Скачать/Жүктеу
Ата-бабамызда «қасиетті қара шаңырақ» деген сөздің бар екенін білетін боларсыздар? Мұндағы «шаңырақтың» киіз үйдің төбесіндегі ең қасиетті, киелі бөлігі екені де сіздерге белгілі. Шаңырақ «үй, отбасы» деген мағынаны да білдіреді. Жаңадан отбасын құрып, өмірге қол ұстасып бірге аттанған жастарға «Шаңырағың биік болсын!» деп бата береді. Бұл – құрған отбасыңның тұғыры берік, мәртебесі жоғары болсын деген сөз.
Киіз үй мен көк әлемнің арасын қосып тұратын осынау қасиетті ұғым туралы нақтырақ біліп алғандарыңыз жөн болар. Қазақтың салт-дәстүрін терең зерттеген жазушы-қаламгер С.Кенжеахметұлы шаңырақ жайлы да біршама терең тоқталған. Шаңырақ тоғын, күлдіреуіш және кепілдік деген бөліктерден тұрады. Тоғын дегеніміз – кәдімгі шаңыраққа дөңгелек түр беретін шеңбер. Тоғынның сүйегі қайыңнан жасалады. Оны оюлап өрнектейді және айналдыра жиілетіп уық кіргізетін ойықтар жасайды, уық қалам тәрізді үшкірленетін болғандықтан, оны «қаламдық» дейді. Ал, күлдіреуіш шаңырақтың күмбезін жасайды, кепілдік күлдіреуіш орнынан қозғалып кетпес үшін қойылады.
Үйдің сүйегі (қаңқасы) дайын болған соң, оны (шаңырақты да) қызыл жосамен немесе қызыл, көк бояулармен бояйды да, оны өсімдік майымен майлайды. Бұл ағашқа су сіңбес үшін жасалады. Бай адамдардың шаңырағы, тіпті, күміспен, сүйекпен, мүйізбен әшекейленеді.
Шаңыраққа да киізден түндік жасалады. Ол да қойдың ақ күзем (күзде қырқылған) жүнінен басылады. Шаңыраққа желбау деп аталатын ою-өрнекті 4 шашақты бау жасалады. Ол шаңырақты бастыру үшін және көшкенде байлау үшін қажет. Қалыпты жағдайда желбау үйге әсемдік түр беріп тұрады. Түңдікті де, үйдің басқа киіздері сияқты, дайын болған соң, ақ бормен немесе күйген сүйекпен борлайды, бұл оған әдемі ақ түс береді, әрі киіздің берік болуына, суға, ыстық-суыққа шыдамды болуына ықпал етеді.
Қазақта «шаңырақ» сөзінің «отбасы» деген мағынаны білдіретіні жайлы жоғарыда айтқанбыз. Адамзат өмірінің бастауы – осы отбасыға тоқтала кетейік. Отбасы – адам өмірінің негізгі кезеңдерін бастан кешіретін ең кіші әлеуметтік топ. Ондағы адамдардың әрқайысы әр отбасы мүшесінің дамуына ықпал етеді.
Қара шаңырақ, отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам шыр етіп дүниеге келісімен осы отбасының есігін айқара ашып енеді және осында ер жетіп, тәрбие алады. Сондықтан отбасының адамзат баласының дамуына ықпалы зор. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындап тұр емес пе? Қазақ шаңырағында әуелі әке, сосын ана осы отбасының ұстазы болмақ. Ата-анасы отбасында имандылыққа тәрбиелесе, ол бала тіл алғыш, адал, үлкен-кішіге қамқор болып өседі. Адамгершілік қасиет отбасы мүшелерінің бірін-бірі сыйлауынан, қадірлеуінен, әсіресе, баланың қартайған әке-шешелеріне қамқор болуынан көрінеді.
Қазақ отбасында ағайын-туыстың татулығы келінге де байланысты. Өз отбасында жақсы, көреген тәрбие алған қыз бала келін боп түскен жерінде келген отбасының шаңырағын шайқалтпай, қайта олардың татулығын сақтап қалады. Ақ жарқын мінезді, қонақжай, қолы ашық жас келін отбасы мүшелерін ә дегеннен-ақ өзіне баурап алады. Осылайша жақсы келіннің аяғы құт болып, отбасы берекесі одан әрі жалғаса береді. Қазақтың «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деп отыратыны да осыдан.
Қазақ халқында осы шаңырақ ұғымына байланысты небір асыл сөздер бар. «Шаңырақ көтерді» – үйлі-жайлы болды, «шаңырағыңа қара» – абайлап сөйле, «шаңырағы ортасына түсті» – отбасының берекесі кетті деген мағыналарды білдірсе, «Шаңырағың биік, босағаң берік болсын!» деген бата – үйді көтергенде, жас жұбайлар үйленген кезде немесе отау тігіп, бөлініп шыққанда, айтылатын ақ тілектер.
А.Мұсабекова