбына жазылған көркем шығармалардағы кейіпкердің тілдік тұлғасын қарастыра отырып, жазушылардың тақырыптық, мазмұндық және концептілік жүйенің құрылымы жағынан стилі бір-біріне өте жақын екенін байқадық. Мысалы, «Достық» концептісінің вербалдануын мына мысалдардан көруге болады: Сабақтан Мұрат пен Шәкір бірге қайтып келе жатыр. Бұлардың үйлері де бір көшенің бойында, аралары жақын. Ал өз аралары одан да жақын, көңілдес достар. Шәкірді Мұрат жолдастарының бәрінен артық көреді [Б.С.]. Осы тектес сауал Сабаздың өзін де мазалап келе жатқан-ды. Досы мұның ойының үстінен түсіп отыр. Егер өстетін болса, бұлар өздерінен бірер жасы кіші Тоғайдың обалына қалады ғой [М.Ғ.]. Сол күні аула түкпірінде ең жақсы көретін «Робинзон Крузо» кітабының мұқабасына алақан басып тұрып, кесір баламен қайта достаспауға ант еттім. Шыңғысхан сырт айнала бере жолдастықты бар болғаны екі көгершінге балап сатса, басқа не шара? [М.Қ.].
Балалар әдебиетіндегі кейіпкердің таным мәселесін концепт тұрғысынан қарастыру арқылы ұлттық болмыстың тілдегі көрінісін, тіл фактілері мен ұлттық құндылықтар жүйесін, халықтың танымдық, этика-эстетикалық категорияларын, рухани мәдениетін тану, олардың қызметі мен орнын анықтау деп түйіндеуге болады. Осы орайда когнитивтік лингвистика пәнінің зерттеу объектісінің ауқымы ұлттық мәдениеттің және рухани құндылықтардың тілдегі көрінісі көркем шығармаларда берілуі арқылы кеңейе түсетіні байқалады. Мысалы, «Достық» концептісін құрайтын Қыстақтың су жақ шетінде өзіммен бірге оқитын Сыдықжан досымның үйі бар. Мен сонда келдім. Сыдықжанмен ойнап, уақыт өткізіп қайтам [Б.С.]. «Ел құлағы елу», «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» дейді халық. Әркімнің-ақ сырын ашатын үш-төрт жақын адамы, сендерше айтқанда досы болады. Ол достарының да сыр шешетін үш-төрт досы бар емес пе? [М.Ғ.]. Арада ай өтті. Бұл күнде ол екеуміз кәдімгідей доспыз. Мектепке бірге барып, бірге қайтамыз. Өте тапқыр бала [М.Қ.] деген сөйлемдерде достық туралы тілдік ақпараттар берілгенімен, негізгі мазмұн толық көрсетілмеген. Оның себебі шығарма толықтай достық тақырыбына құрылмаған, тек кейбір фрагменттер беріліп отырған.
Мектеп жасындағы бала танымында «екі», «үш» — жаман деген мәнді, «төрт» пен «бес» — жақсы деген ұғымды жинақтайды. Біз жұмысымызда мұны «Баға» концептісі деп қарастырдық. Бұл жас ерекшелік психологиясына сай, бала санасындағы «жақсы», «жаман» ұғымын қоса білдіреді.
«Баға» концептісін ашуда Б.Соқпақбаев шығармаларынан ерекше қолтаңбаны байқауға болады. Жазушы шығармаларынан алынған: Міне осыдан кейін Майқанова маған қымс етсе, қаһарын тігіп тұратын болды. Қанша рет қыс бойы директордың алдына сүйреп алып барды. Ақыры жыл аяғында тәртібіме «төрттік» баға қойып берді [Б.С.]. Отыр, Тұрсынбаев. Осымен, міне, екінші рет «екілік» баға алып отырсың. Үйге берілген тапсырманы орындамай келгеніңмен қоймай, қулыққа басып, мұғалімді алдамақ боласың. Бұның жаман [Б.С.]. тәрізді сөйлемдердегі «төрттік», «екілік» сөздерінен адам санасында объективтенетін «жақсы», «жаман» ұғымына қоса, мерейі үстем болу немесе жігері құм болу тәрізді тұрақты тіркестердің ассоциациясын байқаймыз. Ал белгілі бір іс-әрекеттің нәтижесіне сай айтылатын «қанағаттанарлық» сөзінің «Баға» концептісіндегі квантитативті баламасы «үш» сөзі арқылы объективтеніп, орташа деген ұғымды береді. Бұл тілдік ақпаратты «Аңсау» әңгімесіндегі атасы мен баласының арасындағы мына бір диалогтан байқауымызға болады:
- Сабағым жақсы. Бүгін екі бірдей «үш» алдым. Сонда да ана Мизан мазақтай береді. Жексұрын!… Итті де сол байлап қойған шығар десем? Ол соңғы сабақта болған жоқ.
- «Үш» дейсің, ә? Сабағың мәз емес-ау, балам. Бүркітбай шал баласын дұрыстап баға алмады,- дейді ғой жұрт [М.Ғ.]
«Баға» — экономика саласының термині ретінде белгілі. «Баға» алыс-берістің нәтижесін белгілейді. Бұл атау мектеп оқушысының ой-танымында білім деңгейін жаман, орта, жақсы, өте жақсы деп бағалайтын ұғым ретінде қалыптасқан. Қаламгер «Қала және қыз бала» әңгімесінде бұл құбылыс: Әжем: «Түсіңде тауға шықсаң «бес» аласың, — деп қуантып, — суға түсіп кетсең, жаман бағадан сақтана бер, қапы қалма, сабағыңа дайындал, қарағым», — дейтін [М.Қ.] деген мысалдардан, ал «Се ля ви!» әңгімесіндегі: Шолпанның көз майын тауысып, бадалып сабақ қарап отырғанын кластастары көрген жоқ. Әйтсе де алатын бағалары – кіл «жақсы» мен «өте жақсы». Ара-тұра ойын үшін «үш» те алатын [М.Қ.] деген сөйлемдерден айқын аңғарылады.
Мектеп оқушысындағы танымдық білімдер жүйесі ең бірінші өзін қоршаған ортамен, күнделікті қарым-қатынас дәрежесімен тығыз байланысты. Мысалы, бала санасына ең жақын ұғымдарға – мектеп, оқулық, күнделік, класс, сабақ тәрізді сөздерді жатқызсақ, мектеп оқушысының күнделікті іс-әрекеті осы ұғымдармен тығыз байланысты және осы ұғымдар туралы белгілі бір деңгейдегі әлеуметтік, мәдени ақпараттардың жиынтығы «Мектеп» концептісінің ассоциативтік өрісін құрайды. Бірақ бала танымындағы концептілік құрылымның барлығы бір деңгейде болмайды. «Мектеп» концептісін алсақ, қоршаған ортаның әлеуметтік жағдайына сай түрлі сипатта объективтенетінін байқаймыз. Б.Соқпақбаев шығармаларындағы «Мектеп» концептісінің берілуін: Мектепке кірдім, Бірінші кластан бастап оқып келе жатқан осы мектеп маған туған анамдай ыстық та бауырмал. Жаңадан сырланған мұнтаздай еден, терезе жадырап күліп тұрған тәрізді [Б.С.], Балалар! Біз бұрын отряд жиынына әр салада жұмыс істейтін адамдарды шақырып, мамандық таңдау туралы екі-үш рет әңгімелесіп едік. Биылғы оқу жылының аяғында осы ауылдағы клубта жалпы мектеп бойынша мамандық таңдау кеші өткізіледі [М.Ғ.] т.б. сөйлемдерде берілген концептілік құрылымның мазмұнында ауыл мектебінің бала танымындағы сипатын аңғарсақ, «Қала және қыз бала» шығармасындағы: Қаладағы мектеп қызық екен. Мысалы, біздің кластағы балалар бірінші класта да бірге оқыпты. Ойлап көріңізші өзіңіз, сегіз жыл бойы жұптарын жазбаған. Өйткені олардың ата-аналары үш-төрт бөлмелі жайлы пәтерін тастап, басқа өлкеге, әйтпесе ауыл жаққа көшіп кетпейді [М.Қ.] тәрізді мысалдан қаладағы мектеп өмірі суреттелген. Осы мысалдардан баланың әлеуметтік ортасына байланысты ауыл мен қала мектептерінің ерекшелігін айқын аңғаруға болады
Бала санасында қалыптасқан және баланың физиологиялық, психологиялық мүмкіншілігін көрсететін дүние – ойынқұмарлығы. Бала қай жаста болмасын, қандай жағдайда болмасын ойынға деген ынтасы ерекше болады. Сондықтан халқымызда балаға арналып айтылған «ойын баласы» деген тіркес қалыптасқан. Осыған орай тілімізде «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» тұрақты тіркесінің жиі айтылатыны тағы бар. Айта берсе, балалар ойнайтын ойын түрлері де көп. Осы ойын түрлеріне қатысты тілдік бірліктер қоры балалар әдебиетіндегі «Ойын баласы» микроконцептісінің тірек таңбалар қатарын толықтырады. Бұл концептілік құрылым Б.Соқпақбаев, М.Гумеров, М.Қабанбаев шығармаларында бала танымын сипаттауда ерекше рөл атқарады. Мысалы, «Жетпісбай атайдың әңгімелері» атты әңгімесінде: Бір жерде жігіттер «городки» ойнап жатыр екен. Ол – ұзындығы бір сүйемдей кеспелтек ағаштарды неше түрлі етіп тігіп, соларды көздей таяқ лақтырып, арнаулы сызықтан соғып шығаратын ойын [М.Ғ.]; Күні бойы футбол ойнап, әбден қалжырадым. Ойын үстінде шаршағаның онша аңғарылмайды. Енді міне, дел-сал болып, өзімді өзім әрең сүйреп келе жатырмын [Б.С.]; Құйылған мол сәуле қыз көзіне дереу ақ шүберек тарта салып еді, бірер секундқа түк көрмей, ауа қармалып қалды. Ұйқысы шайдай ашылып, балбырап жатқан қыз бала алма кезек қуаласқан бұл соқыртеке ойынға ынта-шынтымен араласып кетті [М.Қ.] деген мысалдарындағы футбол, соқыртеке, городки тәрізді ойын түрлеріне қатысты бала қабылдауындағы ақпараттарды индивидтің өзі өмір сүретін ортасына әрі тәуелділігін білдіріп, әрі оның интеллектуальды, рухани дүниесін сипаттайды. Балалар тақырыбына жазылған шығармаларда авторлар өз кейіпкерінің дүниетанымы мен болмысын, қоршаған ортамен қарым-қатынасын, жеке қасиеттерін шынайы түрде бейнелеуге ерекше мән берген.
2.2. Балалар әдебиетіндегі кейіпкер санасындағы символдардың қалыптасуы.
Кез келген халықтың мәдениеті сол ұлттың дүниетанымы мен талғамына тікелей байланысты болып келеді. Халық эстетикалық талғамның нәтижесінде қоршаған ортадан мол ақпарат жинақтайды. Мұның барлығы ұлттық танымның жүйесін құрайтыны анық. Соның бірі жас ерекшеліктің деңгейіне байланысты қоршаған ортаны, дүниені эстетикалық танудың мектеп оқушылары санасында объективтенуі болып табылады. Бұлай бөліп қарастыратын себебіміз, ересек адамдарға қарағанда дүниені танудың санадағы мотивтері бала санасында бастапқы деңгейде, қарапайым үлгіде қалыптасатындығында. Бала сонымен қатар, үлкендерден естіген ғажайып дүниелерді, оқыған кітаптардан алған көркем қиялын өзін қоршаған ортада іске асыру үшін еліктеу әрекетіне де жиі барады. Бұл құбылысты М.Гумеров те, М.Қабанбаев та, Б.Соқпақбаев та өз шығармаларында шеберлікпен көрсете білген.
Жазушы Б.Соқпақбаев шығармаларында баланың дүниетанымына тән символдық мәндегі тіркестер жиі кездеседі. Символ – адам санасында аса дәріптеу, құрметтеу, бас ию, қадірлеу сынды санада ерекше қасиетімен танылған объектілерден туындайды. Мысалы, «Менің атым Қожа» әңгімесіндегі Қожаның хатындағы: «Ж…. Қозы мен Баян секілді болайық» [Б.С.] деген сөйлемнің символдық мәннің «махаббат» деген ұғыммен байланыстыруға болады. Себебі бұл тілдік таңбаның символдық мәні бірқатар зерттеушілердің еңбектерінде айтылып та жүр.
Қазіргі таңда, қоғамның жаңа буын өкілдерінің танымында «ғашық болу», «ұнату», «махаббат» ұғымдарын тілдік емес таңбалар арқылы берудің жаңа тәсілдері жиі кездеседі. Оны бүгінгі қоғамдастық мүшелері бұл ұғымдардың символдық мәнін математикалық «+» таңбасымен немесе эстетикалық танымға сай жүректің бейнесі, қос аққуды бейнелеу арқылы бейвербалды түрде объективтендіреді. Тілдік ұжымның санасында қалыптасқан мұндай таңбалық белгілердің бала танымындағы көрінісі М.Қабанбаевтың шығармаларында айқын берілген. Мысалы: — Сенен жасыратын не бар. Саймасайдан кек алу керек болып тұр. Кезекшісің ғой, көмектесіп жібер. Тақтаға бормен «Арын+Нағима» деп жаз. Қорықпа, тасқа басқандай ғып жазсаң, сенің қолың екенін ешкім ажырата алмайды [М.Қ.]. — Мәселен, мынаны алсақ… – Бұтақ ұшы «Жанар + Алик = любовь»-тің «любовін» тырнап тұр. Мұны еріккен біреу жазды деп ойламаңыз [М.Қ.] деген мысалдардағы «+» таңбасы Арын мен Нағима, Зипа пен Төкеш, Жанар мен Аликтің арасындағы «ұнату», «жақсы көру» ұғымдарын белгілеп тұр. Тілдік символ қасиеті дүние бейнесін, аялық білім шеңберінде қарастырылатын тілдік таңба мотивациясынан тұрады. Символ өз ішінде атау беру немесе тұрақты мағыналық шарттылық мәнін сақтайды. Сондай ақ баланың тілдік тұлғасының қалыптасуына оң ықпал ететін негізгі сыртқы фактордың бірі ұлттық және әмбебап прецеденттік есімдер жүйесі. Мысалы, «Менің атым Қожа» шығармасындағы: Ахметовтың өзі де осыдан он шақты күн бұрын ғана аудандық оқу бөлімінен келген инспекторға мені: «Мынау біздің мектептің ақыны, болашақ Сәбит Мұқановымыз», — деп, дәріптемеді ме? [Б.С.] деген сөйлемде Сәбит Мұқанов Қожаның дүниетанымындағы қол жетпес биіктік, ұлы суреткер, асқан данышпан, шебер тұлға.
Этностың мәдениеті мен ұлттық колоритті тану әрбір адамның санасындағы эстетикалық талғамның деңгейін нақтылайды. Бірақ бала санасында дүниені эстетикалық тұрғыдан тану барлығында бірдей бола бермейді. Мысалы, қала мен ауылдың баласы, жоғарғы және төменгі сынып оқушылары арасындағы дүниені эстетикалық, этикалық танудың деңгейі біркелкі болмайды. Бірақ, этностың болмысына, табиғатына тән ақпараттарды игеруде ортақ белгілер бар. Мысалы, «Жекпе-жек» әңгімесіндегі: Қажымұқан деген кісі дүние жүзіндегі атақты балуандардың біреуі. Французша күрестің дүниежүзілік чемпионы болған адам. Талай ірі мемлекетті аралап, даңқы шыққан [Б.С.] деп берілген Қажымұқанның бейнесі балалардың танымында «Күштіліктің» символы ретінде қабылданады. Себебі, ұлт танымында Қажымұқанның бейнесінде халықтың рухы мен мәдениетінің, қайсарлығының образы сақталған. Ал, М.Қабанбай шығармаларындағы бала танымындағы «Күштілік» символының тілдік бірліктер арқылы объективтенуі «Се ля ви» әңгімесінде былайша суреттеледі: Біраз теперіштің шет жағасын көріп қалған жетім көңіл өзін кей-кейде семсер, сауытты серілерге де санап көретін. «Өстіп жетіле келе Дон Кихот, Айвенго, Қобыланды, Ер Тарғын секілді ағалардай болсам, ауылдағы ноқай балалардың тәртібін қолға алсам, бағынбай бара жатса, маядай бақыртып, тақымға басып, жандарын көзіне көрсетсем» деген астам ойларға дейін баратын [М.Қ.]. Қаламгер шығармадағы кішкентай Мәмбеттің Дон Кихот, Айвенго, Қобыланды, Ер Тарғын тәрізді ұлт қаһарманы болсам деген қиялын баланың қоршаған ортасымен тығыз байланыстыра суреттеген.
Бала танымындағы символдардың қалыптасуы оның қоршаған орта туралы түйсігі мен қабылдауына сай эстетикалық таным нәтижесінде пайда болады. Бала санасында символдың алғышарттары ұқсату мен бағалау, еліктеу құбылыстары арқылы құралады. Мектеп оқушыларының танымында санада қалыптасқан ұғымдарға баға беруді ең алдымен күнделікті іс-әрекет пен қажеттіліктің деңгейінде анықтайды. Мысалы, «Әйнектің арғы беті» әңгімесіндегі:
- Айта беріңіз…
- Азагүл… осы жерде дайындала ма?
- Сенбей тұрсыз ба? – Күлім көз келіншек қаламын азагүлдер армиясына қарай сілтеп, кеңінен жайқады. — Өте беріңіз. Әуелі азагүл таңдап алыңыз. Айтпақшы, сәл бөгеліңіз. Міне, қалам, міне, қағаз! Қайтыс болған адамға деген арнауыңызды жазып жіберіңіз. Сіз сайлап, біз квитанция жазып жатқанда, қалыпшылар матаға түсіре берсін [М.Қ.] деген мысалда автор «қайғы» семантикасын беретін «азагүл» атауын қолданады. Бұл қазіргі тілімізде көп қолданылып жүрген «венок» сөзінің қазақ тіліндегі баламасы. «Азагүл» атауы көркем шығармадағы авторлық қолданыста «қайғы» семантикасын беруде сәтті қолданылған.
2.3. Балалар әдебиетіндегі кейіпкер тілінің психолингвистикалық сипаты
Бала психологиясын зерттеушілердің тұжырымынша әрбір баланың тілдік қорының дамуы, сөздік қорының жан-жақты жетілуі, оны қоршаған ортамен тығыз байланысты. Әсіресе мектеп оқушыларының ойлау мен таным дүниесі өзара тығыз қарым-қатынастағы ортамен нақты байланыста болады. Баланың дүниетанымы ес біле бастағаннан-ақ екі түрлі негізге сүйенеді. Оның алғашқысы — машықтық дағды, яғни көрген-білгенін тез қағып алып үйрене қайталау. Балалардың кез келген нәрсеге ерекше әуес болатындығы, әр нәрсені білуге, көруге, ұстауға, естуге, тіпті, дәмін татуға әуес болатындығы да сондықтан. Екіншіден, бала жан дүниесі эмоцияға бай, әсершіл болып келеді. Бұл, әсіресе, жеткіншек жаста ерекше байқалады. Олар ересек адамның ойына келмейтін қисындар тауып, сол ойларын жүзеге асыруға талпынады. Бұл құбылыс біздің зерттеу нысанымыз болып отырған Б.Соқпақбаевтың да, М.Гумеровтың да, М.Қабанбаевтыңың да балалар тақырыбына жазылған шығармаларындағы кейіпкерлердің психологиясы мен мінез-құлқынан, дүниетанымы мен болмысынан айқын аңғарылады. Бұл қаламгерлердің қай-қайсысында да бала психологиясына тән ерекшеліктердің дәл берілуі шығарма тілінің шынайылығын танытады. Мысалы, «Менің атым Қожа» әңгімесіндегі бала танымындағы еліктеу мен ұшқыр қиялды шебер суреттеген: Жалпы үлкен ақындар өлеңді тек шабыты келгенде ғана жазатын көрінеді ғой. Ал менің шабытым қашанда қаламымның ұшында жүретін секілді. Тек уақыт тауып отырсам болды, көсілтіп жазып тастаймын. Ол ол ма, кейде тіпті жаңа бастаған дәптерді тез толтыруға асық болып, бүгін пәлен шумақ өлең жазамын деп жоспарлап алып та жазамын. Адам деген өседі ғой. Мен көпе-көрнеу шарықтап өсе бастадым. Өлеңдерім класс, мектеп қабырға газеттерінде тоқтаусыз жарияланатын болды [Б.С.] деген мысалдардан шығарма кейіпкері Қожаның өнерге, ақындыққа еліктеуін бала танымымен тығыз байланысты екенін байқаймыз. Оқушы сөйлеу әрекеті кезінде логикалық-ғылыми ұғымдар жүйесіне сүйенеді. Белгілі бір ұғымның мазмұнын құрайтын негізгі белгілерінің қайсыбірінің санада вербализациялануы бала тіліндегі лексикалық қорды дамытады. Мұндай психологиялық үрдіс «Менің атым Қожа» повесінде жиі көрініс береді. Мысалы, Мамамның Қаратайға шынымен күйеуге шыққысы келе ме? Мүмкін емес. …….. Біз, әжем үшеуміз, құдайға тәуба, онсыз да жаман тұрмаймыз ғой. Қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк. Мен әлі оқу бітіріп, ер жетемін, университетке түсем. Жазушы болам… [6.342] деген мәтінде Қожаның сыртқы ситуацияны психологиялық тұрғыда қабылдай отырып контексте сөйлеу дағдысын қалыптастыруы осының дәлелі. Себебі оқушының тілдік тұлға ретінде қалыптасуы ойлау мен таным, білімнің жинақталуы және олардың вербализациялануымен тығыз байланысты.
Қазіргі таңда психолингвистикада ғалымдар сөздің коммуникантқа әсерін, ақпараттардың қабылдануы мен жадта сақталуын жан-жақты зерттей отырып, тіл ғылымында синэргетика терминін қолданып жүр. Синэргетика – бұл сөздің қуатын, адам мен тілдің арасындағы байланысты қарастыратын сала деп түсінеміз. Синэргетика – құрылым элементтері мен қоршаған орта энергиясының арасындағы байланысты зерттейтін ғылыми бағыт. Синэргетика лингвомәдениеттанымдық зерттеудің әдістемелік құрылысы және тұспалдай айту белгілерінің бейнелілігін туындатудың көзі болып табылады. Синэргетика тұспалдай айту белгілерінің поэтикалық энергиясын лингвомәдениеттанымдық зерттеу әдістемесі (ментальдік сұлба және эвристикалық көзқарас) философиялық аспектісінің аса маңызды элементі болып табылады. Осыған байланысты бейнелі сөз синэргетикасын тану оның қалыптасуы мен сөйлемде қолданылу факторларын кең ауқымда қарастыруды топшылайды. Көркем шығармада кездесетін синэргетикалық тілдік бірліктерді үш топқа бөліп қарастыруға болады: 1. Жағымды энергиялық қуатты сөздер; 2. Жағымсыз энергиялық қуатты сөздер; 3. Тілек ұғымды беруші қуатты сөздер.
Жағымды энергиялық қуаты бар тілдік бірліктер көркем шығармада, әсіресе, балалар әдебиетінде жиі қолданысқа ие болады. Мұндай тілдік бірліктердің бағалауыштық сипаты басым болып келеді. Мысалы, «Оқтаулы мылтық» әңгімесінде берілген: -Е, айналайын-ай, сәби кезіңді сағынған екенсің. Ал, ала ғой. Айнымай маған тартқансың. Мен де атаң отауының табалдырығын аттағанша еркекшора атанған едім. – Жадырап сала беремін. Әжем аузынан: «айнымай маған тартқансың», — деген сөз шықса, бітті, қалағаныңды алады [М.Ғ.] тәрізді мысалдағы «Е, айналайын-ай», «айнымай маған тартқансың» тіркестерінің семантикасы бала санасында «еркелету», «өзімсіну», «жақсы көру» ұғымдарын бейнелейді. Мұндай сөздердің қуаты бала санасына жылдам әсер етеді.
Ал тілек ұғымды беруші қуатты сөздер көбіне жасы үлкен ересектер тарапынан бала санасына дайын код түрінде берілетін мәдени ақпараттар. Мұндай тілдік бірліктерде «жағымсыз тірліктерден аулақ болу», «үлкенді құрметтеу», «адамдық қасиетті жоғалтпау» тәрізді ұғымдардың тілдік семантикасы объективтенеді. Мысалы: -Аймаған, Қанат, бері қараңдар, — деді әжей. – Қыз бала — өмірдің гүлі. Өздерің қараңдаршы, Дәрігүл шынында да гүл сияқты ғой. Сен екеуің де Дәрігүлді құрметтеп, қорғап жүріңдер. Оған сыпайы сөйлеңдер. Сонда ол да сендерді жақсы көретін болады.Әжей осы тәріздес сөздерді күнде дерлік қайталап, күтіміндегі екі ұлдың құлағына құя береді. [М.Ғ.] қарағым, ылғи тату болыңдар, сыпайы сөйлеңдер тәрізді тілдік бірліктерден осы құбылысты айқын аңғарамыз.
Кез келген адамның өзін-өзі ұстауы, сөйлеуі әр ортада әртүрлі болады. Мысалы, адам өзімен-өзі қалғанда өзін ұстауы бір бөлек те, ал белгілі ортада өзін ұстауы мүлдем басқаша болуы мүмкін. Осы тұрғыда оның тәртібі, жүріс-тұрысы, сөйлеуі, қимыл-қозғалысы ортаға байланысты болады. Танымайтын, бөгде адамдармен қарым-қатынас жасауда өзін ұстауы бір басқа да, ал өзінің құрбы-құрдастарының арасында өзін-өзі ұстауы бір басқа. Көбіне тілдік қателер осы екінші жағдайда көбірек байқалады десек, қателеспеген болар едік, өйткені адам санасына ерік беріліп, кейде сөйлеу әрекетінің барлық сатылары жүзеге асырылмайды. Ал бірінші жағдайда адам өзінің айтайын деген ойын сұрыптап, ережелерге сай, дәл, әсерлі етіп жеткізуге тырысады. Мұны жеке тұлғаны, ұжымды бағалау кезінде анық байқауға болады. Мысалы, Құм үсті ойран-топыр. Ешкімді ешкім біліп болмайды, топалаң тигендей жығылып та жатыр, алып соғып: «Күш менікі, б… сенікі», — деп, жығылғандардың басынан аттап та кетіп жатыр [М.Қ.]. Сөйткенше болған жоқ, тырмысқанына болмай үйіріп әкеліп, Садық Мұратты жерге топ еткізді. Онымен де қоймады, намысына тиетіндей тағы бір жаман ырым сөзді айтып, «….күшің маған» деп, Мұраттың басынан аттап кетті [Б.С.] деген сөйлемдердегі күш менікі, б… сенікі, күшің маған тіркестері М.Қабанбаев пен Б.Соқпақбаев кейіпкерлерінің тілдік қолданысында ғана кездеседі. Бұл баланың дүниетанымы мен тілдік ерешелігінің бір көрінісі. Көркем әдебиеттегі кейіпкер бар болмысымен, ішкі және сыртқы табиғатымен толық танылуы үшін мұндай тілдік құралдар бала дүниетанымы мен болмысына сай қолдана білу автордың тіл шеберлігі мен бала психологиясын өте жетік меңгергендігін байқатады.
Қорытынды.
1. Зерттеу барысының нәтижесінде көркем әдебиеттердегі жалқы есімдерді, лақап есімдерді, прецеденттік есімдерді этномәдени және әлеуметтік, психологиялық факторлармен байланысты қарастырып, бала санасының танымдық деңгейі мен аялық білімдер жүйесін айқындайтын тілдік қолданыстар ретінде анықталды.
2. Б.Соқпақбаев, М.Қабанбаев, М.Гумеров шығармаларының тілін когнитивтік тұрғыдан қарастыру нәтижесінде мынадай тұжырым ұсынылды: концепт дүние құндылықтарын танытады; санадағы ұғымды бейнелейді, тіл арқылы объективтенеді, санада концептілік құрылымдар көмегімен репрезентацияланады, тұлғаның білім деңгейін танытады; ұлттың мәдени болмысы мен менталитетін көрсетеді деген қалыптасқан когнитивтік тұжырымдарға сәйкес зерттелеген тілдік деректер – концептілер санада танылу деңгейіне қарай метафизикалық, эмоционалды, ұлттық-мәдени концептілер деп бөлінді. Көркем мәтіндегі концепт белгілі бір концептілік жүйеде қалыптасатыны көрінді.
3. Зерттеу барысында қол жеткен нәтиженің бірі – бала санасындағы символдық ұғымдардың қалыптасуына талдау жасау. Көркем шығармадағы кейіпкерлер жас ерекшелік деңгейіне сай ақиқат өмірді эстетикалық таным межесінде қабылдап, санада символдық құрылымның өзіндік жүйесін жасай алатындығы нақты айқындалды.
4. Балалар әдебиетіндегі кейіпкер тілінің психолингвистикалық сипатына талдау жасалып, баланың әлеуметтік ортамен қарым-қатынасы, сөйлеу мәдениеті мен тілдік құралдарды қолдану ерекшелігі жан-жақты талданды.
5. Алғаш рет зерттеу нысанын айқындайтын синэргетика термині қолданылып, индивид пен тілдік ұжымның коммуникативтік қарым-қатынасы кезіндегі сөз энергиясының жұмсалымдық негізі айқындалды. Нақты айтқанда, балалар әдебиетіндегі концептілердің танылуы мен тілдік көрінісін зерттеу барысында жазушылардың когнитивтік әдістерді қатар қолдана отырып, өзінің білімін, мәдени, ұлттық, рухани, саяси танымын бейнелі түрде жеткізе білу шеберлігін танытуға көмектесетіні байқалды.
Қорыта айтқанда, балалар әдебиетінде концептілік құрылымдардың көрінісі арқылы Б.Соқпақбаев, М.Қабанбаев, М.Гумеровтың қазақ баласының тілдік тұлғасының қалыптасу процесін, концепт құрылымын жаңғырту әдіс-тәсілдерін, когнитивтік модель құру жолдарын, дүние бейнесін тудыру шеберлігін, тұлғалық стилін, аялық білімін тануға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Қарсыбекова Ш. Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді топтастырудың этнолингвистикалық принциптері: филол.ғыл.канд. … автореф.: 10.02.02. – Алматы, 2004. – 20 б.
2. Сыздық Р. Сөз құдіреті. –Алматы: Санат, 2002. - 360 б.
3. Жанұзақов Т. Ономастика және қоғам // Сөзтаным. – Алматы, 2003. — №3. - 45 б.
4. Караулов Ю.Н. Русский язык и языковая личность. — М.: Наука, 1987. - 261 с.
5. Саткенова Ж.Б. Кейіпкер тілінің когнитивтік аспектісі (Б.Соқпақбаев шығармалары бойынша: филол.ғыл.канд. … автореф.: 10.02.02. – Алматы, 2006. – 19 б.
Диссертацияның негізгі мәселелері төмендегі басылымдарда жарияланды:
1. Тілеубердиев Б. Қазақ ономастикасының лингвокогнитивтік аспектілері.- Алматы: Арыс, 2006, 21б.
2. Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесіндегі жалқы есімдердің психолингвистикалық мәні // Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ Хабаршысы. – Алматы, 2005, № 4 (13) 2005, 401 б.
3.Б.Соқпақбаев шығармаларындағы көріктеуіш тәсілдер // Қазақ және орыс тілдері шет тілдік кеңестікте: оқытудың қазіргі технологиялары: Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. - Алматы, 2005.
4. “Балалар әдебиетінің тілдік тұлғасы” (Б.Соқпақбаев шығармалары негізінде) // Мемлекеттік тілде маман даярлау “Жаңа мақсат, жаңа жүйе” атты Қазақ Ұлттық аграрлық университет өткізген Республикалық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары. — Алматы, 2006, 58-61 бб.
5. 70-жылдардағы балалар әдебиеті (Т.Нұрмағанбетов шығармалары бойынша) // А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты. Тілтаным. -Алматы, 2007, №3, 41-45 бб.
6. Балалар әдебиеті тілінің зерттелу тарихы// Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының Хабарлары. — Алматы, 2007, №2, 32-36 бб.
7. Балалар әдебиетінің лингвоконцептуалдық сипаты // Қазақ тілінің лексикология, лексикография, фольклортану мен көркем аударма мәселелері: қалыптасуы, дамуы: проф. Т.Жанұзақтың 80-жлдығына орай өткізілген Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. — Алматы, 2007, 146-151 бб.
8. Балалар әдебиеті тіліндегі ортақ концептуалдық құрылым // Қазақ тіл білімі мен түркітану мәселелері: І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаевтың 100 жылдығына орай өткізілген Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. — Алматы, 2007, 348-351 бб.