Скачать/Жүктеу
Елдiң басына күн туып, ер етегiмен су кешкен сұрапыл соғыс жылдарында бiздiң Жамбыл облысынан 120 мыңнан астам азамат майдан даласына аттанды. Оның iшiнде 2000-нан астам адам Жамбыл ауданынан едi. Оның 495-i елге жеңiспен оралса, қалғандары жат жерде ерлiкпен қаза тапты.
Ерназар ауылынан да соғысқа аттанған азаматтар көп болды. Бүгiнде олардың тiзiмi ауыл орталығында бой көтерген «Белгiсiз солдат» ескерткiшiнiң тақтасына жазылған. Жыл санап ауылда ардагерлерiмiздiң саны азайып барады. Бүгiнде ауылда үш ардагер ғана қалған. Сол ардагерлердiң бiрi, мен сөз етпек кейiпкер – Қалдыбай ата Дiнбаев.
Ол кiсiмен сұхбаттаса барып, әңгiмесiн ұйып тыңдағаным соншалық, атамен бiрге соғыс даласында бiрге арпалысып кеткендей күйге ендiм.
…Бiрде жолы түсiп, Қалдыбай атамыз бұрынғы Жамбыл, қазiргi Тараз қаласына барады. Қаладағы Атшабар базарында шай iшiп отырғанда, радиодан Левитанның үнi кенет саңқылдап, бiр жайсыздық болатындығын хабарлайтындай басталады. Расында солай болған екен. «Тыныш жатқан өлкенi немiс фашистерi басып алуда» делiнген суық хабар қаланы да, даланы да бiр шайқап өттi. Ертеңiне Қалдыбай атамыздың ағасы Талдыбай Дiнбаев әскерге шақырылды. Қимай-қимай ағасын шығарып салды, асыға күттi. Бiрақ келмедi… Ағасы сол күйлi хабарсыз кеттi.
1942 жылдың қарашасында Қалдыбай өз қатарластарымен 1272 атқыштар дивизиясының құрамына қосылды. Қиыр Шығыста әскери жаттығудан өтiп, Мәскеуге жол тартты. Ал 1943 жылдың көктемiнде Выборг қаласының түбiнде бiрiншi рет майданға кiрдi. Дивизияның мақтаулы пулеметшiлерiнiң бiрi болды.
Псков-Нарва түбiндегi ұрыста көрсеткен ерлiгi үшiн Қ.Дiнбаевқа «Ерлiгi үшiн» медалi берiлiптi. Выборг полкi Эстония, Латвия, Литва жерлерiн және Польшаның Познань қаласын жау қолынан босатты.
Германия шекарасына таяу жерде болған ұрыс тулары айтарда кейiпкерiмiз көзiне ерiксiз жас алды. «Жау әскерi мұнда қатты қарсыласты. Сансыз жарылыстан майдандастарымнан айырылып жаттым. Еске алсам, әлi күнге дейiн көңiлiмдi сол бiр үрей құрсауына алады. Майдандастарымның бiрi жарылыстан парша-паршасы шығып, денесi бөлшектелiп кетсе, бiрiнiң басы бiр бөлек, денесi бiр бөлек болып кеткен…» дейдi Қ.Дiнбаев.
1945 жылдың 26 сәуiрi күнi Одерден өтiп, 27 сәуiрде Пренцлау, Ангерюнд қалаларын алғаны үшiн қатардағы жауынгер Қалдыбай Дiнбаевқа И.В.Сталинның бұйрығымен алғыс жарияланды.
Гамбург қаласын алу үшiн болған соғыста Қалдыбай үлкен ерлiк көрсеттi. Бiрақ соғыстан келе жатып, ауыр жараланады. Госпитальға жеткiзiлiп, сол жерде ес-түссiз жатады. Сол тұста 6 жылға созылған соғыстың аяқталғандығы туралы жағымды хабар жеттi.
Бүгiнде қарт майдангердiң қимылы ширақ. Көзi көрмей қалса да, мерзiмдi басылымдарда жарық көрген мақалаларды немерелерi Таңшолпан мен Шахадияр екеуiне оқытып, тыңдаса, бiр жағынан «Қазақ» радиосы мен «Шалқар» арнасынан берiлетiн тартымды бағдарламаларды, әсем әндер мен күйлердi, термелердi қалт жiбермей тыңдайды. Тiптi, керек жерлерiн немерелерiне айтып берiп, қағаз бетiне түсiредi.
Досжан БОЛАТБЕКұЛЫ,
10-сынып оқушысы.
Ерназар ауылы,
Жамбыл ауданы,
Жамбыл облысы