Скачать/Жүктеу
Діни салт-дәстүрлердің ең бастыларының бірі емес, бірегейі: ізгі сенім, мықты сабыр, ақ ниет, тәубеге келу, уәдеде тұру.
1. Сенім
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар: «Кез-келген адам өмірге мұсылман болып (яғни, Алланы жалғыз Тәңір деп танып) туылады, бірақ оны ата-аналары (туылған ортасына қарай) иудей, христиан, иә болмаса отқа табынушы етеді. Сен бір жануардың туылғанда мұрнының кесіліп туылғанын көресің бе? Міне, бұл да сол сияқты» (Хадисті Әбу Һурайдан (р.а.ғ) иман әл-Бухари және имам Мусилим риуаят еткен).
Яғни, адам өмірге келісімен-ақ оның жүрегі Жаратушысының бар екендігіне деген сеніммен соғады. Қай тіршілік иесін, жанды-жансыз заттарды алып қарасаңыз да оның бір Жаратушысы барлығын байқайсың. Бұл орайда Аллаһ Тағаланың өзі қасиетті Құран Кәрімде былай деген : «Немесе олар екі нәрсесіз (өзінен-өзі) жаратылды ма? Әлде жаратушы өздері ме? Яки, олар көк пен жерді жаратты ма? Жоқ, олар нанбайды».
Бұл жерде Аллаһ Тағала адамзат баласына: «Олар Жаратушысынан жаратылды ма, не болмаса өздерін өздері жаратты ма?» деп сұрап, үлкен ой салып отыр. Әрине, қай нәрсе де өзінен-өзі жаратылмайды, олардың бәрінің де жаратушысы бар. Ол – Аллаһ Тағала. Яғни, Ислам дінінің негізі – Аллаһ Тағалаға деген кәміл сенім. Осы Раббымыздың бар екеніне, оның он сегіз мың ғаламды жаратқанын, одан басқа Тәңірдің жоқтығын мойындау сенімнің кемелділігі, мұсылмандық. Сол себепті біз қашан да: «Ләә иләһә иллалаһу Мухаммадур Расулулаһ!» деп осы сенімімізді тілімізбен айтып, ділімізбен бекітуге тиістіміз.
Тек есте болатын бір жағдай. «Мен осындай жақсылық жасадым. Енді барлық күнәм кешіріліп, жұмаққа барамын» деп ойлап, сондай сенім де болу, өзін Аллаһтың жазасынан құтылдым деп иландыру-күпірлік. Өйткені, бәрі де Аллаһтың бұйрығымен.
2. Сабыр
Қазақ халқы «Сабыр түбі – сары алтын» дейді. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбар да өзінің талай хадис-шәріптерінде адамды сабырлы болуға шақырады. Солардың бірінде былай өсиет айтады: «Кімде-кім сабыр – қанағатпен іс қылса, істеген ісі дұрыс шешіледі, әйтпесе соған жақын болады. Сабырсыз адамның ісі қате болады немесе соған жақын болады»; «Сабырлылық – қайғылы кезеңнің алғашқы сәтінде танылады».
Пайғамбардың сабырлы болуды қалай бағалайтыны туралы Урайға деген сахаба былайша айғақтайды: «Пайғамбарымыз: «Күресте жеңген палуан емес, өзінің ашуын тоқтата білген – палуан», — дейді. Негізінен, сабырдың жауы – ашу. Ол дос пен досты, ағайын мен ағайынды ажыратады, отбасы шырқын бұзады, ел алдында абыройсыздыққа қалдырады. Біз осы орайда мына бір әңгімеге назар аударсақ:
«… Бұл әңгіме Аббас деген кісінің баласынан жеткен. Бірде Ыснан деген кісінің ұлы Ұрайға Медине қаласына қыдырып келеді. Жақын туысы Қайысұлы Үррінің үйіне мейман болады. Үррі Халифа Омардың жақсы көретін адамдарының бірі еді.
Әңгіме үстінде қонағы оған:
- Омардың мәжілісіне жиі барып тұрады екенсіз. Мені де сонда алып баршы. Халифаға сәлем берейін, — деп өтініп қоймағасын, кезекті бір жиылысқа ертіп барады.
Омардан рұхсат сұраған соң, олар ішке кіріп кетеді.
Ұрайға кірген бойда халифаның қасына келіп:
- Ей, Хаттабтың баласы, сен бізге әділдікпен үкім етпейсің. Біздерге жәрдем етпейсің, — дейді. Сол кезде Омар қатты ашуланады. Халифаның ашуын көрген Үррі:
- Ей, халифа, Аллаһ Тағала Пайғамбарымызға «Кешірімді бол, жақсы іске жол көрсет, надандардан аулақ бол» деген жоқ па еді? Бұл адам сол надандардан ғой, несіне ашуланасың, — дейді.
«Қасиетті Құранның аятын естіген халифа сол заматта ашуын басып, басқа әңгімеге ауысқан еді», — деп Аббастың ұлы әңгімесін аяқтай келіп, оларды Құранның құрметіне бас иген жан болатын дейді. Міне, көпшілік алдында ашуын ақылға жеңдіріп, сабырлық таныта білген. Сондай кісілердің ізгі қасиеттері кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалды» (Мұсылман күнтізбесі, 2001 ж. У.Ибадуллаев, Сабыр).
3. Ниет
Ниеттің орны – жүректе. Араб тілінде «ниет» (анииатун) деген сөздің мағынасы – мақсат. Шариғат тілімен талдап, түсіндіргенде сол мақсатты құлшылық әрекетімен таныту. Адам баласы жүрегі қалаған әрбір істі орындарда оған шын ниетімен құлшынса, ол жемісті жүзеге асады. Соған сәйкес, Ұлық Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде былай деген: «Әлбетте, әрбір іс-әрекет адамның ниетіне байланысты. Егерде кез-келген кісінің ниеті Алла үшін, Пайғамбардың шапағаты үшін болса, онда сол ниетіне жетеді. Ал егер адамның ниеті дүние табу не үйлену болса, ол сол ниет мақсатына жетеді». Және де Ол тағы да былай деген: «Әрбір адам өлер алдында қандай ниетте болса, қияметке сол ниетімен Алланың алдында тіріледі».
Намаз шарттарының алтыншысы да – ниет. Ол Аллаһ Тағаланың ризашылығы үшін намазға шын көңілмен ниеттеніп, әрі қандай намаз оқығалы тұрғанын білу. Ниет тілмен айтылғанымен, көңілде болмаса, ол орындалмаған болып саналады. Имам Раббани Хазіреті «Мәктубәт Шәриф» атты кітабында былай деп жазып қалдырған: «Тілмен ниет еткен дұрыс екен деп көбі тек қана ауызша ниет етіп, көңілмен мән бермейді, онда намаз парыздарының бірі болған ниет орындалмайды және намаз қабыл болмайды. Сондықтан ниетті тілмен емес, жүрекпен орындау қажет». Аллаһ Тағала адамға жақсылықтар мен жамандықтарды жазып, былай уәде еткен: «Кімде-кім жақсылық істі ниет етсе, бірақ бір себептерге байланысты оларды істей алмаса, Алла оған жақсылықтың толық сауабын береді. Егер де сол ниетін жүзеге асырса, Алла сол адамға жақсылығын оннан жеті жүзге дейін арттырады. Ал егер де жаман істі ниет етіп, бірақ райынан қайтып жаман ісін істемесе, Алла оған толық жақсылықты жаудырады. Егер сол жаман ниетін іске асырса, Алла жамандықты жазады».
4. Тәубе
Ол – араб сөзі. Мағынасы – тағдырға ризалық білдіріп, шүкіршілік ету, өткен күнәларына шын жүректен өкіну, кешірім сұрау, жіберген қателіктеріне қынжылып, түзеуге уәде беру. Тәубе ету — әрбір мүмин үшін уәжіп. Аллаһ (субханаһу уа тағала) Құран Кәрімде Нұр сүресінің 31 аятында: «… Әй, мүминдер, түгел Аллаһқа тәубе етіңдер! Әрине, құтыларсыңдар!» де- се, Тәһрим сүресінің 8 аятында: «Әй, мүминдер! Аллаһқа шынайы тәубе етіңдер!…» деп бұйырады.
Қасиетті Құран Кәрімдегі тоғызыншы сүренің аты да, мазмұны да осы Тәубе тұралы. Тәубеге келу Аллаһ Тағаланың өз пендесіне деген сүйіспеншілігін оятуға себепкер. Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 222 аятында: «… Шәксіз Аллаһ тәубе етушілерді жақсы көреді, әрі таза болушыларды да жақ-сы көреді» деп айтылған. Әлемдегі барлық адамзат Жаратқан Иесіне титтей де тәубе етпесе де (Аллаһ Тағала оның бетін аулақ қылғай), оған ешқандай да зиянын тигізе алмайды. Керісінше, ол өзіне зиянды. Тәубе адамдардың күнәсін жоюшы. Ол жөнін- де Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғам-бар өз хадисінде былай дейді: «Тәубе етуші Аллаһтың сүйікті пендесі әрі бейкүнә сәбидей таза болады». Ал енді Хасан риуаят еткен хадис-хұдсиде: «Аллаһ Таға-ла Адамның (ғ.с.) тәубесін қабыл еткен уақытта, тіпті, періштелер де қуанып Адам атаға (ғ.с.) сүйінші айтып құттықтады. Жәбірейіл (ғ.с.) мен Микәйіл (ғ.с.) Адам атаға (ғ.с.) келіп: «Әй, Адам! Сүйінші, Аллаһ Тағала тәубеңді қабыл етті», — деді. Адам (ғ.с.): «Әй, Жәбірейіл, осы тәубеден кейін сұрақ-жауап болса, ақиретте менің жайым қай жер болады?» — деп сұрады.
Аллаһ Тағала уәһи етіп: «Ей, Адам! Сенің ұрпағыңа сынақ қиыншылығын бердім. Кімде-кім маған дұға етсе, саған «ләббай» дегенімдей, оларға да «ләббай» деймін. Кімде – кім кешірім сұраса, сараңдық жасамаймын. Себебі, мен оларға жақынмын әрі дұғаларын қабыл етушімін. Ей, Адам! Қиямет күні тәубе етушілерді қабірінен сүйінішті және де дұғаларын қабыл етіп тұрғызамын» — деген.
Тәубенің берекесі
Әл – Бухаридың тәубенің берекесі кітабында тәубенің берекесі туралы Ислам данышпандары былай деген: «Кімде – кімге Аллаһ төрт нәрсені нәсіп етсе, ол адам және төрт нәрседен құр қалмайды.
1. Аллаһқа жалбарынып дұға етуді нәсіп етсе, дұғасының қабыл болуы сөзсіз. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Маған дұға етіңдер, тілектеріңді қабыл етемін» — деген.
2. Аллаһтан күнәсінің кешірулерін сұрайтын болса, күмәнсіз кешіреді. Аллаһ Тағаланың: «Расында Аллаһ Күнәларды кешіруші» деген сөзі бар.
3. Аллаһтың нығметіне шүкіршілік етсе, Аллаһ Тағала нығметтерін және де көбейтеді. Аллаһ Тағала Құранда: «Егер шүкір етсеңдер, сендерге нығметімді көбейтіп беремін» — деген.
4. Кімде – кім тәубе етсе, тәубесі қабыл болады. Аллаһ Тағаланың Құран Кәрімде мынандай сөзі бар: «Аллаһ пенделерінің тәубесін қабыл етіп, күнәларын кешіреді». Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өзі әр күні жетпіс рет истиғфар айтып, тәубе етіп және үмметіне тәубе етіп жүруді бұйырған.
Ұлық Пайғамбар (с.ғ.с.): «Аллаһқа ант етіп айтамын. Мен де күніне жетпіс реттен аса Аллаһтан кешірім сұрап, тәубе етемін».
Пайғамбардың хадис – шәріпінен: Адам ата (ғ.с.): «Аллаһ Тағала Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметіне маған бермеген бес нәрсені берді. Біріншіден, менің тәубем Меккеде ғана қабыл болды. Яғни, Аллаһ Тағала Адам атаның (ғ.с.) тәубесін Меккеде Арафат тауында қабыл еткен. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметі қай жерде тәубе етсе де, Аллаһ Тағала олардың тәубелерін қабыл етеді. Басқа үмметтерден артықшылығының бірі осында.
Екінші, Мұхаммед (с.ғ.с.) және оның үмметі басқа үмметтерден барлық жер намаз оқитын жай етілумен ерекшеленеді. Басқа үмметтер ғибадаттарын тек қана шіркеулерінде оқыған.
Үшінші, мен киімді едім, Аллаһ Тағалаға күнә жасап, едім, Аллаһ мені жалаңаш етіп қойды. Ал Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметі тыр жалаңаш болып күнә істесе де, Аллаһ оларды киіндіреді.
Төртінші, мен Аллаһ Тағалаға күнә істегенімде Аллаһ менен әйелімді ажыратты. (Адам (ғ.с.) мен Һауа анамызды жерге түсіргенде, екеуін екі жаққа адастырып күнә іс істесе де, Аллаһ олардың орталарын ажыратпайды. Бесінші, мен пейіште жүріп күнә істеп қойып едім, Аллаһ Тағала мені пейіштен шығарып жіберді. Мұхамедтің (с.ғ.с.) үмметі пейіштің сыртында (Жерде) жүріп күнә істеп, кейін тәубе етсе, Аллаһ Тағала оларды пейішке кіргізеді».
а) Мусаууафун деген кім?
Мусаууафун деп «Мен сондай жасқа келген кезде тәубе етіп, барлығын тастап, намаз оқып, Құдайға құлшылық жасаймын» деп өзін-өзі жұбатушы, мұсылмандық бес парызын атқаруды кейінгі қалдыра беруші адамды айтады. Бұл – адасу, адамды тозаққа апаратын бұрыс ой. Өйткені, ешбір адам өзінің қай күні көз жұматынын білмейді ғой. Сондықтан да мұсылмандық бес парызын атқаруға сылтау іздемей, қартайғанын күтпей, тәубеге келуге тиісті. Әйтпесе күнәға батады.
5) Аллаһ алдындағы ант (Уәдеде тұру)
Ант, Ахд – Құран Кәрімде тұрақты ұғым. Негізгі мағынасы адамдардың Аллаһ Тағаланың алдындағы берген анты. Ант – адамдардың арасындағы да келісім-шарт болғандықтан, оның тәртібі Ислам дініне дейін-ақ қалыптасқан. Рас, ант суфизмде де ерекше орын алады. Себебі, бір адам осы ұйымға мүшелікке кіргенінде оның барлық дәстүрлерін сақтауға міндеттеледі. Жаугершілік заманда сарбаздар елдің бостандығын, арнамысын қасық қаны қалғанша қорғауға серттесіп ант берсе, қазір де ел қорғау міндетін өтерде салтанатты түрде ант беру рәсімі бар. Қазақстан Республикасының Президенті өзінің мәртебелі қызметіне кірісер алдында еліміздің Басты Заңы – ҚР Конституциясының 42 бабына сәйкес: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, ҚР Президентіне жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға» салтанатты түрде ант етеді. Елбасымыздан өзге де мемлекеттік лауазымды қыз- метке сайланған немесе тағайындалған адамдар да мәртебелі қызметтеріне кі- рісер алдында салтанатты жағдайда халқына, еліне ант береді. Мемлекет басшылары Құран ұстап ант беретін араб елдері Қазақстандай көп ұлтты, көп дінді халықтың Отаны емес, Қазақстанда 130-дан астам ұлттар мен ұлыстың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, мұнда 40-тан астам конфессиялар өзара діни түсінікте бейбіт қатар жұмыс істеуде. Еліміздегі дінаралық, ұлтаралық татулық, адамдардың діни сенім бостандығы Конституциямен берік қорғалып отырғандықтан Президентіміз Конституцияға алақанын тигізіп тұрып ант береді. Негізінен, Қазақстан — өркениетті де құқықтық мемлекет құру жолындағы ел. Ол басты Заңы – Шариғат үкімдері болып саналатын Ислам мемлекеті емес. Көп ұлтты, көп дінді халқы Конституция бойынша өмір сүріп келе жатыр ма, осы елдің, яғни Қазақстан Республикасының Президенті де Конституцияны ұстап ант беруге, өзі бас болып Ата Заңын бұлжытпай орындауға тиіс.
Кәлимә Шаһадат айтып, намаз оқыған, зекет беріп, рамазан айында ораза ұстап, қажылыққа барған, сөйтіп мұсылмандық бес парызын адал атқарушы әрбір мүминнің көп ант беруден сақтануы қажет. Және де күнделікті өмірде ол бұлжытпай орындауға тиісті елу төрт парыздың бірі — өтірік ант етпеу. Мына жарық дүниеде қандай істі қолға алсаң да, оның жүзеге асуы, жүзеге аспауы, бәрі-бір Аллаһ Тағаланың бұйрығымен. Мысалы, жанұяңа жеке бір үй салады екенсің, немесе имандылық шарттары туралы бір кітап жазады екенсің. «Мен мұны бір айдың (мүмкін бір жылдың) ішінде аяқтап шығамын» деп ант бердің дейік. Аллаһ Тағала сәтін салмаса, ауырып қалып, жұмыстан қолың тимей, түрлі қиыншылықтарға тап болып, антыңды орындай алмай қалуың мүмкін. Сондықтан да қандай істі қолға аларыңда өзіңе-өзің, немесе халқыңа ант беруіңе болады, ойланғаның жөн.
Жалпы, халқымыз «уәде – Құдай сөзі» дейді ғой. «Кез келген істі қолға аларда, міндетті түрде Құран ұстап, ант бер» деген шариғат үкімі жоқ. Сол себепті Құран ұстап ант берерде, ойланғанымыз абзал, «мен бұл істі орындай аламын ба, әлде орындай алмаймын ба? Ол барлық іс өзінің бұйрығымен жүзеге асатын Жаратқанның құдыреттілігіне шек келтіргендік емес пе?» — деп. Ұлық Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадис шәріптерінде айтқан ғой: «Жалпы адам баласы бір істі бастамас бұрын, соған ықылас қойып және шын ниеттеніп, сол ниетін іспен көрсетуі керек. «Ниеттің орны – жүректе», «Сөзінде тұру – уәдесін орындау – имандылықтың белгісі. Иманы толық адам айтқан сөзінде тұрады. Уәдесіне еш уақытта опасыздық етпейді. Бұл – толық имандылықтың белгісі», — деп, Ант етесің бе, уәде бересің бе, орында!