Тәуелсіздік – ұлы мұрат, қастерлі ұғым


Скачать/Жүктеу

Жаңа дәуір 1991 жылдың желтоқ­санынан басталды. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің сын са­ғат­тарында нар жүгін мойымай көте­ретін қажырлы қайраткер, дана саясаткер ретінде елімізді сеніммен алға бастады. Елбасымыз ұлтының үмітін ақтап, елді ел қылды, дербес, егеменді Қазақстан мемлекетінің негізін қалады, іргелі мемлекет құрды. Ең бастысы, мұның бәріне жанжалсыз, жағалассыз, жасампаздық арқылы жетті.  Бұндай жетістік бірлікті елі, білікті төрі, ең бастысы, дана басшысы бар қоғамның ғана қолынан келеді.

Тәуелсіз елдің адамдары арасында абыржушылықтар, уақытша күйзеліс­тер мен дағдарыстар кездеспей қой­мады. Демек, тәуелсіздігіміз елге де, Елбасына да үлкен сын болды. Ол дүниежүзіндегі елдерге, олардың бас­шыларына өзін танытуға, мойындатуға тиіс болды. Бұл ретте Қазақстан Рес­публикасының Тәуелсіздігін оны­мен түбі бір туысқан Түркия бірден қуана құптап, қолын созды. Одан соң басқа елдер бірінен соң бірі Қазақ­станды дербес, тәуелсіз мемлекет деп ішкі және сыртқы саясат арасында қарым-қатынастар орнату қажет екендігіне мойын бұрды. Географиялық, аумақтық жағынан алғанда жер көлемі жөнінен Қазақстан дүние жүзінде тоғызыншы орын алатындығы талай шетелдік әріптестерді тамсандырмай қоймайтын еді. Өйткені, қос құрлықты – Еуропа мен Азияны алып жатқан біздің Ота­нымыз өзінің табиғи байлы­ғымен ғана емес, сондай-ақ байырғы қазақ жерінде алуан түрлі ұлттар мен ұлыстар, тілдер мен діндер өкілдері ешқандай қақтығыссыз, қағажу көр­мей, тату-тәтті, достастық, туыстық жағдайында өмір сүріп жатқандығы өзге елдердің қай-қайсына да өнеге боларлық қоғам­дық негізде топтасудың толық­қанды үлгісі еді.

Ел экономикасында батыл да жү­йелі, жігерлі де жедел өзгерістер жүр­гізуді өмірдің өзі талап етті. Бұл ретте экономикамыз бен адамдары­мыздың өмірінде тоталитарлық жүйе­нің сар­қын­шақтарынан батыл арылу, дамуы­мыздың жолын айқындау жүзеге асы­рылды. Қалада да, ауылда да, далада да адамдарымыздың әл-ауқатын біртіндеп көтеру бағытында игі істер атқарылды.

Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу, Астананы Алатаудан Арқаға ауыстыру, еліміздің ұлттық қорын жасақтау және Қазақстан-2030 стратегиясын құру. Кеңес Одағынан еншісін алып, сол сәтте жан бағудың өзі мұң боп тұрған кезде, Қазақстан Президенті осындай батыл бастамаларды қолға алды. Бүгінде еліміз өз мемлекеттілігін біржолата бекітіп, дамудың қазақстандық  моделін қалыптастырды. Осы кезеңде ғасырға бергісіз жолдан өтті, ауқымы жағынан орасан табыс­тарға қол жеткізді.

Қазақстанның жаңа Конституция­сының (1995 жылы) қабылдануы тәуел­сіздігіміздің аса биік саяси белесі болды. Онда билік құрудың жаңа қағидалары бекітілді, азаматтардың негізгі құқықтарын қорғау қолға алынды. Қазірдің өзінде біздің басты жетістіктеріміз – бүкіл халық болып қабылдаған осы Конституцияның жемісі деп айта аламыз. Ата Заң деген атқа ие болған Конституциямыз – біздің Негізгі Заңы­мыз. Ол –  мемлекетіміздің басқа заң­да­рына жол көрсетудің, жөн сілтеу­дің қайнар көзі, түп қазығы.

Қазақстан Республикасы Конститу­ция­сының қабылдануы мемлекет­ті­ліктің заңды түрде рәсімделгенін айғақтап, елдегі тың өзгерістерге жол ашты. Президент сол кездегі күрделі жағдайға қарамастан, өз халқына даму­дың сара жолын ұсынды, бұл оның жеке ерлігінің дәлелі. Қазақ­стандықтар өзінің көшбасшысына, оның гүлдену мен өркендеуге тезірек жету мақса­тында елдің конститу­циялық құры­лысын өзгерту қажеттігі туралы идея­сына сеніп қана қоймай, іске де асырды.

Міне, осындай көзқарас бейбіт­шіліктің, тұрақтылықтың, өзіне деген сенімділік пен өркендеудің, яғни бүгін­де шетелдіктердің аузынан түспейтін «дамудың қазақстандық жолының» тиімді кепіліне айналды. Негізгі заң ұлт құралатын негізгі принциптерді: адам тұлғасының жоғарғы құндылығын, адамдардың тең құқылығын, кез келген себеп бойынша кімді де болсын кемсітуге тыйым салынуын, меншікке қол тигізуге болмайтынын, пікір алуан­дығын, адамдарды өз құқықтары мен бостандықтарынан айыруға болмай­тын­дығын, халықтың егемендігін, т.б. айқындайды.

Қазақстанды президенттік республика деп жариялаған да сол Ата Заңымыз. Сондай-ақ «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңдар қабылдап, Парламенттің заң шығару функциясын жүзеге асыратын республиканың жоғары өкілді органы болып табылатынын да бекітіп берді. Сөйтіп, біздің елімізде тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн, екi палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұра­тын Парламент өмірге келді. Өткен жылы осы Парламенттің 15 жылдық мерей­тойын атап өтіп, бүгінге дейінгі атқарған істерін қорытындыладық.

1996 жылы 28 маусым күні бірінші шақырылымның бірінші сессиясы аяқ­тал­ғанда сөз сөйлеген Елбасы Н.Назарбаев: «Парламент кәсіби және жеткілікті түрде құзырлы заң шығарушы орган ретінде республикалық және аймақтық мүдде­лерді үйлестіруді қамтамасыз етуге, жеткілікті дәрежеде сапалы заң жобаларын жасау жұмысына қабілетті екенін көрсетті», – деп заң шығару орга­нының алғашқы қадамына жоғары баға берген болатын.  Сол жылдары заң жоба­ларын талқылау барысында кейбір ми­нистрлердің Парламентке келіп, заң жобасы жөнінде түсіндірме беруден қашқақтап жүргенінен хабардар болған Елбасы бұл мәселеге жеке тоқталады. Үкімет мүшелерінің Парламентке дереу келуі керек екенін айта келіп: «Барлық қалыпты мемлекеттерде министрдің Парламентке келуі кәдуілгі, құрметті іс деп саналады. Қазақстан Парламентінің шын мәнінде құрметті орган болуын жақтай­тынымды әрқашан айтып жүрмін, ал оның екі палатасы іс жүзінде сондай орган болып отыр. Осындай бола беруі үшін мен бәрін істегім келеді», – деген еді.

Алғашында Мәжiлiс 67 депутаттан сайланса, кейін 1998 жылғы консти­туциялық өзгерістерге орай 77,  ал 2007 жылғы мамырда жаңартылған Консти­туцияға сәйкес 107 парламентшіден тұратын болды. Олардың 98-і саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланды. Ал 9 депутат Қазақ­стан халқы Ассамблеясының өкілдері болып табылады.

Кәсіби Парламенттің басты ерекшелігі – заң жобаларын жан-жақты қарап, талқылаудан өткізіп, тұрақты жұмыс жасайтындығы. Депутаттың ең негізі міндеті халықтың көңілінен шығатын, мұң-мұқтажын елеп-ескеретін заңдарды қабылдау екені анық. Қазіргі таңда депутаттық корпустың мақсаты – мемле­кеттің алға қойған бағытын заңмен қам­та­масыз ету болса, бүгінде кәсіби Парламент сол жұмысын толық атқарып жатыр деп айтуға болады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде жоспарлы экономикадан нарықтық эко­но­ми­каға көшу үрдісі басталды. Алды­мен экономикалық реформалар жүргі­зілді. Қазақстанда жүргізілген экономи­калық реформалар республика орган­дарының экономикалық басқарудағы рө­лін, орны мен функциясын түбегейлі өзгерту жолдарын қарастырды. Минис­трліктердің ендігі міндеттері – басқару емес, өнеркәсіптердің техникалық да­муына, салааралық өркендеуіне дұрыс бағдар таңдау жұмыстарымен айналысу.

Егемендік алған жылдар ішінде өзіне тән барлық институттары бар, әлемдік қоғамдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын мемлекет құрылды, оның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі қамтамасыз етілді. Конституциялық жолмен мемлекеттік және саяси билік құрылымдарын жаңарту негізінде елдің демократиялық жолмен дамуының берік іргетасы қалан­ды. Елдің ішкі экономикалық жүйесі түбірімен өзгеріп, дамыған өркениетті елдердің ешқайсысынан кем түспейтін нарықтық қатынастар мен институттар құрылды. Соның негізінде Қазақстан әлемдік экономикада өз орны бар елге айналды.

Еліміз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 2003, 2006, 2009 жылдары қатарынан үш бірдей құрылтайын өткізді. Ол бүгінде жаһандық үнқатысуға жол ашатын ірі басқосуға айналды. Оның мақсаты – жер бетін мекендеген түрлі халықтардың бейбіт үнқатысуын орнық­тыру. Мұны әлемдік кең ауқымдағы аса ірі оқиға деп бағалауымыз керек. Оның бейбітсүйгіштік бағыты мен татулас­тырғыш әлеуетіне әлем жұртшылығы ризашылықпен үлкен мән беріп отыр. Бүгінде Қазақстанда қанша этнос болса, соның бәріне өз орталықтарын ашып, тілін, дінін сақтап, дамытуға толық мүм­кіндік жасалған. Бұл жетістікке қазақтың пейілінің кеңдігі мен даналығының арқасында қол жеткізіп отырмыз. «Елу жылда ел жаңа” деген мақал да бүгінгі Қазақстанға жүрмей қалды. Айналасы 20 жылға жетпейтін уақытта беделді мемлекетке айналдық.

Қазақстан үшін өз тәуелсіздігін алар тұстағы халықаралық аренадағы алғаш­қы елеулі оқиға Президент Н.Назарбаев­тың бастамасымен Семей ядролық полигонын жабу және ядролық қару-жарақтан бас тарту болды. Бұл жаппай қарулануға жанталасып жатқан заманда ешбір мемлекет басшысының ойына келмеген теңдесі жоқ айрықша шешім еді. Мұндай нартәуекелге бір басының бақытын елінің бақытымен байланыс­тырған кемеңгер тұлға ғана бара ала­тыны сөзсіз. Содан бері бүгінгі күнге дейін Қазақстан адамзат тарихында ядро­лық қарудан өз еркімен бас тартқан тұңғыш әрі жалғыз ел болып келеді. Мұны халқының болашағы үшін қандай да тәуекелге барып, басын бәйгеге тігіп жүрген Н.Назарбаевтың ерлігі десе болады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның 2010 жылдың сәуір айында Семей полигонына барып, ажал апанының ауызында тұрып: “Қазақ­стан Президентінің осынау сынақ ала­ңын жауып қана қоймай, тұтас өңірде ядролық қа­рудан ада аймақ құрға­нына зор қолдау білдіремін. Оның бұл қадамы біздің ядролық қарусыз әлемді құру ісіміздің ең берік іргетасы іспетті. Барлық елдердің басшы­лары Нұр­сұлтан Назарбаевтан үлгі алып, оның жолы­мен жүруі тиіс. Мен БҰҰ Бас хатшысы ретінде ядро­лық сынақ ала­ңы­ның қақ жүрегінде тұ­рып, барлық әлем елдерін Қазақстаннан үлгі алуға шақы­рамын”, – деп Абай топы­рағында тебіренуі де сондықтан.

Ерте ме, кеш пе, түп­тің түбінде адамзат бала­сының ақылы жетіп, жаппай қырып-жоятын жойқын қарусыз өмір сүретін мамыражай заманға да жетер. Ол заманды біз көрмесек те келер ұрпақ көрер. Қай кезде де, қай заманда да осы істің басында қазақ халқының перзенті, Елбасы Н.Назарбаевтың тұрғанын адамзат әрқашан еске алатын болады. “Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп” айтқан данышпан Абайдың сөзін темір­қазық етіп ұстанған Қазақстан бүгін­де әлемге бейтарап саясат жүр­гізетін бей­біт­шіліксүйгіш мемлекет ретінде таны­лып отыр.

Орталық Азия аймағының көшбас­шысы саналатын біздің ел соңғы жыл­дары қарқынды даму жолында. Бұл жетістіктер бүкіл экономикамызды қайта құру нәтижесінде мүмкін болды. Тәуел­сіз Қазақстандағы экономикалық реформалармен қатар жүргізілген саяси реформалар да мемлекетіміздің халық­аралық аренадағы беделін жоғарылатты. Бүгін Қазақстан халықаралық және аймақтық ұйымдардың мүшесі ғана емес, батыс және шығыс елдерінің сенімді әріптесі. Қазақстан беделді халықаралық ұйым­дардың қатысушысы ғана емес, осы уақытқа дейін ТМД, ШЫҰ, ЕурАзЭҚ секілді ұйымдардың төрағалығын сәтті атқара білді. Еліміздің былтырғы Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына төрағалығы ел имиджін жоға­рылатқаны анық. Расында да Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы арқылы әлемдік саясатқа өз ықпалын жүргізіп отырды.

Тарих көшінде ғасырда бір келетін тарихи оқиғалар болады. Сондай оқиға – Астанада 56 елдің басшылары мен халықаралық беделді ұйым өкілдерінің басын қосқан – Саммит өткізгеніміз болды.  Мұндай жоғары дәрежелі басқо­су ЕҚЫҰ құрылғалы бергі 35 жылдың бедерінде 1975 жылы Хельсинкиде, 1990 жылы Парижде, 1992 жылы Хельсинкиде, 1994 жылы Будапештте, 1996 жылы Лиссабонда, 1999 жылы Ыстамбұлда өткізілген екен. Бір ғажабы, сол басқо­сулардың ешқайсысы да төрағалық еткен елдің астанасында шақырылмапты. Осылайша Қазақстан әрі төраға, әрі саммит шақырушы ел мәртебесіне ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет қатар қол жеткізген мемлекет болып отыр. Арғы-бергі тарихында аласапыранды басынан көп өткерген, тарихта есесі кеткен ел едік. Тәуелсіз ел болғалы кемдігіміз толып, кемелімізден асып жатырмыз.

Биылғы жылы 24-25 ақпанда Австрияның Вена қаласында ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясының қысқы мәжілісіне қатыстым. Онда ЕҚЫҰ-ның үш қоржынындағы – саяси, экономи­калық, адам құқықтары мәселелері жан-жақты талқыланып, тиісті құжаттар қа­былданды. Осы жерде Форум делегат­тары Қазақстанда өткен Саммиттің  жоға­ры деңгейде болғанын, ЕҚЫҰ-ның одан арғы бағдарын айқындаған Астана декларациясының қабылдануына барын­ша күш-жігерін салған Қазақстан өз тарихына орасан саяси мұра жасаған­дығын, ал биылғы жылы үштікке мүше ретінде ЕҚЫҰ-дағы өзінің белсенді саясатын жалғастырып жатқандығын атап өтті. Сессияда Қазақстандағы кезектен тыс Президент сайлауы да әңгіме болды.

Биыл Қазақстан құрамына 57 мемлекет кіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына басшылық етіп, Батыс пен Ислам әлемі арасында үнқатысу орнату міндетін көздеп отыр. Бұл шаралардың бәрі сайып келгенде, Қазақстанның өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа қосқан өзіндік үлесі.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына және Ислам Ынтымақтастығы ұйымына төрағалық ету арқылы  Қазақстан түрлі мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы байланыс­ты тереңдетуге атсалысып келеді.  Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мына сөздеріне назар салайық: «2010 жылы біздің ел Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға­лық етеді. Ал 2011 жылы Ислам Кон­ференциясы Ұйымы министрлерінің конференциясына төрағалық жасайтын боламыз. Қазақстан түрлі мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы сындарлы іс-әрекет тақырыбын жылжытуға әрі осы және басқа да халықаралық ұйымдар аясында нақты шешімдер қабылдауға қол жеткізуге ықыласты».

Президентіміз әрқашан да халыққа, Қазақстандағы ең беделді, басқарушы саяси ұйым – «Нұр Отан» партиясына зор сенім артады. Сондықтан партиямыздың XIII съезі Елбасымыздың сенімін ақтау жолындағы стратегиялық мақсаттары­мызды айқындауға арналды десек те болады. Еліміздің барлық аймақтары мен Алматы, Астана қалаларынан съезге келген 600-ге жуық делегат «Нұр Отан» партиясы атынан өз көшбасшысын кезектен тыс президенттік сайлауға кандидат етіп ұсынды.  Үміт ақталып, сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев 95,5 пайыз дауыс жинап, халқының шексіз сеніміне ие болды. Республика жұртшылығы «Президент біреу, басқамыз тіреу болып тәу етер киеміз Тәуелсіздікті ұлылап, өркениет көшіне ілесе берейік!», – деген шешімге тоқтады. Осы жерде  Қазақ­станның елі сүйген, елін сүйген  Прези­дентінің халықаралық деңгейдегі, шет мемлекеттердегі абыройы мен беделі жайында өзім куә болған жағдайды айта кеткім келеді.

Былтыр ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блеясының өкілі ретінде Украинадағы Президент сайлауына бақылаушы ретінде барғанмын. Сол сапарымда сайлау учаскесінде 90-шы жылдарға дейін  еліміздің Қостанай облысында тұрған, кейіннен Украинаның Киев облысының Бродянский ауданына қоныс аударған, учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі Усольцева деген бұрынғы жерлесімді кездестірдім. Менің Қазақстаннан екенімді біліп, Усольцева ханым халық­аралық бақылаушылардың алдында Қа­зақстанда қалған туған-туыстарымен хабарласып тұратынын, сондай-ақ Елба­сы­мыздың тікелей басшылығымен республикада болып жатқан барлық игі шаралар жөнінде өзінің хабардар екенін баян­дай келіп, біздің Президентімізге тамсана жоғары баға берді. Сол сәтте менің бойымды еліміз үшін, халқымызды кемел  келешекке бастап келе жатқан Елбасымыз үшін ерекше мақтаныш сезімі билеп, төбем көкке жеткендей болды.

«Қазақстан – 2030» Стратегиясынан бастау алатын биылғы Жолдау – алдыңғы жылдардағы жолдаулардың заңды жал­ғасы болып табылғанымен, дамудың жаңа кезеңдеріне байланысты өзінің айтары айрықша, халыққа берер жақсылығы да бөлек Жолдау болды. Басты басымдықтар ел экономикасын үдемелі инновациялық индустриялан­дырудың жалғасы ретінде модерниза­циялауға және әлеуметтік саясатқа бағытталды. Әр ауыл өзі жайлаған аумақты ұқыпты да үнемді игеріп, оған керек технология мен кәсіби мәдениетті толығымен меңгере алса ғана өзінің көсегесін де, елінің көсегесін де көгертетінін мәлімдеді.

Жеріміз үлкен де, халқымыз аз! Бұл түсетін табысты түгелдей тұтынуға жібермей, өндірісті кеңейтуге жұмсауға қолайлылық туғызады. Халқымыз жаппай сауатты, индустриялы және техни­каланған агроөндіріске баулынған. Бұл біздің технологиялық жаңаруларға бейім екендігімізді танытады. Осы жағ­дайда Президент ауылды индустрия­ландыру қажеттігіне баса назар аудара отырып, агроөнеркәсіптік кешеннің «ең зор экспорттық әлеуеті бар» – еттік мал шаруашылығын дамыту мәселесін көтерді. Сонымен қатар, Президент ел өңірлерін дамыту бағдарламасын әзір­леп, бекіту туралы бастама жасады. Менің ойымша, бұл ұсыныс өз кезегінде  ел өңірлерін кешенді түрде дамы­тып, тұрмыс-тіршілігіне тың серпін беретіндігіне сенімдімін.

Тамырын тереңнен тартқан, ғасыр­лар бойы дала демократиясы мен еркіндік сезімінің құндылық белгілерін сақтап келген, бастауын «Қасым хан­ның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті Жарғы» сияқты көне заңдардан алатын Қазақ елінің заң шығарушылық қызметінің қалыптасу жолы жеңіл болды деп ешкім айта алмайды.

Бұдан біз қазақстандық парламента­ризмнің қалыптасу жолы күрделі болғанын, парламентаризм талабына, табиғатына сай келмейтін қоғамдық сана мен саяси тәжірибедегі үстірт көзқарастар мен пікірлерді еңсерудің оңайға түспегенін, Қазақстан Парламенті қоғамдағы реформаларды табысты жүзеге асыруға қабілетті саяси-демо­кратиялық институтқа тек тәуелсіздік жылдары ғана айналғанын аңғарамыз. Он бес жыл тарих үшін көп уақыт емес. Осы уақыттың ішінде небір күрделі кезеңдер мен сындарлы сәттерді бастан өткерген Қазақстан Парламенті іс үстінде қалыптасып, кемелденді, сын­дарлы тәжірибе жинақтады, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың сөзі­мен айтсақ, еліміздің келбетін өзгерткен заңдар қабылдайтын деңгейге көтерілді.

Өз бойына әлемдік және отандық тәжірибенің жақсы үлгілерін жинақтап, оларды қазіргі саясаттағы, экономи­кадағы және әлеуметтік салалардағы жағдайларға бейімдеп отырған Парла­менттің жемісті қызметі туралы мысал­дарды алыстан іздеудің қажеті жоқ. 2010 жылғы 1 қыркүйекте Парламентте Сенат пен Мәжілістің бірлескен отыры­сында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі сессия аралығында атқарылған істерге тоқтала келіп: «Міне, бұл мәселелерде Парламент кәсіби шеберлігін танытып, үлкен іске зор үлесін қосты. Бұл орайда, Парламент жоғары заң шығарушы орган ретінде еліміздің өсіп-өркендеуі жолында пәр­мен­ді жұмыс жасауда. Мызғымас мемлекеттігіміздің бас бағдарына ай­нал­ған Ата Заң аясында көптеген заңдар қабылдануда. Осы сайланымның де­путаттары үш сессияның ішінде 340-тан аса заң қабылдағаны мұның жарқын айғағы болып табылады. Бұл заңдардың басым көпшілігі қоғамның саяси және әлеуметтік-экономикалық деңгейін кө­те­руге арналған», деп депутаттарға ризашылығын білдірген.

Парламент Мәжілісінің депутаттары негізгі ішкі жұмыстарымен қатар, халықаралық және парламентаралық қызметті де белсенді жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар, әсіресе, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі кезеңінде ерекше сипатқа ие болғанын айту артықтық етпес. Парламенттің регламентіне сәйкес депутаттар тоқсан сайын аймақтарға шығып, сайлаушы­лармен кездесіп тұрады. Ондағы басты мақсат – халықты жоғары өкілетті орган, үкімет тындырып жатқан істерден хабардар ету. Осы кездесулердің бары­сында халықтың талап-тілектеріне де айрықша көңіл бө­леміз. Сондай-ақ, олар көтерген мәселелерді тиісті орындарға жеткізуді басты міндетіміз деп білеміз.

Биылғы жылы Қазақстан ел Тәуел­сіздігінің 20 жылдығына қадам басты.  Егемендігі мен тәуелсіздігі туы астында Қазақстанның жиырма жыл ішінде даму жолы Елбасы саясатының дұрыс екендігін дәлелдеді. Қазақстан Республикасы халқының өз тәуелсіздігін сақтауға, нығайтуға белінің бекемдігін танытты. Адамдарымыздың үлкендерінің де, кішілерінің де, жастарымыздың да өз болашағына деген сенімдерінің зор екендігін олардың бүгінгі бет алысы, келбеті көрсетіп отыр. «Тәуелсіздік, – деді Елбасы, – біздің алдымыздан жарқын болашаққа жол ашып берді. Біз сол жолдан ешқайда бұлтармай, алға баса береміз».

Тәуелсiздiк алған жылдарда ел экономикасына 126 млрд. доллардан астам шетелдiк инвестиция тартылды. Жалпы iшкi өнiм өсiмi 2010 жылы 7 пайыз, өнеркәсiп өндiрiсi 10 пайыз, өңдеу өнеркәсiбi 19 пайыз мөлшердi құрады. Орташа айлық жалақы 2007 жылғы 53 мыңнан 2010 жылы 80 мың теңгеге дейiн артты». Елдің тәуел­сіздік жылдарындағы үдерісінің инте­гралды көрсеткішінің бірі – ол халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ. 1994 жылы ІЖӨ халықтың жан басына шаққанда жеті жүзден астам долларды құрады. 2011 жылғы 1 қаңтарда ол 12 есеге өсті және 9 мың АҚШ долларына артты. Әлемдік тәжі­рибе тәуелсіздігінің 20 жылында бірде-бір ел мұндай нәтижеге жетпегенін көрсетіп отыр.

Төлебек ҚОСМАМБЕТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.

http://www.parlam.kz/3/mazhilis/news-details/id105/7/1


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы