Скачать/Жүктеу
Қапыда тұтқиылдан Отанға жау шапты. Өткен ғасырдың 1941-ші жылы маусымның 22-сінде фашистер түн жамылып келді. Бұл елім деген ерлердің сыналатын кезі еді.
Соғыс – қайда болса да сұрапыл қайғы, қасірет, қан, көздің жасы, маңдайдың тері, өлім, қыршынынан қиылған боздақтар, әкесінен айрылған бала, бауырынан айырылған қарындас.
Гитлершілердің дүние жүзіне үстемдік орнату жолындағы жасаған соғысы жеңіліспен аяқталды. Өз Отанын қорғауға ұмтылған, елін шын сүйетін ұл-қыздар бұл зұлым ойдың тас-талқанын шығарды. Осы соғыс жылдары әрбір бесінші қазақстандық соғысқа аттанды. Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысының шешуші шайқастарында ерлікпен соғысты. Батыр жерлестеріміз қасық қаны қалғанша дұшпанмен алысты. Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысының тарихына талай қаһармандық беттер қосты. Батыр ағаларымыз бен аталарымыз ержүректік, ерлік және жоғары жауынгерлік шеберлік көрсетті. Фашизмге қарсы соғыс жеңіспен аяқталды. Қазақстаннан 100-ге жуық жазушы мен ақын соғыс майдандарында шайқасты.
Өзіміз 6-сыныпта өткен ақын Әбу Сәрсенбаевтың «Сен құрметте оны, қарағым!» өлеңін оқығанда жүрегің қарс айрылады.
Біз ақынның «Сен құрметті оны, қарағым!» өлеңін жаттадық. Өлеңде ел басына қатер төнгенде жауға қарсы шапқан ерлердің батырлығы жөнінде айтылады. Ержүрек аталарымыз бізді жалмамақ болған ажалды өр кеуделерімен қағып, ел намысын қорғап қалды. Біздің келешегіміз үшін, азаттығымыз үшін қасық қаны қалғанша шайқасқан ата-бабаларымыздың ерлігін ешқашанда ұмытуға тиісті емеспіз. Оны келер ұрпаққа үлгі-өнеге етуіміз керек.
– «Қайран сол сәби кезім, бала кезім,
Тек жеті жыл, жеті-ақ жыл еркеледім.
Сен неге, қатал тағдыр, жұлып алдың,
Күлкімді көкірегімнен ерте менің!» деп ақынның өзі айтқандай, жеті-ақ жасында «сүйенер бәйтерегі бір күнде құлаған» бала Әбу сияқты боздақтар қаншама болды десеңізші…
Ұзын бойлы, қара сұр Момыштың ұлы Бауыржан сол кезде отыздың үстіндегі жас жігіт еді.
«Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам – опасыз, оңбаған адам» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Отан үшін өз басын өлімге байлап, ажалмен алысып, өз ұрпақтарының, өз халқыының намысын қорғағаны өз халқын шын сүйетіндігінен болса керек.
Сондай қиыншылық жағдайда дұшпанның қаптаған қарақұрым күшіне төтеп беріп, олармен табан тіресе шайқасқан аталарымыздың ерлігі біздің көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады.
Соғысқа аттанған әкесін, ағасын, бауырын, сүйген жарын, бауыр еті баласын күткен тылдағы жас балалар мен әйелдер күн-түн демей еңбек етті. Еңбек ете жүріп, қимастарын зарыға күтті. Қан майданнан келер бір жапырақ хатты күтті. Хат келсе, хабар келсе, бәрі жиналып қуана-қуана оқитын еді. «Қара қағаздар» қаншама отбасының күлін көкке ұшырды. Сонда да «келер, келеді» деп үміттенген жүректер армандаумен, зарығумен үміттерін үзбеді…
… Міне, бізге Жеңіс осындай жолмен келді. Сол үшін біз ата-бабаларымыздың ерлігін мақтан етуіміз керек. Жеңіске өз үлесін қосқан батырларымызды әрқашан жадымызда ұстауға тиіспіз. Олардың рухына мың тағзым!!!
Ұлы Отан соғысындағы қаһармандық Жеңіске биыл 65 жыл толды. Бұл жеңіс бізге жиырма миллион адамның қанымен, тірілердің табан ет, маңдай терімен келген. Осы Ұлы Жеңіске қаруымен де, қаламымен де үлес қосқан жауынгер жазушыларымыздың бірі де, бірегейі Бауыржан Момышұлының қаһармандық рухы ұрпақтан-ұрпаққа өнеге.
– «Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Ұмытса да достарым,
Ұмытар ма мені елім», – деп жырлаған халық ақыны Қ.Аманжолов сияқты сұрапыл соғыс жылдарында ерлік көрсеткен ерлерін халық ешқашан да ұмытпайды.
Біз – бақытты ұрпақпыз. Ержүрек аталарымыздың арқасында, міне, бүгін тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз.
Мәдиев Дастан
№43 жалпы білім беретін мектептің
6 «Б» сынып оқушысы